Home » Дат|Каз » ЖЫЛДАР мен ЖЫРЛАР

ЖЫЛДАР мен ЖЫРЛАР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №38 (402) от 19 октября 2017 г.

 

Қайраткердің бір қыры


 

Қазақстандық қоғам Серікболсын Әбділдинді мемлекет қайраткері, адал адам, қайтпас саясаткер, қайсар азамат ретінде жақсы біледі. Ал Сер-ағаң жас кезінде өлең жазған, публицистікке құлаш ұрған қаламгер болғанын екінің бірі білмесі анық. Таяуда біз ағамыздың 80 жасқа толуына орай «Ұстаз – Педагог» деп аталатын кітабын баспаға дайындау барысында, Секеңнің жеке мұрағатынан әбден сарғай ған блокнотқа кез болдық. Сыртына өз қолымен «Қойын кітапша» деп жазған екен.

Кітапшаның іші толған сол заманғы сиялы қаламмен жазылған өлеңдер, өмірінің ілкі сәтінен түртіп алған шағын естеліктер мен шешендік сөздер екен. Содан біз Секеңе қолқа салдық: «Осы кітапшаға әр жылдары жазылған дүниелерді іріктеп, газетке жариялауға топтама даярлап беріңіз?» деп.

Серікболсын аға: «Елден ұят болмай ма? Ойланып көрейін…» деп, екіұшты жауап қатқан болатын. Таяуда ағамыз телефон шалды: «Өтініштеріңді өзімше орындап қойдым, қажет десеңдер, мейлі – жариялауға қарсы емеспін» деп.

Төменде біз Сер-ағамыз өз қолымен іріктеп берген өлеңдерін жариялап отырмыз. Алдағы қарашаның 25-інде аталып өтетін мерейтойына дейін сол «Қойын кітапшадан» тағы бірер дүние жариялаймыз деген ой бар.

Ермұрат БАПИ

 

 

ТАЛАПТАНУ

Қаламым ақ қағазға есіп берші,

Тұсауын талабымның кесіп берші.

Жастықпен ақындықты алдым қолға

Жеңем бе, жеңбеймін бе? –

шешіп берші.

Қаламның жауабы:

Болуға жалынды ақын сен шығарсың,

Талабың болса, несін жасырасың.

Жаз, досым, тұсауыңды мен кесейін,

Шыңына мың шықпасаң,

бір шығарсың.

28.10.1957 ж.

 

ҚЫЗ БЕЙНЕСІ ОЙЫНДА

Қызға жігіт ғашық боп,

Аттай тулап жүрегі.

Көруге қызды асық боп,

Қиял басып жүр еді.

 

Кенет кез боп қызына,

Не айтарын білмеді.

Сұлуға қарып қызыға,

Сөз таппай тіл күрмелді.

 

Қыз тұрмады аялдап,

Білмей жігіт жайында.

Жігіт келеді аяңдап,

Қыз бейнесі ойында.

31 октябрь, 1957 жыл.

№21 бөлме

 

АДАЛДЫҚ

Адам көркі адалдық,

Шексіз тұнық, болса егер.

Болсын қандай қиындық,

Ақиқат жеңер, ар жеңер.

 

Адалдықпен адам бол,

Халық сүйсін ісіңді.

Табу үшін адал жол,

Аяма бар күшіңді.

12 ноябрь, 1957 ж.

 

КӨРЕРМІЗ…

Есімде менің сол бір күн,

«Он бесі» еді июльдің.

«Көрерміз» деген жылы үн,

Белгісі болды сүюдің…

 

ЫЗА БОЛМА

Қан жеген иттей ерінің,

Сыйқы жоқ бет-теріңнің.

Тырнағың ұзын, қып-қызыл,

Тұяғындай перінің.

 

Тұрған жоқ оңып шашың да,

Боялған кірпік, қасың да.

Кім қарайды бояуға,

Ми бар ма сенің басыңда.

 

Өзіңде ой жоқ, сана жоқ,

Қой дейтін саған адам жоқ.

Боянып алсаң, болғаны –

Жүресің мәз боп, көңіл тоқ.

Қарындас, осы дұрыс па?

Асықпай ойлан, тырыспа,

Көңіліңе жақпаса,

Ыза болма, ұрыспа!

13 ноябрь, 1957 ж.

 

АРМАН

Бұл өмір тез өтеді салдырлаған,

Ешкімге биік шыңын алдырмаған,

Жігіттің несі жігіт – бұл заманда

Артына бір маңызды іс қалдырмаған.

 

Бұл маған көптен бері болған арман,

Келмеген талпынсам да бірақ қолдан.

Ой жетпей, ақыл жетпей тая берем

Құзар шың, жалаңаш тас қиын жолдан.

18.09. 1959 ж.

 

 

КІНӘМ КӨП-ТІ

Жас жүрек жалын атып, маза бермей,

Мінеки, мен жатырмын ұйқы көрмей,

Білдірмей достарыма тұрдым-дағы,

Қолыма қалам алдым, қиял керней.

 

Ойыма қайта оралып сол кеш түсті,

Япыр-ай, бұл махаббат неткен күшті!

Келгенде көз алдыма қыз бейнесі,

От жанып, екі көзден жалын ұшты.

 

Биге мен шақырып ем таныспақ боп,

Қол жеткізбес арманмен алыспақ боп.

Бірақ ол «шаршадым» деп, шықпаған соң,

Мен қайтып, оған артық жабысқам жоқ.

 

Осылай кете бердім, ерік билеп,

Жан емес ем ешкімге басымды имек.

Сол «ерік» тілдесуге бөгет жасап,

Арманымды аяусыз кетті түйреп.

 

Есімде ұрланып көз қарасқаның,

Мен сені бір көргенде-ақ жаратқамын.

Соңынан ақымақ боп, шарап жеңіп,

Сол үшін жігіттермен «таласқаным».

 

Өкініп өткен іске, ішім ашып,

Тұрғандай қос өкпемнен демім қысып.

Сылқ етіп жата кеттім төсегіме,

Бірде мұз, бірде жалын – өңім қашып.

 

Осылай қатарымен бес күн өтті,

Бұл қайғы жүрегіме менің жетті.

Ұялам көрінуге мен ол қызға,

Өйткені қыз алдында кінәм көп-ті.

26.11.1959 ж.

 

АРНАУ

•Бәтима мен Тынымгерейдің

үйлену тойына

Құтты болсын қайырлы тойларыңыз,

Махаббатпен бас қосқан ойларыңыз!

Қуанышпен қарсы алып сәтті күнді,

Шын жүректен көп сәлем

жолдаймыз біз.

…Қош келдің, қос жүрек,

Көптен күтіп біз жүр ек!

 

ЕР-МҰРАТҚА!

Ермұрат Бапи атағың,

Ерлігің елге жағады.

Билікке қарсы «шатағың»,

Тасқын селдей ағады.

 

«ДАТ!», «ДАТ!» деп жүріп байқамай,

Елуге толған бауырым.

Жігеріңді шайқамай,

Сүйрей бер жүктің ауырын.

 

Торқалы тойың бір белес,

Алдыңда талай асу бар.

«Тасжарған» саған жүк емес,

«Ақорданы» қосып ал!

7.03.2009 ж.

 

Редакциядан: Серікболсын Әбділдиннің «Тұңғыш төраға – Первый председатель» деген кітабын газет редакциясынан сатып алуға болады. Алматы қаласы, Сейфуллин көшесі, 288. 3-қабат, 307-бөлме. Анықтама үшін телефондар: 382-72-30, 382-72-33, 8-701-358-35-24,

8-701-789-29-59, 8-777-493-83-83.


 

About Zika1961