Home » Гвоздь номера » ЖУРНАЛИСТ ҚАУЫМЫНА СЫЙЛЫҚ ЖАУҒАН КҮН
070417_0750_3.png

ЖУРНАЛИСТ ҚАУЫМЫНА СЫЙЛЫҚ ЖАУҒАН КҮН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №25 (389) от 29 июня 2017 г.

 

Құттықтаймыз!


 

Қазақстан Журналистер одағы 2017 жылғы лауреаттарға сыйлықтар тапсырды. Рәсімге қатысушылар нақақ жаламен түрмеде отырған өздерінің төрағалары Сейтқазы Матаевқа әлеуметтік желі арқылы сәлем жолдады.

 

«Биыл байқауға 80 жұмыс келіп түсті, оларды арнайы құрылған комиссия сараптан өткізді. Одақ тарапынан лауреаттарды анықтау жұмысына ешқандай араласу болмады», – деді дүйсенбі күні Қазақстан Журналистер одағының міндетін у. а. Тамара Калеева. Бұл ретте ол Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың жоқтығына қарамай, 100-ден астам адам одаққа мүшелікке кіргенін атап өтті.

«Сейтқазы Матаевтың уақытша жоқтығына қарамай, Журналистер одағы жұмысын жалғастыруда және бізге осы одақтың қоғамдық кәсіби ұйым ретінде бұрынғысынша, журналистердің сеніміне ие болып, қолдау тауып отырғаны қуантады. Соңғы 5 айда әр жастағы және әр өңірдегі 105 адам Журналистер одағына кірді. Ол редакциялардың да және жекелеген тұлғалардың да бастамасы болды. Жыл басынан бері 19 адам «Қазақстанның құрметті журналисті» атағын алды және біз бүгін осы атақты тағы 16 журналистке беріп отырмыз», – деді Т. Калеева.

Салтанатты құттықтау рәсімінен кейін Құрмет грамоталарымен марапатталған Журналистер одағының лауреаттары, журналистер және шараға қатысушылар Сейтқазы мен Әсет Матаевтар және Жанболат Мамайды кәсіби мерекесімен құттықтап, олар үшін бейнеқұттықтау жолдады.

Сол сияқты «Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі республикалық кеңес» бір топ журналистерге «Қазақстан журналистикасының қайраткері» деген атақ берді. Олардың ішінде журналистика ақсақалдары Сапабек Әсіп, Ғаббас Қабышұлы, Уақап Қыдырханұлы, Мамадияр Жақып, Рысбек Сәрсенбайұлы, Марат Тоқашбаев, Жұмабек Кенжалин, тәжірибелі редакторлар Самат Ибырайымұлы, Ермұрат Бапи, Нұртөре Жүсіп, Шәмші Паттеев, Қазыбек Иса және басқалар бар.

Ал осы төл мереке күні ҚР президентінің сыйлықтарына ие болған журналистер арасында «Орталық Қазақстан» (Қарағанды) газетінің бас редакторы Мағауия Сембайды бөле-жара атауға болады. Сол сияқты ел президентінің Алғыс хатын алған танымал тележорналшы Жайна Сламбектің «Астана» арнасындағы «Біздің уақыт» бағдарламасы қалың жұртшылықтың ауыз толтыра айтатын дүниесіне айналды.

Кәсіби мереке құтты болсын, әріптестер!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

 

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНА СИЯ ТАМЫП КЕТКЕН…

 


 

Біздің журналистикада жампоз көп. Алдымдағы атандай ағаларым мен кейінгі жас перілердің арасында айтып өлетін адам жайылып жатпаса да – біраз бар. Бұл өзі қазаққа жақын мамандық екені рас. Сөзге тоқтайтын халықтың сөз киесіне табынбауы мүмкін емес. Содан болар, қазір журналист мамандығына қызықпайтындар аз. БАҚ-та істейтіндерді былай қойғанда, осы «Фейсбукте» кірпік ілмей отыратындардың өзі сөзді көлденеңінен де, тігінен де тіліп түседі. Соған қарағанда, журналистика біздің қанымызда бар. Қазақтың қанына сия тамып кеткен болар, сірә!

 

Жөн! Бірақ бізде жылтыр сөз көп. Жаттанды тіркестерден құлақ тұнады. Нешетүрлі гирляндтар мен мишуралар іліп жазғанға жанымыз құмар. Құлаққа лапша іліп дағдыланғанымыздан болар. Бір тәуір журналист досым айтпақшы, «жазғандарымыздан патетика періп тұрады». Иә, мұндай журналистиканың өмірі ұзақ деп айту қиын. Мұндай журналистикада болашақ жоқ. Ол бір күні өледі. Қазіргі қазақ журналистикасының пайдалы іс-әрекет коэффициенті нольге тең. Меніңше, журналистиканың басты екі міндеті бар. Біріншісі – жұртшылыққа шынайы ақпарат беру. Екіншісі – адамдарды ойлауға үйрету. Екі міндетті де орындай алып жүрміз бе? Айта алмаймын.

Қайтсек қазақ журналистикасын құтқарып қаламыз? Оған әр журналист үлес қосуы керек.

Қалай? Журналистикаға келдің екен, сенің бойыңда төрт нәрсе міндетті түрде болуы шарт. Олар – жазу дарыны, білім, байқампаздық және азаматтық позиция. Ал біздің баспасөзді сақтап қалуға осы төрт қасиет жетіп артылады деп ойлап отырмын. Басқасын қоссам, былжыратып алармын.

Әзірше қолына қалам ұстаған қазақтың бәрін құттықтаудан басқа қайыр жоқ. Құдай кәсіптеріңізге мазмұн мен мән бергей!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

 

 

 

КӘСІП ПЕН НӘСІП

 


 

Асылы, журналист пен жеке тұлғаның арасындағы көзге көрінбейтін айырмашылықты жұртқа түсіндіру өте қиын екен. Мәселен, журналистика – кәсіп. Журналист – кәсіп иесі. Азамат есебінде – жеке тұлға.

 

Ал бізде журналисттің жазған-сызғанына қарап, оны адам ретінде де тап солай бағалап қарайды. Жаман материал – жаман адам, сын мақала – оңбаған, көре алмайтын, іші тар адам, жақсы материал – жақсы адам, мадақтама материал – жағымпаз, т.т. солай кете береді.

Енді осындай түсінікке журналистиканың жазылған-жазылмаған ереже-қағидаларын, кәсіби журналистиканың талаптарын және кәсіп пен жеке тұлғаның арасындағы айырмашылықтарды түсіндіріп көр. Оның үстіне журналистика мен жеке тұлғалығын мидай араластырып жіберген әріптестер бар. Кәсібін пиардың құралы, қызметтің жолы, өзін өткізудің амалына айналдырғандар да бар. Содан жұрт журналисттің кәсіби жұмысы қайсы, жеке адам есепті өзінің көзқарас, ұстанымы қайсы – ажырата алмайды.

Өміржан ӘБДІҚАЛЫҚ

 

 

 

 

Бұл екі арада

 

БИЛІКТІҢ ҚЫЛ БҰРАУЫ бұрынғыдан да қыса түсті

 


 

Маусымның 28-і күні Қазақстанда Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнін атап өтті. Ал осы күннің қарсаңында парламентте таныстырылған БАҚ туралы заң жобасы кей журналистердің ашуына тиді.

 

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев таныстырған БАҚ мәселелеріне қатысты заң жобасы журналистерді таратылатын ақпараттың шынайылығын сауалдар жолдау арқылы тексеруге және жеке өмірі, отбасы, банк және басқа да құпиялары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялау үшін мақалаларда аты-жөні аталған тұлғалардың келісімін алуға міндеттеуді ұсынады.

Министр Абаевтың пікірінше, адамның дербес деректері, жеке өміріне қатысты мәліметтер «тек оның келісімімен жариялануы тиіс» және бұл – «қалыпты практика». Бірақ құпия дегеннің не екенін кім және қалай анықтайтыны, қандай деректер құпия деп жариялануы мүмкін екені қазіргі уақытта әзірше түсініксіз.

– Егер біз бұл мәселені алып тастасақ, жұрттың бәрі жапатармағай банктердегі есепшот нөмірлерін сұрай бастайды, ал бұл онша дұрыс болмайтын сияқты, сондықтан бұл мәселеге қатысты үлкен проблема жоқ, азамат ондай деректерін жариялай алады, меніңше, бұл жерде оның келісімі керек. Біз әлемдік тәжірибені зерттеп, ұзақ ойландық. Әлемдік тәжірибе азаматтардың жеке бас мәліметтерін жариялауға олардың келісімі қажет екенін көрсетіп отыр, – деді Дәурен Абаев.

Депутаттар алдында заң жобасын таныстыру кезінде министр Абаевқа сұрақ қою мүмкіндігін кей журналистер ғана пайдаланды. «Жеке басқа қатысты кез келген ақпаратты таратуға келісім сұрау журналистік зерттеулерді құрдымға жібереді» деп мәлімдеп, Ratel.kz сайты тілшісі Болат Әбілқасымов ғана наразылық білдірді.

– Біз бәрін тамаша түсінеміз, сіз «Құқық қорғау органдарына жолдаңдар» дейсіз. Қазақстандықтардың офшорлық есепшоттарына қатысты жанжал шыққан кезде қай мемлекеттік орган тексеру бастады, әлгі іс бойынша тергеу жүргізілді ме? Жүргізілген жоқ. Ал ондай кезде не істеу керек?

Сіздер бізді шектей бересіздер, ел үшін өмірлік маңызы бар дүниелерді тексерейік десек, шектейсіздер, әлдебір коррупцияға қарсы әлдебір материалдарды жариялауды шектейсіздер, – дейді Болат Әбілқасымов.

Azattyq.org

About Zika1961