Home » Дат|Каз » ЖАҒЫМПАЗДЫҚ АНАТОМИЯСЫ: кімдер Елбасынан құтыла алмай жүр?

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ АНАТОМИЯСЫ: кімдер Елбасынан құтыла алмай жүр?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №25 (389) от 29 июня 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 


 

Қазақстан үкіметінің қаулысымен Астана халықаралық әуежайының аты «Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» болып өзгертілді. Жол түсіп, Астанада жүргендіктен, жергілікті тұрғындар, таксистер тарапынан бұл жаңалықтың кекесінмен қабылданғанын байқадым. Іс жүзінде Нұрсұлтан Әбішұлы өзін асыра мадақтағанды ұнатпайды. Ондай әрекеттерге тойтарыс беріп те жүр. Алайда жағымпаздық тыйылар емес. Шенеуніктер, депутаттар мұндай жағымпаздық әрекеттерімен елбасының халық арасындағы беделіне орасан зор нұқсан келтіретінін неге ойламайтынына таңмын. Бәрінікі сол сәтте тек жақсы атты болу.

 

Көз алдымызда жағымпаздықтың қаншама шарасы өтіп жатыр. Бұрын 10 маусымда аталып өтілетін «Астана күні» 2006 жылы елбасының туған күніне байланыстырылып, 6 шілдеге көшірілді. Содан кейін-ақ парламент сенаты мен мәжілісінде президентке жағынушылардың жарысы басталды да кетті. 2010 жылы 13 мамырда парламент президентке арнап жеке мәртебе бекітті. Конституциялық заңға енгізілген түзетулер бойынша, Тұңғыш Президент Ұлт көшбасшы деп аталатын болды. «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» деген атауларға тоқталмай-ақ қоялық.

2011 жылы 10 желтоқсанда парламент сенаты «Бірінші Президент күні» деген мереке тағайындап, оны атап өтуді 1 желтоқсанға белгіледі. Содан бері елімізде бір президентке қатысты жылына екі мереке бар. Өткен жылы Қуаныш Сұлтанов деген депутат елордаға «Нұрсұлтан Назарбаев» атын беру туралы ұсыныс жасап, айды аспанға бір-ақ шығарған. Осы бетпен кете берсек, елбасының 80 жылдығына дейін Астананың атын өзгертіп тынатындарына еш күмән жоқ.

Бірақ демократиялық бағытқа таңдау жасаған Қазақстан үшін, прагматик Нұрсұлтан Назарбаев үшін біреулердің осындай көлгірсулері, аспандатқан мадақтаулары қажет пе?! Мемлекеттің игілігі үшін еңбек ету – президенттің конституциялық міндеті. Әрі ол бұл қызметті тегін емес, жалақы алып атқарады. Президенттің қызметі шенеуніктердің жағымпаз әрекеттерімен емес, халықтың шынайы жақсы көруімен, сүйіспеншілігімен бағаланады. Ал күні үшін жүрген шенеуніктер мен депутаттардың арасынан «президент үшін жаным құрбан» дейтін ешкімді кездестірмеппін.

Бәрін білгіш «Уикипедия» «Жағымпаздық – адам мінезіндегі ұнамсыз сипат; оның айналасындағы адамдар мен қызметтестеріне, өзінен қызмет жағдайында жоғары тұратын адамдарға жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болуы» деп анықтама беріпті.

Қандай адам жағымпаз болады?

Жағымпаздық екі жолмен өрбиді. Бірі жоғары орындардың тапсырмасы бойынша, амалсыз жағымпаздық әрекетке бару, екінші – өзінің адами табиғаты бойынша. Екеуінде де түпкі мақсат – жеке бастың мүддесі. Өкінішке қарай, адам баласы жақсы сөзге, қолдаған пікірге, мақтауға мұқтаж. Бұл жұрттың бәріне қатысты.

«Бәрекелді – құлды өлтіреді» дейді қазақ. Ал билік иесін тоқтаусыз мадақтау жеке басқа табынуға соқтыратыны тарихтан мәлім.

Әдетте билік иесі сансыз мадақтан басы айналып, айналасындағы құбылыстарды дұрыс бағамдаудан алыстайды. Сол мадақ ақыры оның түбіне жетеді.

Мадақты айтатын кімдер? Әрине, жағымпаздар! Жағымпаздар көбінесе өз қабілетіне өзі сенбейтіндер, оңай жолмен билік-мансапқа қол жеткізуді немесе одан айырылып қалмауды мақсат тұтқандар.

Біздің елімізде қалыптасқан жағымпаздық мектебі кеңестік кезеңнен басталды. Тәуелсіздік жылдарында өрши түсті.

Кейбір адамдар өз еркінен тыс «жағымпаздық қақпанына» түсіп қалатыны бар. Өйткені жоғарғы билік сатысынан немесе бір шынайы жағымпаздың бастамасымен ауылдық әуежайға ауыл әкімінің атын қою туралы ұсыныс түссе, ешкімнің оны терістеуге жүрегі дауаламайды, өйткені қарсы пікір айтса болды, әкімнің жауына айналып шыға келеді. Содан барып бас изеп мақұлдау, «қол шапалақтап» қолдау етек алады. Жұрт алдында амалсыздан қоштау сөзін айтқандар ас үйде өмірдің басқаша ақиқаттарын алға тартады.

Сондықтан президент өзінің шенеуніктер алдындағы беделін емес, халықтың алдындағы беделін сақтау үшін елбасы атын көрінген жерге қыстыра беруге үзілді-кесілді тыйым салуы қажет.

Бірқатар саясаткерлер қайта-қайта алға тарта берген Шарль де Голл аты әуежайға ол өлген соң, төрт жылдан кейін – 1974 жылы, Нью-Йорктегі Кеннеди атындағы аэропорт – ол атып өлтірілген соң, бір айдан кейін – 1963 жылы, 1981–1989 жылдары президенттік қызметі кезінде Совет Одағын таратқаны үшін АҚШ-тың экс-президенті Рональд Рейган атын әуежайға беру – ол қызметінен кеткен соң 9 жылдан кейін, 1998 жылы жүзеге асырылған. Стамбұлдағы аэропортқа Ататүрік (1938 жылы қайтыс болған) атауы 1980 жылы берілген. Сонда біздің шенеуніктер елбасыдан құтыла алмай жүр ме?

Көзі тірі кезінде, президенттік қызметі тұсында қалаға немесе әуежайға атын бергіздірту – мемлекет басшысының имиджіне көлеңке түсіреді. Мұның тұтастай алғанда Қазақстан үшін де теріс салдары бар. Сондықтан елбасы жағымпаздыққа соққы беріп, Астана әуежайының атын бұрынғы қалпында қалдыру туралы өкімімен өз беделін сақтап қалады деп сенеміз.

Марат ТОҚАШБАЕВ

 

 

ШАРДАН ШАТАҚ ШЫҚТЫ

 


 

ЭКСПО-дағы шарда жарылған әйнек блоктары бесеу емес, одан әлдеқайда көп және барлық этаж бойынша кездеседі деп жатыр. Және жарылуы да қызық – оны әлдебір күш іштен сыртқа қарай теуіп шығарғандай дейді мақала авторы.

 

Құрылыстан азды-көпті хабары бар маман ретінде айтсам, бұл тегін емес – ол шар конструкциясында қандай да бір қателікке жол берілген дегенді білдіреді. Соның салдарынан шардың қабырғасында кернеу күші бар, әзірге металл конструкцияның мықтылығы ғана жағдайды құтқарып тұр, бірақ бір күні бәрі де бірден опырылып түсуі ғажап емес дегенді білдіреді.

Кезінде темір-бетон оболочка конструкцияларды оқыған едік: онда, ұмытпасам, жұмыртқа – ең оптимальды, табиғи қабыршық (оболочка), қабығының жұқалығына қарағанда, салыстырмалы түрде әлдеқайда көп «нагрузканы» көтереді деп оқығанбыз. Бірақ онда әңгіме сыртқы салмаққа, яғни қардың, желдің, конструкцияның өз салмағы, т.б. туралы болып еді, іштен сыртқа қарай тебетін күштер туралы оқымаппыз. Егер этажаралық конструкциялар сыртқы қабат қабырғасына күш түсіретін болса, «карточный домик» сияқты болып жүрмесін…

Мамандарға дұрыстап тексертіп алмай, шарға кіруді тоқтата тұрған дұрыс-ау… Сақ болыңыздар, көрме қызықтаушылар!

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

 

 

ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ «ҚҰПИЯСЫ»

 

«Қытайдағы қандастарымыз жергілікті үкімет тарапынан саяси қысым көріп жатыр» деген мағынадағы түрлі мәтіндер мен аудио және бейнежазбалар соңғы кезде әлеуметтік желілерді жарып жібере жаздады. «Аттан» деген атпен әлеуметтік «Ватцап» желісінде ашылған топ күнделікті дабыл қағып, ондаған азамат түрлі көзқарастарын білдіріп, мәселеге Қазақ өкіметінің назарын аудартуға, үнін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайының өкілдері арқылы елбасына жеткізуге тырысты.

 

Содан секем алды ма, әлде кездейсоқтық па – құзырлы органдар Құрылтайға қатысуға тиіс ел арасына танымал бірқатар тұлғаларды тізімнен сызып тастап, әсіре сақтық жасады. Бірақ олардың әрекетінен айтарлықтай нәтиже шықпады. Құрылтайда сөз алған Батыс Еуропадан келген өкіл Өмірхан Алтын бұл шулы мәселені күтпеген жерден ортаға салды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мәселенің қазірге дейін өзіне беймәлім болғанын айта келе, мәселенің мәнін біліп, анықтауды СІМ-не тапсырма ретінде жүктейтінін мәлімдеген болатын.

Ресми органдардың әсіре сақтықпен жасыратындай, қуыстанатындай дәнеңесі де жоқ екен. Елбасы бұл мәселеге байыппен қарады. Соған қарағанда, Нұрекеңнің айналасындағылар «аш пәледен – қаш пәле» дей ме, әлде совет кезінен қалыптасқан ескі көзқарастары ырық бермей ме – ол жағын білмедік. Бірақ, қалай десек те, мемлекет басшысына шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізбей, жылы жауып қоя салып жүргендері – басы ашық әңгіме.

Қуандық ШАМАХАЙ

 

 

 

Айтпақшы

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайында басшының сөйлеген сөзіне ризалықпен, таңданыспен қарап отырған қалың қауымның құлағына алтын сырға: Бұл өте дарынды, әккі саясаткер адам. Оны бүкіл әлем көріп, мойындап отырғаны рас. Билікке жету, билігін нығайту, әрі қарай ұстап отыру үшін мың тәсіл керек болса, сол мың тәсілді меңгерген адам. Ең бірінші тәсілі – әр жерде, әр уақытта, әр топқа естігісі келген сөзін ғана және өте сенімді түрмен, «жүрекжарды» сырдай қылып айту тәсілі.

Әуежай оның атында қалады. Қала берсін. Тарихта да қалды. Бірақ істеген істерін өліп кетіп, қайта тіріліп келсе де, енді өзі түзей алмайды.

Ақан Жүсіптің ФБ-парақшасынан

About Zika1961