Home » Дат|Каз » ӨЗІҢ ДИУАНАСЫҢ – КІМГЕ ПІР БОЛАСЫҢ

ӨЗІҢ ДИУАНАСЫҢ – КІМГЕ ПІР БОЛАСЫҢ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.

 

Турабилер тұғыры


 

Тесік шұлықпен жүргеніне қарамай, біздікілер жұртқа жомарт көрінгісі келеді-ақ.

Ішкі бюджетті жабамыз, инфрақұрылымды дамытамыз, жаңа жұмыс орнын ашамыз, әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарға қолдау көрсетеміз деген мақсатпен биыл Азия даму банкінен 1 млрд доллар қарыз алып отырғанымызбен шаруамыз жоқ, ал Қырғызстанға паңқып 100 млн доллар әлеуметтік көмек жасаймыз.

Елімізде 65 мың мүгедек балапандарымыз бар, соның көбісі көмекке зәру. Ал анау сәнқой бикеш «Сириялық балаларға көмек» атты шара ұйымдастыруда… Бұл бастамаға «барлық сәби бір ғой» деп, кеңдік таныталық, жарайды, ал енді келесі ақпарға миым жетпей қойды…

Отандық банктер биліктен қол жайып көмек сұрап отыр, ал отандық экономикаға жауапты пысықайлар 250 млн доллар зейнетақы қорындағы қаржымызды әзербайжандық құрдымға батқан жеке меншік банкты қорғауға салып жіберіпті…

Осылардың есі дұрыс па өзі? Әлде махинацияның бір түрі ме? Ақша қайтпаса, не істейді? Өтірік пе, рас па – бір Аллаға аян. Депутат Өксікбаев: «Я думаю, что менеджмент фонда, который распределял эти средства, наверняка не все риски учел, возможно, надо было более детально и углубленно изучить. Какие параметры учета брались, я сейчас не могу сказать, потому что я этими цифрами не владею. Конечно, здесь если какими-то страховочными вопросами они не задействованы, тогда эти деньги пропали. Естественно, это будет прямой ущерб нашему фонду, а это потеря и удар по карманам наших вкладчиков», – деп жеңіл-желпі күшенген сыңай танытты.

Мұндай саяси-экономикалық мәлімдемелерді депутат мырза өздігінен жасайды дегенге күмәнім бар. «Егер зейнетақы қорындағы қаржы қамсыздандырылмаса, бұл ақшаны жоғалды дей беріңіз» деген Өксікбаевтың өксіп-өксіп айтқан сөзінен соң, экономикаға жауаптылар дабыл қағуы керек еді ғой. Неге үндемей жатыр?

«Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бізге айтылған ғой…

Дина ЕЛГЕЗЕК

 

 

 

«Тәйт» дейтін

КЕЗ КЕЛДІ!

«Жерім!» дегендер жазықсыз абақтыға қамалатын, атамекеніне асығып, кеденнен өткен оралман әйелді әуелі тонап, кейін соттап, 40 мың долларын мемлекет есебіне өндіріп алу жөнінде үкім шығарылатын заманда кімнен әділдік күткендейсің? Адамшылықтың басынан аттаған сол ашкөз, жемқор жүйені құрушы биліктен бе? Жоқ!.. Енді кімнен?!

 

Халықтан ірге ажыратып, алынбас қамал соғып алған билік саны әскерінен көп күштік құрылымын сайлатып, құқығын талап етіп қалар деп қорқытып, үрей себуде, сұрқылтайларын сайратып, өтірікпен сананы улауда. Теледидарды қосып қалсаң, күнде бір реформа, жаңа заң ойлап тапқан біреу бірдеңені «түсіндіріп» отырады.

Халықтың қалтасы көтере ме, титықтап, біржола қайыршылыққа ұшырай ма – үкіметке бәрібір, алдағы уақытта сұйытылған газ бағасын қымбаттатуды, яғни еркін баға кеңістігіне жіберуді ойластырып қойған екен. Сондағы уәжі – ішкі нарықтағы қазіргі баға газ сататын бизнесмендерге тиімсіз, сыртқа – Ресейге, Тәжікстанға тасуға ынталы. Сөйтіп, өзімізде тапшылық туындайды. Шешудің жолы – жоғарыда айтқандай…

Не деуге болады?

Газ – жер қойнауынан шығып жатқан халық қазынасы (шын мәнінде). Ал бізде қазына иесінің құқығын артына қыстырмай, сатушылар мүддесін көздейді (іс жүзінде)! Бәлкім, жадап-жүдеген жалпы бұқараның фонында жалақыларын миллион теңгеге дейін көтерген депутаттарға сұрау салармыз: Бұл қалай? Батыс өңірінің автокөліктері жаппай сұйытылған газға өткен кезде, тағы да тойымсыз, қомағай көмейлер жұтынып, түпсіз аранын ашқаны – неден? Олар жауап бере алмайды, әрине. «Жалмауызға да жан керек!»

Бір ойға бекінесің: Не қалды? Бұл билікті кетіру ғана қалды!

…Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әр қазақтың көңілінде «Бұл – ата-бабадан мирасқа қалған менің жерім, оның асты-үстіндегі қазынасы да менікі!» деген сенім болды ғой. Ол кезде өзі сайлаған билікті де «менікі» деп санайтын. Түбі әр қазақтың құқығы ескерілетіне зәредей шүбә болған жоқ еді. Жоғарғы Кеңесті таратып, тізеге басып отырып, жаңа Конституция қабылдатқан президент Қазақстанның Кувейттен өткен бай елге айналатынын айтып, соған жеткізуге уәде беріп жатты…

Сол сенім қашан ақыр-тақыр күйреді? Жаңаөзен мұнайшылары қырғынға ұшырағанда, бейбіт халыққа оқ атқызғандардың ұстанымы айқындалды. Жердің кен-қазыналары – әркімдікі, кімнің күші бар, ықпалы бар, соған тиесілі болмақ керек деген саясат тамыр жайып, ұлт алдындағы жауапсыздық бас жібін үзіп, бой бермей кеткеніне көз жетті. Мына қоғамда жердің қазынасынан үлес алмақ түгілі, сол қазынаны маңдайдың ащы терімен игерген еңбегіңнің ақысын талап етуге болмайды екен.

Бәрібір күн тәртібінен түспейтін сауалдар бар. Оны біреу қаласа да, қаламаса да, маңызын жоймайтын, оқтын-оқтын өзгеріске ұшырап тұрған Конституция бүгінгілердің ырқымен қалай жазылса да, қайта көтеріле беретін мәселелер бар. Ертең ұйқысы қанып, оянған халық сұрайды:

«Ау, қазақ неге өз жеріне ие болмайды? Кувейтті қоя тұрайық, басқасын айтпайық, Иран мен Түрікменстан ғұрлы неге өз газы мен мұнайының игілігін көрмейді? Елдің тіршілік ету көздерінің бәрін тарылтып, тайраңдаған топ неге бәрін басып қалды? Неге Қытайға берілді? «Банктерден ақша алуға халықты ешкім зорлаған жоқ, алғанын үстемесімен қайтарсын!» деп, зәрін шашқан президент екі жүз миллиард долларға жақындаған сыртқы қарыз туралы неге түсініктеме бермейді?»…

Отаннан биік ұғым табу қиын. Отан дегеніміздің өзі – жер. (Оны да сатып жібере жаздадық-ау!).

Отанның иесі – қазақ. Қазақ газын, мұнайын, электр қуатын арзан пайдалануға құқылы. Атасы ақшадан өлсе де, бүгінгі тойып секіргендерді тойтаратын, «тәйт!» дейтін уақыт келді ғой. Сондықтан ендігі әңгіме – белгілі топтардың ен байлықты қайта бөлісуі емес, сол байлықтың шын иесін анықтап, өзіне қайтару болса керек-ті. Әйтпесе олар халықтың бар екенін мойындамайтын жағдайға жетті.

Болат ЖЕТЕКБАЙ

 

 

 

ОЙ, ШЕШЕҢДІ…

Ішерге асы, киерге киімі, басында баспанасы, алдында малы жоқ бір кедей қазақ өзеннен балық аулап, талғажау етпек болғанда, қармағына алтын балық ілініпті. Орыстың алтын балығы ғой: өзін босатса, үш тілегін орындайтынын орыс тілінде айтыпты. Сөйтсе әлгі қазақ:

– Ой, шешеңді бәлен қылайын, неге қазақша сөйлемейсің сен! – деп, балықты ұрып-ұрып өлтіріп тастапты.

…Біздің көп қазақ қазір осындай «ауыл-үйдің арасындағы көже намысты» ұлттық намыс деп түсінеді. Өкінішті!

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

 

 

 

«БАТЫРЛАР»

Кешкі шәймен байқаусызда ортасынан көріп қалдым: ауған соғысының самсаған ардагері отыр екен мемарнада. Бірде-біреуі «Біздің соғыс оккупация болды, жазықсыз төгілген ауған баласының қаны үшін себепкер болсам, кешу сұраймын» деп айта алмады. Нағыз батырлық сол болар еді мен үшін.

Айтпақшы, бұл батырлардың бірде-біреуін бес жыл бұрынғы Жаңаөзен қырғынында, былтырғы жер дауында байқамадым…

Қасым АМАНЖОЛ

About Zika1961