Home » Дат|Каз » Ысқақ ЕСІРКЕПОВ: Ғылымға қатысы жоқтарға керегі – ДАҢҚ ПЕН ДАҚПЫРТ ҚАНА

Ысқақ ЕСІРКЕПОВ: Ғылымға қатысы жоқтарға керегі – ДАҢҚ ПЕН ДАҚПЫРТ ҚАНА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.

 

ДАТ!

 


 

Біздің анықтама

 

Ысқақ ЕСІРКЕПОВ еліміздің денсаулық сақтау саласында үзіліссіз 48 жыл қызмет еткен. Өткен жылы 80 жасқа толды. Медициналық қызмет сапасының артуына, халық денсаулығының жақсаруына қосқан үлесі үшін Кеңес Одағы жылдары «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін түрлі медальдармен, алғыс хаттармен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Денсаулық сақтау саласының үздігі. Еліміздегі Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрігер» төс белгісі атағын Қостанай облысы көлемінде алған жалғыз дәрігер.

Қазақстан Республикасының ХІІ және ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, алғашында Әйелдер ісі және ана мен баланы қорғау комитетінің мүшесі болды, кейінгі шақырылымда – Денсаулық сақтау комитетінде төрағалық етті.

 

Өткен аптада Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академик және корреспондент-мүшесі атанған ғалымдардың тізімі жария болды. Осы орайда редакциямызға Қостанайдан арнайы келген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Денсаулық сақтау саласының үздігі Ысқақ ЕСІРКЕПОВ мырза медицина саласы бойынша ҚР ҰҒА-ның академигі атанған бірқатар тұлғаларға, елдегі денсаулық сақтау саласына көңілі толмайтын жағдайға қатысты біраз мәселенің бетін ашты.

 

– Ғылым жөнінде сөз бастағанда, Қаныш Сәтбаевтың қиын кезеңде өзі тағанын қалап, іргесін тұрғызған Ғылым академиясының бүгінгі таңдағы дәрменсіз тірлігі қынжылтады, – деп сөз бастады ардагер-дәрігер. – Академияның президенттігіне екі рет баламасыз сайланған Мұрат Жұрынов мырзаның демеуімен енді, міне, академиктер мен мүше-корреспонденттердің жаңа легіне (жалпы саны 69 адам – Ред.) көңілдегі күдік молайды. Бұдан бұрын да осы академиктер сайлау мәселесі төңірегінде сыбайлас жемқорлық пен басқа да былықтар туралы БАҚ беттерінде ашық жазылып, әлденеше айтылғанымен, билік тарапынан да, ҰҒА жақтан да ешқандай реакция болмады. Енді, міне, тағы да осы сайлаудағы өрескел әрекеттер Ғылым академиясы Мұрат Жұрыновтың меншігіне айналғанын көрсетті. Кімді сайлағысы келсе – соны академик қылып, өзім білемге салды.

 

– Айтар сөзіңіз газет оқырманына дәйекті болуы үшін, ашуыңызға арқау болған академиктердің аттарын атап, түстерін түстеп берсеңіз, құба-құп болар еді…

– Айтайын, оқырманның да көзін шындыққа жеткізуден қашып отырған жайым жоқ. Академикке сайлауда көптеген заң бұзушылықтармен қатар, сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде ғылымға қатысы жоқ, ғылым саласында бір күн де еңбек етпегендердің аты шықты. Мәселен, Forbes журналындағы әлемдік миллиардерлер қатарына Қазақстаннан кірген ең бай адамның бірі Динара Кұлыбаева, оның қайын ағасы – полиция генералы Талғат Құлыбаев, ел президентінің идеология саласында оң қолы болып жүрген Марат Тәжин академик атанды. Ғылым саласында қызмет істемейтіндерге тек қана атақ пен мансап керек екені көзге ұрып тұр емес пе? Қазақстан мемлекетінің атына, ғылымға сай емес, ұят тірлік қой бұл! Менің түсінігімде ғылымға қатысы жоқтарға керегі – даңқ пен дақпырт. Басқа ештеңе де емес.

Бірқатар университеттердің ректорлары: Қызылорда жеке универсиетінен Бекберген Досманбетов, Абылайхан атындағы Қаз ХҚжӘТУ ректоры Сәлима Құнанбаева, Е.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев, Тараз мемлекеттің университетінің ректоры Дариякүл Қожамжарова, Шымкент педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшев… ел ғылымына қандай үлес қосты, академиктік дәрежеге сай қандай ірі ғылыми жаңалық ашты?

 

– Ал академиктіктер сайлауынан «өтпей қалған», бірақ Қазақстан ғылымына нағыз еңбегі сіңген, академик атануға әбден лайық үміткерлер болды ма?

– Болды! Болғанда қандай! Әрине, бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған нағыз ғалымдардың академик атағына ілінбеуі – мәселенің ең сорақысы болып тұр. Шығыстану ғалымы Меруерт Әбусейітованың, тіл ғалымы Зейнеп Базарбаеваның, тарихтан Жәкен Таймағамбетовтың тізімнен табылмағаны біраз сұрақ тудырады.

Мәселен, өзім дәрігер болғандықтан, медицина саласынан өтпеген ғалымдар үшін ішім удай ашиды. Алматы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері, профессор, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Тұрсынгүл Ботабекова – 15 ғылым докторын, 30-дан астам ғылым кандидатын дайындаған ғалым қалайша академиктікке өтпей қалды? Оның орнына азғантай ғана мақала жазған, сайлаушы академиктердің: «Неше ғылым докторын дайындадыңыз?» деген сұрағын жауапсыз қалдырған Онкология және радиология институтының директоры Динара Қайдарованың академик атануы тіптен түсініксіз. Ол күні кеше ғана мүше-корреспондентке өткен екен. Сондықтан сіздердің газеттеріңізде осы орайда жазылған мақаладағы «Қайдарованың артында бір дөкей тұрған сияқты» (Дариға Назарбаева – Ред.) деген күдіктің орны бар деп ойлаймын. Осындай келеңсіздіктердің бәрі бір адамның – Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрыновтың ісі демегенде, не дейміз?

 

– Ұлттық ғылым академиясының бүгінгі мәртебесі – «Республикалық қоғамдық бірлестік» деңгейінде екенін ескерсек, оның президентінде қандай бір құзырлық бедел қалды дейсіз?

– Ғылым ордасының мәртебесі төмендесе де, оны басқарып отырған адамның ерекше құзыры, әсіресе ғылыми атақ беру мәселесіндегі рөлі жүріп тұр. Бірақ бір елдің академиктерімен сол мемлекеттің ғылыми өресі, ғылымының даму деңгейі өлшенетінін қайда қоямыз? Ғылыми өмірінде ауыз толтырып айтарлық жаңалық ашпаған, тіпті ғылым докторын дайындамаған адамның академик болуы ел ғылымының беделіне орасан зор нұқсан келтіретінін неге ұмытамыз?

Мәселен, «плагиат» деген ұғымды кеңестер заманында естімейтін едік. Ал тәуелсіздік алған кезеңде плагиат десең, сөз министрге де, ректорға да тиетін болды. Белгілі лауазымдағы шенеуніктердің, ғалымдардың балалары көзді ашып-жұмғанша академик болып шыға келеді. Облыс әкімдері, парламент депутаттарының арасында да ғылыми дәрежеге ие болғандар көбейді. Ғалымдардың жетістігі өндірісте көзге көрінбейді. Есесіне біздің елде саны бар да, сапасы белгісіз академиктер өріп жүр, іштерінен әлемге әйгілі оқымыстылар шықпаған. Мәселен, әйгілі Қаныш Сәтбаевтың, кезіндегі вирусолог-ғалым Бахия Атшабаровтың аты әлемдік ғылымда қалған. Бізде байлық туралы айту оңай да, интеллектуалдық мүмкіндігіміз жөнінде ауыз аша алмаймыз.

 

– «Байлық» дегеннен шығады, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру мәселесі көңіл толарлық жағдайда болмай тұрғанда, жекелеген адамдардың академик атануына налитын жөніміз бар ма?

– Иә, несін айтасыз, еліміз тәуелсіздік алған кезде енді орталыққа – Кремльге алақан жаймайтын ғылым мен білім мәселесі, денсаулық сақтау саласы көркейіп, өркендейді деген сенімде болдық. Бірақ кеңес үкіметінде денсаулық сақтау жүйесі жаман болған жоқ. Бәрі тегін еді – емделу де, білім алу да. Ал нарықтық экономика заманында реформа керек те шығар. Бірақ реформалау сылтауымен тұтас бір ғылымдар саласын тұралатып тастаудың реті қайсы еді?

Өзім еңбек еткен медицина саласы үшін жаным ауырады. Саланың басына келген министрлер екі-үш жыл сайын ауысқаннан оның нәтижесі өзгерген жоқ. Әркімнің өзінше жасаған реформасы мен өзгерісі қағаз жүзінде ғана қалуда. Керісінше, кеңестік заманда ғылыми тұрғыда да, тәжірибе жүзінде де ұмтылыс, ізденістер мол еді. Бүгінде ғылыми-зерттеу институттарына бюджеттен азын-аулақ қана қаржы бөлінеді. Жастардың ғылыммен айналысуға материалдық мүмкіндігі жоқ. Орта есептегі 60–70 мың теңге айлық отбасын асырау түгілі, өзінің жол-пұлы мен түскі ас-суына да жетпейтіні белгілі. Ғылым да, ғалым да тоқырап тұратын заманға тап боламыз деп кім ойлаған? Әрине, көпке топырақ шашуға болмас, жеке өзінің қаражатымен ізденіп, тәжірибе жинақтап, жаңалығын ғылымға енгізіп жатқан азын-аулақ азаматтардың ерлігі ерен. Медицина саласының мамандары тек қана күнкөрісі үшін ғана еңбек ететіне жаның ауырады.

 

– Сіз еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері бала мен ана денсаулығы мәселесі бойынша дабыл қағып, жоғарғы билікке хат жолдаудан танбаған дәрігерсіз. Сол әрекетіңізден шыққан нәтиже болды ма?

– Нәтиже болған-болмағанына мен баға бермей-ақ қояйын. Тек дәлел келтірейін – бағасын оқырман бере жатар. Еліміздегі әйелдердің денсаулығы өте төмен деңгейде. Дені сау анадан дені сау бала туады. Егер бүгінде ауылды жердің тұрғындары елдегі жалпы халықтың 45 пайызға жуығы десек, аудан мен облыс орталықтарына, ірі қалалардағы ауруханаларға келіп түсетін науқастардың басым бөлігін құрайтындар осы алыс ауылдағы ағайындар.

Қазір еліміздегі ана мен баланың денсаулығы сын көтермейді. Мұның бір себебін әлеуметтік жағдаймен байланыстырар едім. Әсіресе қазақтар көп шоғырланған өңірлердің тұрмысы нашарлау көрінеді. Ана мен бала өлімі азайып келе жатыр деп жалаң статистика беруден аспаймыз. Ал ауыл-аймақтардағы ана мен баланы дәрігерлік қамту мәселесі кеңестер заманындағы деңгейдің маңына да жуықтамайды. Жалған ақпарат жарға жығады, бұл ұрпағымыздың келешегіне зиян. Ұлт саулығын, оның болашағын ойлаған ел олай етпесе керек-ті. Ауылды жерлерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жоқ болғаннан кейін, өмірге бала әкелетін ананың денсаулығы да төмен. Бала туу жасындағы әйелдерде қан аздық, дәрумен жетіспеушілігі көп. Бұл дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі. Ет жемеген, жеміс-жидек көрмеген адамның денсаулығы қайдан оңсын?! Ана ауру болғаннан кейін, бала да іштен ауру болып туады.

Түсік тастау, баланың шала тууы, жатырынан қан кетіп, қансыраған аналардың жағдайы түзелді деген ресми дерек болса, маған көрсетіңізші. Болған күннің өзінде олар жаңсақ дерек дер едім. Мәселен, жаңа туған сәбидің өлімі Қазақстанда 15 пайыз болса, Ресейде – 10, Украинада – 8, Белоруссияда – 5 пайыз ғана екен.

Сөйте тұра, ТМД елдерінде медициналық жоғары оқу орындарындағы педиатрия факультетін тек біздің елімізде ғана жапты. Украина, Қырғызстан, Беларусьте де жауып еді, екі жылдан соң қайта ашты. Ал Ресей мен Өзбекстанда тек қана педиатрлар дайындайтын медициналық институттар бар. Міне, біздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі «табысымыз»! Мен зейнеткерлікке шықсам да, әлі күнге дейін әсіресе ауылды жерлердегі ана мен баланың денсаулығы үшін дабыл қағуымды тоқтатқан жоқпын.

 

– Ұрпақтың, ұлттың өсіп-өнуі, оның болашағы ана мен баланың денсаулығына байланысты екені – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал осы жағдайда педиатрия саласының жабылып тынуы қандай мемлекеттік саясаттың салдары болмақ?

– Иә, бұл бір дүрмекке толы доғал саясат болғаны рас. Әйтеуір қоғамның қозғауымен дәрігерлік ЖОО-дарда педиатрия факультеттері қайтадан ашыла бастады. Көрші Ресейде 38 медициналық жоғары оқу орны бар, соның ешқайсысы да педиатрия факультетін жапқан жоқ.

Негізі дәрігер болу және оларды дайындау – өте қиын шаруа. Қазір дәрігер болу үшін 8–10 жыл оқиды. Ал жақсы дәрігер атану үшін өмір бойы еңбектену, тынбай іздену қажет. Өкініштісі сол – бізде қазір жалпы тәжірибедегі дәрігерлік факульттер ғана бар. Сол факультетті 4–5 жыл оқыған студент соңғы курстарда ғана педиатрия саласына маманданады. Ал бұрынғы жүйе бойынша, студент бірден педиатрия факультетіне баратын. Ал педиатрияның 26 түрі бар: осыны айналдырған екі-үш жылда меңгеріп кету мүмкін бе?!

Дәрігерлік биліктегі ірілі-ұсақ шенеуніктер шетелге барып келіп, солардан көрген-баққанын істегісі келеді. Оны бізге әкеліп бірден қондыра салу мүмкін бе? Мысалы, өркениетті елдерінің 100–150 жылдық тәжірибесі бар, балалар медицинасы әбден қалыптасқан. Еуропа қайда, біз қайдамыз?! Олардың елді мекендері де бір-біріне жақын орналасқан. Ал бізде, қазақ айтпақшы, «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыптының» кері келіп тұр! Елімізде дәл бүгін 6000 балалар дәрігері жетіспейді. Себебі бұрын медициналық жоғары оқу орындарының студенттері 6 жыл оқып, дәрігерлік мамандықты алып шығатын. Енді 8 жыл оқитын болды, содан кейін педиатр – тағы 2 жыл, хирург – 3 жыл оқиды. Он жыл оқып, институт бітірген маманға 45–50 мың теңге жалақы береді. Осының кесірінен дәрігерлер азайып кетті, көбі басқа салаларға кетіп қалады. Осы мәселені айтудан жалыққан емеспін. Президентке, үкіметке жаздық, үндеу де жолдадық. Жауап беріп, құлақ асқан пендені көрмедік. «Баяғы жартас – бір жартас» дегеннің кебін кидік.

 

– Дегенмен, еліміздегі дәрігерлік жағдай түзеледі, бәрі өркениетті елдер дәрежесіне жетеді деген арманыңыз да бар шығар, аға?

– Армансыз адам болмайды ғой… Медицина саласында жарты ғасыр қызмет етіп, ардагер деген атқа жетіп, сексен жасқа келгенде, Ғылым академиясына қатысты, атаққорлыққа ұрынғандар туралы өз пікірімді ашық айтсам, маған қарсы қиямпұрыс жауап іздеушілердің табылып қалуы да мүмкін. Басқа жағымпаздардан айырмашылығым – шындықты бетке айтамын. Елдің алдындағы арым таза, атақ пен даңққа, мансапқа бас ұрмадым. Ал елімді ойласам, әрине, арманым көп, соның орындалғанын көрсем деймін. Ең бастысы – қазақ халқының денсаулығы. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық…» деген. Халықтың денсаулығы мен экономиканы бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Қазір балалар ауруы, олардың өлім-жітімі көбейіп, мүгедек болғандардың да саны кемімей отыр. Елдің ертеңі кімдер? Міне, мен көзім жұмылғанша осы жағдайдың оңалғанын көрсем – арман жоқ.

 

– «ДАТ»-қа арнайы іздеп келіп, денсаулық сақтау, ғылым саласына қатысты ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет! Аман болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

About Zika1961