Home » Дат|Каз » ЖӘНІБЕКОВ ЖАЗБАҒАН мәтіннің Мырзатайға қатысы хақында

ЖӘНІБЕКОВ ЖАЗБАҒАН мәтіннің Мырзатайға қатысы хақында

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

 

Бір салыстыру

 


 

«ДӘСТҮРІНЕ БЕРІК АЗАМАТ». Мырзатайды қай-қайсымыз да жақсы танимыз. Мінезі жібектей, қыры да, сыры да сұлу, мағыналы, мазмұны мықты жігіт. 25-30 жылдан қазақ әдебиетінің көне тарихын оқып жүрміз. Сол қазақ әдебиетінің көне тарихын қалыптастырушы да, соның үлкен арнасын сонау Орхон-Енисей жазбаларынан бері қарай дамытып әкеліп, бізге жалғаған да – осы Мырзатай. Бұл өзі халықтық үлкен дәстүрмен келе жатқан азаматымыз. Арнаны қазақ әдебиетінің көне тарихынан ғана тартып келе жатқан жоқ, біздің тұсымыздағы Жамбылдың, Кененнің дәстүрлерін, қазіргі ауыз әдебиетінің жағдайын, көп тексерілмеген соның күнгей-көлеңкесін түгел қамтып, қопара тексереді және тіл қандай, өзі стильге айналып кеткен жігіт бұл өзі. Қырғызстанда қорғаған докторлық диссертациясында нағыз ғалым екендігін айқын дәлелдеді. Ғалым, қайраткер болу құдайдың, тәңірінің ерекше жаратқан жақсы адамдарына ғана, шын мәніндегі тума талантқа ғана, творчестволық тұлғаға ғана лайық нәрсе.

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

«Қазақ әдебиеті» гәзеті, 19.05.2017 жыл»

 

Жә, жарандар, «ғажап!» деместен бұрын айтар бір гәп бар. Мынау пікірдің «авторы» Өзекеңнің – Өзбекәлі Жәнібековтің – лауазымына қайтадан қараңыздар: мақала жазатын, мақала оқитын қайсыңыз, қай автордың өз лауазымына өзін-өзі қолпаштап «көрнекті» деген сөзді тықпалағанын қашан, қайдан көрдіңіздер, немесе өздеріңіздің осылайша жазған кездеріңіз болды ма? Құдай біледі деп айтайын: ешқайсыңыз бұлай жазбақ тұрғай, бірінші рет кездестірдіңіздер. Иә, мен жақсы білген Өзекең де, басқа үлкен-кіші де өз лауазымына «көрнекті» дегенді қыстырған емес. Егер Өзекең жайында очерк, мақала жазған кімде-кім оның лауазымын осылай толықтырса, ол, әлбетте, иланымды.

Бісмілдәсі бұлайша «Дәстүрге берік азамат», мысалы, мені сендіре алмады. Себебі: Өр тұлға болған Өзекең өмірінде Мырзатай Жолдасбековті он орап алатындарға да арнаулы жалбақайлық сөз айтқан да, жазған жоқ. Өзекеңмен жылдап қызметтес болған ағайындардың бүгінде көзі тірілерінің де нық ойы осы дей аламын. Яғни, меніңше, мына пікірдегі шексіз, шетсіз мадақ Өзбекәлі Жәнібековтің аузымен айтылған емес, қолымен жазылған емес, басқа біреудің «еңбегі».

Өз басым журналшылар мен жазушылардың қолыма тиген гәзет-журналда жарияланған мақалаларын шолып отырамын. Мырзатай бір мақаласында (қайда шыққаны есімде қалмапты) ҚКП Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінде меңгеруші болған кезінде қыруар іс атқарғанын, басшылардан жасқанбай, тіпті Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековті де имендіріп жүргенін жырлапты. Оның ол «қыры» туралы Өзекең «Тағдыр тағылымы» атты естеліктер жинағының екінші кітабында («Рауан» баспасы, 1997 ж.) былай деген (29–30-беттер):

«…Устинов басқа қызметке ауысып кеткеннен кейін, оның орнына бұрынғы Оқу министрі, соңынан министрлік кеңейтіліп, Білім министрлігінің мәртебесіне ие болғанда, министрдің бірінші орынбасарлығына тағайындалған Мырзатай Жолдасбеков келді. Расын айтсам, бұрын министр болып, алдын ала дайындап берген қағазға қол қоя салуға дағдыланған осы бір азаматтың іс тәжірибесі қанша мол десек те, аппарат қызметіне құнтсыздығы көріне бастады. Ол кезде біз қазақ, ұйғыр мектептерінің оқу жоспарларына, бағдарламаларына жастарға имандылық-эстетикалық тәлім-тәрбие беру жүйесін енгізу жөнінде үкіметке ұсыныс әзірлеп жатқан едік.

Бір жолы мен оған: «Мырзатай, бөлімнің атынан ұсынылғанымен, пісуі жетпеген құжатқа мазмұнымен таныспай-ақ қол қойып, маған жібере салғаныңа жол болсын» деуім мұң екен, ол бірден шарт кетіп: «Сіздің қыр соңыма түсіп алғаныңызға қарағанда, мені Камалиденовтің адамы деп жүрген шығарсыз. Мен ол кісіні танымаймын да, тіпті білгім де келмейді» дегенін естігенде, өз құлағыма өзім сенбей: «Ау, мынаған не болған сонша ширығатындай? Камалиденов мемлекеттік қылмыскер емес қой? Қызмет бабында кемшілік әркімнің басында бола береді, сонда не, Зақаш Камалиденұлының кезінде қызметке тағайындалғандардың бәрі бүгін табанын жалтыратуы керек пе? Жоқ, тым келте қайырады екенсің, «жігітім», деген ойға батып, кабинеттен есікті тарс жауып шығып бара жатқан қызметтесімнің жотасына қарап қала бердім. Мен оны ентігін бассын деген оймен тоқтатқан да жоқпын, тек он бес минөт өткен соң қайтадан шақырып алып, инциденттің осымен біткенін ұқтырғандай боп, басқа бір өтініш айтып, шығарып салдым.

Нұрсұлтан Әбішұлы да, мен де қазақтың көне дәстүрін, тұрмысын, ауыз әдебиетін қадір тұтатын ғалым ретінде Мырзатайға ерекше көзқараста болатынбыз. Бірде мен Жолдасбековке жұмыстан кейін бір жаққа барып қайтатынымызды ескерттім. Бұл Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, педагог-хореограф Ольга Всеволодовна Всеволодская-Голушкевичтің басшылығымен қазақ билеріне машықтанатын «Алтынай» халық биі ансамблін құруға қам жасап жатқан кезіміз болатын. Оған Мырзатай секілді дәстүрлі өнерге қанық азамат бас-көз болса, жас ұжымның аяғына тезірек тұрып кетуіне болар еді-ау деген үмітпен, репертуарымен таныссын деп, ансамбльдің репетициясына шақырған едім. Ол болса, бұрын-соңды өзі көрмеген ежелгі қазақтың халық билеріне де, би-ойындарына да, этнографиялық ұлттық киім-кешегіне де қызыға қойған жоқ. Керісінше, өзінің мұндай ұсақ-түйекпен айналысуды қаламайтынын аңғартқан боп: «Өзеке, сіз мені жақсы отырып дем алатын бір орынға жетелеп келе жатқан шығар десем, репетицияға алып келгеніңіз бе, қалай?» деп, әңгімесін әзіл-оспаққа айналдырмақ болды. Содан кейін-ақ мен Мырзатайды мұндай мәселелерге араластыра бермейтін болдым».

 

 

Міне, әзіл-сықақшы Оспанхан Әубәкіровше айтқанда, Мырзекеңнің «пошымы» осы. Қазақ мәдениетінің ғажап жанашыры, бұл бағыттағы небір жақсы істердің ұйытқысы болған азамат Өзбекәлі Жәнібековтің кезінде өзіне дөрекілік көрсетіп, «Алтынай» ансамблінің алғашқы қадамына мұрнын шүйіріп, «жақсы отырып дем алуды», сірә, ресторанды ойлаған, ұзақ қызметтес болып көрмеген және өзін «имендіріп жүрген» М. Жолдасбековке «мінсіз мінездеме» беруі мүмкін емес. Өзекеңнің қазақы өнер, әдет-ғұрып, салт-сана жөніндегі гәзет-журналдық мақалаларында, екітомдығында Мырзатай туралы жоғарыда келтірілген үзіндідегі пікірінен басқа бір ауыз сөз жоқ.

«Тағдыр тағылымын» оқығандардың: «Билік басындағылардың жетегіне ешқашан көнбеген, өзіне қиянат жасалмақ сәттерде Компартияның Орталық Комитетінің екінші хатшысы Коркиннің де, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Имашевтың да дертелерін қайырып тастаған Өзбекәлі Жәнібековтің қол астында қызмет істеп жарытпаған Мырзатай Жолдасбековке қант-кәмпиттей тәтті сөз айтып-жазуы мүмкін емес!» дейтіндері сөзсіз.

«…Аға буынның есінде болар, СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір айындағы пленумы одақтас республикалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашты. Осы кезде Одақтық үкімет басшыларына Эрмитаждағы қазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелтіле бастады. СОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Түркістаннан сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы да өтініш-аманаттар, талап-тілектер толассыз тоғытылып, тапсырылып жатты. Әділетін айтсақ, осы жұмыстардың басында кемел ақылды, қазақ қанды, ұлтжанды мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тұрды…

Тайқазанды қайтару Өзбекәлі ағаның өмірлік мақсаты еді. Осы мақсат орындалғанша әрекет-күресін де тоқтатпады. Ағаның мақсаткерлігі менің де ойыма шуақ, бойыма қуат беріп, батыл қадамға жігерлендіргені анық. Осы еңбегі үшін асыл азаматқа Түркістанда ескерткіш қойылса екен деген тілегімді әрқашан айтып жүремін.

Тайқазан оралғанда, Түркістан халқының қуанышында шек болмады. Талай митинг, жиындар болды. Соның бірінде академик Зейнолла Қабдолов, түркістандық, Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов толғана сөйлегені көз алдымда… Осы орайдағы ең бір аталы сөзді академик Өмірзақ Айтбаев айтты: «Қазақ – ырымшыл халық. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келген сияқты. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің ең ұлы істерінің бірі осы деп білем!» – деді ол». (Қожа Ахмет Яссауи мұражайының сол жылдарғы директоры, еңбек ардагері Нұрмахан Назаровтың «Егемен Қазақстанның» тілшісі Қорғанбек Аманжоловпен сұхбатынан. «Тайқазан елге тәуелсіздік қарлығашы болып оралған еді». 02. 24. 2017 ж.).

 

Сөз соңында Мырзатайдың өзіне «әр бұтаның басын бір шалдырып» жүрген қамқоршысы – президент Н. Назарбаевты мадақтауда алдына жан салмай, дара келе жатқанын айтпау обал деп ойлап, сөзінен үзінді келтірейін:

«…Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көш басшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері… Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ… Назарбаев Ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қауымдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалыптастырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды… Нұрсұлтан тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы. Н.Назарбаев – әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі. Көк түрктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да, түрк тектес халықтардың лидері де – Н.Назарбаев!.. Ол – Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам!» (М. Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласынан).

Ойхо-о-ой! Осы «қанатты сөздері» үшін ғана Мырзатайға арыда – Нобель сыйлығын, оған қолымыз жетпесе, беріде – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беретін-ақ!..

Сәкен ЕЛЕУ

About Zika1961