Home » Дат|Каз » СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕЙІК! Жер алып, тіршілік ете жүріп, ЕЛ ШЕТІНЕ ИЕ БОЛАЙЫҚ!

СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕЙІК! Жер алып, тіршілік ете жүріп, ЕЛ ШЕТІНЕ ИЕ БОЛАЙЫҚ!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.

 

Геосаяси гәп


 

Бұл бос ұран емес: бұл – елдің солтүстік аймағын қазақтандыру қамына қарайлас сөз. Осы орайда кеше Қазақстан үкіметі елдің солтүстік облыстарына оңтүстіктің қазақтарын қоныстандырып, Ресеймен арадағы шекара аймақтарды нығайту мәселесін қарады. Қазақстан үкіметіне азаматтарды оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуда өңірлік квоталарды арттыру және ынталандыру бойынша бір айдың ішінде ұсыныстар енгізілуі керек, деп мәлім етті үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

 

Астарын аударып айтар болсақ, бұл жалаңаш қалған ел шетін нығайтудың Ұлттық бағдарламасы болуы керек. Осы ретте кеше үкімет отырысында үлкен сөз болды. «Бір ай мерзім ішінде еңбек, ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктеріне аймақ әкімдерімен бірлесіп, үкіметке оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуда өңірлік квоталарды арттыру және ынталандыру бойынша ұсыныстар енгізуді және қажет есептерін дайындауды тапсырамын», – деді кеше үкіметтің премьер-министрі Б. Сағынтаев үкімет отырысында.

Одан басқа, министрлер кабинетінің басшысы ұлттық экономика министріне, ауыл шаруашылық министріне әкімдермен бірлесіп бір ай ішінде халықты шағын кредиттермен қамтуды кеңейтуді, оның ішінде «Бизнес бастау» жобасы бойынша стартаптарды қаржыландыруды кеңейтуді тапсырды.

Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша «жұмыс күші тапшы» солтүстіктегі аймақтарға адамы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан мамандарды шақыру көзделген еді. Сол бағдарлама бойынша, шетелден келетін қандастарды да қосып, солтүстікке қоныстандыру басталды, деп жазады осы орайда Іnformburo.kz порталы.

Жуықта Павлодар облысында «Ұлы дала елі» атты этнофестиваль өткен болатын. Осы фестиваль аясында Алматы облысынан көшіп келген және көшіп келу үшін алдын ала жер қарап жүрген бір топты облыс әкімі қабылдады.

«Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен келген 17 отбасы Успенка және Шарбақты аудандарына орналасты. Бұл «атажұрттықтар» ұйымдастырған көштің үшінші легі. Осыдан екі ай бұрын Қытайдан келген 10 отбасы Успенка ауданының Волгина ауылына қоныстанған. 12 тамыз күні тағы да бес отбасының осы ауылға келгені белгілі болды. Облыс әкімі Бақауов Болаттың тапсырмасымен «атажұрттықтарға» облыс әкімінің орынбасары Бегентаев Мейрам тікелей қамқорлық жасайды.

Ресми деректерге қарағанда, Павлодардың кей аудандарында 12–13 мың ғана адам тұрады. Мысалы, Май ауданында – 12 мың, Успенка ауданында небәрі 14 мың халық бар. Көрші Ресей Федерациясымен шекарадағы кей ауылдар тіптен босап қалған.

 

Қазақстан Республикасының жаңа заң актілеріне сай шекарадағы ауылдарды қысқартуды шектегені белгілі. Дегенмен, адамсыз ауылдардың пайда болуы да облыс әкімшілігін тығырыққа тіреген. «Біз кез келген отбасын қабылдауға дайынбыз. Көшіп келген отбасы өзі таңдап, бір ауылдан үй сатып алуы керек. Ал біздің тараптан түрлі көмек, қаражаттар бөлініп, жер бөліп береміз және жұмыспен қамтылатын болады», – дейді Успенка ауданының әкімі Саламацкий Сергей.

Өз кезегінде Павлодар облысының өкілдері оңтүстік жақта үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Екі облыста өкілдік те ашып үлгерген. Алдағы 28–29 тамыз күндерінде Алматы облысына да бару қарастырылыпты.

Естеріңізге сала кетейік, үкімет шешімімен 2017 жылы 2700 отбасының қоныс аударуына квота бекітілген. Онда оңтүстіктегі және батыстағы облыстардан жеті өңірге (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс күші мен оралмандарды көшіру тетіктері нақтыланған болатын.

Көшіп келуге ниеті барлармен кездесуде облыс әкімі Болат Бақауов: «Біз заң шеңберінде көшіп келем деушілерге барлық көмекті жасаймыз», – деп мәлімдеді. Сонымен бірге облыс басшылары оралмандар мен көшіп келушілердің түрлі сұрақтарына жауап берді.

«Біз аудандағы әкімдік құзіретіндегі бос тұрған офистерді және басқа да орындарды төмен бағамен жалға беріп, жеке кәсіппен шұғылданушыларға жағдай жасаймыз», – дейді Шарбақты ауданының әкімі Ыбыраев Балғабай Жұмағұлұлы.

Көшіп келушілер үшін жер ешқандай конкурссыз, аукционсыз беріледі.

Солтүстік облыстарға көшіп келушілерге қандай көмектер жасалады?

Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Неғманованың айтуынша, көшуге субсидия – әр отбасына 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш (осыдан былай АЕК – 2017 жылға белгіленген мөлшері 2269 теңге) мөлшеріндегі бір реттік төлемақы, тұрғын үйді жалдау бойынша шығындарды өтеуге субсидия – әр отбасы үшін 12 ай бойы төленеді.

Егер отбасы мүшесі бір адам болса, 20 АЕК, екі-төрт адамға дейін 25 еселенген АЕК, бес және одан көп болғанда 30 еселенген АЕК мөлшерінде, егер ауылдық мекендерге қоныс аударса, 12 ай ішіндегі үй жалдау ақысы жеке-жеке, бір мүшесі бар отбасына 15 АЕК, екі-төрт мүшесі бар отбасына 18 АЕК, бестен артық мүшесі бар отбасына 20 АЕК мөлшерінде төленеді.

Әр отбасының кем дегенде бір мүшесі жұмысқа орналастырылады. Ауыл шаруашылығымен шұғылданатындарға жеткілікті түрде жер беріледі. Сатып алған үйі мен жерін қойып, жеке кәсіпкерлік үшін несие алуға да болады. Ол үшін ең абзалы өзара біріккен кәсіпкерлік корпоративтерін құру керек.

 

Солтүстікке көшіп келушілер не ұтады? Ең алдымен мемлекеттің көмегімен үй алады және жұмыс табады. Ал одан да маңыздысы – жерге ие болады. Адам саны өсенімен, жер үлкеймейтіні белгілі, жер бірнеше жылдан кейін берілмейді. Ал жер – әлемдегі ең тұрақты, әрі құны тек өсе беретін капитал. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра болып қалады. Ал инвестициялық жобамен келушілер Павлодар облысының шекаралық аудандарында базарлар салу арқылы да жұмыс орындарын аша алады.

Енді, бір жағынан, өзара топтасып келген қандастарымыздың мақсаты – бірлесіп корпоративтер құрып, жұмыс жасау. Осы арқылы ірі көлемді қаржыны, техниканы алуда қалтаға түсер салмақты азайтады. Екінші жағынан, облыстың демографиясын көтеретіні хақ. Бұл – босап қалған шекаралық өңірлерге жан кіргізеді. Сол арқылы өзара өндіріс те өседі.

Қысқартып айтқанда, «Елге ел келсе – құт» деген аталы сөз бар. Басымыз көбейіп, бауырымыз бүтін болсын десек, шекараны адамға толтырып, өндірісті нығайтуымыз керек. Ал ол – сенімді де сергек қоныс аударушылардың да оң жамбасына келер саясат.

 

Бет қатталып жатқанда

 

ТАҒЫ 36 ОТБАСЫ

солтүстікке көшті

 

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысынан 36 отбасы солтүстікке жолға шықты, деп хабарлады облыс әкімінің ресми сайты. Хабарда атап көрсетілгендей, олардың ішінде әзірге екі отбасы Ақтоғай ауданына қоныс аударуға барса, қалғандары ондағы жағдаймен танысып, мүмкіндіктерді қарастырып алмақ ниетте. Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны Сейдалы Әшірбаев осыдан бір ай бұрын аталған ауданға барып, ондағы тыныс-тіршілікті көзбен көріп қайтыпты. Тұрғынның айтуынша, аудан ауыл шаруашылығын дамытуға сұранып тұр. Ендігі жерде ол қолайлы ауа райы мен құнарлы жерді, сақадай сай техникаларды пайдаланып, егін егуді жоспарлап отыр.

Солтүстікке бет бұрған азаматтарды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев бастаған топ шығарып салды. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы 113 отбасы солтүстікке көшкен. Облыс тұрғындары еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудару шарасы аясында отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанады. Таңдалған Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барғандардың ішінде күнгей жұртының үлесі басым дейді басқарма мамандары. Олардың дені сонда ауыл шаруашылығы саласын түлетіп отыр.

Айта кетейік, облыстан солтүстік аймаққа көшуге ниет білдіргендер саны көбейіп келеді. Салаға жауаптылар қоныс аударған азаматтар алдымен баспанамен қамтылып, жұмысқа орналастырылады дейді. Биыл қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне айлық есептік көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.

ҚазТАГ

About Zika1961