Home » Дат|Каз » ЖАНЫП ЖАТҚАН қазақтың қамын КІМ ОЙЛАЙДЫ?
063017_1825_1.jpg

ЖАНЫП ЖАТҚАН қазақтың қамын КІМ ОЙЛАЙДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

Оралман ой айтады

 


 

• 22–24 маусым күндері Астанада өтетін Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында не айтылады? Төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған қазақты атамекенге жинаудың жаңа жобасы сөз бола ма? ЭКСПО-ға бөлінгендей қыруар қаржының тым құрығанда тең жартысы қазақ көшіне бұйыра ма?

 

Мен тарихи Отаным – Қазақстанға алғаш рет 2005 жылы Дүние жүзі қазақтардың ІІІ құрылтайына қонақ ретінде шақырылғанда табан тіредім. Музейлер мен көрмелерді, әдемі ғимараттарды тамашаладық, дүние жүзінен келген қандас бауырлармен таныстым, керемет концерттердің куәсі болдым. Қазақ болып туғаныма қуандым, бақыттан басым айналды. «Өзбек жерінде не істеп жүрмін?» деген сұрақ көкейіме маза бермеді, түнімен төмпекшіп, дұрыс ұйықтай алмадым, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдым. Ташкентке қайтып келген соң, «Қалай да тарихи Отаныма оралуым керек!» деп шештім.

Шекарашы-офицер болғандықтан, арыз жазып, қызметтен босадым. Әбдусаламов Олимжон деген қызметтес өзбек ағайынның: «Мурод ака, сизни козоклар ишка омайдилар» деген сөзін тыңдамай, қолын қатты қысып қоштастым, басқа түскенді көз көрер деп, Астанадан бір-ақ шықтым.

Бірақ Олимжонның ойы дәл келді: қазағымның қалың ортасында құжат деген қиындыққа тап болдым. Көші-қон басқармасына құжат тапсыру, оны толтырудың машақатын дұшпаныма тілемес едім.

Құжат толтыру барысында түсінбегенімді сұрамақшы болып, көрші кеңсеге кірсем, бір топ адам әңгімелесіп тұр екен. Бәрі дерлік өзіміздің қаракөздер, бірақ бір-бірімен орысша сөйлесіп отыр. «Кешіресіздер…» деп, сөз бастағаным сол еді: «Кто тебя сюда пригласил, иди отсюда!» – деді шетте отырған сап-сары қазақ қызы. «Қазақстанға орысша сөйлеу үшін келгенім жоқ» деп едім: «Еще они по-русски не владеют», – деп, тағы бір мұқатты. Кеше үстіне басып кірген орыстан, одан қала берді жер аударылған армян мен гректен, курд пен кәрістен «қайдан, неге келдің? деп сұрамаған, қонағының көңілін табуды ғана ойлаған ортақшыл қазақ енді бүгін екі өкпесін қолына алып, жүрегі лүпілдеп, ата жұртқа жеткен қандасына осылай қыр көрсететіні жаныма батты. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» дейді атам қазақ, лапылдап келген жүрек осылай су сепкендей басылды.

Иә, маған, мен сияқты оралман ағайынға қарағанда, оларға орыс неге жат емес? Бізде қалыптасқан түсінік, санаға біржола орныққан ұғым бойынша, қазақ емес жұрттың бәрі бізге қожайын. Мұның бәрі – қазіргі жер-әлемде жойылған құлдық сананың классикалық көрінісі.

Қазақ ежелден осылай ма едік? Әрине, жоқ! Қазақ бауырмал, адам атаулыға жанашырлығы мол еді. 1961 жылы Қазақстанға Қытайдан бір миллионға жуық қазақ қоныс аударды. Бүгінгі күні Семей, Өскемен, Талдықорған, Алматы сынды қазақсырап отырған бірнеше облысты ұлттық-демографиялық апаттан аман алып қалған солар болатын. Қазіргі солардың ұрпағына қарап, кім, қашан, қайдан келгенін ажырата алмайсыз. Қалың қазақтың ортайған дариясын түгел толтырмаса да, біршама оңдап тастағаны күмәнсіз еді.

Өткенге салауат айта отырып, биыл тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл толуымен қазақ халқы қайта түлеп, алды-артына қараса дейміз. Дағдарыс заманында бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрса, дария болып ағып жатқан мұнайдың, мыс пен алтынның ақшасы бұйырмаса да, атамекеніне аңсары ауған қазақтың меселін қайтармаса дейміз. Қаражатыңды қимасаң, өз бетімен келіп жатқан ағайынға тым құрығанда азаматтық алуға кедергі келтірме! Оралманға санап бөлінген квота да сиырқұйымшақтанып барып, тоқтап қалғаны қай заман?!

 

Әлемде үш мемлекет – Израиль еврейлерді, Германия немістерді, Қазақстан қазақтарды атамекеніне көшіруге мүмкіндік тудырып отыр. Бірақ Израиль мен Германияда көшіп келушіден ұсыныс түскенде, ол адамның келетін жерін, істейтін қызметін және баласының оқитын мектебін дайындап алып, кейін оны шақырады. Бізде ондай жүйе мүлдем қалыптаспаған. Біздің қазақтарға алдында азын-аулақ квота беруші еді, қазір ол да жоқ, азаматтық алу – құдайдың қияметі. Кезінде Асан қайға бабамыз «Құйрығы жоқ, жалы жоқ – жылан қайтіп күн көрер?!» десе, қазір «Жұмыс пенен үйі жоқ, азаматтық пен күйі жоқ – оралман қайтіп күн көрер?!» дегім келеді.

Сондықтан әл-ауқаты барлар көшіп алды, көше алмайтындар не істерін білмей, көзі бақырайып, «бізді Назарбаев көшіріп алсын» деп қалып қойды. Сол ауылда қалған ағайын бауырлардың тағдыры не болмақ? Сыртта жүріп, өзбектеніп, қытайланып, орыстанып, жанып жатқан қазақтың қамын кім ойлайды?

 

Жұмамұрат ШӘМШІ,

тарих ғылымдарының кандидаты

About Zika1961