Home » Дат|Каз » ЖАҢА ӘЛІПБИ – РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ

ЖАҢА ӘЛІПБИ – РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КЕПІЛІ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №40 (404) от 02 ноября 2017 г.

 

Пайым патшалығы

 


 

Қазақ әліпбиі қазақ үшін

ЖАҢАРУЫ КЕРЕК!

Қазақ мемлекеті тәуелсіздік алған соң, ең алдымен азаттық алған кез келген елдер секілді рухани отарсыздану мәселесі қолға алынуы керек еді. Қызыл империяның бодандығында болған жетпіс жыл ішінде ұлтымызды мәдени, рухани тамырынан ажырату, тілі мен дінінен айыру саясаты мақсатты түрде, үздіксіз жүргізілгені белгілі. Соның бірі – түркі халықтарына ортақ латын әліпбиін қолданып отырған Қазақ мемлекетін 1940 жылы бір күнде кириллицаға ауыстыру науқаны болатын.

Енді, міне, осы рухани репрессияның зардабын жоюдың алғашқы қадамдары жасалып, Қазақ мемлекеті 2025 жылы қайтадан латын әліпбиіне өтетін болды! Ұлттық рухани отарсыздану латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталды!

Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асқанда Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Әрине, бұл қадамның қарқын алуы елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталып кеткені белгілі.

Латынға өтуді биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Алашорда қозғалысының жетекшілері де кезінде құптаған. Түркияның президенті Ататүріктен бастап, Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан да қатты қолдаған. Ал Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедовтың латын әліпбиіне өтуге бастапқыда қарсы болуы – кейбіреулердің әдейі елді шатастырып жүргеніндей, кириллицаға өтуді қолдауы емес, Ахаңның өзі жасаған төте араб әліпбиінен кетуді қаламағандық болатын. Кейін, ақыры латынға өтетіні белгілі болған соң, Ахаң да, Халел Досмұхамедов те ұлт мүддесі үшін латын әліпбиін қазақ тіліне үйлестіріп жасауға мемлекет қайраткері ретінде тікелей атсалысқандары белгілі. Ал бір ғасырдан кейін бүгінгі ғарыш пен интернет заманында біздің кейбір саясаткерлер мен қайраткерлер осындай мемлекетшілдік пен ұлтшылдық һәм ілкімділік көрсете алмай, кері тартып жатыр…

1929–1940 жылдары латын әліпбиінде болған Қазақ елі үшін Тәуелсіздік алған соң латын әліпбиін қайта енгізуі – табиғи да, тарихи да қажеттілік. 1993 жылы рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса, латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани-саяси маңызы да болашағымыз үшін өте зор.

Менің өзім латын әліпбиін енгізудің маңыздылығы туралы жазып келе жатқаныма оншақты жыл болды. Оның ішінде сүйекті екі мақалам елге белгілі. Әсіресе, 2013 жылы 19 ақпанда жазылған «Латын әліпбиіне көшуге қарсылық – ұлт мүддесіне қарсылық!» атты мақаламды Qazaquni.kz ұлттық порталында 30 мыңға жуық адам оқып, 200-ге жуық пікір жазылғаны, басым бөлігі қолдағаны белгілі.

2010 жылы Ирандағы Ислам революциясының 31 жылдығына және Иран көсемі Аятолла Хомейниді ұлықтауға байланысты Қазақстаннан жалғыз мен барып едім. Сонда Әзірбайжаннан келген «Хаджы» журналының бас редакторы Әли Рзазадемен сұхбаттастық. Ол маған сапар барысында парсы тілінен аудармашының рөлін атқарды. Сонда орыс тілі пәні мұғалімдерінің баласы, журналист Рзазаде Әзірбайжан елінің латынға өтуімен рухани тәуелсіздік қадамын жасағанын мақтана айтып, әлі орыс кириллицасы отарында жүрген Қазақстан азаматы, өзінен едәуір үлкен маған мүсіркей қараған еді. Сол кезде ол әке-шешесінің Бакудегі орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімдері бола тұра, Әзірбайжан тілінің орыс кириллицасынан латын әліпбиіне өтуді қолдап шыққанын мақтана мәлімдеді.

Қазақтың латын әліпбиі – бұл, бірден айту керек, қиядан шауып, қисынын тауып, тоқсан толғап өмірге келген жаңа әліпби! Бүгінде әлемнің 80 пайыздан астамы қолданылатын ғылым мен техниканың тілі – латын әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға алғашқы адымы жасалды. Бұл, әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға!

Ал енді осы талай сөз болған жаңа әліпбиіміз қалай шыққан? Елдің көңілінен шықты ма? Төл әріптеріміз қалай белгіленген? Бұл енді басқа әңгіме және басты әңгіме.

Кириллицаны латын әліпбиіне аударуы, конвертерлеуі де көңілге қонады. Кезінде менің 2013 жылы жазылған мақаламда айтылғандай, «қазақ кітаптарын аударудың қазіргі технология заманында түк қиындығы жоқ, бір сәтте аударылады» дегенім шынымен де іске асты. Парламенттік тыңдауда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 3 секундта аударылғаны экраннан көрсетілді.

Ең алдымен бірыңғай әліпбидің басты қағидаттарын анықтап алу қажет болды. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі дыбыстар үшін ерекше таңбалануды сақтап қалу керек: Ә; І; Ң; Ғ; Ү; Ұ; Қ; Ө.

Жазу үрдісінде бұл дыбыстардың ерекше таңбалануынан бас тарту 2-3 ұрпақтан кейін олардың толық жойылуына және басқа дыбыстармен алмасуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Нәтижесінде қазақ тілінің сәйкестілігі мен бірегейлігін сақтап қалуға, оның фонетикалық байлығына, тілдің көркемдігі мен ерекшелігіне қауіп төнуі мүмкін. Біздің ойымызша, барынша күш салып, бұған жол бермеуге тиіспіз. Сұлу да сүбелі тіліміз сұрықсыз да сүреңсіз тіл болып кетпеуін қатты қадағалауымыз керек.

Өз дауысың болмаса, өз дыбысың, өз әріпің сақталмай, жойылып кетсе, Қазақ үшін жаңа қаріптер жаңа қауіп болып қалады!

Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңаруы керек!

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ мақалы. Әліпбидің тек техникалық жағын ғана ойламай, тегін, терең мағынасын сақтап қалуды басты мақсат етуіміз керек. Бұл – халық қалауы.

Латын әліпбиінің парламентте талқыланған алғашқы нұсқасы елдің көңілінен шықпай, жалпыхалықтық талқылаудың жалғасқаны белгілі. Ондағы ең басты дау, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың төл дыбыстарының екі әріпті болып келуі. Бұндай көңілге қонымсыз нұсқа түсініксіздік пен қолайсыздыққа тап қылатыны анық еді. Бір қуанарлығы, елбасы алғашқы нұсқаға қол қоймай, бүкілхалықтық талқылауды жалғастырғандықтан, ақыры, міне, ел көңілінен шығатын қонымды нұсқа дайындалды.

Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған, қос әріпті болып келген қазақтың төл дауысты – ә, ө, ү және т.б. дыбыстар жаңа нұсқада толық шешімін тауып, енді олар бір әріп болатын болды. Әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылады, яғни апострофпен белгіленеді. Қорытындысында, диграфқа қарағанда, халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы жарық көрді.

Бұл тақырыпқа оншақты жылдан бері қалам тартып келе жатқандықтан, «ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАҢАРУЫ КЕРЕК» деген, елден ерекше қолдау тапқан мақаламда қазақтың төл дауысты дыбыстарының қос әріппен белгіленуіне – диграфтарға қарсы шығып, онда өзге нұсқа ұсынған болатынбыз. Өткенде елбасымыздың алдында арнайы комиссия латын әліпбиінің жаңа жобасын жариялағанда, біз де ұтымды ұсыныстарымыздың жаңа нұсқада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуанып қалдық. Біз ұсынған нұсқадағы 11 әріптің 9 әріпі жаңа нұсқада қабылданыпты.

Рухани жаңғыруымыздың темірқазығына айналған латын әліпбиіне өту мәселесі ақыры шешімін тапты. 2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Меніңше, жаңа әліпбиді талдап, талқылау барысында мына нәрсені мықтап ескерген жөн. Елдің бәріне бірдей ұнайтын нұсқа табамыз десек, онда латын әліпбиі 2025 жылы да қабылданбай қалар еді. Сондықтан бұл нұсқаға да көңілі толмай жатқандар болса, оған қалыпты жағдай ретінде қарау керек. Біздің айтарымыз, ең басты талап – жаңа әліпби клавиатураға негізделуі керек болды. Сондықтан да кілең тіл мамандары мен тілші ғалымдардан құралған комиссия «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын», қазақы төл дауысты дыбыстарымызды екі әріппен белгіленуден құтқарып қалған осы нұсқаны қабылдады. «Қазақ әліпбиі қазақ үшін бе, әлде компьютер үшін бе?» деп мақала жазсақ та, біз де осындай нұсқа ұсынуымызға тура келді.

Бұл нұсқаға да көңілі толмайтындар бұл нұсқа «бір дыбыс – бір әріп» талабынан шыққанмен, «бір дыбыс – бір таңба» талабына келмей тұр» деген пікірлерін айтып қалуда. Әрине, Тіл институты ұсынған нұсқа, яғни түрік әліпбиіне негізделген нұсқа жақсы болар еді, бірақ ондағыдай қазақы әріптердің оң жағына емес, үстіне сызықша немесе ноқат қойылған әріптер клавиатурада жоқ, өзге елде қазақша жазуда қиындыққа ұшыратады. Біз алдында солай, қазақы әріптердің үстіне ноқат та, сызықша да қойып ұсынғанбыз, ол, өкінішке орай, өтпеді. «Түркия секілді үстіне сызықша немесе ноқат қойылған әріптерді жасай салу қиын ба?» – дегендерді де оқып жатырмыз. Оларға айтарымыз, егер клавиатурада жоқ әріптерді жаңадан жасайтын болсақ, онда түрік нұсқасына жабысып, жаңа әріп жасағанша, өзіміздің қазақы төл дыбыстарымызды сол күйінде қалдыра салмаймыз ба? Тағы да қайталап айтамыз, талап – клавиатурада бар таңбалардан әріп жасау болып отыр.

Бір қуанатынымыз, біз қазір латынға қарсылық кезеңінен өтіп кеттік. Енді ел латынға өту-өтпеуді емес, латын әліпбиі жобасын талқылауға кірісіп кеткеніне куә болып жатырмыз. Бұл – үлкен жетістік.

Алғашқыда бәрі тосын болатыны белгілі, ешнәрсе оңай қабылданбайды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл жаңа қазақ әліпбиіндегі 32 әріп енді 32 тістен шыққан соң, өмірде қолдану барысында сүзгіден өтетіні анық. Уақыт елегінен өтіп, өмір өз түзетулерін жасайтынын да ұмытпайық.

 

Әліпбиді келеке етуге

ЕШКІМНІҢ ҚАҚЫСЫ ЖОҚ!

Қазақ руханиятының кириллица қорасынан шығып, бодандықтан бостандыққа шығуына ең алдымен Ресейдің шовинист саясаткерлері мемлекеттік думасынан бастап талақтары тарс айырылуда. Оларға Қазақ елінің Тәуелсіздігінің 26 жылында өз әліпбиін өзі таңдап, рухани тәуелсіздікке қадам жасағаны қатты ұнамай қалыпты.

Отарлап қалған елдің ойбайлауын қойшы, оларға өзіміздің құлсаналылар, жау жағадан алғанда, етектен тартып жатқандар да қосылып, жаңа қазақ әліпбиі бекітіліп кетсе де, қарсылығын қояр емес.

Бұлар жалғыз емес… Арам ойларындағы анайы сөздерді келтіріп, әліпбиді бұрмалаушыларға айтарымыз: арандатушылықтарыңды тоқтатыңдар, елді сауатсыз, қате жазуларыңмен адастырмаңдар! Мемлекеттің мемлекеттік ресми әліпбиімен ойнауға, келеке етуге ешкімнің де қақысы жоқ!

Бір нәрсе біліп, сынаса, мейлі ғой, жауап беріп жатырмыз, ал «Анау қарсы шыққан екен, мен де қарсы шықсам, қатардан қалмаспын» – деген тобырлық пиғылдың тобықтан қаққаннан басқа толық шешімін тапқан іске тигізер пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек.

Өз ойын бүкіл елдің атынан айтып, қазақ әліпбиіне қарсы болып отырғандар елдік намысты ойлауы керек алдымен. Мысалы, Астанадағы менің ұлты орыс көршім латын әліпбиін үйренуі үшін баласын қазақ мектебіне бермекші. Елге қазақтың жаңа әліпбиі туралы теріс қоғамдық пікір туғызатындар қазақтың кириллица бұғауынан шығып, латынға өтуіне қарсы Ресейдің думасындағы шовинист саясаткерлерді, жириновский, лимоновтарды қолдаушылар.

Енді етектен тарта бермей, ел болып, еңсе көтеріп, еркін рухтағы әліпбиімізді өмірге енгізуде ерен екпінмен еңбек етуіміз керек! Кертартпалықтың тигізген кесір-кесапаты аз емес!

 

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ –

рухани жаңғырудың темірқазығы

2013 жылы жазылған аталмыш мақаламда айтқан екенмін, тағы да қайталауға тура келіп тұр:

«Латынға өту – ең алдымен ердің атынан бұрын елдің атын таза қазақша жазуға қол жеткізер еді… Біз бұрын да талай айтып, жазып келе жатқанымыздай, ең алдымен мемлекетіміздің атын дұрыстап алуымыз керек. Тағы да қайталаймыз, Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі кеңес империясы кезінің өзінде Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасы атанғанда, Тәуелсіз кезімізде қайдағы бір «станға» жабысып қалдық… Бұдан түбі шығатынымызды 2012 жылғы Жолдауында елбасымыз да айқын мәлімдеп, болашақта «Қазақ мемлекеті» боламыз деген еді.

Сонымен бірге менің айтарым, осы шет тіліне, мысалы, халықаралық ортақ тіл ағылшын тіліне біздің елдің аты неге қазақ тілінен емес, өзімізді кеше отарлап келген Ресей тілінен аударылады? Неге «Kazakhstan» деп орыстың «Казахстан» сөзінен аударылады? Неге «Қазақстан» деген өзіміздің қазақ тілінен «Qazaqstan» деп тәржімаланбайды? Міне, құлдық психологияның басы қайда жатыр? Бас атауымызда, БҰҰ-да жатыр… Сонда оны аударып, жазып беретіндер қазақ емес, Тәуелсіз Қазақстан азаматы емес, Ресей азаматтары болғаны ма? Баяғыда Балтық елдері әр әріптерінің ұлттық, төл тұрғыға негізделуі үшін күресті. Мысалы, Эстонияның астанасы Таллин қаласының атына тағы бір «н» қосылып, Таллинн болып өзгертілді. Не деген ұлттық мінез, не деген сауаттылық пен жауаптылық десеңізші…»

Ең бастысы, 2017 жылы 26 қазан күні – 1940 жылы Кеңес империясы күшпен бір күнде кіргізе салған кириллица қорасында 77 жыл қамалған әліпбиіміз бодандықтан босаған күн!

Бостан рухқа бағытталған көшіміз қозғалды, көлікті болсын дейік! Сондықтан қазақ руханиятындағы тарихи күн – 2017 жылғы 26 қазанды Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі күні деп белгілесе, артық емес. Тәуелсіз Қазақ елінің 2017 жылы кириллицадан латын әліпбиіне өтуін биылғы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған лайықты тарту деп білсе де болады.

Рухани жаңғырудың басты темірқазығы – Қазақтың жаңа әліпбиін біз бәріміз қолдауға тиіспіз. Бұл мемлекеттік әліпбиді мемлекеттің барлық азаматы қолдауы және қолдануы керек!

Қазақстан орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев: «Латын әліпбиіне көшуді қаламайтын адам жоқ шығар деп ойлаймын. Біріншіден – бұл тарихи кезең. Неге? Латын әліпбиіне біз қаласақ та, қаламасақ та көшеміз. Бұл құбылысты тарихи кезең деп атаудың себебі – қоғам қазіргі таңда кез келген өзгеріске дайын, сол себепті де қоғам қарсымын немесе қолдаймын деген екі тарапқа бөлініп отырған жоқ. Барлығының пікірі бір – латын әліпбиіне қайткен күнде де көшу қажет және де бұл мәселеде ұлтқа бөлінуге болмайды», – дейді.

Иә, Қазақстанда тұратын өзге ұлыстарды, орыс, өзбек, ұйғыр, украин, неміс, кәріс және тағы басқаларды біз неге кемсітуіміз керек? Сонда оларды қазақтың жаңа латын әліпбиінде оқу бақытынан айырамыз ба? Өйткені орыс мектептерінің 70-80 пайызы қазақ балалары және аз болса да өзге түркі халықтары да бар.

Еліміздің ұстанған басты саясаты – тілдік, ұлттық кемсітушілікке жол бермеудің жарқын жетістігі – осы, мемлекет азаматтарына мемлекеттік әліпбилік теңдік болады.

Елбасымыз өз сөзінде нақтылап айтқандай, латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс.

Жаңа рухани жетістікке жетелейтін жаңа латын әліпбиі – жалпыұлттық талқылаудың жарқын нәтижесі. Латын қарпін талқылауда зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді өмірге енгізуде де қарқынды қайрат танытуы тиіс. Яғни, қолға алып қана қоймай, қолдануды да бастай беруіміз керек.

 

Қазыбек ИСА,

ақын, Сергей Есенин атындағы сыйлықтың

лауреаты, «Алаш» сыйлығының иегері

About Zika1961

Добавить комментарий