Home » Дат|Каз » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ КІМНЕН БАСТАЙМЫЗ?

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ КІМНЕН БАСТАЙМЫЗ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (391) от 12 июля 2017 г.

 

Пайым патшалығы


 

Қоғамда көтеріліп жатырған «рухани жаңғыру» деген мәселе көңілге қонады, көкірекке ұялайды, сенімді алға жетелейді. Бірақ кәзіргі қоғам, ошарлы орта осыған дайынбыз ба?

 

Шынымды айтсам, менің өз жеке басымның сенімі аз, нанымым күмәнді. Себебі, ішерге асы, киерге киімі, басында баспанасы, қорасында малы, қалтасында көк тиыны жоқ пақырлар қалайша рухани жаңғыра алады? Олар ең алдымен материалдық тұрғыдағы әлеуметтік жаңғырудан өтуі керек емес пе еді?

Оның үстіне, қазіргі біздің Қазақстанды жайлаған жемқорлық пен жұмыссыздық, қабылданған заңның орындалысын көздің қарашығындай сақтайтын билік пен сот, прокурорлар бұрмалап, демократияның исі сезілмейтін, шындықты айтқандарды абақтыға қамап, айыппұлмен айыптап, алды әртүрлі қудалаулар мен ажалға ұшырап, сөз бостандығы болмай, әділетсіз қоғамдағы аш құрсақ халықта рухани жаңғыру қалай болмақ?

Егер билікке шынымен де шынайы рухани жаңғыру қажет болса, сол биліктің басындағылардан бастап, «халық қалаулылары» бар «қалаусызы» бар – өздерінен бастап, үлгі көрсету қажет секілді. Ол үшін, біріншіден, жалтақтамай батыл саяси өзгерістер жасалуы керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұраны меніңше, өте қате пікір деп есептеймін.

Сөйте тұрса да, тәуелсіздіктің осы 26 жылында экономикамыз өрге баспаған. Егер басқан болса, ең болмаса бір рет болса да саясатқа бетбұрыс болған болар еді. Ондай бетбұрысты осы уақытқа дейін көрген жоқпыз. Яғни, әлі күнге дейін батпаққа батқан экономикамызды жөнге сала алмадық деген сөз. Ал керісінше, «әуелі – саясат, одан кейін – экономика» деген бағыт-бағдар ұстағанда, ел жағдайы бұдан мүлде басқаша болатындығы даусыз еді. Әуелі сөз бостандығы, халықтың бас бостандығы, демократия орнамай, экономика өзінен-өзі дамый алмайды. Мұны мен данышпандылығымнан айтып отырған жоқпын, бұл бүкіл әлемнің баспалдақпен жүріп өткен жолы, өмір тәжірибесі.

Екіншіден, «жемқорлық жарысының» тамырына үзілді-кесілді балта шабылуы керек. Бұл «рак» ауыруындағы жазылмайтын ісік, немесе жегідей іштен жеп жатқан құрт. Енді сол жемқорлар кімдер дейтін болсақ, қолдан қойған депутаттар мен министрлер, әкімдер мен сот, прокурорлар, полиция мен кеденшілер, денсаулық, білім беру жүйесі, т.т. барлық құрылымдар деуге болады.

Ал енді бұларды саяси ұстанымына қарай, бұлар кімдер деп түстейтін болсақ, атап айтқанда, дені «Нұр отан» партиясының мүшелері. Сонда деймін-ау, кім-кіммен күресіп жүр? Жемқорлықпен күрес туралы жыл сайын жолдаулар жолданып, түрлі шаралар ұйымдастырылып, комиссиялар жасақталып, қаулылар қабылданып жатады: бірақ ол дерт азаймайды, керісінше жылдан-жылға үдей түседі. Соңғы кезде пара алу мен берудің жауыр болғандығы сонша, ел елең етпейтін, еті үйреніп, таңданудын қойған.

Осы жемқорлық жөнінде қабылданған заң Қазақстан азаматтары үшін лауазымына, шен-шекпеніне қарамай, бәрі бірдей жауапты болуы шарт. Ни секілді алпауыт жебірлердің миллион доллармен заңға тартылмай, жазасын алмай, тайраңдауы – Қазақстанның әлем алдында беделіне нұсқан келгені былай тұрсын, өз ішімізде әділетсіздіктің шексіз орын алғанының бір айғағы. Осыдан кейін қарапайым халықтың арасында құқық қызметкерлеріне, заң орындаушыларға деген сенім жоғалмағанда қайтеді?!

Үшіншіден, дауыс беруді 95-97 пайыз қылмай, өтірікті қолдан құрастырмай, заңды, әділетті сайлау өткізілуі тиіс. Әрине, кейбір оқырмандар менің бұл пікіріме күлуіде мүмкін: бірақ ерте ме, кеш пе – әділ сайлауға болашақ ұрпақтың қол жеткізетіне менің еш күмәнім жоқ.

Күні бүгінде билік пен қарапайым халықтың арасы алшақтап, байлар мен кедейлер болып екіге жарылып кетті. Тепсе, темір үзетін жастар жұмыссыз. Дипломды мамандардың өзіне еңбекке араласуы проблема. Жұмыс берушілер тәжірибең (стажың) жоқ деген сылтау айтса, шетелдіктер елінен өз адамдарын жұмысқа алып, жергілікті кадрлерге орын жоқ. Билік басындағылар шетелдіктермен келісім шартқа отырғанда, шетелдік компанияларға елінен алдыратын мамандарға ең қажетті дегеніне лимит белгілеуі қажет еді. Әйтпесе, өздерінің ас пісірушусін, шопырларын, басшының көмекшісін, т. б. сол секілді адамдарды тасып әкеледі. Ал сол мамандықты бес саусағындай білетін жергілікті халық – жұмыссыз. Сонда қазақтар тамақ пісіре алмай ма, машина айдай алмай ма, әлде көмекшілікке жарамай ма? Міне осындай етек жайған бақылаусыздықтан, керанау кертартпалықтан қазақтар өз елінде, өз жерінде келімсектерге тәуелді күн кешуде.

Сол сияқты, шет елдерде тығулы жатқан қаражат түгелдей Қазақстан банктеріне аударылып, халық үшін қызмет жасауы қажет. Барлық мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттардың табысы мен байлығы декларация толтырылып, елге жария етілуі тиіс.

Осы жоғарыда айтылған кемшіліктер бірте-бірте жүзеге асқан жағдайда ғана рухани жаңғыру туралы сөз қозғағанымыз орынды. Ол үшін билік батыл саяси қадамға бару қажет. Егер олай етпеген жағдайда, бұл айтылған сөз бен жазылған қағаздың бәрі де бұрынғыдай бос әурешілік болады. Күні ертең депутаттар ауыл-ауылға шығып, аздаған бюджеттік мекеме қызметкерлерін жинап, иә халық сізді қос қолдап, қолдап жатыр деген ақпарат таратып, президент Назарбаевтың алдында жалбақтайтыны айтпаса да түсінікті жәйт. Сондықтан, «рухани жаңғыру» деген дабыра – билік басынан басталса ғана халық жаппай қолдайтын науқанға айналады.

Әділ ЖҰМАЛЫ,

ЖСДП Маңғыстау облыстық

бөлімшесінің төрағасы

About Zika1961