Home » Дат|Каз » ШАЛСЫЗ БА, АҚСАҚАЛСЫЗ БА?

ШАЛСЫЗ БА, АҚСАҚАЛСЫЗ БА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

Өңі айналған өмір

 


 

Мен жұмысқа өтетін көшеде күнде ертемен бір топ үлкен кісі қауқылдасып тұрады. Кешке жұмыстан қайтарда олар көлеңкеде карта ойнап отырады. Ұтысқа жылқы тігілгендей әжің-гүжің айқайлары анадайға естіліп жатады. Қастарынан өткен жұрт аталарға аларып қарағанмен, ештеңе демейді. Айта алмағандықтан емес, сақалы жоқ болғанымен, жылдар ізі қалған жүздері мен ақ бастарын іштей сыйлағандықтан… Өз пайымдауымша, бұл кісілер – кешегі совхоз деректірі, партком, басбух болған кездерінен әлі қиялында кете алмай, бірінен-бірі асып түскісі келіп, гүжілдесетін аталар.

 

Осындай аталардың тағы бір тобы – той-топыр, садақа-жиынның «құрметті қонақтары». «Пәленшеге неге бас, маған неге жамбас?» деген «бітпейтін дауды» бастап жіберіп, жетпіс жетінші бабасынан бастап, билері мен батырларын түгендеп, қарсыласын «қаңқ» еткізбей тоқтамайтын қызылкөз аталар.

«Біздің кезімізде…» деп бастап, жас кезінде өте салмақты, елге ардақты, еңбекқор, тәртіпті болғандарын қиял-ғажайып ертегісіндей майын тамызып айтып… «ертеден шапса, кешке озған, ылдидан шапса, төске озған», ешкімге дес те, сөз де бермейтін сөзшең аталар.

Жаңаның бәрін жаудай көретін, «өй, кәзіргілерді қой, адам азды ма, заман азды ма?» деп көздерін сығырайтып сынай қарайтын аталар.

«Немене менің еңбегім сіңбеп пе еді, ана пәленше жылдық тойға неге шақырмадыңдар?! Бір ат мінгізетін орындарың еді ғой» деп, баяғы еңбегін бұлдайтын аталар.

Көшеде жөнімен кетіп бара жатқан қарадомалақты тоқтатып, «кімнің баласысың, руың кім?» деп сұрап алып, «өй, әлгі мен деректір болғанда, май-май тракторист болған пәленшенің немересісің бе, өй, әкеңнің аузын…» деп құп-құттай баладан табан астында «дұшпан» жасап алатын аталар…

Әлхисса, классификациямызды осы жерден үзе тұрайық та, негізгі тақырыбымызға көшейік. Байқадыңыздар ма, әңгіме басталғалы «шал» деп те, «ақсақал» деп те атамадық, оған себеп те жоқ емес…

Соңғы кезде үлкен кісілердің (шал екенін, ақсақал екенін әңгімеміздің соңына қарай оқырман өзі танып алар) тағы бір ерекше тобы, ыңғайсыздау тобы пайда болды. Және жас ұлғайған сайын, дана болудың орнына шала болып бара жатқан топ.

Әкіммен кездесуге, есеп беру жиналыстарына бұл топ ерекше дайындалады. Көретін сый-сыяпатын көріп, қаңылтыр-салдырмақты кеудесіне тағып, қазақша айтқанда, «асарын асап, жасарын жасаған» кісіден елдің есті сөз күтері анық. Бірақ қыңқылдап, қырылысып жүріп сөз алатын атамыз: «Айналайын, Пәленше Түгеншеебич, сіз келгелі «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды». Ана сіздің алдыңызда болған Бірдеңе Сірдеңеебич елді құртып кетіп еді, оның кезінде су тартылып, аспаннан бұршақ жауып, масқара болып едік, сіз келіп көзіміз ашылды. Ал мен сізге бата берейін…» деп, жарты сағат сарнайды. Ұялғандар көзімен алдындағы креслоның арқасын шұқиды, ұялмағандар ду қол шапалақтайды. Атамызға жасыл шам жанып, бата берген «баласына» барғыштап жүріп, шаруаларын тындырады. Елдің сөзін айтып, естінің пәтуасын жасауға тиіс үлкен кісі үле-е-ен биіктен төменге топ ете түседі. Алайда оны оғашсынып жатқан ата жоқ, мен әкімнің өзімен «вәс-вәспін» дегенді көзімен танытып, қоқиланып жүреді. Бұл үлкен қалалардағы, облыс орталықтарындағы жағдай.

Енді осындай ахуал аудан, ауылдарда да қалыптаса бастады. Шағын ғана ауылдың тыныс-тірлігі әркімге өзінің бес саусағындай аян. Ано-оу үйдегі атаның баяғыда арақ ішіп, біреудің басын жарып қойып, сотталып келгені, мына бір үйдегі атаның дүкенде расстрат болғаны, әне бір атаның жұмыс істей алмай, шығып қалғаны… ауылдың көз алдында. Алайда аталар олай ойламайды. Енді олар – ақылгөй, дана. Өз ойларынша. Елдің, жұрттың жайын ойлап, бастары ауырып, балтыры сыздап жүргендей… Енді бір тобына іс басында отырған азаматтардың арасына іріткі салу – басты көзірлеріне айналған.

Әкімге жағыну, әкімді жағалау дейтін ауру белең алғаны былай тұрсын, өздеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мәселені әкімнің кездесуінде көтеру, сол арқылы ауылға, елге жаны ашыған болып көріну дағдылы дертке айналып барады. Қазір көпшілік бас қосқан жиында, мейлі ол әкімнің есебі болсын, мейлі ол алыстан келген лауазымды адаммен кездесу болсын, бір үлкен кісі тұрып: «Мына біздің бірдеңе деген мекемеде тәртіп жоқ, қызметкерлерінің алатын ақшасы аз, бастығы күн көрсетпейді» деген сыңайда әңгіме айтса… әрине, сырттан келген адам түк түсінбей: «Не деген елге жаны ашығыш адам?!» деп, таңдай қағуы мүмкін. Дана халқымыз «Өсетін елдің қарты – қазына, өспейтін елдің қарты – қазымыр» деп бекер айтпаса керек. Қазымыр болып бара жатқан жоқпыз ба?

Өзім өскен елде кешегі сексенінші жылдарға дейін бейсауыт сотталған адам болған жоқ: ауыл ақсақалдары елдің «телісі мен тентегін» өздері тезге салатын. Тіпті кейбір күйеуінен зәбір көрген жеңгелеріміз де ақсақалдарға шағым айтса, ағамыз әп-сәтте «смирный» боп шыға келетін. Отбасындағы әңгіме әңгір-гүңгір болатын шығар, бірақ сыртқа шықпайтын, елге жайылмайтын.

…Кейде сона-ау алыс қалған ауылдағы – Ырғыздың Нұрасындағы – көктемде қолдарына мылтық алып, ел-жұрттың малын күзетісетін, ауылды «су баспасын» деп, таң атқанша арық-жыраны тазалауға қатысып жүретін, совхоздың директорымен терезесі тең адамдай сөйлесіп, елдің барлық мәселесіне ат салысатын, сол кездің өзінде тасаттық беріп, наурызды тойлайтын Тұрмағанбет, Дости, Есен, Дөсекқара (есімі басқаша болуы мүмкін) дейтін ақсақалдар түсіме кіреді. Сағынатын шығармын…

Қазына қарттарды жікке бөліп, жіліктеген Баукең, Бауыржан Момышұлынан артық айта алмаспыз, тек сол анықтаманы үлкен кісілеріміз жиі оқып, жадында ұстаса ғой…

…Сіз кімсіз, ата? Шалсыз ба, ақсақалсыз ба?

 

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Ақтөбе қаласы

 

 

About Zika1961