Home » Дат|Каз » «ҚҰСТАР ҚАЙҒЫСЫ» ҚАЛАЙ ЖЫРЛАНАДЫ?

«ҚҰСТАР ҚАЙҒЫСЫ» ҚАЛАЙ ЖЫРЛАНАДЫ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

 

Ойдан-қырдан

Байғазы


 

Өткен аптада «Ер Жәнібек» атындағы халықаралық қоғамдық қоры және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің Қытайда туған классик ақыны, жазушы, драматург Омарғазы Айтанұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

 

Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Жәркен Бөдешұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаммедханұлы, «Ер Жәнібек» ХҚҚ-ның президенті Жеңіс Түркия және ақын Мұрат Шаймаран кітаптың тұсауын кесті. Омарғазы Айтанұлының көзін көрген замандастары мен соңында қалған інілері ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында ой-пікірлерін бөлісіп, қызғылықты естеліктер айтты. Жиналғандар кітапты шығаруға қаржылай қамқорлық қылған «Kelun-Kazpharm» серіктестігіне алғыстарын білдірді. «Құстар қайғысын» қалың қазаққа жеткізген ұлтжанды азамат, «Ер Жәнібек» қорының президенті Жеңіс Түркияға ақынның туыстары алғыстарын жаудырып, иығына шапан жапты.

Мұндағы насихаты кенде қалғандықтан, Омарғазы ақынды білмейтін елдегі қазақтардың есіне салайық: Омарғазы Айтанұлы – 1931 жылы 20 қарашада бүгінгі Қытайдың қарамағындағы, бұрынғы қазақ жері – Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында туған. Орта мектепті үздік бітірген. 1957 жылы Шынжаң институтының әдебиет факультетін бітіріп шыққан талантты ақын «Шұғыла» журналына редактор болып тағайындалады.

Өкінішке қарай, Қытайдағы Мәдени төңкеріс науқанында әсіре қызыл саясаттың салдарынан 20 жылға жуық – 1959 жылдан 1978 жылға дейін жер аударылып, еңбек майданында қатаң бақылауда болған. Кейіннен еліне оралған соң, «Құс жолы», «Түйе», «Сәукеле» жыр жинақтары, «Аң шыдырын оқ табар», «Таразы» романдары жарыққа шығады. Омарғазы қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ұйқас өрімін қалыптастырып кеткен ақын. Ол 1992 жылы 26 сәуірде Үрімжіде қайтыс болды.

Қазақ жырының хас шеберлерінің бірі Омарғазы Айтанның «Құстар қайғысы» атты жыр жинағына ақынның әр жылдары жазылған ойы терең, бояуы келісті, сарыны өзгеше өлеңдері мен арыны асау, құлашы аса кең дастандары топтастырылған. Қазақ өлеңінің кеңістігін таңғажайып талантымен кеңейте білген ақынның туындылары талғампаз оқырмандарға арналған.

«D»

 


 

About Zika1961