Home » Гвоздь номера » Жоғары білімнің деңгейі БІЗДЕ ЖОҒАРЫ МА?

Жоғары білімнің деңгейі БІЗДЕ ЖОҒАРЫ МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

 

Пайым патшалығы

 


Жоғары білім беруді білімнің соңғы сатысы ретінде басқа дәрежедегі білім беруден бөліп қарау мұмкін емес. Өз кезегінде білім беру саласы қоғамдағы басқа салалармен тығыз байланысты және олардан тәуелді.

 

Мемлекеттің негізгі тірегі және қозғаушы күші – халықтың саны мен сапасы. Халықтың саны негізінен демографиялық факторлармен анықталса, сапасы білім деңгейіне байланысты. Білім – бастауыш, орта, жоғары деңгейге сатыланып, сол кезекте игерілгенімен, оның бастауы одан да ілгеріде – тіл ашардан, тіпті ананың әлдиінен басталады. Ана тілі – ананы сүтімен беріледі, сондықтан да «ана тілі» аталады. Баланың тілі шығып, қалыптасатын кезде басқа тілдерді араластырудан, тіпті өз тіліміздегі анайы, тұрпайы сөздерден де сақтану керек. Бұл тәрбиенің бастауы.

Ең дұрысы – бастауыш білімді қазақ тілінде беру. Міндетті түрде қаламсаппен қағазға дұрыс жазуды, сызуды, сөйлеуді, дұрыстап оқу, есеп шығару, сөйлем құрастыру, білгенін айтып беру, мазмұндама жазуды үйреніп, осының негізінде бала қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін, қазақша жазатын болып шығады. Бұндай қалыптасу кезінде оған басқа тілді тықпалап, шатастырмау керек. Ортаның жағдайымен, техникалық ойын құралдары арқылы, ауладағы балалармен ойнау кезінде басқа тілдің ықпалы болса, оны шектемей, оқу үрдісіне кері әсері болмауын ғана бақылаған жөн. Баланың санасын бір арнаға түсіріп, ана тілі мен қазақи қабілетін (менталитетін) қалыптастырған соң «сен қазақсың, қазақтың елін сүй, жерін сақта» деп құлағын сарсытудың қажеті жоқ. Орынсыз жалаң насихат баланың санасына теріс әсер етеді. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде іргелі білім алуға, болашағы үшін қажет шетел тілдерін игеруіне жағдай жасау қажет. Өмір ол баладан екі немесе үш тілділікті талап ете ме – күні бұрын кесіп-пішіп тастау қиын. Бұл таңдауда алдыңғы орында ағылшын тілі, кейбір жадайда мамандығының талабы бойынша басқа тіл болуы мүмкін (орыс, қытай, француз, неміс, испан т.б.). Қай тілді болмасын, қазақ тілі негізінде игеру қажет. Тіл оқыту мәселесін халықаралық жағдайға, ондағы еліміздің алатын орнымен байланыстырып, азаматтардың өзінің жеке таңдауын да шектеуге болмайды.

Жалпыға ортақ білім беру мекемелері (мектеп, лицей, колледж, университет т.б.) мемлекеттік және ақысыз болуы керек. Кейбір сирек мамандықтар мен өнер саласы бойынша (цирк өнері, зоопарк қызметкерлері, археология, оқу бағдарламасына енбеген шетел тілдері, т.т.) тиісті заңдар негізінде қызмет атқаратын жеке меншіктегі ақылы білім беру нысандарын ашуға болады.

Бастауыш мектепке қабылдауда ешбір шектеу болмауы керек. Балада белгілі бір кемшілік болса, онымен тиісті мамандар (психолог, дефектолог, логопед, т.б.) шұғылданып қалыпқа түсіреді. Орта білім беретін мектептерге қабылдауды да шектемей, үлгере алмаған оқушыны келесі сыныпқа көшірмей қою, тіпті болмаса төменгі класқа түсіру, күзгі сынаққа қалдыру, нақты жағдайға байланысты шешімін табады. Білікті мамандар бұл мәселені терең зерттеп, ұсыныс жасай алады.

Жоғарғы білім ақысыз, тегін, бірақ талапкерлер үшін бәсекелестік арқылы ғана қол жетімді болатындай қажет мөлшерде ғана мемлекет әр мамандыққа шектеулі орын бөлуі керек.

Білім саласы қалай қаржыландырылады?

Білім беру – болашақ ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттікті, оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін сақтау. Сондықтан оны қаржыландыру мемлекеттің бюджетінің негізгі құрамы болуы тиіс, оның кіріс көзі – ұлттық байлық. Әр елде ұлттық байлықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Біздегі ең басты ұлттық байлық – жер мен ондағы табиғи қазыналар. Олар ешкімнің жеке меншігі болмау керек, өйткені оған иелік құқығы да, жеткілікті әлеуеті де жоқ. Жеке тұлға жерді, оның қазына байлықтарын табиғи апаттардан, шетелдік басқыншылықтан қорғай алмайды. Есімізді тез жиып, ізі суымай, су аяғы құрдымға кетпей тұрғанда, барлық осы табиғи байлықты мемлекет қарамағына толықтай және түбегейлі қайтару қажет. Сыбайлас жемқорлық арқылы тоғышарлық жолмен жиналған миллиардтарды да, қылмыс көзі дәлелденсе, тәркілеген жөн. Ал шетелдегі миллиардтарды қайтарып, ел экономикасына бағыттау керек. Қай миллиардердің қай елде, қандай банкте, қай офшорда капиталы бар екені халықтан құпия болғанымен, тиісті органдар үшін құпия емес. Шетелден ақшаны қайтару шын ниет болғанда біздің құзырлы органдар үшін шешілетін мәселе. Ақша иелері – біздің биліктің тісі батпайтындай шетелдік мықты массондық құрылымдармен байланысы жоқ пысақайлар, ал ондағы сыбайластары қатардағы делдалдар.

Билік өкілдері, оппозиционерлер мен саяси қайраткерлер ең алдымен парасатты ел қамын ойлайтын саналы азаматтар, сондықтан олар білім беру саясатын қалыптастырғанда ортақ тіл табуға міндетті. Құзырлы билік өкілдерінің арасында да кездейсоқ адамдардың бар екені құпия емес. Ал енді ондай кездейсоқ еместер үшін білім берудің маңыздылығы мен қоғамдағы шешуші рөлі дау туғызбаса керек. Дау туғызатындар «бас-басына би болған өңшең қырттар» (Абай).

Мұнда бір ескеретін жай – теріс шешімдерді елбасының пікірі ретінде негіздеу орын алды. Істің мәніне тоқталсақ, жалпы мәліметтер 3 топқа бөлінетін қағида бар. 1. Білуге де айтуға да болады: бұл оқу-білім, техника, жаңалықтар ашылады, адам игілігіне жаратылады. 2. Білуге болады, бірақ айтуға болмайды: бұл құпия мемлекеттер, саяси топтар арасында, жеке адамдар, тіпті семья ішінде де болады. 3. Білуге болмайтындар, яғни адамның санасы, сезімі жетпейтін құбылыстар: мысалы, адамның жаны деген не, о дүние бар ма, тозақ-жұмақтың, тағдырдың нағыз мәні неде, т.т.

Елбасының кейде екінші топтағы деңгейде сөйлеуіне тура келеді. Егер халықтар достығы ассамблеясында «кеше қазақ халқы жер аударылып келгендерге қамқоршы – пана болды» десе, елбасының ол кезде қазақтың өзі ұлттық езгіде болып, келгендерге пана болудың орнына, олардың өзінен зорлық-зомбылық көргенін білмейді дейміз бе? Өзі сол шешен-түріктердің арасында балалық шағын өткізіп, Украинада басқа ұлттық ортада кәсіп игеріп, алғашқы нанын көсеу ұстап тапса, қазақты аузына қаратып, орыс пен қытайға бас шұлғытса, оған қай аудиторияда, қалай сөйлеуді үйрету қажет пе? Биліктегілер құзырындағы мәселені ешбір бұралаң соқпаққа бұлтартпай, ешкімге (тіпті ел басына да) сілтеме жасамай, әр мәселенің тура мәнісін қарастыруы қажет.

Қазіргі өтпелі кезеңде биліктің авторитарлы және жоғары харизмалы тұлғаның қолында болуы қажеттілік те шығар. Бірақ қандай данышпан болмасын, барлық мәселені өз ақылымен шеше алмайды. Жаратушы пайғамбарларына «Сендердің 10 істеріңнің 1-2 кемшілігі бар» деген екен. Ал жай пенденің ісінде олқылық неге болмасын? Бізде білім саласын басқарудың нақты тетіктері бойынша елбасына ұсыныс жасап, дәлелдейтін жанның болмайтындығы өкінішті.

Жоғары білім алатын тұлға – студент. Қазақтың ұлттық ерекшеліктерінен, қазақ халқының тіршілігі мен болмысынан туындайтын қазақ студентінің де өзіне тән «қазақи» ерекшеліктері және қоғамдағы ерекше рөлі бар. Ертеде жоғары деңгейде оқу Бағдат пен Мысырда, бергісі Стамбул, Бұхарада (діни оқу), кейін Ресей қалаларында болды. Әрине онда барып оқу ерекше жігерлі, зейінді жастарға ғана нәсіп етілді. Бұлардан көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері шықты. Бір өкініштісі, олардың бірталайы жаңа тұрмыстық жағдайдан, жанкешті еңбектен ауруға шалдығып, өмірден ерте өтті. Олар қараңғы қазақ даласында тұңғыш шамшырақ, өркениетке бастаушылар, халқына жол нұсқаушы, жастарға үлгі-өнеге еді.

Қазақстанның өзінде жоғарғы оқу орындары тек кеңес дәуірінде ең алдымен Алматыда ҚазПИ мен зооветинститут ашылды. Қасым ақынға:

«Туған бала құба-құмда жер үйде,

Тоқсан томды алдына алып КазПИ-де,

Отыр дүние архивтерін ақтарып.

Соны көріп, сүйсінем де мақтанып,

Кетем жырлап түсемін де бір күйге» – дегізіп шабыт берген бұл оқу орындарының орны ерекше. Зооветтің түлектерінен мал мамандарымен қатар, бірталай мәдениет қайраткерлері шықты. Олардан кейін жедел Политех, СХИ, КазГУ, ЖенПИ және облыстық қалаларда институттар ашылды. Бұл жағдай қоғамда үлкен серпіліс тудырып, жастар жаппай жоғары білім алуға ұмтылды. Олардың легінде 17–18 жастағы жеткіншектерден гөрі 30 жастар шамасындағы өмір көрген, еңбекке төселген азаматтар басым еді. Олар ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгерген, қалаға келгенде жат ортада бірден орыс тілінде оқып, кедергілерге кезіккенімен ешбір мойымай «оқи алмай, қайтып келіпті» деген жаман атты ар көріп, қиыншылықтарды жеңе білді. Ол кезде қала тұрғындары негізінен орыстар, араларындағы славяндар мен басқа европалықтар олардан қазіргідей бөлінбейтін.

 

Қалада қазақтар үшін тіркелу өте шектеулі, мемлекеттік пәтер алу қиынның қиыны, сондықтан «Алматы – қазақтың астанасы, орыстың – баспанасы, ұйғырдың – асханасы» болды. Бұл қала ресми Қазақстанның астанасы болса да, қалада тіркеліп, пәтер алып, жұмысқа тұратын – орыстар еді. Ал қала маңындағы кәсіпшілікке де қазақ емес ұйғыр, кәріс, т.б. ұлттар тартылды.

Басқа ұлттық республикаларда да кеңестік орыстандыру саясаты жүргізілгенімен, бұл үрдіс Қазақстанда ерекше сипатта «халықтар достығының лабораториясы» ретінде іске асырылды. Осындай жағдайда оқып, білім алған, халық шаруашылығы мен мәдениеттің әртүрлі салаларын дамытқан интеллигенциямыздың қандай ерекшеліктері мен құндылықтары болды?

Ол кездегі студенттер өте ұйымшыл, берекелі, кейіннен айнымас достар болды. Тек танысқанда ғана Шымкенттенмін, Ақтөбеденмін, Павлодарданмын десе, бұл жіктелу емес. Ертеде қазақ руын айтып танысса, ол рушылдық емес, ұғысудың басталуы болатын. Қазақтың рулық қауымдастығы трайбализм емес, оның қайдан шыққанын, мекенін анықтайтын төлқұжаты еді. Өйткені жерге ру бойынша қоныстанып, иелік жасап, дұшпаннан қорғады. Тұрақты армия болмаған жағдайда, әр ру белгілі мөлшерде әскер шығарып, жабдықтап, жаттықтырып, қазақтың қосынына қосатын. Руын білу – бөлектену емес, тегін білу, аталасына үйленіп, қан араластырмай генофонының тазалығын сақтау. Басқа рудың адамдарын нағашы-жиен, құда-жекжат ретінде құрмет тұтып, сыйласу.

Әрине өмірде бірге туған ағайындарда да түсінбестік болатыны сияқты рулар арасында да кикілжің, қақтығыстар кездесіп қалатын. Руластыққа трайбалистік сипат беруге тырысатындар кешегі отаршылдар мен қазіргі солақай саясатшылар. Ешқандай рудың өкілі емес, бірақ қазақ болып кеткен басқа ұлт азаматтары «шала қазақтар» аталды. Қазіргі шала қазақтар ұлттық дәстүр мен ана тілін ұмытқан мәңгүрттер болса, бұрынғы шала қазақтар таза қазақтар. Олардың арасынан Мөңке-би, Ғазез ақын сияқты белгілі қоғам, мәдениет қайраткерлері шықты. Егер көптеген тәжік, қазақ, қарақалпақ, т.б. ұлт өкілдері тарихи-саяси себеппен өзбек болып жазылса, қазақ болуға әлгіндей шектеулер бөгет жасап, демографияға әсер етті.

Сонымен қазақ студенттерінің алғашқы буындары өзінің ата-салтына берік, ана тілін сақтаған, қаладағы қазақты шектетуге қарсы тұра алған қажырлы топ болды. Бұның ең айқын көрінісі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Оны көтеріліс деуге – арнайы басқару штабы мен тиісті жабдықтары жоқ, қоғамдық қозғалыс деуге – саяси бағдарламасы жоқ, стихиялық қана думпу деуге болмайтыны – жай тобыр емес, тәртіптілігі мен мәдениеттілігінің жоғары деңгейдегі үйлесімділігі. Бұл қазақ студенттерінің өзіндік ерекшелітері. Өкініштісі – қазіргі саяси билік осындай ерекшелікті тежей бастады. Қандай да бір жалпы халықтық сипаты бар құбылыс байқалса, сабақты тоқтатып, студенттерді ауылдарына қайтарып жібереді. Қазіргі студенттердің арасында жігерлі азаматтар сирек, студенттердің саны көп те, сапасы төмен, олар шынайы конкурссыз қабылданады, өз талабымен білім алып жүргендері мүлдем аз. Биліктің қауіптенуіне негіз де жоқ, бұдан 30–40 жыл бұрынғыдай емес, көпшілігі айтқанға көніп, айдағанға жүретіндер.

 

Жоғары білім беру саласында нақты үйлестірілген жүйе жойылған. Тұжырымды бағыт-бағдары жоқ, басшы, ұстаз кадрларын іріктеу мен тағайындау, методикалық-әдістемелік, тәжірибелік жұмыстары қанағаттанғысыз. Жоғары мектептің мақсаты – білікті кадрлар дайындау. Ол кадрлар мемлекетіміздің нақты қоғамдық, экономикалық мәселелерін шешу үшін қызмет етеді. Біздің табиғи жағдайымыз, қоғамдық тіршілігіміз, әрбір саланың (мал шаруашылығы, егін, жеміс-жидек, көкөніс, табиғи байлықтарды игеру) өз ерекшеліктері бар. Сондықтан мамандарды өзіміз даярлап, шетелге тек қана тәжірибе алмасу үшін, заманауи деңгейдегі озық технологиясын игеру үшін ғана жіберу керек.

Білім беруде оқу мен тәрбиені бөліп қарауға болмайды. Бастауыш сыныптарда сабақ оқу бүкіл елде бір ғана жүйе бойынша қабілетті балалардың талабына жол ашып, ал даму дәрежесі проблемалы оқушыны ерекше назарға алып, қатарынан қалдырмай бастауыш білім беру керек.

Баланың қабілетін, ерекшеліктерін ескеру орта мектепте басталып, кейбір пәндерді тереңдетіп немесе өз қалауымен таңдап оқытуға болады. Онда да эмоциямен емес, белгілі бір критерий арқылы, кей жағдайда оның тіпті ақылы болуы мүмкін. Орта білімі туралы құжат иесінің жоғары оқу орнына түсуге лайықты екеніне куәлік болуы тиіс және білімнің қай саласына (қоғамдық, жаратылыстану, математика) бейім екенін анықтайды. Оқушы толық орта білім алуға ынталы болмаса, кеңес дәуіріндегідей СПТУ типтес жұмысшы мамандықтарын беретін мектептерге қалауы бойынша ауысады.

Жоғары оқу орындары университеттер мен академияларға келсек, олар тек мемлекеттік және ақысыз, басшылары Қазақстанның азаматы, ондағы бөлінген орындар шектеулі, халық шаруашылығы мен мәдениеттің қажетті сұраныстары деңгейінде. Білім беру жүйесіндегі ең басты бөгет – сыбайлас жемқорлық. Коррупция бастауыш мектепте басталып, орта білім беруде қалыптасып, жоғары білім саласында жоғарғы деңгейге жетті. Студенттердің көпшілігі сабақ оқудан ақша беруді артық санайды. Әзірше пара алмайтын ұстаздар бар, ал берсе – алатындар мен бермесе – талап ететіндері көбейіп келеді. Жемқорлық жай ғана қылмыс емес, адамды, әсіресе жас ұрпақты рухани азғындыққа шалдықтыратын дерт. Бұл дерттің алдын ала алмадық, қазір әбден жайлап алды. Оны жоюдың амалын шұғыл түрде ел болып қарастырып, тұйықтан шығатын жол іздеп, тым болмаса, суға кетпеу үшін тал қармау қалды, түзу жолға оралу қыйындай береді, «точка невозврата» алыс емес. Жемқорлықтан шығар жол – тек мемлекеттік саясатты өзгерту. Ал жеке адамның қарсылығынан түк шықпайды. Ол адамды қалыптасқан жүйе таптай салады.

Ең бір өзекті жанып тұрған мәселе – оқу орындарында сайлау өткізу, оған ұстаз кадрларды тарту. Қазіргі сайлау жүйесіндегі теріс әрекеттер білім берудегі жемқорлыққа демеу болды. Көз бояушылық оқу орнына ғана жұғып қоймай, ары қарай тарайды. Бұл ешкімге құпия емес. Жақсы әдет, көркем мінез бен инабаттылықты орнықтырудан гөрі, жаман зиянды әдеттің жолын кесу әлде қайда қиын.

Білімнің түп қазығы – дүниетаным. Дүниетаным білімге бағыт береді, білім өз кезегінде адамның дүниетанымын кеңейтіп, тереңдетеді. Нақты білім салалаларынан діннің (біздің жағдайымызда исламның), оның радикалды бағыттарының дүниетанымды қалыптастырғанда басымдық алуына жол бермеу керек.

Жоғары оқу орнының міндеті шынайы жоғары білімді, білікті мамандықты, халықтың салт-дәстүрін игерген, азаматтық борышын терең сезінетін, елін, халқын сүйетін, осы барлық қасиетін мемлекетіміздің дамуына жұмсайтын кадрлар даярлау. Ол үшін қажетті шарттардың ең бастылары студент конкурс арқылы қабылданып, оқу орнында коррупцияның ешбір түрі болмауы, студент жастардың дүниетанымын дұрыс қалыптастырып жалпы халықтық сипаттағы саяси шараларға қатысуына кедергі жасамау.

Бұл мәселелер ел басының, үкіметтің, парламенттің, қоғамдық ұйымдардың, бүкіл халықтың талқылауы негізінде қабылдануы керек. Бастауыш және орта білім өз тұғырында болып, жоғары білімнің деңгейі шын мәнінде жоғары болғанда ғана дамыған елдердің қатарына қосыламыз.

Тілеуберді САЙДУЛДИН,

ҚР Ұлттық Ғылым

Академиясының академигі

About Zika1961