Home » Дат|Каз » ЖАЗЫҚСЫЗ ҚУДАЛАУДЫ ТОҚТАТУ – Сіздің қолыңызда, президент мырза!

ЖАЗЫҚСЫЗ ҚУДАЛАУДЫ ТОҚТАТУ – Сіздің қолыңызда, президент мырза!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №22 (386) от 8 июня 2017 г.

 

Президентке ашық хат

 


 

Президент мырза! Біз еліміздегі жақсылықтарға қуанатын және оның гүл-денгенін, демократиялық бағытта өркендегенін қалайтын азаматтармыз.

Таяуда Сіз саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының рухына тағзым етіп, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніндегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойдыңыз. 103 мыңнан астам адамның тұтқындалып, оның 25 мыңнан да көбінің ату жазасына кесілгенін, Қазақстандағы 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болғанын айттыңыз. «Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады… Халқымыз осы қайғылы оқиғаларды есте сақтауға тиіс. Мұндай қасірет қайталанбас үшін, оны болашақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құқықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған. Біздің елімізде саяси қудалауға орын жоқ» дедіңіз. Біз мұны қалай түсінерімізді білмедік. Ақиқаттан аттап кетуге болмайды. Мұндай-да көптеген сұрақ туындайды.

Республикамыздың авторитарлық билік жүйесінің қудалауы мен қысымын көр-ген, жазықсыз жазаланып түрмеге қамалған азаматтарыңызды есепке ал-мағаныңыз ба? Әлде басқаша ойлайтындарды, Сіз құрған мемлекеттік басқару жүйесіндегі келеңсіздіктерді, жемқорлықты, саяси қателіктерді, төңірегіңіздегілердің тойымсыздығы мен озбырлығын сынағандарды, талап қойып, наразылық білдіргендерді қылмыскер санатына қосқаныңыз ба? Оппо-зициядағы қайраткерлігі үшін опат болған танымал тұлғалар –З.Нұрқаділов, А. Сәрсенбайұлы, әлеуметтік наразылықтары жеті айға жалғасқан, по-лициялардың жаппай оқ атуынан қаза тапқан, жараланған, сотталған Жаңаөзен мұнайшылары – бүгінгі замандағы қуғын-сүргіннің құрбандары. Қоғам солай деп есептейді.

«Біздің елімізде саяси қудалауға орын жоқ» болса, күні кеше ғана «әлеуметтік араздықты қоздырды», «рұхсат етілмеген митингіні ұйымдастырды», «әдейі жалған ақпарат таратты» деген жөнсіз айыптаулармен Макс Боқаев пен Талғат Аяновты неге бес жылға соттады? Сіз айтқандай, «азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған» жағдайда, олар Конституциялық құқыларын пайда-ланып, митингіге қатысқаны үшін сотталмас еді. Жер кодексіндегі халық наразылығын туғызған, кейін өзіңіз мораторий жариялаған жерді шетелдіктерге жалға беру, сатуға шығару баптары парламентке қайта қарауға жіберілді. Жерді қорғайтын патриоттардың баршылық екеніне жұрт алдында сүйсініс білдіргендей болдыңыз, бірақ сол патриоттарды қылмыскер секілді түрмеге қамауға жол бердіңіз, қорғауды ойламадыңыз. Халық батыры атанған екі азаматты Еуропа одағы, АҚШ, Канада және бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары бостан-дыққа шығаруды талап етті.

 

Президент мырза! Жас та болса қоғам қайраткері ретінде танылып үлгерген журналист Жанболат Мамайды Сіз жақсы білесіз. «Саяси қалам. Трибуна» га-зетінің бас редакторы Ж.Мамай 2017 жылы 10 ақпанда қамауға алынды. Сыбай-лас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы кінәсіздік презумпциясы ұстанымына, соттың айыптау үкімінің күшіне енуіне қарамастан, оны шетелде эмиграцияда жүрген саясаткер әрі банкир М.Әбілязовтың «көмекшісі» деп атады. Заңсыз жол-мен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру әрекетін жасады, БТА банкінен ұрланған ақша қаражатының бір бөлігінің ізін жасырды деген айыптаумен қылмыстық іс қозғады. Қамауға алынған оны түрмеде ұрып-соғып, қысым көрсету жағдайлары орын алған, бопсалаушылар Ж.Мамайдан саясаттан бас тартуды және ақша беруді талап еткен.

Жанболат қоғамға ешқандай қауіп төндірмесе де, ауыр қылмыс жасамаса да, тергеуге, сотқа ешқандай кедергі келтіру, ықпал ету мүмкіндігіне ие болмаса да, оны қамауда ұстап отыр. Отбасында жас баласы және қарт ата-анасы бар оның заң талаптарын сақтап, ешқайда кетпейтіндігіне қоғамға белгілі азаматтар кепіл болып, қамаудан босатуды өтінді. Бірақ миллиондар мен миллиардтарды жымқырған, пара алған, адам өлтірген қылмыс жасаушыларды тергеу кезінде бостандыққа жібергіш соттар саясатқа араласқан күдікті Ж.Мамайға үй қамаққа алу, ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босату шараларын қолданбады.

 

Президент мырза! Жанболат Мамай Сіздің мемлекеттік қызметіңізге, жүргізген саясатыңызға байланысты айналаңыздағы адамдар туралы, қоғамдағы ке-леңсіздіктерге қатысты көптеген сын мақалалар жазды. Сіздің есіміңізді Астана қаласына, әуежайға беру, Еңбек Ері атағына ұсыну сияқты бастамаларға қашанда қарсы пікір білдіріп, орынды уәж айтып, жұртшылықтан қолдау тапқан мақалала-рын жариялады. Олармен өзіңізді таныстырғанына біз сенімдіміз. Ж. Мамайды Сіз жақсы білесіз дейтініміз содан. Қалың оқырман қауым «президент өзін сы-нағаны үшін немересіндей Жанболаттың соңына түскені несі?» дейтін пікірде жүр.

Міне, осындай батыл, турашыл, мемлекетшіл, патриот азаматтың басына қара бұлт үйірілді. Бұл – қазақ қоғамын алаңдататын, наразылықтарға жол ашатын жағдай. Бұл – біздің елімізде саяси қуғын-сүргін бар ма, жоқ па деген сұрақтың тікелей жауабын көрсетеді.

Жанболат Мамайды саяси астары бар қылмыстық және жазықсыз қудалауды тоқтатқызу – Сіздің қолыңызда! Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың да тағдырына сергек қарауыңызды сұраймыз.

Журналист, қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшелері және «Қазпошта» ғимараты алдындағы қол қою акциясына қатысушылар:

Журналистер – Ерғалиева Гүлжан, Сәрсенбай Рысбек, Есергепов Рамазан, Дәрімбет Назира, Свиридов Андрей, Таукина Розлана, Нұрмұханбетов Мирас, Гришин Андрей, Шорманханұлы Азамат; қоғам қайраткерлері – Қосанов Әміржан, Архангельский Геор-гий; ғалым – Жүкешев Қанағат; құқық қорғаушылар – Жовтис Евгений, Аспандиярова Маржан, Төреғожина Бақытжан, Агелеуов Ғалым, Қалиев Ерлан; еңбек ардагерлері – Аутакинов Дүйсенбай, Дүйсенбаев Қалмұхамбет, Дүйсенбаева Райса, Алдабаев Ержан; Қазақстан азаматтары – Сайдов Борис, Құдаров Сүйесін, Камилова Динар, Оспанов Дастан, Әбілбекова Гүлнар, Оспанов Арлан, Алпысбаев Ерғазы, Жұманова Шолпан, Сержан Гүлзада, Берсалимов Асхат, Беккүжиев Мамай, Тоқпатаева Мінажат және басқалар. Әлеуметтік желідегі қазірге дейінгі қолдаушылар саны 330-дан асты. Қолдаушылар тізімі жалғаса береді.

About Zika1961