Home » Апта аптығы » ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАЛАР

ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАЛАР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.

 

 

 

БЕНЗИНІҢ БОЛМАСА, КӨЛІГІҢ НЕ КЕРЕК?

 

Батыс Қытай – Батыс Европа жолын сал.

Аэропорттарды сал. Самолеттеріңді көбейт.

Еліңе автомобильді топырлатып алып кел. Әр 3,5 адамда бір автодан.

Бірақ мұнай өңдеу заводын салма! Ойлама да!

Мұнай өнімдерін Россиядан аласың. Бәрі «окей» болады.

Міне, 26 жылдық тәуелсіз экономикамыздың жеткен жері.

Енді Ресейдің тамшылатып бөлетін жанар-жағармайына тәуелді болып отырмыз. Өздеріне жетпей жатқан керосині мен бензинін қалай қаймана қазаққа берсін? Белоруссия бастығы осы уақытта үш зауыт салдырыпты. Мұнайдың иісі де жоқ елінде. Жапондар ше? Елуге жуық зауыты толық жұмыс істеп тұр. Оларда мұнай деген атымен шықпайды.

Соншама техниканың не керегі бар? Дайын мұнайыңды жеткілікті түрде өңдей алмасаң. Самолетің де, автомобилің де металлолом емес пе – құятын ештеңең жоқ болса!

Сұлтан СҮЛЕЕВ

 


 

МҰХТАРҒА АШЫҚ ХАТ!

 

Бауырым Мұхтар!

Сөз бітті! Енді іске көшу жағын ойластыру керек! Ол үшін халықтың арасында жүрген, қалаларда тұратын көзі ашық, көкірегі ояу белсенділерге қаражаттай көмек керек! (Мен сенен өз басыма ақша сұрап отырғаным жоқпын).

Саған мысалға айтайын, мен елге, жерге, ұлтқа жанашыр ер азаматтармен жер қорғау үшін облыстарды аралап, жер дауы мәселелерінде соттарға қатысып, қазағымның жыртысын жыртып жүргендердің бірімін. Жолға қаражатты халық болып жинап беріп жүр, ал бірақ халықтың шекесі қызарып, оңғанынан біздерге ақша жинап жатқан жоқ. Өздері де ағаш ерге жіп құйысқан – арып-ашып, қайыршылап, күндерін әзер көріп отыр. Халықтың үміт етіп отырғаны – қолдары әділдікке жетіп, қазақ көптен күткен Азаттықтың Ақ таңы ата ма деген ақ тілеу!

Біз барған ауылдарда жұрт «Аблязов келе ме, келсе, қашан келеді?» деп сұрайды біздерден. «Аблязовтың елге келу-келмеуі өздеріңе байланысты. Ол үшін іріп-шіріген ұры, жемқор, диктатор биліктің кетуін талап етіп, көшелерге жүз мыңдап шығып, шерулер өткізу керек» деген жауап алса да, қорқақтайды халық. Қорқақтық қанымызға сіңген қасиет, оны жұлып тастау үшін қажымай-талмай еңбек ету керек.

Бір үміт бар. Ол мынау кәззап биліктің азық-түлікке, киім-кешекке, коммуналкаға бағаны көтеріп, өзі де асқынған қымбатшылықты одан сайын аспанға шарықтатып жатқаны. Және ең бастысы – жерді саудаға салып, қытайларға ұзақ жылдарға «жалға» береміз деген сатқындықтары! Бұны опасыздық деп атау керек! Бұл деген сөз – билік өздеріне-өздері көр қазып, өздері отырған бұтақты өздері кесіп жатыр деген сөз…

Қазақ басына іс түсіп, қауіп-қатер төнгенде, яғни ажалының жақындағанын сезгенде ғана қимылдайтын халық. Онысын «Шаңырақта» айқын көрсетті.

Біздердің халық алдында тұрған қарызымыз бен парызымыз – ұлтты аман сақтап қалу үшін, сол ұлтпен қоян-қолтық араласып, саналарын әлі болса да оята беру керек! Оята беру керек! «Ұлтым, Жерім, Туған елім, Ана тілім» деген азаматтар іштері қазандай қайнаса да жіпсіз байланып отыр. Себебі – ел аралайын, елдегі бауырлардың көздерін аша берейін десе, жолға, жол азығына, көлікке төлеуге ақша жоқ. Естиін дегенің осы болса, жағдай осы!

Қуаныш МҰҚТАЙ

 


 

САНКЦИЯ СЕРГЕЛДЕҢІ КӨКЕЛЕРІН КӨРСЕТЕДІ

 

Дональд Трамп АҚШ Қаржы министрлігінің өкілеттігін кеңейткен жаңа жарлыққа қол қойды. Ол бойынша Қаржымин КХДР-мен (КНДР) сауда жасаған, технология берген немесе қандай да бір қызмет түрін көрсеткен кез келген елге қарсы санкция қолдана алады.

Жарлықтың мақсаты – Пхеньян адамзатқа аса қауіпті қару түрлерін одан әрі жетілдіре бермеуі үшін кіріс көзін азайту немесе жою.

Қаржымин сондай-ақ КНДР-мен байланысты АҚШ арқылы өтетін, соның ішінде АҚШ азаматтарының да кез келген ақша қозғалысын бұғаттай алады. Санкцияға КНДР мен экспорт-импорт операцияларына қатысы бар кез келген жеке тұлғалар да ілінуі мүмкін. КНДР-ға кіріп-шыққан кез келген кеме, ұшақ 180 күнге дейін АҚШ аумағына кіре алмайтын болады. Санкция КНДР-мен байланысқан кез келген шетелдік банкке де салынады, бұл жағдайда санкция салынатындығы банкке алдын ала ескертілмейтін болды. Мұндағы мақсат – банк өз активтерін санкцияға дейін тездетіп шығарып алып кетпес үшін жасалып отыр.

Алғашқы құрбандық та пайда болды – қытайлық Bank of Dandong банкіне санкция салынды.

Осы жарлыққа сәйкес Ресейдің жаңа санкцияларға ұшырау ықтималдығы өте жоғары, өйткені оның БҰҰ шешімдеріне қарамастан, КНДР-мен сауда жасауын тоқтатпай отырғандығы белгілі болды.

Ақ үйдің мәліметі бойынша, биыл дизельдік отын тиелген кем дегенде 8 танкер РФ-дан шыққан, құжаттарында басқа ел көрсетілген болса да, олар орта жолда бағыттарын өзгертіп, КНДР-ға қарай бет алған. Сондай-ақ КНДР-дың да алынған тауарлардың идентификациялық белгілері мен кемелердің құжаттарын үнемі өзгертіп отыратындығы белгілі болған.

Бірінші маусымнан бері АҚШ Қаржыминінің КНДР-мен сауда жасағаны үшін «Роснефтьтің» бұрынғы президенті Эдуард Худайнатовқа тиесілі «Тәуелсіз мұнай компаниясын» «қара тізімге» енгізгені белгілі болды.

 

Путин жыл сайынғы дәстүрлі ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, оған 50 ірі ресейлік компаниялардың басшылары мен егелері шақырылды. Кездесуде Путин РФ-ға қарсы санкциялардың одан әрі қатаятындығын айтып, соған дайын болуға шақырды. Қазіргі жағдай, санкция одан әрі күшейгенде не істеу керектігі талқыланды. Басты қауіп – шетелдік банктердің федеральдық заем облигацияларын сатып алмауы, соған байланысты капиталдың сыртқа кетуі және рубльдің құлдырауы.

Кездесуде Путин банктер жағдайы туралы ештеңе айтпады. Дұрысында – мұндағы жағдай аса қауіпті дәрежеде: жыл басынан бері топ-50-ге кіретін 2 банк банкротқа ұшырады, топ-15-ке кіретін 2 банк Орталық банктен көмек сұрап отыр. «Роснефть» мен «Система» АФК арасындағы корпоративтік шиеленіс туралы да ештеңе айтылмады.

Есесіне Путин РФ экономикасы «рецессиядан шықты» деп мәлімдеді. «Енді осы оң тенденцияны сақтау керек». Дегенмен де, Росстаттың цифрларды құбылтуы тұрғындар табысының түсіп кеткендігін, инвестиция көлемінің 3 есе азайғанын жасыра алмады.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

 

 

Балалардың

ӨМІРІМЕН ОЙНАМАҢЫЗ!

 

Сағадиевке сөз өтпеуде. Барлығымыз жабылып өткізе алмаудамыз.

«Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» демекші, халықтың жанайқайына бұл білім және ғылым министрі Сағадиев түкіріп қана қоймай, қақырып отырған секілді. Осы адам министр болғалы, бір жақсы жаңалық естімейсің. Орыстілділер де, қазақтілді журналистер де қылқынып, тіліп тұрып жазуда.

Бірақ сөз өтпейтін не деген адам десеңізші?! Арсыз болған да қиын ба деп қаламын кейде. Беті қалың вице-министрін – Эльмира Суханбердиеваны 50-ге жақындағанда шетелге «Болашақпен» оқуға жіберді. Сіз бен біздің ақшамызға оқуға кеткен ол 50-ге жақындағанда не білім алмақ? Онан да сол әйелдің орнына бір жап-жас, жалындап тұрған білімді қызды жіберсе ғой. Ертеңгі күні елімізге қызмет етеді.

Бұл тек біздің Қазақ елінде болып жатқан жаңалық. Дәл осындайды Еуропада жасап көр, әлде мынау тұрған айыр қалпақты көршіміз бен өзбек елінде? Көрер едім не болатынын?! Үндемеген сайын үдетіп бара жатқан Сағадиев елдің ашуына тиюде. Халықпен ойнамасын. Халық – үлкен күш.

Өткенде бір танысым шағымданады. 3-сыныпта оқитын қызы бір күн сабаққа бармапты. «Неге?» – деп сұрасам: «Әкеңнің… кітабын әрең базар аралап сатып алдық. Енді оның жанындағы дәптерін таппай қойдым. Бір қызымның кітабы мен дәптеріне 30 мыңнан аса ақша кетті. Ұлымдыкін айтпай-ақ қояйын», – деп мұңын шақты.

Приставьте себе, бұл бір баланың оқулығының ақшасы. Ал үйінде 6–7 баласы бар ата-аналар ше?

 

Бірде Астананың сән салонында отырғанмын маникюр жасатып. Сол жердегі жақын маңайдағы мейрамханасына тамаққа тапсырыс бердім. Жасы 9–10 шамасындағы жеткіншек түнделетіп алқынып келіп тұр. Үсті алқам-салқам.

– Кіммен жүрсің? Әке-шешең қайда? – дедім балақайға. Ол:

– Мамам жұмыста, әкем вахтамен жұмыс істейді.

– Сенің мына жүрісіңді біле ме үйдегілер? Қанша баласыңдар?

– Иә, біледі. Менен екі жас үлкен әпкем мен бір қарындасым, інім бар.

– Қаншауың сабаққа барасыңдар?

– Қарындасым бірінші сыныпқа барды биыл. Әпкем және мен үшеуіміз барамыз.

– Інің қаншада?

– Ол бесте. Осы жерде бір үйде садик бар. Соған апарамыз.

– Не үшін ақша керек саған?

– Кітаптың жанындағы логикалық дәптерді сатып алуға ақша жоқ. Сол үшін осы кафемен сөйлестім. Бұл районды жақсы білемін, – деді тісі ақсиып күліп. – Сосын администратор ағамен келістім.

– Үйлерің өздеріңдікі ме?

– Жоқ. Жалдаймыз.

Тілім байланып қалғандай болды. Міне, біздің балаларымыз осындай халге жетті. Сіз осы жағдайды білемісіз, Сағадиев мырза?!

Мынау не деген сорақылық? Неге халықты қанап отырсыз? Қанап қана қоймай, мазақ етіп отырсыз? Сіз балалардың болашағын бұлыңғырлатып, өміріне балта шауып отырғаныңызды білемісіз? Бұ дүниеде жауап болмаса да, о дүниеде жауап беретініңіз тағы бар. Дәл қазір бұл – халықтың іріңдеп отырған жарасы. Жараның аузы шығуға жақын.

Келешектің кілтін ұстайтын балаларымыздың өмірі кемелдену керек. Олар кітап сатып алуды, дәптерді ойламай, алаңсыз ұйықтау керек. Миды ашытып, логикаңызды балаларға қойғанша, өзіңізге қойсаңыз жарар еді.

Тағы қайталап айтамын, шенеунік мырза, Халық – үлкен күш! Халықпен ойнамай, әрі жүріңіз!

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

About Zika1961