Home » Дат|Каз » ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ДІН

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ДІН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (391) от 12 июля 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 


Құр ғана сеніммен, ниетпен, шамалап болжаумен ілім дамымайды. Қазір ғылымның өз зерттеу әдісі мен құралы қалыптасқан заман. Олар небір жаңалықтар ашып, жұмбақтарды шешіп жатыр. Оның көкжиегі макро және микро әлемге кеңейе түсуде. Осы заманда оның функциясын дін догмасы шеңберінде ұстап тұру мүмкін емес. «Бәрін Жаратушы жаратқан» деген аксиомалық сөз – ғылымды дамыту тетігі емес. Ғылым әлдеқашан «қалай жаратқан» деген сұраққа жауап іздеуге көшкен.

Енді келіп, «ол құранда айтылған» дегенде – ол сөз жас ғалымды ғылымға бұрмайды, керісінше, адамды ғылымнан кетіп, құранды зерттеуге бұрып әкетеді. Яғни, адамды ғылым жолынан тайдырып, дін жолына әкеледі. Бұл діни эгоизм деп аталады, яғни, дін үшін ғылымды тәрк ету деген сөз. Өкінішке орай, бұл қазіргі жастар арасында жиі орын алатын құбылысқа айналды…

Сондықтан дін ғылымның ішкі ісіне араласпай, сырттан бақылағаны жөн. Ғылымның адамгершілік және имандылық жағына ғана баға беріп, ол туралы адамды, қоғамды ескертіп отыруы керек. Сонда ғана оның ғылыммен қатынасы дін үшін пайдалы болады. Болмаса, «құранда ол бар» деген болжам деңгейінен аса алмай, дін өзін дискредитациялайды, не өзіне үйлеспеген ғылымға қарсы болып, инквизицияға барады… Яғни, адамзат дамуының басты кедергісіне айналады…

Абдрашит БӘКІРҰЛЫ

 

 

АнекDAT

 

Бұрынғыларды «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды…» деп жырлайтын еді, қазіргілерді «Қазынаға қол салды, қол салғанда мол салды…» дейтін болдық…

Әділет Ыбырайдың ФБ-парақшасынан

 

 

 

Қытайлар бізге КҮЛІП ЖҮР

 

Елге бардым. Екіұдай сезіммен қайттым. Ауыл әлі жүдеу. Жылда барған сайын «Аудан қайтадан ашылатын болыпты» деп, өздерін өздері жұбатып отыратын нарынқолдықтар биыл олай демеді. Тағдырдың басқа салғанына көнгендері де… Күдерлерін үзгендері де…

Тиіп тұрған шекараның арғы бетіне қытайлар даңғыл жол салып, Нарынқолға тіреп қойыпты. Біз жақ үнсіз. Нарынқол арқылы қырғыз асатын халықаралық жол салынбақ болған екен. Жеме-жемге келгенде біздікілер тайқып шыққан. Ол салынса, өліп бара жатқан өңірге жан бітер ме еді…

…Біздің бала кезімізде Қытай жағынан бірді-екілі тоқал тамдар ғана көзге түсетін. Күлетінбіз. Қазір арғы бетте биік ғимараттар бой көтеріпті. Қызу өмір жүріп жатыр. Енді сол биік үйлерден қысық көздер бізге миығынан күліп тұрғандай көрінді маған…

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ

 

Мынау халықты алдау ЕМЕЙ – НЕМЕНЕ?

 

Президент өзінің жолдауында «зейнетақы 2016 қарағанда, 1 шілде 2017 жылы 20%-ке өседі» деді, бұны 1,5 жарым жылдан бері телеарналар да, БАҚ-тар да қайталауда.

 

Ал енді қалай өсті, есептелік. Мен ІІМ-нің І-ші топ мүгедегімін, 2016 жылғы базалық зейнетақым – 11 965 теңге, жәрдемақы – 40 690, арнаулы жәрдемақы – 3 181, барлығы: 11965+40690+3181= 55 836.

Базалық зейнетақы 1 қаңтар 2017 жылдан бастап, 12 802 теңге болды, жәрдемақы: 40690 х 7%2848, 40690+2848=43538 болды. Енді 1 шілдеден бастап, жәрдемақыны өсірген жоқ, 13 пайызға, керісінше базалық зейнетақыны 13 пайызға өсірді, 12802х 13%=1664 т. 12802+1664=14446. Барлығы: 43538+14446+3381=61 385.

Салыстырайық: 2016 жыл – 55 836, 2017 жыл – 61 385. Жалпы өсім 61 385 – 55836 = 5549 . Пайызға шақсақ: 9,9%. Ал, бізге 20%-ға өсіреміз деген…

Санат СҮГІРӘЛІ

 

 

 

БИЛІКТІҢ ҚОЛЫНА «СУ ҚҰЙМАЙЫҚ»

 

Кеңес кезінде қазақ қоғамында Ұлттық Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының беделі өте жоғары еді. Бұл екі құрылымның басшылары түгілі, мүшелері де кез-келген билік құрылымына сөзін өткізіп, айтқанын істете алатын.

 

Кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа мұндай «кедергілер» қажет болмады. Ұлттық Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы оның абсолютті билігіне тежеу болды.

Сондықтан да ол Ұлттық Ғылым академиясын таратып, академиктерді өзі тағайындайтын университеттердің басшыларына тәуелді етіп қойды және әр университетке бір-екіден шашырап кетті.

Ал Қазақстан Жазушылар одағын қоғамдық бірлестік дәрежесіне түсіріп, ақын-жазушыларды бір-біріне айдап салды. Бірін-бірі жамандап, бірінің үстінен екіншісі арыз жазудан қолы тимеген ақын-жазушылар қоғам өмірінен тыс қалды.

Сөйтіп, қазір ҰҒА мен ҚЖО туралы кейінгі жастар білмейтін де болды. Соның нәтижесінде зиялы қауымның қоғам тағдырына алаңдауға, үн шығаруға мүмкіндігі жойылды. Оның орнын бүгінде Назарбаев мәңгілік басқаратын Қазақстан халқы ассамблеясы басты.

Белсенділерді жамандап, қаралап, бір-біріне айдап салып, өзімен өзін қырлыстырып қою бұрыннан келе жатқан биліктің амалы. Оны біреулер түсінбей, сөзге еріп істесе, біреулер түсіне тұра, әдейі жасауы да мүмкін.

Президентке қарсы болып отырып, оған көмектеспейік. Сондықтан, әр мәселеге барынша терең қарап, биліктің «қолына су құймауға» тырысайық.

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ

 

 

 

АРАБ ПЕН ҚАЗАҚТЫҢ қайсысы көбірек мұсылман?

 

Менің араб болғысы келген қазақтарға айтарым бар. Біріншіден, олар Исламға дейін азғын, надан халық болды. Оларды жөнге салған – Ислам діні. Ал біздің бабаларымыздың Исламға дейін адамзатты тәрбиелейтіндей даналығы болды. Әлемдік деңгейде айтып кеткен даналықтары да жетерлік. Ислам дінін кеш қабылдаса да, өзінің ұлттық құндылықтарымен үндес, Ұлы Дала рухымен үйлескен асыл дінімізді таза ұстағандар да біздің бабаларымыз. Кеңестер тұсындағы атеизмді есептемегенде, біздің халқымыздың арасынан көптеген ғұламалар, әулие-әмбиелер шықты. Қазақ даласына Ислам нұрын таратқан қасиетті адамдар да көп болды.

Бүгінгі арабтардың құндылықтары қандай? Олар осы күнге дейін қыз бала мен әйелді адам қатарына қоспайды. Қыз баланы болашақ Ана, ал әйелді балаларының анасы, ал кейуананы – ұлттың анасы ретінде қабылдаймайды. Бұл кемшілік олардың қанында бар нәрсе. Арабтар Исламға дейін қыз балаларын тірілей көміп, өлтіріп отырған. Сонда ұрпағының анасы кім болады деп ойлауды білмеген. Міне надандықтың шегі. Бұл күндері Біріккен Араб Эмираты ақыр заманның бүкіл белгілерін қолдан жасап отыр.

Аспанмен таласқан үйлер, әжетханаларына дейін алтынмен аптау, көліктерін алтынмен қаптау, тойларына жезөкшелерді шақырып, тоңқаңдатып, бұраңдатып, жатып, тұрғызып билету, билеп жатқан жезөкшенің үстіне бұрқыратып, ақша шашу, тойларында қолдарына автомат алып, жөнсіз масайрап, ауаға атқылау – бұның бәрі олардың тұрмысына сіңіп кеткен. Бұл көріністердің азғындық түрлері – олардың тұрмыс салты. Неше ғасырдан келе жатқан.

Ал салыстырыңыздар – кім шын мұсылман?

Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА

 

 

 

БОС «ПОНТ» кімге керек?

 

Кеше АҚШ елшілігінің шақыруымен ЭКСПО-ға бардым, бірнеше павильондарды аралап шықтым. Не дейін?

 

Үлкен ғимараттар салынды, өте үлкен. Бірақ олар көрмеден кейін кімге керек болады? Павильондардың ішкі заттарын елдердің бәрі үш айдан кейін өзімен алып кетеді ғой? Сонда бұл ғажап үлкен ғимараттарды қыс бойы кім жылытып тұрады және кімнің есебінен?

Сосын, менің ойымша, бұл ғимараттарға 2-5 млрд долл кетпеді-ау, әрі кетсе 100 млн долл. Қалған қаражат қайда кетті – кім білсін?

МЕГА-ның іші жарқырап тұр, жап-жаңа ғой. Бірақ ЭКСПО болсын, МЕГА болсын, халықтың зейнетақы қорын бұларға жұмсау бұрыс деп есептеймін. Бұндай бос шығын жасаудың орнына қаншама ауылдарға ішетін таза су жеткізуге болар еді, интернет, жол, қаншама ауру адамдарға операция жасауға болар еді… Бос «понт», бос әрекет, меніңше.

Шет елдерден өз еркімен арнайы көрмеге келген қонақтарды көрмедім. Осы күндері 1 млн адам ЭКСПО-ны барып көрді деген мәліметке өз басым сенбеймін. Ал ауылдан келген халық мәз – ол рас. Бірақ олар бұл көрменің басқа – қаражат жағын біле бермейді ғой…

Мұхтар ТАЙЖАН

 

 

 

НАТО Украинаға КЕЛДІ

 

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг 2 күндік сапармен Украинада жүр. Бүгін Киевте, АҚШ елшілігінің жанынан НАТО-ның Украинадағы өкілдігі ашылыпты.

 

Мұның ерекшелігі – бұрын-соңды мұндай өкілдік НАТО-ға мүше елдердің бірде-бірінде ашылмапты. Бұл НАТО-ның Украинамен әріптестігіне қаншама маңыз беріп отырғандығын білдірсе керек. Өкілдіктің ішінде НАТО-мен байланыс офисі жұмыс жасайды және альянстың Құжаттау және информация Орталығы ашылатын болды.

Украина НАТО-ға мүшелікке өтуге әзірге тапсырыс бермейді (оны 2020 жылға жоспарлап отыр), алдымен экономикалық реформаларды жолға қоюға басымдық беріледі, бірақ НАТО-ға мүшелік бағытындағы жұмыстар өз кезегімен жүре беретін болады.

Әңгіме ең алдымен оның стандарттарына сәйкес келу бағытындағы шаралар кешенін жүзеге асыру туралы болып отыр. Осы бағыттағы «Жол картасын» жасау жөнінде келіссөздер басталатындығы Порошенко мен Столтенберг кездесуінің қорытындысында мәлімделді. Бұған Мәскеудің де реакциясы белгілі болды – олар қатты алаңдаулы екен.

Сондай-ақ, УҚК тарапынан, олардың мұны аяқсыз қалдырмауы мүмкін екендігі, мүмкін болатын террорлық әрекеттердің орын алуына жол бермеу бағытында жұмыстар күшейтілетіні белгілі болды.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

About Zika1961