Home » Дат|Каз » Сіз балаңызды сүндетке ОТЫРҒЫЗДЫҢЫЗ БА?

Сіз балаңызды сүндетке ОТЫРҒЫЗДЫҢЫЗ БА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №30 (394) от 24 августа 2017 г.

 

Дәстүрдің жақсысы бар…

 


 

Күз де келіп қалды. Алда – Құрбан айт. Оқу жылы да басталатын мезет келді. Ал сіз мектепке баратын балаңызды сүндетке отырғыздыңыз ба?

 

Сүндет – бұл киелі бабаларымыздан қалған, бұлжытпай орындалуға тиісті Ұлы өсиет. Ұлы бабаларымыз негізін салып кеткен тазалықтың, денсаулықтың қасиетті үлгісі болған бұл игі дәстүр қазір «Дін Исламның» негізгі шарттарының біріне айналған. Еркек кіндікті жас сәбилерді белсіздік дертінен сақтандыру мақсатында сүндетке отырғызуды міндетті түрде жүзеге асыру барлық мұсылмандар үшін қасиетті парыз болып саналады.

Ал халқымыздың әйел затында кездесетін бедеулік дертінің алдын алу үшін, сәби қыздардың құлағын тесіп, сырға тағу рәсім-дәстүрі кейінгі замандарда күллі ғаламшардағы әйел затының ажыраспас сәндік өміріне айналған. Ал «белсіздік жұты» соңғы рет Елтіріс Қаһан дәуірінде, Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) Ұлы Далаға шапқыншылық жасардан бұрын келіпті.

Ежелгі таным бойынша, ұрпақтың өсуі сүндеттен басталған. Қазіргі заманда «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқын құраған ел Алты Алаш аталып, Үш Жүзге бөлінген: 81 ата Арғындардың 6 Атасы, 317 Керейдің 40 ұлысы Абақ пен Ашамайлы (көпшілігі Қытайда мекендейді), қой құмалағынан көп Уақ пен қара ормандай қаптаған қалың Найманның алақан толмас аз бөлігі ғана, 92 Ордалы Қыпшақтың екі Ордасы Дәшті мен Шаштыдан тарағандары ғана, 90 Баулы Қоңыраттың екі бауы Көктіңұлы мен Көтенші (Көнтістіктен) тарағандары ғана қазіргі Қазақ халқының құрамына кіреді. Алты Алаштан тарағандардың қалған ұрпақтары түрлі жаугершілік замандарда басып алған жерлерінде қалып қойып, сол елдерге сіңіп, кейбірі індеттер мен жұттардан, түрлі дін тартыстары туындатқан азамат соғыстарынан қырылған. Ал қалғандары жан-жаққа ауып кетіп, бүкіл Жалпақтұмсықтағы (Евразия) басқа халықтарға сіңіп, тілден, ділден, діннен, салт-дәстүрден, бұлжытпай орындалуға тиісті рәсімдерден айырылып, тексіз болып кетеді…

 

Міне, өткен шежірелік (генетикалық) тарихатымыз осылай дейді. Ал енді алматылық әйелдердің қазіргі сүндетке отырғызуға қарсы көтеріп жүрген мәселесі шынында көптен бері көпшілікті, жалпы қоғамды толғандырып жүргендігі де белгілі. Ашық жария болмаса да, бұл мәселенің тұрмыс деңгейі, от басы, ошақ қасындағы әңгімелер тақырыбына айналғанына да біраз уақыт болды…

Неге? Себебі өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін республикамызда ер балаларды сүндетке отырғызуды өмірлік тәжірибелері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан баталы кісілер жүзеге асырып, бұл үрдіс бала тек 6 жастан асқан соң ғана орындалатын. Себебі бала 6-7 жасқа толған кезде ғана жыныс мүшесінің терісі өсіп, жетіліп, қалақшалы кертікті басынан ажырап, созылмалы кейіпке еніп үлгереді. (Кішкене ер балаларды үйге келген қонақтарға шейін: «Кәне, насыбайыңнан әкелші!», «Әптүшу!» деп, шүмегінің ұшындағы теріні ұстап, еркелету де оның қалақшадан ажырауын тездететін есті салт болған).

Кейінгі уақыттарда балаларымызды тіпті ерте, 1 жастан бастап (бұл кезде тері ажырамайды да, бала қатты қиналады), сүндетке отырғызуды табыс көзіне айналдырған хирургтар және кейбір шетелдерден келетін арнайы «бригадалар» атқаратын болды. Және де бұл «мамандар» мыңдаған жылдар бойғы орындалып келе жатқан ата-баба тәжірибелерін мансұқтап, сүндет кезінде балаға ауырсынуды сездірмейміз деген сылтаумен наркоз қолданады. Өсіп келе жатқан сәбилердің жыныс мүшесіне наркоз қолдануға мүлдем болмайды. Бұл мыңдаған микронерв жүйелері шоғырланған капилляр тамырларда жүруге тиісті қанның қатып қалуына себеп болып, оның соңы бұл тамырлардың мүлдем жойылып кетуіне әкеледі. Ал қалақша кертіктің айналасындағы терісін түгел алып тастау – шынында үлкен қылмыс! Дене бітімі қалыптаспаған, өсіп келе жатқан жас сәбидің жыныс мүшесінің ұшындағы терісін түгелге дерлік алып тастауы орны толмас өкінішке де әкеледі. Себебі 14 жасқа келгенше толысып, дамуға тиісті, өсіп келе жатқан жас жеткіншектің бұл маңызды органы созылмалы терінің жетіспеушілігінен өспей, әрі ержетіп үйленгеннен соң, жыныстық қатынас кезінде қозудың нәтижесінде бірнеше есе үлкеюге тиісті органның жұмысын мүлдем тежейді деген пікірлер қазір қоғамымызда берік қалыптасып та үлгеріпті…

 

Егер де бұл қауіпті күдігіміз расқа айналса, онда бұл хирург-дәрігерлердің біліксіздігін, керек десеңіз, қазаққа қарсы жасалып отырған қылмысы деп те бағалауға болады! Мұндай мамандардың білместігі жасөпірім ержетіп, үйленгеннен кейін, қалыңдық пен арадағы алғашқы түннен бастап жыныстық үйлесімділікке жете алмай, жастардың тез ажырасып кетуіне әкелетін әлеуметтік мәселелерді туындатпасына кім кепілдік бере алады? Мемлекет пен Отанымыздың іргетасы саналатын отбасыларды қалыптастыруға тиісті мұндай некелердің күйреуі қоғамға ешқашан да жақсылық әкелмейді… Оның үстіне арнайы дайындықтан өтпеген мұндай «мамандардың» білместігінен өткен жылдары балалардың жыныс мүшесінің терісін ажырата алмай, басын кесіп алу сияқты өте өкінішті бақытсыз жағдайлар ішінара болса да орын алды…

Және де назар аударатын тағы бір мәселе – егер де қалыңдық бұрын «бесік көрмей», «есік көрген», «пәктік пердесін» қайта жасатып алған «тәжірибелі қуаяқ» болса, онда бұл үрдіс одан да тез жүреді. Сондықтан да «Қызға қырық үйден тыйым!» деген ата дәстүр тәрбиесін де қолға алу керек-ақ! Пәктікті сақтау мен жыныстық тәрбие мектеп пен отбасыдан басталуы тиіс. Ал мемлекет тарапынан түрлі бақытсыздықтардың көзіне айналған түнгі клубтардың да жұмысын кешкі сағат 18.00-ден – 23.00-ге дейін шектеу қажет. Таң атқанша дем алмай елірген жастарымызды араққорлық пен нашақорлыққа бой ұрып, бұзылуға, жыныстық әлсіздікке әкелетін бұл ойын-сауық орындарының да зияны шаш-етектен. Бұл – біле білгенге адам құқығын шектеу емес, ұлтты сақтап қалудың жолы!

Ең бастысы – осы мақаламызға арқау болып отырған аса маңызды әлеуметтік, саяси мәселеге айналып бара жатқан бұл іске еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі араласып, сүндетке отырғызуды арнайы жан-жақты дайындықтан, аттестациядан өтіп, лицензия алған маман дәрігерлерге тапсыруды жүзеге асыру – күн тәртібіндегі басты маңызды мәселеге айналып отыр, ағайын!

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Шымкент шаһары

 


 

About Zika1961