Home » Дат|Каз » Қызылжар оқиғасының БАТЫРЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Қызылжар оқиғасының БАТЫРЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (407) от 23 ноября 2017 г.

 

Елді тұтастырған тұлғалар


 

Тәуелсіздікпен қауышардан бір жарым жыл бұрын құрылған «Азат» қозғалысы республика көлеміндегі ең ірі қоғамдық-саяси ұйым болды. Ол Қазақстанның сол кездегі саяси дамуына айтарлықтай әсер еткенін ешкім жоққа шығара алмас. 1990 жылы 30 маусымда Алматы қаласында «Азат» қозғалысының құрылтайы ашылып, еліміздің түкпір-түкпірінен (ол кезде «Азаттың» Мойынқұм ауданы бойынша үйлестірушісі едім) жиналған ұлтжанды азаматтардың қатарында Шу қаласынан келген, сонау бала күннен жүзі таныс Қалиұлы Сәрсебаймен таныстым. Құрылтай Тәуелсіз мемлекеттер конфедерациясы туралы декларациясының жобасын халықтың талқысына ұсынды. Сәкең екеуіміз сол тарихи күндері Батырхан Дәрімбет, Михаил Есенәлиев, Сәбетқазы Ахатаевтай (әттеген-ай, үшеуі де о дүниелік болып кетті) қоғам қайраткерлерімен жүздесіп, танысуға қол жеткіздік.

 

Осы келелі кездесулерден кейін Сәрсебай Қалиұлының әр басқан қадамдары менің назарымнан тыс қалмады десем, артық айтпаған болар едім. Оның ауыз толтырып айтарлықтай ең елеулі еңбегі – 1990 жылы 23 тамызда «Шу өңірі» газетіне «Сөздің төркініне үңілсек» және сол жылы 16 қарашада облыстық «Ақ жол» газетінде «Қашанғы жалтақтаймыз?» деген атпен мақалалар жариялап, табандылығының арқасында бірте-бірте көпшіліктің қолдауымен Новотроицк селосының атын біртуар халқымыздың кемеңгері – Төле би есімімен ауыстыруға тікелей атсалысты. 1992 жылы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Жамбыл облысы, Шу ауданындағы әкімшілік орталығы Новотроицк селосы – Төле би ауылы болып өзгертілсін» деген қаулысы ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С. Әбділдиннің қол қоюымен ресми түрде бекітілді.

1990-91 жылдары Кеңес Одағының өзге республикалары бостандыққа ұмтылып, тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда, ежелден отарлау саясатымен қазақ жерін басып алып, ел-жұртымызды қанға бөктірген орыс-казактарының Қазақстанның мемлекеттік егемендігін әдейі елемей, тіптен менсінбей, 1991 жылы 15 қыркүйекте Орал қаласында ақ патшаға қызмет еткендерінің 400 жылдығын атап өткізбекші болды. Ар-намысты ту еткен «Азат» қозғалысының ұлтжанды азаматтары бас көтеріп, олардың арам пиғылды қараниетті ойларын жүзеге асыртпай, тосқауыл қоя білген-ді. Өзге облыстардың өкілдері қатарында Жамбыл өңірінің азаматтары ерекше белсенділік танытты.

Тұмсықтары тасқа тірелген арамзалар жүзеге аспай қалған армандарын орындауға, яғни Қызылжар өңірінде 1992 жылы 23–25 мамырда Қазақстанның солтүстіктегі бес облысты Ресейге қоспақшы мақсатты көздеген орыс-казак ұйымдарының жиынын өткізуді жоспарлаған. Бұл суық хабарды естіген Жамбыл облысындағы «Азат» қозғалысының басшысы Асқар Сырғабаев, Өмірқұл Ноғайбай, Қалмырза Жандарбеков, т.б. жігіттермен Қалиұлы Сәрсебай Тараз қаласында көпшілікпен жиын өткізіп, қаулысын елбасы мен құзырлы орындарға жеделхатпен жіберіп, жер-жерлерден жиналған 60-тан аса азаматқа бас-көз бола (менің де барғым келген, бірақ сол күндері Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішін жасаттыру жұмыстарымен Алматыда болатынмын) Шу стансасынан Алматы–Петропавл пойызымен азаттықтар екі вагонға жайғаса теріскейге аттанады.

 

Сәкең сол бір күндерді былай еске алады. «Облыс басшысы В.Гартман шақырусыз келе жатқан жамбылдықтарды Қызылжар өңіріне өткізбей, кері қайтару амалымен Ақмола мен Көкшетауда отарбаны сағаттап кідіртіп, концерт ұйымдастыртып, дариядай дастархан жасатып, қайткен күнде де азаттықтарды тоқтатудың айла-шарғыларын ойластырумен болды. Тұла бойларын намысты ашу-ыза кернеген жігіттер: «Мынадай сый-құрметтерің бізге мүлдем керек емес» деп, алған бағытымыздан қайтпайтындығымызды ашып айттық. Петропавлдың теміржол стансасында қарама-қарсы екі жақтың тоқайласуы жанжалды қақтығысқа ұласып кете ме деген қаупімен әкім-қаралар Смирнов стансасынан бізді жеңіл аутокөліктермен жеткізіп, облыс орталығындағы қонақ үйлерге орналастырды.

Гартман ертеңіне резиденциясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Қойған талабымыз: «Орыс-казактар бізді қатыстырып, жиындарын өткізіп, жер дауына байланысты мәселелерін айтсын, біз де естиік» дегенде, облыс басшылары бірауыздан «казачествоның ешқандай жиыны болмайды, енді оларға жол бермейміз» деп, ресми түрде мәлімдеді. Жаңатастық Өмірқұл Ноғайбай: «Аттан шықты дегенше, сойылыңды ала бар!» деген атам қазақ. Біз ешқандай арандатушы-басқыншылардан қорықпаймыз. Атаман Ачкасов тығылмай, шықсын бері!» – деп, елді дүр сілкінтті.

Сөз кезегі маған келгенде, ресми тілде: «1991 жылы Орал казактары өздерінің әскери күштерінің 400 жылдығын тойлап, орыс-казак автономиясын құрмақшы ниеттеріне «Азат» қозғалысының азаматтары тосқауыл қоя білді. Кезінде үкімет тарапынан Орал казактарына батыл түрде тыйым салынып, ресми баға берілмегендіктен, міне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына үлкен қауіп төніп тұр. Славян халқында «бөтен шіркеуге өзіңнің жарғыңмен кіруге болмайды» деген ұлағатты сөз бар емес пе еді, орыс ағайындар?! Казактардың қолтығына су бүркіп, қолдап отырғандар Ресей үкімет басшылары Рыжков пен Янаев және кезінде Қазақстандағы әскери округтің қолбасшысы болған генерал Язов екенін білеміз. Осы жерде отырғандардың арасында да олардың арам пиғылдарын қолдайтындардың бар екендігіне сенімдімін, жасырынбай өз ойларын ашық айтсын, сонда ғана бізге халық сенетін болады», – деп айтуыма тура келді.

Қызу қанды, батыл жігіттердің бірі Қалмырза Жандарбеков: «Біз қазақтар басқа елдер орыстарға шабуыл жасағанда, әмісе көршілерге жақ болып, шыбын жанымызды пида етіп қорғадық. Ал енді казактарың бүлік шығарып, ежелден ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан жерімізге көз алартады. Атаман Ачкасовтарың облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі екен. Облыс әкімінің оны Омбыға кетіп қалды дегені өтірік болып шықты. Біз онымен кездестік. Ол жиын өткізетін райынан қайтты», – деп, ашығын айтты.

Сонымен қатар осы жиында облыс әкіміне: «Осы уақытқа дейін қалаға неге тарихи «Қызылжар» атауы берілмей отыр деп сауал қойғанымда, Гартман шімірікпестен: «Ондай ұсыныс бізге түскен жоқ…» – деп жалтарып еді.

Әулие-Ата жерінен келгенімізден жұртшылық хабардар болып, көптеген қазақтар жолығып, ризашылығын білдіріп жатты. Солардың бірегейі – табиғат тамыршысы Назарбек Қожамсейітов: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кісі сәлем береді» демекші, арнайы келіп тұрмын. Қазақ десе, жандарыңды береді екенсіңдер. Сендерді ұлтжандылыққа тәрбиелеген ата-аналарыңа рахмет! Кеше суыт жүріспен келгендеріңде қабақтарың қатыңқы, өздерің ашулы болып, ауа райы да бұзылып, қар жауды. Енді, міне, арам ниетті тентектердің жоспарларын бұзып, жеңіске жеткендеріңде күн шайдай ашылды» деп, жаны жәннәтте шығар, бүгінде марқұм ағамыз ағынан жарылған еді», – деп, сонау жылдарды еске алған еді Сәрсебай Қалиұлы.

«Атақты «Ақбөпе» әнімен елге танымал болған ақын Сауытбек Ұсаұлының атын 1990 жылдардың соңында Шу қаласы саябағындағы Мәдениет үйіне бергізген едім, – дейді тағы бір естелігінде Сәкең. – Кейінірек ол Мәдениет үйі жеке меншікке сатылып кетіп, «Синема паркке» айналып шыға келді. Шу өңірінің сал-серісі атанған Сауытбекке арнап кітап та жазып едім, қаржы тапшылығынан қолжазбаларым сандықта көптен бері сарғайып жатыр. Осындай өзіміздің тоғышарларымыз етектен тартып жүргенде, біз қайтып Гартмандарға өкпе арта аламыз?!».

Кезінде Қызылжар оқиғасы жайлы екі сериялы орысша «Тревожные дни Петропавла» атты деректі фильм шығып, бір-екі мәрте көпшілікке көрсетіліп, көп ұзамай жоғалып кетті. Жоғарыдан көрсетпеу жайлы нұсқау түсуі де мүмкін.

 

Сол Қызылжар оқиғасына биылғы 25 мамырда аттай 25 жыл, яғни ширек ғасыр толды. Жоғарыда отырған билік өкілдері сергекті қырағылықпен Жер-Анамыз туралы пікірлерге бей-жай қарамай, тіптен оны саудаға салу жағын да үзілді-кесілді тоқтатулары ауадай қажет. Сондай-ақ жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеудің алғы шарты үлгісімен Орал мен Қызылжар оқиғалары қаһармандарына мемлекет тарапынан лайықты марапаттар тағайындау жөн шығар…

Сәрсебай Қалиұлының мамандығы құрылыс-инженері болғандықтан, Шудағы ПМК-2004, Механикалық жөндеу және Темір бетон зауыттарында, Локомотив депосы мен Тепловоз жөндеу зауытында ұзақ жылдар еңбектене зейнеткерлікке шықты. Сәкеңнің қызмет ете жүре қаламгерлікпен айналысып, ауыз толтырып айтарлықтай еңбектенгеніне еріксіз сүйсінесің. Атап айтсақ, 9 мың данамен «Төбе би – Төле би» деген кітабы шықты. Сол сияқты «Бәйдібек», «Батырым – Бауыржаным» деген кітаптар жазды. 1991 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде оның баспасөз беттерінде Төле би, Қарасай, Сұраншы, Рысбек батырлар, ақындар Абай мен Жамбыл, Бауыржан Момышұлы және әлемге әйгілі Мұхтар Әуезов жайлы көлемді мақалалары жарияланды. 2015 жылы әлем халықтары Жазушылары одағының мүшелігіне қабылданды.

Қарап отырсақ, Қалиұлы Сәрсебайдың сөзіне ісі сай айтулы ұлтжанды азамат екендігі анық байқалады. Сондықтан Сәкеңді аудандағы мәдени-танымдық ошақтар өскелең жастарға үлгі тұта кездесу кештеріне жиі шақырып тұрады. Жеріміздің тұтастығын сақтап қалу жолындағы тарихи оқиғаға тікелей атсалысқан Сәрсебай 1992 жылы 25 мамырдағы Қызылжар дүрбелеңі күндері 45 жаста болса, сол оқиғаға ширек ғасыр толған биылғы мамырда 70 жастың жотасынан асып та кетті. Расында да, Сәкеңе қандай құрмет көрсетсек те жарасатынына күмән жоқ. Ашығын айтқанда, Сәрсебай Қалиұлына келіп-кетер ештеңе емес, бұл игі шара ертеңгі келер ұрпаққа айтарлықтай үлгі-өнеге болары анық.

Мәкен УАҚТЕГІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

өлкетанушы

About Zika1961

Добавить комментарий