Home » Дат|Каз » ЖАҢА ТАРИХТА көргендерім мен білгендерім

ЖАҢА ТАРИХТА көргендерім мен білгендерім

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №26 (390) от 5 июля 2017 г.

 

28 жылғы жылнама

 


 

 

Биылғы 24 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың ел президенті атанғанына 27 жыл болды. Ал Қазақстанды басқарған уақыты 1989 жылдың 22 маусымынан – Отан соғысы басталған күннен басталады. Содан бері 28 жыл бойы Қазақстанда билік үшін, биліктің зардабын шеккен халықтың жақсы өмірі үшін соғысы жүріп жатыр…

Төменде біз белгілі қоғамшыл қаламгер Ғаббас аға Қабышұлының 28 жылғы жылнамаға пара-пар жазбасын жария етіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті туған күніне орай Қазақстанның кешесі мен бүгініне шолу жасауды жөн көрдік.

Редакция

 

Қазақта сөзге қатысты сөз көп. Қазекемнің: «Бір ауыз сөз адамды қуантады да, жылатады да», «Сөз сүйектен өтеді», «Жүйелі сөз жүгіндіреді», «Адам тіліне аспандағы бұлт айналады…» дегенін тізбелей берсек, біраз жерге барамыз. Мағыналы аз сөздің алтын екенін де, мәнсіз көп сөздің көбік екенін де қазекем айтқан.

Ал сол «көбіктің» біздегі бүгінгі бір иесі – биліктің бауырындағы ақпарат құралдары: гәзет-журналы ма, радио-теледидары ма – кез келгені «оразасын»: «Елбасымыз Нұрекең атап көрсеткендей…», «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы түсіндіріп бергендей…», «Елбасымыз айқын айтқандай…», «Елбасымыз ескерткендей…» деумен ашады. Шарттасып алғандай: президент Н.Назарбаев мырзаны тілі жеткенінше мадақтау. Сөздері: «дана», «данышпан», «кемеңгер», «көреген», «әулие», «ғасыр ғұламасы», «әлем мойындаған саясаткер», «әлемдік экономикада қазақстандық даму жолын салған», «Қазақстанды әлемдегі ең бай 30 елдің қатарына бастаған» – «Нұрекеңнің арқасы…».

Біз сөзді семсер де, сабау да етіп жүрміз. Әсіресе президенттің соңғы рухани жаңғыру жайындағы мақала-жобасы, ЭКСПО-17 және Астана әуежайына президенттің атын беру жөніндегі мадақсөздің буы Алтай – Алатау арасын лықа толтырды, қашан сейілері белгісіз. Бірақ алда-жалда сейіле бастаса, Астанада талқылауға тағы да бір халықаралық мәселе табылар. Биылғы бірінші жартыжылдықта «әлемдік қала, озық идеялар ордасы – Астанада» өткізілген форум, кеңес, симпозиум, мәслихат, конференция, сұхбат, құрылтай, Нобель сыйлығы иегерлерінің тағы да басқосуы,.. басқаларды білмеймін, әйтеуір мен солардың санынан жаңылып қалдым.

Бұл пікірімді теріске жорып, мені «мәңгілік елінің, туған халқының жетістігін, елбасымыздың ерен еңбегін білмейді» деп, «акт жасап, мөр басқысы» келетіндер табылар. Еріктері.

Елімізді мен де сүйемін, тек «мәңгілік» деген тіркесін айта алмаймын, себебі Құран-Кәрімде Жаратушымыздың ғана мәңгілік екені, одан басқа мәңгі ештеңе жоқтығы айтылған. Қазақстан мен қазақтың да жасай берері анық, сол үшін жаратылған, алайда мақтанғанның да, мақтағанның да реті бар. Киелі кітаптағы түйінмен тәжікелеспеген жөн болар. Мақтаған демекші, Н.Назарбаевтың рухани жаңғыру жайындағы мақаласына нөпір пікірдің бірі маған ерекше әсер етті: «санамызды оятқан жоба» депті. Авторының кім екенін атауды обалсынсам да, қазақ санасының әлі оянбағанын, мынау жоба ғана оятарын қалайша білгеніне таңданудамын…

 

Жақында ғана атажұртым Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылында тағы да болып келдім. Аса бағалы кені, оның ішінде ураны бар – Асубұлақтың байлығы тасып, халқының саны 10 мыңнан асып, 1985 жылы қала деңгейлі поселок (поселок городского типа) атанып, 1992 жылы заңды түрде қалаға айналуға тиісті құжаттары реттелген-ді. Айтып-айтпай не керек, жылдан-жылға жұтаңданып, бүгінде – 1,5 мың ғана тұрғыны бар шағын мекен. Өркенді өнеркәсібінен «белгі» болып 5-6 қабат үйлердің үңірейген, аңғал-саңғал қаңқасы тұр. Кен орындары тәуелсіздігіміздің жалына жармаса жеткен «реформашыл» қалталылардың бірінен екіншісіне, үшіншісіне… сатылып, тақыр-тазаланып, шахталар үңірейіп иен қалды. Жастар жұмыс іздеумен алыс-жақындағы қалаларды жағалап кетті. Кезіндегі қарбалас Асубұлақ зейнеткерлердің бұйығы ауылына айналды.

Ауыл дейміз. Соңғы он шақты жылда ауылды қалпына келтіру деген үмітті сөзбен республикамыздың парламенті қабылдаған, президенті бекіткен, егер жаңылыспасам, үш қаулы болып, мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард теңге қаржы бөлінді. Ауыл-село жұртшылығы куә болып отырғанындай, оларға сол қыруар қаржының ширегі де жеткен жоқ. Қайда, қалай ғайып болғаны ауылдарға белгісіз. Парламент те өзі күнде қабылдап жататын ондаған қаулының арасындағы сол үшеуінің ең болмаса біреуінің немен тынғанынан хабарсыз. Оның «тарихи міндеті» – қаулылар қабылдай беру. Олардың қалай орындалып жатқанын тексеретін депутаттық тексеру комитеті жоқ парламенттен елге, халыққа не қайыр? Халықтың мүддесі үшін ондай комитет құруға құқы болмаса, несіне парламент?

Айына кеше – 400 мың, қазірде – 600 мың теңге жалақы алушы жүздеген депутаттың немесе анау Халықтар ассамблеясының қабырғасы жабық соншама мүшесінің қайсысы, мысалы, ауызсуға жарымай отырған 400 шамалы ауылдың тауқыметін айтты ма? Жоқ! Бәрі де қалада туып-өскендей, ауылдың не екенін естіп көрмегендей. Елбасылары да қазақтың азық-түлік қоймасы ғана емес, рухани бесігі болған ауылды жаңғыртпайынша, елдің, қазақтың, қазақстандықтардың рухани жаңғыруы екіталай екенін ескермеді.

 

Халық шаруашылығының негізгі екі саласы – ауыл мен өнеркәсіп жалаң жағдайға душар етілгенін іштей мойындаушы билік оларды дамытуға деп жылда шетелдерден миллиардтаған доллар қарыз алса да, ауған арба сол қалпында. Сөз жүзінде ғана түзелді. «Жан-жақты өркендеуде Қазақстан әлемнің қай елімен болсын бәсекелесе алады!», «Шетелдерде Қазақстанның экономикалық даму кодын іздейтін институттар құрылып жатыр!..» деп желіге желпінуімізде қапы жоқ, ал ел тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жылда халық алдындағы тамағының, үстіндегі киімінің арзандағанын көрген емес. Көріп келе жатқаны – қымбатшылық. Тіршілігіне қажеттің бәрі үздіксіз қымбаттауда. Басқасын айтпағанда, 1994 жылы бөлкесі 2-3 теңге болған нанның бағасы бүгінде 60 теңгеден – 170 теңгеге дейін артты.

Билік жылара «айлық жалақыға пәлен пайыз қосуға, зейнетақыға түглен пайыз қосуға қаулы қабылдағанын» сүйінші сұрай хабарлайды, ал дүкен мен базар, коммуналдық қызмет орындары ол қосымшаны артығымен қақшып алады, оларға – пәтуәсіз пайдакүнемдерге: «Оның не?» дей алар ешкім жоқ. Электр мен байланыстың, суық су мен ыстық судың, жылудың қожайындары бағаны қашан, қалай өсіруді өздері біледі. Жеке меншік пәтерлер кооперативімен сөйлеспейді де.

Халықты әлеуметтік қорғау аясындағы Денсаулық сақтау министрлігіміз жайындағы «жыр» да ұзақ. Бұл салада «қаржы үнемдеу қамымен» дәрігерлерді шаруашылық есепке теліп, еңбегін зая ету, бір емхананы екіншіге қосу, аурухананы жабу дегенің бәтіңке ауыстырғаннан оңай. Ең сорақысы – 2006 жылы Алматы медицина институтының Педиатрия факультеті жабылып, балаларды емдеудің қиямет-қайымға айналғаны болды. Әрине, жас ұрпағымыздың денсаулығына қамқорлықты аяқасты еткен көрсоқырлыққа қарсылық басталды. Күрес туын ат-атағы Қазақстанға ғана емес, күні кеше КСРО-ға да мәлім болған атақты хирург, академик, менің ұғымымша – Балалардың бас қамқоршысы да, емшісі де Камал Ормантаев көтерді. Кесапатпен күрес он жылға созылып, ақырында Камекеңнің жеңісімен аяқталып, аталған факультет биыл қайтадан ашылатын болды!

Бұрынырақта жазған бір сөзімді қайталайын. ХХ ғасырда қалыптасқан халықаралық қағида бойынша, мемлекеттің сыртқы және ішкі сипаты бар. Сыртқысы – мемлекет басшысының қашан, қайда болсын өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі. Ішкісі – халыққа білім беруі мен халықты емдеуі тегін болуы.

Алғашқысы – ұлттық намысты сақтау, соңғысы – мемлекеттің экономикалық қуатты екенін таныту десек, «Бүкіл әлем Қазақстанға қызыға қарауда» дегіш жалбақайлардың ол сипаттардан мүлде мақұрым екендерін, қыздырмалы қызыл сөздің көрігін күрпілдетуді ғана білетіндерін көріп жүрміз.

 

Рухани жаңғыруымызды жандандыруға тиіс үлкен екі сала – Білім-ғылым, Мәдениет министрліктеріміз туралы не айтуға болады? Мысалы, өз басым ризалықпен «Бәрекелді!» дей алмаймын. Қысқартып айтсам: сахналарымыз бен телеарналарымызды талғамсыздық жайлап алды. Өзгелердің 3-4 әнінен жырымдап, «ән» шығаратын «сазгер», ұйқасы бар, ұйытары жоқ өлеңсымақ шығаратын «ақын», халық сазгерлерінің әсем әндерін қиқалап айтатын «әнші» көбейді. Бұрында Мәдениет министрлігінде жаңа ән мен күйді, биді талғам таразысына салатын арнаулы бөлім болған, ал бүгінде ол не жоқ, не жолтапқыштардың жетегінде.

Президенттің рухани жаңғыру жайындағы мақаласы жарияланғалы үш айдай уақыт өтсе де, сахна мен телеарна бері қараған жоқ. Ал ары қарап бара жатқаны министрліктің басшыларына өте ұнаған болса керек.

Білім десек, министр құтаймайтын бұл салаға да жұртшылық наразы. Не үшін? Ұшпаққа шығармайтын «үш тұғырлы тіл бағдарламасын» мектептің 1-сыныбынан бастап тықпалағаны үшін. Рас, жас ұрпағымыз заманның беталысына қарай шетелдер тілін білуге тиіс, бірақ үш тілді қатар емізу – қай ұлттың болсын баласын Ана тілінің уызына қандырмау. Шетел тілдерін, айталық, 8-сыныптап бастап оқытсақ, кәмелеттік аттестат пен диплом алып шығар 7 жыл шәкірт-студенттің ағылшын тіліне қоса халықаралық басқа да тілдерді меңгеріп шығуларына еркін жетер уақыт емес пе? Әлде қазақ баласы бизнестің жағын айыруы үшін ағылшын тілін 1-сыныптан оқымай оңбайтынына министр Е.Сағадиевтің көзі жетіп пе? Бизнестің көкесін көрсетіп отырған, ағылшын тілінің пайдасын жете білетін Қытай, мысалы, бізше өлермендікке берілген жоқ.

«Оқу өтіп кеткен» дерлік осы екі министр көпшіліктің сынына ең көп ұшырағандар болса да, қыңқ етпейді. Президенттің ерке-серкелері дерсің! Соңғысы бар-ау, мектепте негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқыту керек» деп те жаһандық «жаңалық» ашып жүр. Олар қай пәндер? Сірә, қазақтың тілі мен әдебиеті, тарихы мен жағрафиясы негізгі пәндер тізімінен сызылып тасталған шығар, егер олай болмаса, оларды да ағылшын тілінде оқытпақшы ма?

 

Өзі мен өзінікін жарылқаудан жалықпайтын, бұқараның күбірін де, жанайқайын да тыңдамайтын билікке бұл жәйттер әу баста-ақ айтылған, жазылған. Тәуелсіз баспасөздің бетінде қат-қабат болып жатыр. Оларда әрқашан ашық та батыл, әділ сөйлейтіндерге биліктің нендей «жауап» бергендері жайында малұматтар да бар:

«Мысалы, «белгісіз біреулер» бірде белгілі саясаткерлер: Әміржан Қосановтың, Сейдахмет Құттықадамның, Нұрболат Масановтың пәтерлерінің сыртқы есігін цементпен шегендеп, іштегілер шыға алмайтын етіп кетті… Әміржанды соққыға жықты… Ермұрат Бапиды соттады… Әкежан Қажыгелдинді оңды-солды қаралап, қуғындап, шетелді паналауға мәжбүр етті (кейбір әуейілер: «Ол параны алып-алып, әдейі қашып кетті!» деп сасықауызданып жүр. Байғұстар-ай!)… Ғалымжан Жақияновқа жала жауып, жеті жыл түрмеге кесті… Лира Байсейітованың әрі шығара бастаған тәуелсіз гәзетін жауып тастап, әрі өзін қайғыға душар етті… «ДАТ» гәзетін де жауып тынды… «Таң» телеарнасын атқылады, жауып тастады… «СолДАТ» гәзеті редакциясының қызметкерлерін сабап, мүліктерін тонап кетті. Гәзеттің таралымын сан рет тәркіледі, гәзетті ерікті сатушыларды қудалады… «Республика» гәзетін жапты, кеңсесін өртеді, кеңсесіне ит өлігін апарып тастап, ол иттің басын редактордың үйінің сыртқы есігіне іліп кетті… «Қазақстан» гәзетін қақпақылға айналдырды… Сергей Дувановқа қылмақшыны қылып жатқандары анау…». «Қайда кетіп барамыз, қырып-жойып?» деген мақаламда («Жұма таймс» гәзеті, 2003 жыл) осылай дегенмін. Үзіндісі. Содан бері 14 жыл өтті, ал мен сол сөзімді бүгін де қайталай аламын. Былайша:

Биліктің бауырында өсіп, талай-талай керегіне жарап жүріп, ақырында биліктің алдамшы екеніне көзі жетіп, көріп-білген қиямпұрыстықты тізіп айта президент Н.Назарбаевқа ашық хат жазып, оппозицияға бет алған Заманбек Нұрқаділовпен 2004 жылы 24 шілдеде сұхбаттасқан белгілі журналшы Асхат Шәріпжановты сол күні іңірде аутомәшін қағып мерт қылды. Мерт қылғаны ерекше: марқұмның денесінде қарағұсы ойылғаннан басқа бірде-бір сызат жоқ! Адамның тек басын қағып өтетін аутомәшін болғаны ма?!

«Өзін-өзі үш рет атқан» Заманбектің өлігі өз үйінен табылды. 2005 жылы, қарашаның 25-і күні. «Атқанда» қандай?!. Екі рет кеудесіне атқан, оған болмаған соң, төрге кілемше төсеп, соған түзу жатып, көрпешесін тізе жағына жауып, содан кейін басына атқан – заң орындары айтатын «контрольный выстрел». Адамның өзін-өзі үш рет атуы арғы-бергі тарихта Қазақстанда ғана болған шығар. Ол сұмдықты теледидар арқылы хабарлаған ішкі істер министрі Б.Мұхаметжановтың беті бүлк етпегені сондықтан-ау!..

Арада үш ай өте бере, Алматының бір шетінде Алтынбек Сәрсенбайұлының өлігі табылды. Жалғыз емес, оққағары мен шофері үшеуін атып тастаған… Алтынбек те биліктің бірегей қызметкері болып, министр деңгейіне жетті. Алайда ол да биліктің пәтуәсіздігіне шыдай алмай, оппозицияға ойысты. Демократиялық партия құрып, оппозицияның жетекшісі болды. Ашынып сөйлеп, ақиқатты батыл жазып жүрді. Сол үшін, иә, сол үшін құрбандыққа шалынды. «Алай екен, былай екен» деген алып-қашты сөз әдейі таратылса да, жасанды дәлелдер жұртты иландыра алмады.

Озбыр биліктің жаласымен түрмеде 7 жыл отырып шыққан Ғалымжан Жақиянов өміріне қайтадан қауіп төнген соң, шетелге қоныс аударды. Батыл саясатшы, журналшы-жазушылар Батырхан Дәрімбетов пен Нұри Мұфтах та «аутомәшіннің астына түсіп» көз жұмды.

Алматының іргесіндегі «Шаңырақ» атты қазақ ауылында «заңсыз салынған» үйлерді таңғы сағат 4-те (?!) бульдозермен сүріп тастауға барған полиция тобына батыл қарсы шыққан қайсар ақын Арон Атабекке және төрт жігітке «полицейді өлтірді» деген жұмбақ жала жабылып, дерексіз «керек дерекпен» жауапқа тартылды. 2007 жылы қазан айында. 18 жылға сотталған Арон содан бері жеті түрмеге ауыстырылып, бәрінде де біркісілік камерада ұсталуда.

Жаңаөзенде биліктің қиястығынан қанды оқиға болды. Алматы облысында «Шекара шатағы» шықты. Мұнай мен газымызға ие болып алған шетелдік пайдакүнем компаниялардың озбырлықтарына ашынып, қарсылық жасаған жергілікті қазақ жұмысшыларының бірнешеуі сотталды.

Жеріміздің жателдіктерге жалға берілуіне, сатылуына батыл наразылық танытқан азаматтарымыз түрмеге жабылды.

Биліктің бетпердесін сыпыра сөйлеген режиссер Болат Атабаев қуғын көріп, шетелге кетуге мәжбүр болды.

«Қазынаның қаржысын ұрлап-жырлап қойғандары үшін» әкелі-балалы журналшы Матаевтар сотталып, түрмеде отыр.

«Қашқын миллиардер М.Әбіләзовпен сыбайлас» журналшы Ж.Мамай бес ай бойы қамақта, тергеуде.

 

Соңғы 4-5 жылда: «Ішіп қойды, жеп қойды», «ірі көлемді пара алды» деп сотталған қазақ жиырма шақты. Солардың бәрінің «ұрлық, пара» делінген ақшаларын қосып есептесек, В.Ни дегеннің бір жолғы «табысының» жартысына да жетпейді. Ни 1 миллион доллар пара алып тұрғанында тұтқындалды да, заң орындары өкілдерінің: «Олай емес екен, былай екен» деп, жанталаса ақтауымен аман-сау босатылып, ақмоншадан шыққандай болып, тайраңдап кете барды. Ал оның «бірінші рет» (?!) сонша пара алғандығы «тәжірибесіздігі» болып, қамқоршылары сонысын мұқият ескерген шығар.

Жалпы, біздің бүгінгі билік еліміздегі миллионер-миллиардерлерге рақымды. Бұдан бір ай шамасы бұрын «ДАТ» паш еткендей, қазақстандық аса бай бизнесшілердің саны 50 екен.

Солардың қайсысы адал еңбегімен «алға шыққаны», мысалы, маған беймәлім, ал сырттай болса да, анық білетіндерім – «Невада-Семей» акционерлік қоғамының арнаулы қорына Семей атом полигонынан зардап шеккендерге жәрдем беруге жиналған миллиардтаған долларды «төкпей-шашпай» өзара бөліске салып, миллиардер болып, миығынан күліп жүргендер: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов және «Корейка». Билік ол бетпақтардың бірде-біреуіне: «Әй, сен семейліктерді алдап, арамдықпен байыдың! Алғаныңды, кәне, қайтар!» деп дауыс көтерген жоқ, керісінше: дос-жолдас, әмпей-жәмпей.

Сонымен, «…біздерде мынадай бар, мынадай бар» (С.Торайғыров): биліктің ырқындағы тәуелді баспасөздің бағдарламасы – президент Н.Ә.Назарбаевты мақтай беру, мақтата беру. Ұйымдастыруында селкеу жоқ. Егер мемлекет басшысын мадақтаудың, өздері меншіктеген сөзбен айтқанда, «әлемдік» жарысы өткізілсе, чемпион болар-ақ еді, не керек, өткізілер емес. Оу, «әлемді тамсандырып отырған Қазақстан» өзі ұсыныс жасап, Астанада неге өткізбеске? ЭКСПО-17-ні өткізгеннен қиын, қымбат бола қоймас.

 

Ал президент өзіне ашық та шексіз табынушылардың сөздерін ести ме, жазғандарын оқи ма? Тыңдаса, оқыса, ұнатып жүр ме, әлде «Қойыңдар!» деуге дәті жетпей ме?.. Әй, ұнатады-ау, ұнатады. Екіншіден, бәрі де өзі таңдаған кадрлар ғой, шіркіндердің көздері де, көңілдері де жақсы, пейілдері кең. Үшіншіден, мақтаудың аты – мақтау. Орынды-орынсыз болса да. Сын емес. Тәуелсіз гәзеттердегідей…

Ал тәуелді баспасөздің міндеті қашан да айқын, жолы ашық. Өкімет пен үкіметті үкілеп, болмаған жетістікті «болды» деп, тарды «кең» деп, қисықты «түзу» деп, «кемшілік, олқылық» деген сөздерді өзі де ұмытып, өзгелерге де ұмыттырып отыр. Бізде адам құқын сыйлау дегеннің бар-жоғын ойлап бас қатыру керек емес, шетелдің еріккен демократтары-ақ біз үшін ойлап қарық бола берсін. Ой еркіндігіне қоса сөз бостандығын да соларға бердік.

Бізде шешілмей жатқан, шиеленіскен мәселе жоқ. Білім-ғылым биігінде: мектептер ашық, сыныптары жарық, биыл жаппай он екі жылдық оқу жүйесіне көшіріледі. Ағылшын тілін үйрету балабақшадан басталуы мүмкін.

Ғылым академиямыз орнында болмаса да, ғылымымыздың ойы-қыры гүлдеп тұр, жақында ғана «аса көрнекті» 69 адамға академик атағы берілді. Иә, жоқ академия бар Жазушылар одағынан кем бе екен?! Жазушылар одағы анау жылы халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын бір күнде 42 кісісіне берген болса, «академия»… тәк што…

Парақорлық, жемқорлық дегенмен алысатын комиссия, комитет құрып әуре болудың қажеті не? Қайсысы болсын, тойған соң тоқтайды, қайта олардың қолын қақпау керек, неғұрлым тез тойса, соғұрлым тез тоқтайды…

Қысқасы: ауыл орнында, қала тыныш. Анау-мынау сөздер тыйылсын! Содан соң: Қазақстан әлемге кеше-бүгін ғана танылған жоқ, 1990 жылдан басталған «жаңа тарихымызды» жақсы білу керек қой, біз 2002 жылы «ДВК» қозғалысын төкпештеп тастауымызбен, одан соң «Қазақгейтімізбен», «Рахат Әлиевтің ісімен» танылып үлгергенбіз, тәк што…

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

About Zika1961