Home » Дат|Каз » Шекаралық Нарынқол ауданы ҚАЙТАДАН ҚҰРЫЛАДЫ. Марқакөл мен Тарбағатай ше?

Шекаралық Нарынқол ауданы ҚАЙТАДАН ҚҰРЫЛАДЫ. Марқакөл мен Тарбағатай ше?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

 

Жақсы хабар


 

Кеше ҚазТАГ Алматы облысында жаңа аудан құрылатыны туралы хабар таратты. Бейсенбідегі облыстық маслихаттың отырысында үкіметке сәйкесінше ұсыныс беру туралы шешім қабылданған екен.

«Қазақстан Республикасының Үкіметіне Алматы облысының құрамында әкімшілік орталығы Нарынкөл ауылы болатын және Алматы облысы Райымбек ауданынан жер бөлу арқылы жалпы ауданы 711 937 гектар болатын жаңа аудан құру туралы ұсыныс берілсін», – делінген маслихаттың шешімінде.

Аталып өткендей, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жаңадан құрылған ауданға «Нарынкөл» атауын беру туралы республикаға ұсыныс жіберілген екен.

Дұрыс бопты! Ал енді өзгелерге өгей болған шекаралық Марқакөл және Тарбағатай (орталығы – Ақжар селосы, ШҚО) аудандары қашан қайтадан құрылады? Халқы үдере көшіп, көптеген ауылдары аңырап қалу алдында тұрған аудандарды қайтадан қалпына келтірсе, мемлекеттің бюджеті ортайып қалмасы кәдік. Ендеше, ШҚО әкімдігі мен мәcлихаты алматылық Амандық Баталовтың бастамасын іліп әкетуі тиіс-ақ!

«D»

 

Қазір жасыратыны жоқ, кезінде жабылып қалған шекаралық аудандардың ахуалына ел басшылығы көңіл бөлетін уақыт келді. Оның үстіне, қоғамда «Қытай мәселесі» қозып тұрған шақта, бұл аудандарды қайтадан түлету – ел тағдырына елеңдеген әрекет болар еді.

Несін айтасыз, Қытай жағы гүлденіп тұр, шекараны бойлай алып үйлер бой түзеген, жолды жасап, екі араға тіреп қойған. Қытайлардың мақсаты айқын: олар Нарынқол маңында бұрынғы, көне тарихи Құлжа жолын қайта жаңғыртпақ. Кезінде қытай мен қазақ арасын жалғаған бүгінгі Құлжа жолы Нарынқол арқылы өтетін асу еді. Осы жолдың бойында Нарынқол мен Кеген аралығы, Қарқара өзені бойында, Орта Азияға танымал «экономикалық аймақ» ретінде танылған Қарқара сауда-саттық аймағы болған. Қытай елі соны қайта қалпына келтірмек. Бұл «майлы жілік» Қорғас пен Жәркентті екі орап алады, пайданың көзі. Өйткені қатарлас қырғыз елі бар: үш елді қатар қамтып, ары қарай өзбек пен тәжікке тура тартатын төте дәліз Қарқара арқылы таралған. Тарихта аты қалған Қарқара жәрмеңкесі арқылы кезінде Рессей Верный қаласы мен Құлжадағы әскерін қаржыландырды.

Өкінішке қарай, сол дүркіреп кетейін деп тұрған мүмкіндікті пайдалана алмадық. Енді айдаһарға жем болғанша, онымен бәсекелесіп, ғаламдық нарық жағдайында бәсекелестік тудыруға талпыныс керек-ақ. Алып империялар арасындағы сауда-экономикалық қақтығыстарды Нарынқол сияқты шекаралық өткелдер мен дәліздер арқылы өз пайдамызға шешуге бел буатын кез келді.

Сол мүмкіндіктерді пайдалану барысында үкіметтің жәрдеміне сүйенген ауыл халқы өз жобаларын жүзеге асырып, игілікті істерді қоғамдық түрде қолға алса, көп нәрсе шешілер еді. Амал жоқ, әзірге Астана жақтан жәрдем болмаған соң, дәрменсіздік дерті шекаралық жұртшылықты меңдеп барады. Елге миллиондаған таза қаржы әкелетін аймақты босқа қор қылып отырмыз. Қазақ өзі істемейді, істегенді көре алмайтын құлдық сана-сезіммен өз қолымызды өзіміз байлап, өзгеге жалтақтап, күн кешуді әдетке айналдырған. Себебі жергілікті жерлер қазынаға байлаулы, өздерінің қаржы көзі жоқ.

Ал егер Нарынқол ауданы қайтадан құрылып, ол аймақ Құлжа жолы, Қарқара жәрмеңкесі және қырғыз елі арасындағы еркін экономикалық аймаққа айналғанда, жергілікті жер бірер жылдың ішінде дүр етіп, гүлдеп кетер еді. Нарынқол жұртшылығының осы талап-тілегі Астана мен Ақордаға жетер, бұл жанайқайды тыңдар құлақ табылар деп үміттенеміз.

Ержан ЖҮНІС,

Алматы облысы

About Zika1961