Home » Гвоздь номера » Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: «ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВСЫЗ ҚАЗАҚСТАН!» идеясын биліктегілерден басқаның бәрі қолдайтын болар

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: «ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВСЫЗ ҚАЗАҚСТАН!» идеясын биліктегілерден басқаның бәрі қолдайтын болар

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (407) от 23 ноября 2017 г.

ДАТ!

 


Әлеуметтік желіні қадағалап отырған, ел келешегіне алаң жұртшылық қоғам белсенділерінің, ұлт патриоттарының басы бірігіп, ортақ мақсат-мүдде жолында бір тудың астына жиналғанын қалайтыны көзі қарақтыға бірден байқалады. Біз де өз тарапымыздан осы мақсаттың жетегінде елдің алдында жүрген аға буынның өкілдерін іздеп, кеңес беріп, қолдау көрсететін азаматтардың пікіріне ден қойғанды жөн көрдік. Осы орайда «Жас Алаштан» кеткен (кетірген) Рысбек аға СӘРСЕНБАЙҰЛЫНА жолығып, біраз сауалдың буын шығару үшін, «ДАТ!» айдарының төріне шақырған едік.

 

 

Зейнеткерлік – шалқадан түсіп алып жату емес

 

– Рысбек аға, «Жас Алаш» газетінің бас редакторлығынан зейнет демалысына шыққан соң, сізді сұрайтын оқырмандар бар: «Бойында елге қызмет қылар күш-қуаты бар азамат қазір қандай тірлік істеп жүр?» дегендей…

– Мені еске алып, іздегендердің баршасына рахмет! Жеке өзіме телефон соғып, байланыс жасап тұратындар менің жай-күйімнен хабардар. «Газеттен бекер кеттіңіз, сіздің орныңыз ойсырап қалды. Басқа газет шығарасыздар ма, командаңыз мықты ғой, таралуына көмектесер едік?» – деп тілеулестік білдірушілер де жетерлік. Алты айдан астам уақытым емделумен, денсаулығымды түзетумен кетті. Соңғы он бес жылдың көлемінде демалыссыз жұмыс істеппін. Бастан өткен қайғылы жағдайлар, ақиқат үшін арпалыстар, соттардың әуре-сарсаңы, биылғы ақпандағы жайттар, қоғамдағы келеңсіздіктер, жұмыс бастылық жүрекке де, жүйкеге де салмақ түсірсе керек. Құдайға шүкір, қазір біршама қалыпқа келдім. «Мемуар жазып жатырсыз ба?» дегендерге айтарым: өткен өмір кезеңдеріне ой жүгіртіп, оны саралап көрдім, қалам ұстап, жазуға татырлық оқиғалар мол екен. Бірақ бүгінгі жағдай оған мұрсат бере ме?

Мені қуантатын бір жайт бар. Ол – жастардың елдегі ахуалға бей-жай қарамайтындығы, өзгеріс жасаудың қажеттігін түсініп-білгендігі және ең бастысы – қарекет жасауға ұмтылысы. Білімді, мамандық алған, кәсіппен айналысқан қыздар мен жігіттердің мемлекетті, қоғамды басқарудағы жөнсіздіктерді қалай тоқтатуға, түзетуге болады, ол үшін біз не істеуіміз керек деген сұрақтарға жауап іздеуі өте орынды. Сондай жастар менімен бірнеше рет кездесті. Әртүрлі тақырыптарда пікір алмастық, жөн-жоба нұсқап, ақыл-кеңесімді айттым. Олардың бойында жігер бар, көзқарастары айқындала бастаған. Халықтық мүддені қорғайтын күрескерлер осындай топтан шығады. Авторитарлық-тоталитарлық жүйедегі сәл ғана мүмкіндікті – демократияны жамылғы еткен, бірақ оған тұсау салған, әйтсе де мүлде тұншықтыра алмаған биліктің қазіргі жайын қалай пайдаланамыз? Біз осының жолын ойластырдық.

 

– Жастар демекші, Жанболат Мамайдың бостандыққа шығуына күш салдыңыздар. Оның оңды нәтижесін көрдік деуге келер…

– Иә, Жанболатымыз жеті айдан кейін тар қапастан азаттыққа шықты, қатарымызға қосылды. Журналист, қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғау жөнінде комитет құрдық. Оның жұмысын барынша пәрменді еттік. Халықаралық ұйымдардың, құқық қорғаушы қоғамдардың назарын аудардық, тергеу мен соттардағы барлық келеңсіз әрекеттерді әшкерелеп, жұртқа дереу жария еттік, президенттің өзіне салмақ салдық, заңдық, саяси, адамгершілік тұрғысынан мәселе көтеріп, баспасөз мәслихаттарын, қоғамдық жиындарын өткіздік. Хаттар жаздық, қол жинадық. Жанболатқа тағылған айыптың негізсіздігін, оның саяси астары бар екендігін, тәуелсіз журналисті, саясаткерді қудалау екендігін сан мәрте мәлімдедік. Бұған өздеріңіз де атсалыстыңыздар. Бітірген басты шаруамыз – адал, күрескер жас азаматтың бостандыққа шығуына септігімізді тигіздік.

«Қандай тірлік істеп жүр екенге» қосып айтарым мынау: қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылмаған, 1951 жылы Магаданда айдауда жүріп қайтыс болған дейтін деректің ақиқатына одан әрі көз жеткіздім. Атыраулық 98 жастағы Абдолла Абдрахманов ақсақал «халық жауы» аталып, Колымаға айдалған, сол жақта Мағжанмен кездескен. Оның қай зиратқа жерленгенін бізге, экспедиция мүшелеріне 2011 жылы Магадан облысының Сусуман ауданына барғанымызда көрсеткен. Ол кісі Мағжанды пір тұтқан, аса қадірлеген. Зиялылығы, білімдарлығы, биязы мінезі қарапайым жұмыс адамын – мұнай бұрғылаушы жас жігіт Абдолланы ерекше өзіне тәнті еткен. Зобалаңды, қиянат-қорлықты бірге көрген, жаламен сотталған адамдар сергелдеңдегі серігі туралы ешқашан жалған айтпайды. Ар алдындағы адалдығын сақтайды. Қажылыққа өзі, анасы, әкесі үшін үш рет барған, бес уақыт намазын қаза етпеген тақуа кісі өтірікке бармайды. Күнаға батпайды. Абдолла Мағжанның елге жеткіз деп берген қойын кітапшасын пойызда ұрлатып алған, сол үшін өзін борышкер санайды. Тірі жүрген шағында соны өтегісі келеді. Қияндағы Колымаға бізбен бірге сапарлауы да сондықтан. «Биыл Меккеден оралған соң, Мағжанның туған топырағына апар. Әке-шешесінің қабіріне барып құран оқиын, ел-жұртын көрейін» деген өтінішін орындадым. Петропавлға, Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға сапар шектік.

Сусуманның суық та зәрлі, мұздақ бөктерінде қалған алашшыл ақынның көзі тірісіндегі аңсаған арманын, сәлемін қария еліне жеткізді. Мағжанның әкесі Бекеннің құлпытасы қасында отырып, бірнеше қайтара құран оқыды. Cөйтіп, топырақ салу бұйыртпаған баласының міндетін атқарды. Музейін көрді, Сасықкөлдің жағасында болды. Ақынның тозақ жерде жүріп, елі мен жері туралы не айтқандарын есіне түсірді.

Қысқасы, бұл сапарымызда Мағжан мен Абдолланың Магаданда бірге болғандарына бұрынғыдан әрі сеніп қайттым. Көз көргеннің аты – көз көрген. Айтқандарының бәрі иланымды. Оған күдіктенуге негіз жоқ. Айдаудағы ақынның аурудан қайтыс болғандығын, 1938 жылы атылмағанын ресми түрде дәлелдейтін кез де келер.

Батыр және әулие Райымбек бабамыздың Торайғыр тауы қойнауында өзі көзін ашқан бұлағы бар. Міне, сол араға тарихи орын екендігін айғақтап, белгі тас қойдық, қоршауын жаңарттық. Бұл – көптен көңілде жүрген шаруа еді. Сәтімен іске асты. Даңқты батырдың ел шебін белгілеп, тас үйгізген жерді нақтылау жұмыстарын жалғастырдық. Бұл да бітірген тірліктің бір парасы.

Қырық төрт жылға жуық журналистика саласында жұмыс істеген адамның зейнеткерлік демалысына шығарылуы оны қоғамнан, айналадағы оқиғалардан біржолата шеттете алмайды екен. Жүректі шымырлатып, мида шыңдалып жатқан ойлар ақпараттық ашық айқасқа шақырады да тұрады. Бірақ қолың қысқа, бұрынғыдай асынған бес қаруың жоқ. Ақиқат іздеп, көмек сұрағандарға болысқың келеді, оған пәрменің жетпейді. Ұлт мүддесіне қатысты шешуші сәт туғанда араласа алмайсың, құзырлы емессің. Әйтсе де қарап жатпайсың, шектеулі шеңберде әрекет қыласың.

 

Эволюцияға сенбегендер

революцияны қалайды

 

– Қазақ қоғамында ұлт патриоттарының «бірігейік», «жерді бүкіл қоғам болып қорғайық», «елдегі саяси режімге қарсы біріккен қозғалыс құрайық» деген сияқты бытыраңқы бастамаларын әлеуметтік желіден оқып жүрген боларсыз. Олардың Алматыдағы соңғы жиындарының біріне өзіңіздің де қатысқаныңызды «Фейсбуктен» көрдік. Мұнда жиналған адамдардың сөз әлпеттері, ой-жоралғылары қалай екен? Бойларынан өзгеріс жасауға деген ынта-ықыластың нышанын байқай алдыңыз ба?

– Иә, мен Махатма Ганди ескерткіші тұрған парктегі кездесуге шақырылдым. Олардың қоғамдағы мәселелерді ортаға салып, талқылауға ден қойғандары құптарлық бастама. Нені мақсат тұтамыз, оған қалай жетуге болады, яғни ежелден келе жатқан «Не істеу керек?» деген сауалдың жауабын қарастырады. Әртүрлі жастағы, әлеуметтік жағдайлары да әрқилы топтардағы адамдардың бәрінен шаршағаны, қажығаны, одан әріге көнгісі келмейтіндігі сөздерінен анық байқалады. Мұндай күйзелістегі жандарды күнделікті өмірде кез келген елді мекендерден көптеп көріп жүрміз. Қоғамдағы жағдайды биліктегілер уағыздағандай, эволюциялық жолмен өзгертеміз, жарқын болашаққа жол ашамыз дейтіндерге олар сенбейді. Және төзімдері де түгесілген.

Сондықтан мұндайда революцияны қалаушылық сөзсіз басымдық алады. Дегенмен, төңкерістің іске асарына күмәнмен қарағандықтан, оны қолдауға батымсыз. Қалай да халық өз сөзін жеткізу үшін әрекет жасауы тиіс екендігін бәрі түсінеді. Бейбіт митинг өткізген дұрыс деушілердің қатары қалың.

Енді бас біріктірудің жайына келсек. Бытыраңқылық – ең үлкен кедергі. «Бірігу» туралы шақырулардың айтылғанына қай заман. Бірақ ол іске аспай келеді. Неліктен? Осының көпшілік келісіп мақұлдар жауабын тапсақ, бәлкім, тура жолға түсерміз. Біріктіруге кедергілер қатарында топ бастар азаматтардың арасындағы жеке бастық амбициялардың үстемдігі аталады. Саяси ұстанымдар мен көзқарастардың алшақтығы да аяққа оралғы. Мінез– құлықтағы өзгешеліктер, өзін өзгеден ақылды санаушылық, басқаның пікірін тыңдай білуге, оны әріптес санап, мәселенің мәнісін бірлесе талқылауға шыдамның жоқтығы да себеп. Көптің алдында дара көрінгісі келетіндердің таласынан, эгоизмінен туындайтын бір-бірін ұнатпаушылық, ұсақ пендешілдік те бұл қазекеңнің басын біріктіре қоймайды-ау! Қызғанбайтынға қызғанатын, іштарлығы ұстап қалатын, кешірімділікті, кеңдікті қаламайтын жігіттер көптің ұйытқысы бола алмайды.

Сонымен қатар іріткі салуға әбден әккіленген саяси құрылымдар биліктің әкімшілік, қаржылық, ақпараттық, қысым көрсетушілік мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Қоғамдық белсенділерді тұрақты аңду, бақылау, жүріс-тұрысын жіпке тізіп отыру арқылы жинақталған деректер бойынша олардың осал жерін анықтайды. Қажет кезінде мұраттастарына сатқындық жасауға итермелейді. Кейбірі мәжбүрліктен солардың дегеніне көнеді. Құрылып, жұмыс істей бастаған қозғалыстар мен бірлестіктердің мүшелері арасында әлгілердің араласуымен арандату, атыстыру, шабыстыру басталады. Арнайы тапсырмамен күні бұрын ортаға енгізілген «белсенділер» де бар. Олар тиісті жерінен ақысын алатын маманданған, кәнігі бүлдіргіштер. Ұлтшыл, патриот, оппозицияшыл секілді көрініп, реті келген тұста алға ұмтылып, тіпті кейде президенттің атын атап айқайлап қоятындар, әлеуметтік парақшаларда қатқылдау пікір жаза салатындар – солар. Таза, шын мәніндегі күрескер азаматтар мен азаматшаларды қаралап, «ол үш әріптің тыңшысы», «биліктің адамы» деген лақаптарды таратады.

Міне, осындайлардан кейін «шпиондар» мен «сатқындар» қаптап кетеді. Ондайға қатысы жоқтар да бір-бірімен ерегісіп қалса, әлгіндей негізді, негізсіз айыптауға әуестене бастайды. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Биліктің қазіргі жүйесіне қарсылар, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстардың, заңсыздықтың, әлімжеттіктің зардабынан құтылғысы келетіндер мұндай жағдайда бастарын қалай біріктірсін! Сондықтан ең алдымен «шпиономаниядан» арылған абзал. Өзара сенімділікті орнықтыру да маңызды.

 

– Бүгінгі саяси режімнің соншалықты қаталданған жағдайында ел ішінде біріккен қозғалыс ұйымдастыру мүмкін деп ойлайсыз ба? Кезінде саяси және қаржылық мүмкіндігі болған «Азат» партиясы да елдегі саяси күштерді біріктіру идеясына қол жеткізе алмаған еді…

– Ол кезде саяси күштер зордың күшімен бірікті. Бірақ ұзаққа бармады, ыдырап кетті де, екіншісін жоқ етті. Мен «Азат» пен ЖСДП-ны айтамын. Екеуінің жалпы мақсаттары бір болғанымен, оған жетуге ұстанған тактикаларында, іс-әрекеттерінде қиғаштықтар кездесті. Батыл адам мен тартыншақ адамның, ынжық пен өжеттің дос бола алмайтыны, біте қайнасып кетпесі анық қой.

Саяси ұйымдардың, қозғалыстардың да өзіндік болмыс-мінезі бар. Жарасу-жараспасы соған да байланысты. Дегенмен, бұл басты шарттылық емес. Егер аса маңызды, бәріне ортақ біртұтас мақсатқа тек бірігу арқылы ғана қол жеткізуге боларын, одан басқа жол жоқтығын бәрі мойындаған болса және онсыз өздерінің жойылып кетерін сезінсе, онда әртүрлілігіне қарамастан, оппозициялық немесе ұлттық, патриоттық күштердің өзара келісімге келіп, бірігуі заңды құбылыс. Уақытша, жеңіске жеткенше бірлесу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмас. Мұнда қарсыластың, яғни халықтың төзімін тоздырған биліктің өзін қалай ұстауы да әсерін тигізеді.

Рас, қаржылық, саяси ұйымдық мүмкіндігі жоққа тән, қазіргі жағдайда «ұсақ-түйек» саналатын, көшедегі топтар мен жекелеген белсенді азаматтардың бытыраңқы бас қосулары қатыгез, әрі айлакер, сұм билікті сескендірмейді. Бұлар азшылық болып көрінер. Әйтсе де қаны қарайған ызалы халықтың өз ортасынан шыққан нағыз белсенділер тобы қайсарлылық танытса, ұран тастаса, сексен алтыдағы желтоқсаннан кем түспес. Біз бұл арада саяси күштер мен топтардың бірлесу мүмкіндігінен гөрі қарапайым халықтың өзінің күрес сағатында жұдырықтай жұмылып, бірігіп кетерін еске алайық. Украинадағы, Қырғызстандағы, араб елдеріндегі мысалдар осыған дәлел.

 

Жүз жылда оянбаса, тірі деп қалай айтарсың…

 

– Жалпы, бүгінде қоғамды қарсылық қозғалысқа біріктіретін идея бар ма? Мәселен, елдегі жемқорлыққа, билік басындағылардың халық несібесі есебінен бетсіз баюына қарсылық жасауға не кедергі?

– Біздің қоғам – жартылай өлі қоғам. Тірі болса, оянбай ма, жүз жыл болды – Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын!» бүгінде оның шөберелері қайталап, айғайлап жатыр. Сонда да былқ етпейді. Естіп, біліп, көріп тұрса да, қимылсыз. Демек, тірінің тіршілігін жасамайды. Бәлкім, өлі мен тірінің арасында сал болып жатқандай дәрменсіз шығар. Билік қоғамды есеңгіретіп, дел-сал етіп қойған. Әйтпесе өркениетті елдерді қараңыз: министрі ұшақтың бизнес-класына отыра қалса, студенттердің оқу ақысын көтеріп жатса, полицейлері біреулерді жазықсыз қамай қойса, дереу көшеге шығады митингілетіп. Ал бізде тал түсте халықтың несібесін тонап жатса да, Зейнетақы қорындағы, Ұлттық қордағы триллиондарды билік басындағылардың құрдымға кетер банктерін құтқаруға жұмсап жіберсе де, мыңқ демейді! Не деген көнбістік?!

Шенеуніктер параны миллиондаған доллармен алмаса, көңіліміз көншімейтін халге жеттік. Ондаған миллион теңгені жұтқандарға аянышпен қараймыз, бұл бір бишара жемқор екен деп. Және олардың сотталмасына бәс тігіп қызықтаймыз. Өкіндірері – осындай ахуал орныққан елміз. Жоғарыдан бастап, төменге дейінгі билік тармақтарының баршасы сондай болған соң, етің үйреніп кетеді.

Барлық бәле жекешелендіруден, ортақ қазынаны ту-талапай етуден, қалайда алып қал, байып қал деген саясаттың ту болып көтерілуінен. Ту ұстаушыларымыз – елдің басы саналып жүрген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен отбасы және айналасы. Бас қалай бұлғаңдаса, ел соған қарап қозғалады. Жаппай жемқорлық мемлекеттік деңгейде жүргізілетін саясаттың түп қазығына айналды. Мұндайда оған қарсы қалай қозғалыс құрасың. Ағысқа қарсы жүзіп көр: өзіңді кері әкетеді, жағаға соғып тас-талқан етеді. Жемқорлықпен күрестің нәтижесі нөлге тең. Соны білген жұрт қайтіп аттандасын?!

Бірақ бұл жемқорлық түбінде оларды оңдырмайды, опындырады. Халықтың несібесін жұтқандардың бақытты саналып, тарихта қалғанын кім көрген? Халық әбден кедейленген күні жемқор кеңірдектерге жармаспай қалмас. Наразы қауымның басын біріктіретін идеялар баршылық. Соның бірі – «Жемқорлықсыз және Назарбаевсыз Қазақстан!» идеясы. Екеуін бірдей ұнататын, бұларды қалайтын кім бар? Үкіметтегілер мен парламенттегілерді және жергілікті биліктегілерді атамағанда!

 

Аятолла Хомейни және Мұхтар Әбіләзов

 

– Әлеуметтік желілердің мүмкіндігімен қайтадан жанданып жатқан «ҚДТ» қозғалысы билікке қарсы әрекетті біріктіруші күш болу ықтималдығын қалай бағалар едіңіз?

– Мұхтар Әбіләзовтың Франциядан таратып жатқан, қанша кедергі жасаса да, Қазақстанға жеткен «жолдаулары» Астанадағылардың құтын қашырғаны сөзсіз. Дәлелді деректерге құрылған әшкерелеулер және олардың белгілі мақсаттарға жетуге үгітшілік қызмет атқаруы қоғамды сілкілейді. (Сілкіндіреді деуге ертерек). Президенттік институтты мүлде аластау, парламенттік, үкіметтік басқаруды қалыптастыру идеясын, мәселен, партиялар санатында жүрген «Ақ жол», Коммунистік, ЖСДП ұйымдары қолдай ма?

Жақтастарының санын миллион адамға жеткізген соң қарсылық митингісін ұйымдастырып, президенттің кетуін талап ету бастамасына қалай қарайды?

Міне, осындай басты мәселелерде қолдау таппаса, қоғамдағы саяси күштердің басы «ҚДТ»-ға бірікпейді. Ал қарапайым азаматтар мен кейбір қоғамдық ұйымдардың топтасуына ықпал етуі мүмкін.

Кезінде Иран шаһы Мохаммед Реза Пехлеви тепкісінен Францияға жер ауған Аятолла Хомейни сол жақта жүріп-ақ отандастарын революция жасауға әзірлегені тарихтан белгілі. Ол өзінің уағыздары мен үгіт-насихатын, шаһты тақтан тайдырудың жолдарын магнитофон дискісіне жазып, Парижден еліне жіберіп отырған. Жақтастары аудиожазбаларды көбейтіп, халыққа таратқан. Ақырында халық көтеріліп, Иранда революция жасалды, жеңіске жеткен Хомейниді керемет салтанатпен қарсы алды. «Хомейнидің кассеталы бомбасы» деген атау сол кезде шыққан еді. М.Әбіләзовтың техникалық даму ғасырындағы мүмкіндігі одан әлденеше есе артық. Интернет пен әлеуметтік желілерді өз мақсатына пайдаланған оның қолынан не келерін уақыт көрсетер.

 

– Ашылмай жатып, сот арқылы қайта жабылған «Алаш жолы» қозғалысын жөргегінде буындырған билік оңайлықпен елге еркіндік бере қоймайтын сияқты. Сонда не етпек керек?

– Бұл қозғалыс Жер кодексіндегі жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге мүмкіндік туғызатын қауіптен сақтандырып, дабыл қақты кезінде. Жер мен тілді қорғау ұранын көтерді.

Атырауда басталып, бірнеше аймақта жалғасқан наразылық митингілері ақырында билікті тізе бүктірді, олардың дегенін іске асыртпады. Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттаумен өшін алған билік өз райынан әлі толық қайтқан жоқ.

Сондықтан мұндай патриоттардың басын біріктіретін қозғалыс сатқын басшыларға үлкен қауіп. Оны сол үшін жапты. Және ол қандай да қозғалыстың құрылуына жол бермейміз деген бетбақтықты білдіреді. Халықтық қозғалыстарға қажеттілік туса, олар ресми тіркелмей де өз жұмысын бастай береді. «Қазақстандық ұлт» доктринасына біз тіркеуден өтпеген қозғалысымыз арқылы тосқауыл қойғанбыз. Әрине, тіркелмеген бірлестіктер заңсыз саналады. Ал сол заңсыздыққа үкіметтің өзі итермелеп отырса, оған не шара.

 

Диктаторлардың дірілдеуі кәріліктен емес

 

– Роберт Мугабенің тағдырынан кейін билік – өзінің бекемдігін сақтауға, қоғам – жандәрмен қарсы қимыл көрсетуге үрейленіп отырған дүлей заманда елдегі саяси тұрақтылықты сақтаудың басты жолы қандай деп білесіз?

– Екі жақ та үрейленбеудің ортақ мәмілесіне келсе, тұрақтылық сақталады. Біздің «Мугабе» әскерилерден енді қорықпаса керек, «Тас»-ты (Тасмағамбетовті – Ред.) қорғаныс министрі қызметінен дер кезінде сырғытып тастадым деп қуанып жүрген шығар. Бірақ айналасындағылардың қандай ойынға кірісерін өзінің асырауындағы көріпкелдері де айта алмайды. Дариғасының әскерилердің үстінен қарауды ұнататындығы тегін болмас. Оның өз білгені, жоспары қандай – ол жағы құпия. Демек, президентке қауіп ең алдымен өзінің жақындарынан келуі ықтимал. Мұның дәлеліне бұрынғы күйеу баласы Рахат та жарап қалар. Ол «мемлекеттік төңкеріс жасау» жоспарын қойнындағы әйелінен жасырып қалған ба, әлде бірлесіп «план» құрған ба? Мұны біз білмейміз. Әкесі білгенімен, жария етуге бармайды. Белгілі себептермен.

Алтыкеннің (Алтынбек Сәрсенбайұлының – Ред.) «Үштаған» туралы жазғанындағы мына жолдарды оқырмандардың есіне салғым келді. «…Назарбаевқа Үштаған «адалдығын» дәлелдегісі келсе де, ойлары басқа жақта. Ертең бастарына не түседі, соны ойлайды. Болашағы туралы басын қатырады. Себебі Ол мәңгілік емес қой. Сондықтан да билік мұрагер іздеп шарқ ұруда. Егер олар ертең бір мәмілеге келсе, Назарбаевтың саяси талқаны таусылады. Тағынан кетеді. Өйткені оның тозығы жақындаған. Артынан ерген шатақтар тым көбейіп кетті. Жасы да егде тартқан… Сондықтан Үштаған Ресейде Ельцинді кетіргендей әрекетке кіріседі».

Қарт билеушіге қауіп үш жақтан төніп тұр: отбасынан, айналасынан және олигархтардан. Төртіншісі ретінде халықты қосатындармен мен келісе алмаймын. Өйткені халық билікке де, билікпен келетін байлыққа да қызыққан жоқ. Билікке ұмтылса, өз өкілдерін парламентке кіргізу үшін, өз президенттерін таққа отырғызу үшін әділ сайлау өткізуді талап етер еді ғой! Миллиондаған қазақстандықтардың ойлау және қарекет ету деңгейін ондай өркениеттілік сатысына көтеруден елді ширек ғасыр билеген Назарбаев өлердей қорқады. Үштаған да содан үрейленеді. Сондықтан олар бірлесіп, халықты өздерінің ортақ жауы санайды. Бірге қорғанады. Өз іштеріндегі бықсықты, арамзалықты басқаға аударады. Сөйткендері әрбіріне тиімді. Ақырында халық ішіндегі белсенділерді, олардың ұйымдарын қудалау, жазалау басталады. Ара-тұра, өзара қырқыс кезінде күшейе бастағандарды басып тастау, Үштаған арасындағы тепе-теңдікті сақтау қамымен генералдар мен министрлерді, әкімдерді «қолынан жетелеп» сотқа тапсырады. Жемқорлық, мемлекеттік құпияны ашқандық, т.б. баптарымен бұғаулай салады. Билік басында ұзақ отырған диктаторлардың дірілдеуі кәріліктен болмас. Тақтан айырылып қалу қатері үнемі ізінен қалмайды, іштей үрей туғызады. Ондайда қалтырамай қайтсін.

Халық биліктен қорықпауы керек. Қорқақтарды ешкім сыйламайды, ондайлармен санаспайды. Саяси тұрақтылықтың кепілі – шынайы демократияға есік ашу. Бірақ ол назарбаевтық билік үшін үлкен қатер. Айналып келгенде, сол баяғы тығырыққа қайта тірелеміз. Халық билікті өз қолына алуға қауқарсыз, ал билік халықпен санасуға құлықсыз. Екеуі де бір сәтте алға қадам басса, түсіністікке келер еді.

 

– Тағы сол әлеуметтік желіде патриот жастардың желтоқсанға қатысты митинг ұйымдастырайық деген бастамасы қылаң етті: сіз болған жиында мұндай шара төңірегінде сөз болған сияқты ғой…

– Иә, митингілер туралы көптен бері ұсыныстар жасалып жатыр. Халық батырлары атанған Макс пен Талғатты бостандыққа шығаруды талап етуге арналған митинг өткізуге рұқсат сұраған хат әкімшілікке тапсырылды. «Тәуелсіздік: Ел мен Жер тағдыры» тақырыбымен 15 желтоқсанда Алматыда митинг өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылды. Азаматтар өздерінің Конституциялық құқығын пайдалануы керек. Оған түрлі сылтаулармен шектеу қойған шенеуніктерді заңмен жауапқа тартқызуды қолға алған дұрыс. Митинг – қоғамның белгілі бір мәселелер жөнінде өз пікірін, наразылығын немесе қолдауын білдірудің, биліктің назарын аударудың мүмкіндігі. Оған қатысушыларды террористерден шошынғандай құбыжық санау, тәртіп бұзушылықтар орын алады деп байбалам салу – барып тұрған бассыздық. Біз қала, аудан әкімдерінің ақылға келгенін, Ата заңды сыйлағанын қалаймыз. Тыйым салу қашан да қарсылықты туғызады, тайталасқа ұрындырады. Өркениетті елдер қатарына қосылудың «нұрлы жолы» – митингілерге, бейбіт шерулерге кедергі келтірмеу арқылы өз халқымен түсінісу, олардың орынды талаптарын ескеру. Бітті!

 

– Әңгімеңізге рахмет! Лайым дегендеріңізге жетіңіздер!

 

Ермұрат БАПИ

About Zika1961

Добавить комментарий