Home » Дат|Каз » ЖЫЛПОС(Әңгіме)

ЖЫЛПОС(Әңгіме)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

 

Уақыт уыты


 

Мейрамханаға кірген беті сол еді, Қайдар әлдеқашан келіп алған, дәлізде күтіп тұр екен. Аман-сәлемнен кейін ішке кіруін өтінді. Киім ілгіштің жанына барғанда польтосын алып, бәйек болды. Осыдан отыз жыл бұрын бірге оқыған курстасының аяқ астынан өзіне осыншама жік-жапар бола қалғанына Гүлнұр таңданыңқырап қалды. Күндіз жұмыста отырғанында кабинетіне телефон шалып, кездесіп сөйлесетін шаруа бар деген соң, осы мейрамхананы өзі ұсынған.

Астанада тұрып жатқанына оншақты жыл өтсе де, курстасы оны бір рет те іздемеген еді. Енді аяқ астынан шарқ ұрып іздеп тауып, зыр жүгіргеніне қарағанда, бір ісі түсіп тұрған болса керек. Қайдардың бүгінгі таңда аты дардай университетте кафедра меңгеруші екенін біледі. Бірақ Гүлнұр тым құрығанда Білім министрлігі де емес, мүлде басқа саланың департаментінде қызмет атқаратын адам ғой. Оның өзінде анау айтарлықтай лауазымы да жоқ. «Менен бұған не керек болып қалды екен? Студент кезінде сараңдығымен аты шыққан жігіт еді. Арада ширек ғасыр өткенде қонақжай бола қалуына жол болсын» деп, тапсырыс беріп жатқан сәтте Гүлнұр ойлап үлгерді.

Қайдар ауыз жаппай сөйлеп отыр. Негізгі шаруаға көшуге асықпайтын секілді. Ішімдікке виски алдырғанына қарағанда, Гүлнұрға қатты күні түсіп тұрғанға ұқсайды.

– Гүлеке, ғылыми дәрежең бар. Енді, бізге келіп, дәріс бермейсің бе?

Базалық мамандығың да, ғылыми шифрің де келіп тұр ғой. Өзіңдей тәжірибелі маманға кафедрамыз мұқтаж.

– Ой, мемлекеттік қызметті білесің ғой. Таусылмайтын қағаз… Аз ғана тиын-тебен үшін жүремін бе солай сабылып?

– Әй, Гүлекем-ай! Студент кездегі пунктуалдығыңнан арылмағансың. Жарты ставкамен сағат бөліп қоямын. Сабақ кестесінде аты-жөнің тұра берер. Ал дәрісханаға жас оқытушыларды, практикант магистранттарды жіберіп, жүктемеңді біз-ақ орындай береміз ғой. Есесіне, педстажың болады, ғылыми дәрежелі дипломың өлмейді ғой, азын-аулық жалақы да бар…

– Азын-аулық жалақыңды қоя қойшы, керек десең, жеке төлем карта аштырып, соны пин-кодымен қоса өзіңе беріп қояйын. Ал ана педстажың мен үшін маңызды екен. Сол үшін келісуге болады.

– Әрине, сен ақшаға мұқтаж жан емессің…

– Құдайға шүкір… Бірақ мынау дастарханның өтеуін біле алмай отырмын…

– Мен саған бұйымтайымды айтқан жоқпын…

– Сезіп отырмын, айта берсеңші!

– Бұйымтайдың турасы былай: сен маған он мың доллар қарызға бере тұр. Мен алты айдан кейін қайтарамын.

– Солай де. Ірі сома екен. Берейін, бірақ, көңіліңе келмесін, алдымен нотариус арқылы рәсімдейміз. Сосын банктегі өсімдік пайызымен қайтарасың.

– Оған еш қарсылық жоқ, Гүлеке! Бәрін сен айтқандай жасаймын.

– Ендеше ертең уақытын алдын ала хабарлап, біздің департаментке кел.

 

Арада апта өткен соң, Қайдардың факультет деканы болып өрлегенін естігенде, әлгі он мың доллардың не үшін қажет болғанын Гүлнұр түсінген. «Несі бар, біздің үйдегі маубасқа қарағанда ширақ екен» деп, Қайдарға сүйсінген де қойған. Сөзінде тұратын нағыз ер жігіт екен, тура алты айдан кейін алған қарызын Қайдар еш кедергісіз қайтарып, алғысын айтып, тағы да мейрамханада қонақ етіп қайтты.

Сырттай қарағанда, қой аузынан шөп алмайтындай момақан көрінетін Қайдар факультет тізгінін қолға алған соң, осал жау еместігін көрсетіп бақты. Алдымен білімі мен білігіне сенетін, амбициясы басым доцент, профессорларды аулауға кірісті. Олардың намыстарын қорлап, жындарына тию үшін кафедра меңгерушілігінен бәрін аластатып, факультеттегі ең біліксіз әрі абыройсыз, ләппайшыл жағымпаз-жарамсақтарды олардың орындарына алды. Қайдардың айналасына өңшең надандар мен біліксіз тобырлар топтаса бастағанын аңғарған соң, дені дұрыс ғалымдар өздері-ақ ешбір ың-шыңсыз өтініштерін жазып, университеттен кете бастады. Қайдардың күткені де сол еді: босаған орындардың бәрін әй-шай жоқ саудаға салды.

Кафедрадағы бос орындарды сатумен ғана шектелмеген Қайдар декан бола салысымен-ақ «бизнестің» бірнеше жаңа түрін ашып алды. Бакалаврлыққа келген талапкерлерге білім грантын саудалап бола бергенде, магистратура мен докторантураға үміткерлер келеді. Одан кейін қысқы және жазғы сессиялар бар. Біреулерден босап қалған гранттық орнына ақы төлеп оқып жүргендерді тықпалау үшін де кез келгеннің уысына түсе бермейтін ақша деген жарықтық Қайдардың қалтасына өзі келіп құйылды…

Емтихан тапсыруға ауылдан келгенде, ол қомақты ақшаны арнайы сайлап алған еді. Әкесі бір совхоздың білдей басшысы, жалғыз ұлынан несін аясын. Ебін тап та жарат деп, әкесі қойны-қонышымен де шектелмей, ішкиімнің ышқырына шейін ақшаға толтырып, молынан ұстатқан ғой. Ол сол қаржыны жарата алды да. Сол тұста елдегі жалғыз маңдай алды оқу орны саналған университетте бір жерлесі аға оқытушы екен. Соны тауып алды. Ең қымбат деген мейрамханалардың біріне шақырып, дастархан жайды. Жас жігіттің осыншама ептілігіне жерлес ағасы да қайран қалды. Онымен де тоқтамады, қомақты қаржыны ағасының қалтасына тығып та жіберді.

Ағасы да қарап қалмады, жоғары-төмен жүгіріп жүріп, емтихан қабылдайтын марқасқалардың арасына кіріп кетіп, Қайдардың болашақта алшаң басып жүретін даңғыл жолына жасыл шамды жағып берді: әлдеқашан ғылыми дәрежеге қол жеткізгендіктен, Қайдардың аспирантураға түсіп, кафедрада қалуына ешкім кедергі бола алмады. Негізі, сол жылы бітірген курстастарының арасында Қайдарды он орайтын білімді әрі ғылымға бейімі бар жастар баршылық еді…

Совет өкіметі құлай қоймаған кезде ғылымға келгендіктен, оның зерттеу тақырыбы Алаш көсемдерін халық жаулары деп таныған, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұлтшылдық деп айыптаған бағытта болды. Солай етіп жазып, дайындап та жүрген. Қорғауға жақындай бергенде, мызғымас делініп мадақталған ірі одағының шаңырағы опырылып, ортасына түсті. Есеңгіреп қалса да, тез есін жиып ала қойды. Туа біткен пысықтығына басып, бәрін тез түзей қойды да, тоқсаныншы жылдың ортасында білдей бір ғылым кандидаты дәрежесін алып шыға келді. Ал жерлес ағасы әлдеқашан проректорлық орынға қонжиған…

 

Осылайша, ескі қоғамнан жаңаға ауысқан өліара кезеңде Қайдар секілділердің бағы жанды. Лас жолмен пайда табудың сан қилы айла-амалдарын игерді. Соңғы кезде алған парасынан арнайы қор есебінде бірсыпыра қолма-қол ақшаны сейфінде сақтап отыратын болған. Оны төтенше жағдайда ғана қолданады. Айталық, арнайы органдар іс қозғап, тергеуге ала бастаса, оны сотқа жеткізбей жабу үшін, сейфтегі «қордан» ақша беру керек болады…

Бір күні ректор оны суыт шақыртты. Телефон шалған көмекші жігіттің үнінде әлдебір үрей ме, әйтеуір бір абыржу бар. Екі өкпесін қолына алып, бас корпусқа жеткенше, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз да екі рет қоңырау соғып, одан ары дегбірін қашырып жіберді. Ентігіп жеткені сол еді, қабылдау бөлмесінің босағасын аттай бере, хатшы дереу үнсіз ғана ректордың кабинетіне нұсқады.

Әдетте бұлай болмайтын. Ректор өзі шақыртқан күннің өзінде міндетті түрде кем дегенде жарты сағат бойы қабылдау бөлмесінде күттіріп қоятын. Айтар сөзін ойлансын дей ме, өзі дайындалып ойын жинақтай ма, әлде айнаға қарап, шашын тарап, сәнденіп отыра ма, ол жағы беймәлім. Сосын барып қабылдайтын. Бұл жолы мүлде басқаша. Қайдардың жұдырықтай жүрегі асау атша тулап, кеудесін тесіп шығардай дүрсілдеп кетті.

Аман-сәлемін салқын ғана алған ректор «отыр» деп тым қатқыл әрі анық айтты. Қарсы алдындағы орындықта орта жастағы шашы бурыл тартқан бір бейтаныс еркек отыр.

– Қайдар, сен шектен шығып бара жатырсың! – деп, ала көзбен атып қараған ректордің сұсты жүзін көргенде, Қайдардың қос жанары шарасынан шығып, тіпті табақтай бетін жабуға сәл-ақ қалды. Әуелі іші мұздап кетті де, сол аралықта мес қарны ақтарылардай, ішкен-жегенін сар еткізіп, бұтына жіберіп қоярлықтай ыңғайсыз күй кешті.

– Деканыңызды не істейсіз – атсаңыз да, шапсаңыз да, менің онда шаруам жоқ. Маған керегі – банктегі несиені жауып берсе – болды. Ал қатынымды енді оқытпаймын. Доктор болып, мені ұшпаққа шығармай-ақ қойсын! – деп, әлгі бурыл шашты буырқанып отыр.

– Сіз маған айтқандарыңызды бастан-аяқ қайталаңыз мына деканның көзінше! – деп ректор бұйырыңқырап нығыздалды.

 

Өткен шілде айының басында Қайдарға бір әйел келген. Магистрлік дәрежесі бар көрінеді. Енді докторантураға түсіп, PhD академиялық дәрежесін алғысы келеді екен. Әрине, үш жыл бойы шәкіртақы алатындай етіп, білім гранты бойынша түссем дейді. Қайдардың алашақ «ставкасын» сұрай келген. Бұйымтайынан хабардар болған соң, Қайдар алатын сомасын түсіндіріп, оқу барысындағы емтихандардан бастап, ғылыми дәрежелік диплом алғанға дейінгі аралықтағы барлық мәселелерді мойнына алатындығына кепілдік берген.

Құжатын тапсыруға келгенде, ол әйел Қайдар айтқан соманы қолма-қол әкеліп табыстаған. Сол жолы докторанттық орынға талас өте көп болды. Талапкерлер арасында алды Американың, соңы Сеулдің университеттерінде магистрлік білім алғандар да болды. Соған қарамастан, Қайдар әлгі әйелге ең жоғарғы балл алуына, жеңіске толықтай жетуіне жатпай-тұрмай қолғабыс жасады.

Әрине, ағылшын тілінің тест сұрақтарының барлық нұсқасының кілттік жауабын әйелдің қолына табыстаған. Мамандық пәнді өзі қабылдайтындықтан, оған аса бас қатырған жоқ. Өзге талапкерлердің бағаларын мейлінше төмендетіп, өзі бәйгеге қосқан «жүйрігінің» мерейін үстем етіп қойған.

Емтихан біткен соң да, докторантураға түскендерге бұйрық шығарылғаннан кейін де дауласқандар көп болды. Бірақ Қайдарға ешбірінің тісі батқан жоқ. Америка университетінің түлегі бір жас жігіт:

– Ағылшын тілінде амандасуды да білмейтін адам қалайша тест сұрақтарының бақандай 98-іне дұрыс жауап бере алады? Өзге саланың адамы бола тұра, ол әйел мамандықтар пәнінен неге бізден артық балл алады да, біз одан төмен бола қаламыз? – деп, тепсініп келген.

– Ағылшын тілі үшін мен жауап бермеймін. Оны басқа жерде, менен өзге адамдар қабылдады. Ал мамандыққа келсек, бәрі ережеге сай. Бағаны жалғыз мен қойған жоқпын. Комиссия солай шешті. Мен не істей аламын? – деп, Қайдар өзінің бес жыл бойы айтып келе жатқан «дежурный» жауабын қайталаған.

 

Ректорға дәл мұндай баса-көктеп келген шағымданушыны Қайдардың алғаш рет көруі еді. Ректордың алдында қасқайып отырған бурыл шашты азамат факультет ғалымдары «жолбике» деп атап кеткен әлгі әйелдің күйеуі болып шықты. Жазда ол жолбике Қайдарға ақша әкелерде басындағы пәтерін кепілге қойып, банктен несие алған екен. Онысын күйеуінен жасырып жүрген. Бірақ ай сайынғы төлемақыларын төлеуге келгенде, ақша таппай қалады. Банк кімді аясын? Дереу сотқа жүгініп, пайыздық өсімдерімен қоса даулап, осыншама ақшаны бір аптаның ішінде төлемесеңдер, баспананы босатасыңдар деген талап қойып, сот үкімін орындаушыларды жіберген. Күйеуі сол сәтте ғана әйелінің несие алғанын біліп, ақшаны қайда жұмсағанын, кімге, не үшін бергенін тектей бастағанда, оның ұшы Қайдарға келіп тірелген ғой.

– Ал, Қайдар! Алдымен, мына кісінің мәселесін шеш! Алғаныңды бәрін тез қайтар! Бәрін реттеген соң, маған кел, ендігі ісім сенімен болсын! – деп, ректор тісін қайрап шығарып салды.

Қайдар ректордың кабинетінен есалаң адамша алай-дүлей болып шықты. Әлгі бурыл шашты пәле де қыр соңынан қалар емес. Оны алдап-сулап мейрамханаға алып келді. Жақсылап тұрып күтті. Ішімдікке әуестеу азамат екен, аямай суарды. Кешкісін көлігіне отырғызып алып, үйіне жеткізіп салды. Аулада тұрып біраз әңгімелесіп, бір тоқтамға келді.

– Бауырым, маған сен! Міне, мына көлігімді көріп тұрсың ғой. Үш жылдың алдында жетпіс мың долларға сатып алғанмын. Күтіп мінілген зат, көрдің ғой, су жаңа. Ертең хабарландыру беремін де сатамын. Сосын банктегі несиелеріңді жаба саламын. Ал әйелің докторантурасын оқи берсін. Ғылыми жетекші ретінде өзім көмектесемін, қорғатамын. Кафедраға профессор, тіпті меңгеруші етіп алуға да шамам жетеді. Мен тұрғанда ешқашан жұмыссыз қалмайды.

– Түсіндім, Қайдеке! Ең бастысы, несиені жауып берсең болды, қалғаны бола жатар. Менен бір ағаттық кетті, оны кешіргейсің. Тұп-тура ректорға шауып бармауым керек еді…

 

Қайдар уәдесінде тұрды. Қымбат көлігін сатып, бурыл шаштының банктегі несиесін жапты. Енді ректордың көңілін табатындай бірдеңе жасау керек. Ат-шапан айыбын жууға жетерліктей азын-аулақ бірдеңе сейфте де бар. Бірақ оны аттың жалы, түйенің қомында емес, алдымен биллиард ойнатып, сауналатып, қыдыртып дегендей, көңілін әбден көтерген соң ғана ұсынуы керек.

Қайдар қолайлы сәтті бағып, ойланып жүргенде, аяқ астынан күтпеген жағдай болды. Әлдебір қаржылық тексерісте басшының былығы ашылып, ол ректорлықтан түсіп қана қоймай, істі болып кетті. Ал оның орнына Қайдармен қатарлас оқыған ежелгі танысы келді деген хабарды ести сала, мұртынан жымиып, бұрынғы ректорға дайындаған тарту-таралғысы жатқан сейфтің кодын тере бастады…

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

About Zika1961