Home » Апта аптығы » САРЫАҒАШ солтүстікке КӨШІП ЖАТЫР

САРЫАҒАШ солтүстікке КӨШІП ЖАТЫР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (401) от 12 октября 2017 г.

 

Апта аптығы

 


 

Қазағы қалың, халқы көп оңтүстік өңірінен еліміздің солтүстігіне бет алған көш әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан 21 отбасы теріскейге қоныс аударды. Олардың дені сол өңірде сұранысқа сай мамандық иелері.

 

Көшке ілескен 21 отбасы Дербісек ауылының тұрғындары. Бәрі бір-бірімен ағайын-туыс. Шаруаның жайын білетін 4-5 азамат бұған дейін солтүстіктің Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарына барып, жер жағдайын көріп қайтқан болатын. Сол сапарда біржола егін салатын жерін белгілеп, істейтін кәсібін де нақтылап келді. Енді бәрі жабылып, сонда өз алдына дербес кооператив құрғалы отыр. Ол үшін қарамақтарына 22 мың гектар егістік жер бөлініп берілді.

 

Орал ДОСЫМОВ, Дербісек ауылының тұрғыны:

«Кооперативті басқаратын жанымда білімді, Москваның Тимирязев институтын бітірген 4 жігіт бар. Алматының зооветін бітірген тағы үшеуі бар. 20 білімді жігіт бара жатыр менімен бірге. Солардың барлығы жанына 5–10 отбасыны әкетіп жатыр».

Бұл азаматтардың тәуекелге баруына мемлекеттік қолдау түрткі болды. Оның үстіне биыл көктемде солтүстіктегі бірнеше облыстың өкілдері осында еңбек жәрмеңкесін өткізді. 636 кәсіпорын түстік өңірдің азаматтарына 1 мың 785 бос жұмыс орнын ұсынды. Арнайы сапар ұйымдастырып, еңбек нарығындағы жағдайымен танысып келуіне жағдай жасады.

 

Мұхит ОТАРШИЕВ, облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:

«Басқарма тарапынан аудан, қалаларды аралап, жұмыспен қамту орталықтарында, бөлімдерде жиналыстар жүргізілді. Насихаттау жұмыстарының арқасында қазір 200–300-ге жақын отбасы көшуге қызығушылық білдіріп отыр».

Бүгінге дейін еліміздің теріскейіне оңтүстіктен 113 отбасы қоныс аударды. Бұл азаматтар қазір өңірдегі құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы мен медицина саласында еңбек етіп жатыр. Тағы біразы жеке кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетуге кіріскен. Енді олардың қатары сарыағаштық ағайынмен толыққалы жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Shymkenttv.k

 

 


 

About Zika1961