Home » Дат|Каз » ТЕҢГЕНІҢ ТЕҢСЕЛІСІ қоғамдық теңселіс тудырмай ма?

ТЕҢГЕНІҢ ТЕҢСЕЛІСІ қоғамдық теңселіс тудырмай ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.

 

Қатер қайдан демеңіз


 

Біздің елде адамдар, әсіресе қазақтар өздерінің уақытша тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілігі үшін көбінесе банктен несие алуға барады. Олар банкінің жоғары үстем пайызына көніп, тәуекел ретінде қатерге бас тігеді. Банкілік несиеге жүгіну қандай қажеттіліктен туады? Халықты банкілік несиеге мұқтаж етіп қою – мемлекеттік саясаттың мақсаты ма?

 

Әдетте қаржы опперациясы барлық жерде қатерлі іс-әрекетпен басталады. Қарызға кіріп, банктен ақша алған қазақ ойланбастан той жасап, көлік алып, баласының оқу ақысын төлеп және т.б. несие ақшаны аса қажетсіз шығындарға жұмсайды. Бұл жерде ескеретін ең маңызды жәйт – банкілік несие ешқандай табыс көзі бола алмайды. Бұл – бір жыртықты екінші бір жамаумен жасқап қою ғана. Себебі тұрмыстық қажеттілікке алынған несие әдеуметтік мәселені шешпейді, керісінше, ушықтырып жібереді.

Өйткені біздің елде теңгенің құны әлсіз, ол әлемдік құнды қағаз нарығы – АҚШ долларына тәуелді түрде құбылмалы бағытта өмір сүреді. Өкінішке орай, бүгінгі күні теңгенің кредиттік бағытына қорғаныш болатын, «кепілдік қоғамдық даму» орталықтары жоқ. Ал АҚШ долларының құдіреті, керісінше, – кеңістік пен уақыт жағынан қаржы саясатында биржа мен сауда бағытын өз қолдарына алған. Ал бізде теңге өзіміздікі болғанымен, уақыт бөлек, оған билік жүргізе алмаймыз. Теңге уақыт құрбаны ретінде құнсыздануда. Оның ертеңгі ел экономикасын белгілі деңгейде ұстап тұруы қиын.

Қазір әлемдік саясатта ақшадан уақыт құны жоғары бағаланады. Соған қарай қаржы кеңістігі ақыл-ойдың ғылыми кибернетикалық жылдамдық жүйесімен дамуда. Күнделікті әлемде жасалып жатқан қаржы операцияларынан басқа «комбинациялық амалдар тұзағы» адам жанын түршіктіреді. Оның қасында қағаз ақша қарапайым құрал ғана, келісім болмай тұрып, құрбандық дайын. Соның бірі – өзінің сыңаржақ саясаты салдарынан қаржылық қақпанға түсіп, экономикалық қысымға ұшыраған Ресей әлемдік қаржы шыңырауына құлаған «қара материя» секілді.

Біздің елде көбіне сауда құралы теңге ғана, оны күнделікті көпіртіп саудалаймыз, оның өзі де тұрақсыз, соған қарағанда банктердің «қаржы қапшығы» тесілген секілді, одан төгілген қаржы тұтынушы мен банк арасында қайтарымсыз өте үлкен соманы құрайды.

Енді бұл жағдайға кім кінәлі: несиені алған ба, жоқ әлде берген – банк жақ па? Бұл арада мойындайтын бір жәйт бар: еліміздегі банктердің даму қарқыны уақыт өткен сайын кенде қалып барады. Ертеңгі күні банктерде серпілу саясаты жүрмеген жағдайда экономикалық бәсекеге жауап беруі қиындап, төл теңге бағамы АҚШ ақшасына шаққанда 350-ден 400-ге баруы мүмкін. Себебі сауда-саттық нарығында теңгенің құны тым әлсіз. Теңге –экономиканың негізі емес, алып-сату құралы – спекуляцияға ұшырады. Қауқарсыз теңгенің өлмеуі үшін, банктер оны үстемемен айналымға беруде.

Ал банктер теңгені жоғары пайызбен қашанға дейін елге бере бермек? Бермеске тағы да болмайды: табыс көзін құрамаған теңгені бәрібір инфляция жеп жатыр. Инфляция қарқынына төтеп беру үшін жасалған бұл әрекет тек көңілді алдау шарасы ғана. Банктердің қомағайлығы салдарынан нарыққа түскен құнсыз ақша инфляцияны ушықтырғаннан басқа тегеурін таныта алмауда. Үстемемен пайда табудың бұл саясаты түптеп келгенде экономиканың өріс жолын жапты. Бұл – ақырында экономиканы ғана емес, тұтас қоғамды апатты жарылысқа әкелетін кері құбылыс.

Теңгені теңселткен бұл жағдайдың ушығуына АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы қосылды. Теңгенің «кіндігі» орыс рубліне байлануы себепті ол санкцияның зардаптары Қазақстан экономикасын да шарпып өтуі заңды құбылыс. Себебі теңге түгілі, біздің елдің тұтастай саяси-экономикалық «кіндігі» Еуразиялық экономикалық одаққа байланып қалған. Ал салынған санкцияның әсері күшейген сайын, ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық дағдарыс та ушыға түседі.

Осындай дағдарысты жағдайда қолдағы бар Ұлттық қор мен Зейнетақы қорына жинақталған қаржыны бюджеттің жыртығын жамауға жұмсау амалы арта түседі. Ал ел экономикасына инвестиция ретінде салынды деген желеумен жұмсалатын бұл қаражаттың қызығын тұтас қоғам емес, ат төбеліндей топ қана көреді. Өкініштісі сол – бұл қорлардағы қаржыны қоғаммен ортақтасып игеру – жалпы халыққа бұйырмай тұр. Өкінішке орай, қоғамда ондай қаржылық механизм жоқ. Егер Ұлттық қордан әр адамның үлесі айқындалса, халық өзіне тиесілі үлесінің бір бөлігін ұлттық экономикаға – айналымға салар еді. Әрине, екінші бір үлкен бөлігі депозиттік салымдар ретінде тағы да банктерді байыту құралына айналары сөзсіз. Бірақ бұның өзі де ел экономикасы үшін кері құбылыс болмас еді.

Түптеп келгенде, мемлекеттің солақай экономикалық саясаты салдарынан халықты Ұлттық қордағы үлесі арқылы жалпы экономикаға тарту мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұл – үлкен әділетсіздік. Ұлттық қорды «болашақ ұрпақтың үлесі» деген жалған желеуден құтқарып, оны халықтың қатысуы арқылы басқаруға беру керек. Одан Ұлттық қор жойылып кетпейді, халықтың экономикаға араласуы нәтижесінде оның дамуы жетіле түседі.

Егер біз Ұлттық қорды пайдалану тұрғысында осы талаптарға бармасақ, ертең ол «көлеңкелі экономиканың» ауқымын ұлғайта түседі. Шетелдік есепшоттарда жатқан немесе күмәнді инвестициялық жобаларға салынған Ұлттық қор қаржысы ел үшін ешқандай табыс көзін құрамайды. Зейнетақы қоры да түбінде осының аяғын құшады.

Біздің елдегі экономикалық саясат неге халықты айналып өтуге арналған? Мемлекеттің Ұлттық қоры, Зейнетақы қоры және де «Самұрық-Қазына» мен «Даму» қорлары – негізі «халықтық жалпы капитал» болып есептеледі. Егер осы қорлардан әр адамға теңдей етіп «өз үлесін» бөлсе, бұлардан қомақты қаржы құралады. Сол қаржыны игеріп, жұмыс істеу жолын жасап, қоғамның экономикалық қатынастары құралы ретінде пайдалансақ, елдегі әр адамда қаржы көзі болар еді. Ал бұл халықтық капитал экономиканың қозғаушы күші ретінде айналымға түссе, табыс көзін құрайды. Одан ел бюджетіне пайда түседі.

Қазір бәрі керісінше, нарықтан тыс айналымсыз қаржы бюджетке салынады да, одан жемқорлық туындап, қолында билігі барлар одан жеке пайда тапқысы келеді. Ал экономикадан тысқары жағдайда әркім өз күнін өзі көруде. Себебі ел экономикасында табыс көзі аз, ішкі бюджет тапшылығы басым, қаржы жетпейді, халықтық капитал секілді ортақ жүйелер іске қосылмаған.

Осының бәрі халықты қинап барады. Әлеуметтік-тұрмыстық проблемасы асқынған жұртшылық өз проблемасын үстемесі үлкен банкілік несиенің көмегімен шешкісі келеді. Кейбір деректерге қарағанда, елде екі миллионнан астам халық банкілік несиесін қайтара алмайтын жағдайға жеткен. Бұл халықтық дәрменсіздіктің салдары банктердің проблемасын арттыруда. Ал айналып келгенде, мұндай экономикалық және қаржылық құлдырау түбінде әлеуметтік-қоғамдық катаклизм тудырып, оның соңы саяси теңселістерге тап қылуы әбден мүмкін.

Бұл кімге керек? Егер қоғамда саяси-әлеуметтік теңселістер туа қалған жағдай болса, одан күйзеліс көретін – тағы да халық пен ел экономикасы. Бәлкім, өкіметтің басындағы әлдебір топтар үшін қоғамда осындай жасанды күйзелістің орын алуы қажет болып тұр ма?

Ержан ЖҮНІС

 

 

Біле жүріңіз

 

ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАМНЫҢ зейнетақы салымы қалай қайтарылады?

 


 

Зейнетақы жарнасын уақтылы аударып отырған кейбір адамдар зейнетке шықпай тұрып өмірден өтіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайда жиналған сома мұрагерлерге қайтарыла ма?

 

«Жеке зейнетақы қорындағы ақша салымшының жеке мүлкі болып табылады және ол сома салымшы өмірден өткен жағдайда да мерзімге қарамай, БЖЗҚ-да сақталатын болады. ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31, 32, 33-бабына сәйкес, азамат көз жұмған жағдайда жиналған сома толығымен заңнамада көрсетілген тәртіпте сәйкес мұраға қалады», — деп түсіндірді БЖЗҚ-ның БАҚ пен коммуникация бөлімінің бастығы Марина Акмаева.

Сонымен қатар қайғылы жағдай орын алып жатса да, салымшылардың зейнетақы жинағы мемлекеттің меншігіне өтіп кетпейтінін немесе мүлде құрып кетпейтінін де БЖЗҚ-да ескертіп өтті. Бұған қоса мұрагерлік процесінің қалай жүзеге асырылатыны мен зейнетақы сомасы туған-туыстар арасында қалай бөлінетіні туралы жауап берілді.

Зейнетақы аударымының мұрагерлігі өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Егер өсиет қалдырылмаған немесе ол өсиет барлық мұраны қамтымаса, барлығы заң бойынша таратылады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, құқықтық мирасқорлар жеті кезекке бөлінеді. Ең бірінші кезекте мұра заң бойынша тең үлеспен мұраға қалдырушының балаларына, асырап алған балаларына, әйелі мен әке-шешесіне табысталады. Екінші кезекте мұраға қалдырушының аға-бауырына, әпке-қарындасы (немесе сіңлісі) әжесі, атасы мен мұраға қалдырушының немересіне беріледі.

Мұрагерлер заң бойынша мұраға кезек тәртібі бойынша шақырылады. Мирасқорлардың әрбіреуі алдыңғы мұрагер жоқ болған жағдайда мұраны қабылдамаса немесе одан бас тартса ғана қаражатқа ие бола алады. Басқаша айтқанда, егер салымшы үйленбеген адам болса және оның әке-шешесі жоқ болса, онда оның зейнетақы аударымына екінші кезектегі туыстары (мәселен, ағасы немесе әпкесі) ие болады. Егер олар болмаған жағдайда үшінші кезектегілерге беріледі және т.с.с. Ал егер мұрагерлер бірнешеу болса, онда қайтыс болған адамның зейнетақы аударымы мұра туралы белгіленген құқықтың немесе мұраға қалған мүліктің келісім бөлігінің тәртібіне сәйкес болмаған жағдайда сот арқылы бөлінеді.

Stan.kz

About Zika1961