Home » Дат|Каз » Уақыт уыты

Уақыт уыты

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.

 

Желідегі жазбалар

 

 

 


Ресми ақпарға сүйенсек, егемендік алған 26 жылда Қазақстан экономикасы 10 есе, кейбір деректер бойынша, 20-30 есе өсіпті. Керемет-ақ! Тек сол сансыз байлықты өз басында кім сезінді? Мәселен, өзім 1991 жылы мектептегі жарты ставкадағы жалақыма үш қой сатып алуға мұршам болатын. Қазір университеттегі толық ставкадағы жалақым баяғы сол қойға да жетпейді (нан, сүт, күріш, т.б. үшін сол бағам).

Сұрақ біреу ғана: сонда дамып, байыған кім?

• Расул Жұмалының ФБ-парақшасынан

 

 

ЭКСПО ТУРАЛЫ ЭКСКУРС ПІКІР

 

Бір кездері дүниежүзілік ЭКСПО-лардың тарихы туралы үш кітап аударғаным бар. Көрмелердің мән-жайын, онда не болып, не қойғанынан, келген халықтың нені тамашалып, осындай шараны өткізген елдердің және оған қатысқан жұрттардың келушілерді немен тамсандырып, нендей дүниелермен тәнті еткендігінен біршама мағлұмат білетіндіктен бе, әйтеуір ЭКСПО маған айтарлықтай әсер қалдырмады.

 

Біріншіден, көрменің ана шетінен мына шетіне жетудің өзі бір ақырзаман екен. Біраз елдерде ЭКСПО үшін арнайы монорельсті жолдар салынғанынан хабардар едім. Ішімнен әттеген-ай дегеннен басқа шара болмады. Әсіресе үлкен кісілер мен мүгедек жандарға өте қиын екен.

Сосын… Ақыры айттым ғой енді… ЭКСПО-ға келген елдердің көпшілігі бізді менсінбей, өтірік-өтірік дайындалып келе салған сияқты. Көп елдердің павильондарында көретіндей түк қызық жоқ. Көретін дүниенің барлығы мультимедиялық нұсқада дайындалып әкелінген.

Құдайым-ау, сол үшін оларға қыруар қаржы шығындап, павильон салып берудің қажеті қанша еді?! Оның барлығын ортаға дәәәәу бір телевизор (экран) қойып бере салса, содан-ақ көре беруге болатын еді ғой. Тіптен сол ақпараттың бәрін интернеттен-ақ көріп, мағлұмат алуға болатын еді. Франция мен Өзбекстан павильондарындағы шөппен, опилкамен жүреді деген мәшинелері де қаңырап құр тұр. Оның қалай жүретінін көрсетпеген соң… Обшым, барлығы көңілімнен онша шыққан жоқ. Ренжісеңіздер де сол. Баяғыда бірнәрсені айтып алып, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ақталушы едік қой. Сол енді…

Жанар ОРАЗЫМБЕТ

 

 

 

ҚАЗАҚ ЕСЕК МІНІП әлі де жүре берсін бе?

 


Кешқұрым далада серуендеп келіп, сағат 22.15-те теледидарды қосып қалсам, Қазақстан ұлттық арнасынан Әлгі кісі сөйлеп жатыр. Алдына екі журналисті отырғызып қойыпты. Біреуі Ринат Кертаев деген, екіншісі қыз бала (әлде әйел болуы мүмкін). Екеуі де мойындары ауырғанын сездірмейді-ау, себебі сөйлегендерінен бастарын шұлғи бергендері көп.

 

Сонда айтып жатыр Әлгі адам: «Халық «Нұрлы жолды» әлі түсінбей жатыр! Айтыңдаршы, қашан осындай жолдармен жүріп еді? Алматыдан Шымкентке әп-сәтте жетесің. Бурабай мен Астананың ортасындағы жол сияқты жолдармен», – дейді. Қызық! Мен айтар едім, қазақ xалқында ондай замандар болып па еді? Ресей империясының астында жүргенде қайдағы асфальт? Түйе мен жылқыға асфальт керек пе еді? Одан кейін – КСРО-ның қол асты. Ол кезде, орталық Мәскеу деген кезде, сенің қалааралық жолдарыңды не істесін? Мына Қазақстан ол кезде шикізат қоры болды ғой.

Ал содан «уф» деп, етек-жеңімізді жинағандай күйге түссек те, ұрлау-тонаумен 26 жылда сапасыз жолды әлдеқандай қылып, сөз етуге бола ма? Айтар едім, мысалға «керемет жол» деп, Германияның немесе Сингапурдің сапалы жолдары болса! Сондықтан міндетсінбей-ақ қояйық. Заман ағымымен жолдар төселуі тиіс! Әлде қазақ жол таңдамау үшін әлі де атпен, есекпен жүре берсін бе?..

Ринат РАФХАТ

 

 

АҚША ЖИНАУ МАУСЫМЫ БАСТАЛАДЫ…


 

Биыл екі баламды бірдей мектепке дейінгі дайындыққа бермекпін. Мектептегілер балаға қажетті құжаттардың тізімін жасап, соларды түгелдей жиып келуімді айтып, қолыма бір жапырақ қағаз ұстата салды. Баланың туу туралы куәлігі, медкартасы, мекен-жай туралы анықтамасы, концтауарлар… Он дана файл, регистр, қалың дәптер, 36 беттік дәптер, тағы басқасы. Әр балаға бір-біреуден алғанда, өзі жұмыссыз отырған адамның қалтасына әжептеуір салмақ салады екен.

 

Оны қойшы. Сұратқанын түгел жиып апарып берсем, әлгі пәлен теңгеге сатып алғанымды жаратпай тастады. «Біз мұндай сұратпадық. Сіз бірінші сыныпқа қажетті заттарды әкеліп қойыпсыз, мыналарды әкеліңіз» деп, тағы да қолыма ұзын сонар тізімді ұстатты. Маған алғашқы берген тізімін байқамай шатастырып беріп қойған екен. Тізімдегі жазылғанның бәрінің бағасы удай.

Мұғалімдер бөлмесінде отырғанымда бір мұғалім тұрып, «мықтылардың балаларын жақсы мұғалімге оқытады. Ал танысыңыз болмаса, жай білімсіз мұғалімге оқытады» деді. «Сонда сендерде білімсіз мұғалімдер де жұмыс жасай ма?» дедім. Өз сөздеріне өздері жауап бере алмай, қызарақтап қалды. Мектеп мұғалімдері өзі-өздерін осылай деп отырса, басқа жұрт не айтпақ.

Жұрттың айтуы бойынша, шаршауым әлі алда екен. Болатынға да, болмайтынға да ақша жия береді-міс. Ақша бермеген ата-ананың балаларының бағасын төмендетіп, оларды шеттететін көрінеді. Балаңның мектептегі абыройы үшін өзің-ақ сұратқан ақшасын апарып береді екенсің. Баяғы біздің мектепке барған кезіміз есіме түсіп отыр. Шашымызға екі бантикті тағып, метркемізді қолымызға ұстатып, мектепке жетектеп апара салған. Ешқандай да ақшаға шығынданбапты. Жыл соңында ғана ремонтқа деп бір-ақ рет ақша жинайтын. Қазір оқу бөлімі құтырды ма, әлде оларды ақшалы ата-аналар құтыртты ма – білмеймін.

Қысқасы, ақшаң болмаса, мектептен де дұрыс білім ала алмайтыныңды түсіндім. Болатын баланың бетін қақпа, белін бу деген бар емес пе? Мыналар мына түрімен ақшасы жоқ, бірақ оқып тұрған баланы қарадай жасытып жіберетін сияқты. Жақсы бағаның бәрін бай балаларына қойып бере берсе, солай болмағанда қайтсін?

Салтанат АБЫЛБЕКОВА

 

 

НЕ ДЕРІМДІ БІЛМЕДІМ…

 

Биыл жазда Германия, Австрия мен Италияны жалғыз ұлымен шарлап шыққан шешем немістің тақтайдай жолдары мен жолаушылар үшін жасалған әлеуметтік орындарын, тау бөктерлерінде қыздың жүгіндей тізіліп тұрған австриялық шағын қалалардың тазалығын, италиялық ауылдарға шейін тартылған инфрақұрылым мен демалыс орындарын; бейбіт, көңілді, ақжарқын жергілікті халқын көріп, тамсанумен болды. Шағын ғана Чехияның өзі бұрынғы социалистік кейпін біржола тәрк етіп, Батыс Еуропа елдерін қуып жетуге жуық қалғанын айтып отырды.

Сосын жолай Зальцбург маңындағы бір қонақ үйге түсіп, дамылдап жатқанымызда, балконнан сыртқа қарап тұрып: «Батыс Еуропаның не бір қаласында, не бір ауылында өз халқына осыншама керемет жағдай жасаған іскер ел басшыларының бірде-біреуінің алып суреті (билборды) көрінбейді. Неге?» – деп сұрады.

Бажайлап, бетіне қарасам, сарказмның табы жоқ екен. Тек мұң бар. Не деп жауап берерімді білмедім.

Ғалым БОҚАШ

 

 

БІЗ ӨЗІМІЗ КІНӘЛІМІЗ!

 

Әлемде қазақтай орысқа оң қабақпен, тіпті сый-құрметпен қарайтын кең пейіл, ақкөңіл халық жоқ. Бірақ онысынан оңған, пайда тапқан қазақ тағы жоқ. Қазақ тілі жайлы, ол іс жүзінде толыққанды мемлекеттік тілге айналмай, қазақтың еңсесі көтерілмейтіні жайлы жазсаң болды, орыс газеттері өзіңді жазықты етіп шыға келеді. Неге?

Бірінші себеп, адам негізіне тартпай тұрмайды – біздегі орыстардың көбі отаршылдар мен тыңды көтеру кезінде қаптап келген қылмыскерлердің ұрпағы. Екінші және басты себеп – олар 300 жыл Алтын Орданың, яғни біздің бабаларымыздың қол астында болғанын кешіре алмайды, қазақ десе, қанындағы ақпарат қайнап шыға келеді…

Бірақ ол үшін оны кінәлауға болмайды, орыс орыстығын істеуге тиіс, қазақтығын істей алмай жүрген қазақ – біз өзіміз кінәліміз. Дәлірегі – жалтақ, бес күнгі өзінің жанына жайлы өмірі үшін, қазақ ұлтының болашағына балта шауып отырған орыстілді, орысқұл билігіміз кінәлі. Төмендегі қарапайым, қалың халықтың кінәсі, яғни сіз бен біздің кінәміз – асықпайық, уақыты келер, алдымен экономиканы көтеріп алайық деген жаңсақ ұғыммен жүргеніміз. Ұлттық негізгі мәселелерді шешпей, ұлттың, яғни мемлекеттің мәселелерін шеше алмайтынымызға мән бермей, бірікпей, тізе қосып қимылдай алмай жүргеніміз кінәлі.

Өмірзақ
АҚЖІГІТ

 

 

 

ПАРА беріп ұсталсаң, БЕРІП ШЫҒАСЫҢ…


 

Кентауға келгелі бері көңіліме қаяу түсірген нәрсе – жастардың ағылып, Кореяға жұмысқа кетіп жатқаны. Қаланың тазалығы, құрылыс нысандары, т.б. дүниелер көзіме түрпідей тиген соң, біраз шенеуніктің миын шіріттім-ау…

 

Ал жастардың жақсы өмірді аңсап, көп жалақы іздеп, жағдайын дұрыстап алғысы келетіні жақсы ғой. Алайда біздің, әсіресе Оңтүстік жастарының қиналатын тұстары көп екен. Химия пәнінің мұғалімі деген дипломы бар алыс туысымның сөзіне сенсем, ЖОО-нын бітіріп, жұмысқа кірейін десе, пара сұрайды екен. Сосын қайтсін, дипломын құшақтап, туған қаласынан безініп, парасыз жұмысқа кірудің жолдарын іздейді… Біраз таныстарға да телефон соғып, жұмыссыз жүрген жақындарға бос орын іздеп көрдім. Текке кетті уақытым…

«Балық басынан шіриді» деп, билік пен ондағы атқамінерлерді кінәлаймын. Сезгенім – қолына биліктің тізгінін ұстаған көп шенділерде жанашырлық, адами қасиет жоқ екен.

Бір ұққаным – қатаң заң керек. Пара беріп ұсталсаң, пара беріп, сот залынан шығарып жіберу дегенді доғару керек. Айта берсең, жүрегің мен аузыңды шаршататын мәселе көп… Шенеуніктерге звондаймын деп қол да шаршады…

Салтанат ӘШІРБАЙ

About Zika1961