Home » Дат|Каз » РЕСЕЙГЕ АҚШ САЛҒАН САНКЦИЯ Қазақстан экономикасына әсер ете ме?

РЕСЕЙГЕ АҚШ САЛҒАН САНКЦИЯ Қазақстан экономикасына әсер ете ме?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

 

ДАТ-САУАЛНАМА

 


Өзінің агрессиялық сыртқы саясатымен «жексұрын» елге айналған Ресейге қарсы Америка Құрама Штаттары салған соңғы санкциядан туындайтын «сауда соғысы» Қазақстанға да қатер төндіруі мүмкін. Қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты, Ресеймен ортақ саяси-экономикалық одақта (ЕАЭО) отырған Қазақстанның экономикасына «санкция салқыны» қатты әсер ету мүмкіндігін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де мойындай бастады. ҚР үкіметінің премьер-министрін қабылдаған президент «мүмкін қатерден сақтану» қажеттігін ескертті.

Осы орайда біздің газеттің тілшілері «АҚШ-Ресей-Қазақстан» қатынастарына жіті көңіл бөліп жүрген сарапшылар арасында сауалнама жүргізген еді. «Ресейдің агрессиялық саясатын ауыздықтау үшін салынған АҚШ санкциясы Қазақстанның экономикасына ауқымды зардап келтіруі мүмкін бе және бұл санкцияның залалынан сақтану үшін Қазақстан билігі қандай саяси-экономикалық шараларды жедел түрде қолға алғаны дұрыс деп ойлайсыз?» деген сауалдарға сарапшылар айтқан ой-жоралғы төмендегідей болды.

 

 

Мұхтар ТАЙЖАН, саясаткер: САНКЦИЯ САЛҚЫНЫ саяси режимдерді күйретеді

 

Америка тарапынан енгізілген жаңа санкциялар, Ресейді Солтүстік Корея және Иран секілді мемлекеттермен бір қатарға қойды. Бұрын олай болмаған еді. Осыған дейінгі санкциялар президенттік бұйрық ретінде қабылданып келсе, қазір заң тұрғысынан бекітілді. Қаржы жағынан қарастыратын болсақ, енді Ресейге қарыз беруге және үкіметтің облигацияларын сатып алуға болмайтын болды. Бұған қоса ресейлік банктерге берілетін қарыз 30 күннен 14 күнге дейін қысқартылды, ол деген түк емес.

Технологиялық тұрғыдан жасалған шектеулер Ресейге көп қиындықтар туғызады. Себебі, заманауи технологиясыз сланец, шельф және Арктика мұнайын өндіру мүмкін емес. Ресейдің өзінде ондай озық технологиялар жоқ, ол тек Америкада бар. Сондықтан, экономикасы мұнайға тәуелді ел үшін, бұл қосымша қиындық болатыны сөзсіз.

Бұған қоса мұнай-газ құбырларын салуға қаражат (инвестиция) бөлуге шектеу қойылды. Бүгінгі таңда Ресейдің 13 мемлекетке мұнай-газ тасымалдайтын 90 құбыры бар. Оның ішінде Германияға шикізат тасымалдайтын «Солтүстік ағын» («Северный поток») құбырына қаржы бөлінбейтін болды. Бірақ бұған Германия мен Австрия қарсылық білдіріп отыр. Бұл құбырды Ресей өз ақшасына салып отыр десек те, оның қажеттігі екіталай. Себебі іске қосылған құбырлардың өзі толық қуатпен жұмыс жасап жатқан жоқ. «Газпром» үшін қолда бар құбырларының өзі де жеткілікті. Сондықтан, «Северный поток-2» құбырының қажеттігі күмән туғызады. Менің ойымша, бұл құбырды салу, жемқорлық үшін қажет болып тұр. Жаңа санкциялардың тағы бір ерекшелігі – болашақта АҚШ президенттері – Трамп болсын, басқасы болсын, қабылданған санкцияларды өз бұйрығымен тоқтата алмайды. Ол өте маңызды. Сол себепті, қабылданған шектеулер Ресей экономикасы үшін кері әсерін қатты тигізетіні және оны әлсірететіні сөзсіз.

Енді Мәскеу қазіргідей күшті бола алмайды. Ресейдің ішкі ахуалы өзгеріп, оппозициясы күшейеді. Сол себепті, Мәскеу, қазақстандық билікке көп көмек көрсете алмас. Тіпті Ресейдің өзіне шашылып, ыдырап кету қауіпі төніп тұр. Сондықтан бұл жағдайлар, Қазақстанға да әсерін тигізеді. Бізге қазіргі керек дүние – ашық, адал сайлау. Бәлкім бұл дәл қазір бола қоймас, бірақ алдағы 2–3 жылда болуы әбден мүмкін. Ресей болсын, Қазақстан болсын, экономикасы әлсіз мемлекетте, күшті саяси режим бола алмайды.

 

 

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ, блогер (Ақтау қаласы): ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТАН шығуға талпыныс жасау керек

 

 

Ресей Федерациясына соңғы салынған санкцияның егжей-тегжейі АҚШ Конгресі сайтында жарияланды, оның орысшаға аударылған нұсқасы да интернетте бар. Санкцияның өте ауыр және тыңғылықты екендігін РФ Федерация Кеңесі де мойындаған.

Мен бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы «сауда соғысы» деген тезиспен онша келіскім келмейді. Неге? Ең алдымен РФ шетелге негізінен шикізат қана сатып отырған ел. Оның қару-жарақ, ауыл шаруашылығы өнімдері, текстиль, жеңіл өнеркәсіп немесе басқа да тауар түрлері саудасына қарсы ешкім де шектеу қойып отырған жоқ. Шектеу – Ресей бюджетіне қомақты қаржы әкелетін, сөйтіп оның агрессивті саясатын одан әрі жалғастыра беруге мүмкіндік беретін мұнай, газ шикізатын өндіру және сатуға шектеу қойып отыр. Екіншіден, Ресейге қарсы сауда соғысын ашатындай, Батыс Ресейдің қай тауары нарығымызды жаулап алады деп қорқады? Батыс тауар өндірушілерін қандай да бір салада нарықтан ығыстырып шығару мүмкіндігі бар ресейлік тауар түрі бар ма? Жалпы, бұл әңгіме қайдан шыққан?

Меніңше, «сауда соғысы» деген сөзді алғаш қолданған РФ үкіметі басшысы Д. Медведев. Ол санкцияға Трамп қол қойған күні Твиттерде жазба қалдырып, сонда осы сөзді қолданды. Мұны алдымен ресейлік БАҚ-тар іліп әкетті. Меніңше, мұндай пікір айтушылар – Ресейдің қазіргі саясатына іш тартушылар тобы, солардың лоббистері немесе тапсырыспен жұмыс жасайтындар болуы мүмкін.

Неге? Өйткені бұл әңгіменің түбінде АҚШ-тың санкция салуының шын себебін бүркемелеу саясаты жатыр. Ресей: «АҚШ Еуропа нарығына өз сланецтік газын сатқысы келеді, оған Ресейдің арзан газы кедергі келтіреді, сондықтан «сауда соғысы» арқылы Ресейді Еуропа нарығынан ығыстырып шығару саясаты жатыр» деген ойды тықпалайды, соған елді сендіргісі келеді. Ал шын жағдай мүлдем олай емес қой.

Шындығында, бұл санкцияның салынуына, кіріспесінде атап жазылғанындай, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы, Сириядағы соғысқа Асад жағында араласуы, т.с.с. себепші болып отыр. АҚШ бастаған Батыс елдері орасан зор қасірет әкелетін қантөгіс соғысқа бармай-ақ, экономикалық қысым жасау жолымен Ресейді агрессивтік пиғылынан бас тартқызғысы келеді.

Бұл саясат күткендегідей нәтиже бере ме? Мен береді деген сенімдемін. Әрине, РФ саяси басшылығы «Мұндай санкция салу, РФ-ны оқшаулау саясаты оның сыртқы саясатын өзгертуіне еш әсер ете алмайды» деп жар салудан танбай келеді. Бұл енді, риторикалық демагогияға көбірек ұқсайды. Өздерінің ұрда-жық, бірбеткей, тоңмойын саясаттарының елді қандай кіріптар жағдайға дейін жеткізгенін көрмеулері мүмкін емес, алайда соны ашықтан-ашық мойындауға ерік-жігерлері жететін емес. Бұл басшылық мойындамағанмен де, билікке келесі келетін буынның мұны ақыры бәрібір мойындауларына тура келеді, өйткені санкциялар ұзақ мерзімге, бірнеше ондаған жылдарға салынғандығы айқын болып отыр.

Енді мұның (санкцияның) Қазақстанға әсері қандай десек… Әрине, санкция тікелей Қазақстанға салынып отырған жоқ, бірақ ол біздің жақын көршімізге, стратегиялық одақтасымызға, ЕАЭО, Кедендік одаққа біріккен әріптесімізге салынып отыр, сондықтан да санкцияның бізге еш әсері болмайды деген таза ақымақтық. Оның бізге сөзсіз әсері болады.

Енді сол әсері қаншалықты болады – терең бе әлде жеңіл-желпі ме деген сұраққа келсек, ол біздің Ресеймен қаншалықты өзара экономикалық қарым-қатынасымызға тікелей байланысты. Менің ойымша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ресей өз ішкі проблемаларына көбірек көңіл бөлді де, біздерге онша назар аудара қоймады: мүмкін, қолы тимеді, мүмкіндігі болмады. Сол кездерде біздің саяси басшылық біршама реформалар жасап, тәуелсіз бірқатар жетістіктерге жеткендей болды. Кейін бұл процесс баяулады. Әсіресе соңғы жылдары саяси да, экономикалық та өмір тоқтап қалғандай әсер қалдырады – біз барлық шаруаны ЕАЭС құрған комиссияға артып тастап, экономиканы өз бетімен жіберіп, бірыңғай той тойлаумен шұғылданып кеткендейміз. Мұндай жайбарақатшылық із-тұзсыз кетпейді деген ойдамын, салдары тым ауыр болуы мүмкін.

Нақтырақ айтайық. Мысалы, санкцияның Ресей экономикасын тікелей тоқыратуға бағытталғаны анық. Ал Ресей біз үшін экономикалық локомотив рөлін атқарып отырған ел – біз сырттан импорттайтын тауарымыздың жобамен 1/3-ін Ресейден аламыз. Санкция салдарынан Ресей бұл тауарларын енді бұрынғы бағамен бере алмауы мүмкін. Валюта тапшылығына ұрынатындықтан ол сыртқа шығаратын тауарларына, әрине, бағаны көтереді. Бұл бізді одан әрі кедейлендіре түспесе, байытпайтыны анық. Екінші жағынан, экспорттайтын тауарларымыз да Ресей арқылы жүзеге асуда. Мысалы, КТК мұнай құбыры, газ құбыры, темір жол қатынасы, т.с.с., Ресей арқылы өтіп жатыр. Олардың транзиттік бағасының күрт өспейтіндігіне еш кепілдік жоқ.

Алдын-ала болжауы қиын «тосынсыйлар» да болуы ғажап емес. Мысалы, жұмыссыз қалған мигранттар тасқыны қалаларымызды топан судай басып, ондағы өз қазақтарымызды еңбек нарығынан ығыстырып шығаруы немесе жергілікті компрадорлық билік өкілдері тарапынан ресейлік бизнеске басымдық берілуі мүмкін.

Ендеше санкция салқынына ілікпеу үшін не істеуге болады? Меніңше, елімізге ешқандай да пайда әкелмеген, қайта орынсыз шығындарға батырған Еуразиялық Экономикалық Одақтан, Кедендік одақ (Ресеймен арадағы деп түсіну керек – Ред.) сияқты пайдасыз құрылымдардан шығуға талпыну керек. Өзбекстанмен, АҚШ, ЕО елдерімен қарым-қатынасты күшейтуге бағыт ұстау керек шығар.

 

 

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономист: КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТҚА экономикалық басымдылық қажет

 

Әрине, санкцияның зардабы болатыны анық. Өйткені Еуразиялық одаққа мүше болған Қазақстан мен Ресейдің экономикасында екі жақты ұтылыс болуы әбден мүмкін. Қаржы мен энергетика саласы, биліктегі топтардың бизнесі кеңестік кезеңнен бір-бірімен байланысы жалғасуда. Қазақтың мұнайы Ресей арқылы тасымалданатынын ескерсек, Еуразиялық одаққа мүшелікке өткеннен бері аталмыш секторлардың арасындағы байланыс күшейе түсті. 2025 жылға дейін ортақ қаржы кеңістігін жасаймыз деген саясат жүргізіліп жатыр. Бірыңғай валютаны енгізу жөнінде бастамалар көтерілуде. Біртіндеп осы қаржы-экономикалық, мұнай-газ секторлары ортақ экономикаға қарай көшірілуде. Мұндай экономика түбінде бір мемлекеттілікке әкелуі ықтимал. Ресей билігінің көздегені де осы. Мұнай-газ саласындағы санкцияның әсері Ресей компанияларымен байланыстағы ортақ жобаларға залалын тигізері анық.

Ресейге салынған АҚШ санкциясының Қазақстанға әсер болмайды деген әңгіме ауызекі айтыла салған пікір. Әсіресе Еуразиялық одаққа мүше болған ел кіммен одақтасқанын білуі тиіс. Әлем елдерінің алдындағы мемлекеттік имидж мәселесінде Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге көлеңке түсері айқын. Санкцияның салқыны бүгін де, болашақта да кесірін тигізеді. Мұнай-газ саласы бойынша салынған санкция жаңа техника мен технологияның болашағына кедергі жасайды. Бүгінгі күннің пайымымен байыптасақ, 2014 жылы Қырым анексиясы бойынша салынған санкция Ресейдің мұнай-газ секторының дамуын тежеп отыр, оның болашағы қандай боларын бағамдау аса қиын емес.

Дегенмен Қазақстан мемлекетінің экономикалық қарым-қатынасы тек қана Ресейге тәуелді еместігі белгілі. Өркениетті даму жолындағы Батыс елдерімен, Америка, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония т.б. елдермен байланысына ешкім кедергі жасап отырған жоқ. Еуразиялық одақ шеңберінде Қазақстан Ресейдің ықпалынан шыға алмайды десек – қателесеміз. Дамыған елдер – Ұлыбритания, Америка, Франция, Италия Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі акционерлер қатарында. Мемлекет аралық байланыстарда Қазақстан-Англия, Қазақстан-Америка, Қазақстан-Жапониямен экономикалық қарым-қатынасқа санкция салынған жоқ, демек билік осы мәселені алдыңғы орынға қояды.

Біздің экспортымыздың 9 пайызы ғана Ресейге тиесілі де, ал Ресейдің Қазақстанға келетін экспорты 2 пайызға әрең жетеді. Осындай жағдайда Ресей үшін Қазақстанның орны қай деңгейде екенін бағамдай беріңіз. Ресейге қауіп төнген кезеңде, қазақстандық биліктің жүргізіп отырған көп векторлы саясатының ұтатын тұсына басымдық беріледі деп сенеміз.

 

 

Марат ТОҚАШБАЕВ, публицист: АМБИЦИЯДАН ТУҒАН АҚЫМАҚТЫҚ

 

Сонымен Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтетін заңға қол қойыпты! Алдында ғана АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы үш дауыс қарсы болып, 419 дауыс қолдап өткізген жоба Президенттің қол қоюына жіберілгенде орыстар «Трамп бұл заң жобасына қол қоймайтын шығар» деп қатты үміттенген. Ол болса ойланып, толғанып бас қатырған жоқ. Сигнатурасын сүйкеді де салды. Сөйтіп Ресей Федерациясын Иран мен КХДР қатарына апарып қоятын қатаң заң Мәскеу үшін ядролық соққыдан кем болған жоқ. Григорий Явлинский мұны «Путин мен Лавровтың бүкіл сыртқы саясатының күйреуі» деп отыр.

Қазір Ресей айналасындағы күллі көршілерімен қырғиқабақ жағдайда. Балтық жағалауы елдері баяғыда-ақ теріс айналып кеткен. Украинамен соғыс жүріп жатыр. Молдовамен, Гүржістанмен егес таусылар емес. Белоруспен тіл табысу қиындаған. Момақан Қазақстан ештеме шеше алмайды. Орталық Азия елдерімен байланыс Ауғанстаннан төнген қауіпті сейілтуге жараса, соның өзі құба құп.

Ресейдің айналасында сенетін күшті досы жоқ. Қытай көмек қолын созбасы анық. ЕО үшін Ресейден гөрі, АҚШ маңызды серіктес. Ал АҚШ-тың жаңа заңы ондаған жылдарға созылатын қыл бұрау. Кеңес Одағына салынған санкция 38 жылдан соң әзер алынғанын ұмытпайық. Ресейдің АҚШ-қа қарсы саламыз деген санкциялары түкке тұрмайтын баланың ойынындай нәрсе. Ресей ұлыдержавалық амбициясы мен әсіреұлтшыл шовинизмі салдарынан айналасына шынайы дос жинайтын мүмкіндіктен айырылып қалды. Ресей Солтүстік Корея сияқты бәрі түкіретін жиіркенішті елге айналды.

Жағдайды қалай түзеуге болады? Явлинскийдің ұсынысы: Қырым түбегінің халықаралық-құқықтық жағдайын анықтау үшін халықаралық конференция ұйымдастыру қажет әрі легитимді референдум өткізу маңызды. Екіншіден, Донбаста соғысып жатқан әскерін кері шақырып, Украинамен шекарасын бекітіп, шиеленіс нүктесіне қару-жарақ пен әскери техника жеткізуді тоқтатқаны жөн. Үшіншіден, Ресейдің Сириядағы азамат соғысына қатысуын доғаруы қажет.

Егер осы үш қадам жасалмаса, Ресейдің соңғы империя ретінде өмір сүруін тоқтататын кезге куә боларымыз анық.

Салынған санкциялардан Иран тізе бүкпей-ақ шыққан жоқ па, сондықтан Ресейдің қылшығы қисаймайды дейді Ресейді тәңір тұтқандар. Ол рас. Иран үкімет пен халықтың діни негізде бірігуінің арқасында санкциялардан сақайып шықты. Ал коррупция жайлаған, халқы бөлек, үкіметі бөлек өмір сүретін Ресей бейбіт жағдайда санкциялардан оңай құтыла алмайды. Мұндайда Ресейдің халқын біріктіретін жалғыз тәсілі бар, ол – соғыс. Сондықтан Кремль «қырғилары» қан тілеп отыр. Алыс-жақын көршілерінің біріне тарпа бас салмаса болғаны…

 

Сауалнаманы дайындағандар –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

About Zika1961