Home » Гвоздь номера » Рахым АЙЫПҰЛЫ: ЕЛДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КІРІПТАР ЕТУ, демографиялық жаулау –ИМПЕРИЯЛЫҚ ТӘСІЛ
063017_1813_1.jpg

Рахым АЙЫПҰЛЫ: ЕЛДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КІРІПТАР ЕТУ, демографиялық жаулау –ИМПЕРИЯЛЫҚ ТӘСІЛ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

ДАТ!

 


Қазақстанға үш жүз мың Қытай азаматы кірді, елдің ең стратегиялы маңызды салалары Қытай компанияларының қолына көшкені жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желіде талқыға түскенімен, ресми түрде рас-өтірігі белгісіз. Әлемге үрей енгізіп жатқан «Қытай қаупіне» қатысты оқырманның көкейінде жүрген бірер сауалға жауап іздеп, ЖСДП төралқа мүшесі , «Жебеу» қоғамдық бiрлестiгi төралқасының мүшесі Рахым АЙЫПҰЛЫ мырзаны әңгімеге тарттық.

 

 

– Рахым мырза, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР президенті

Н.Назарбаевтың келіссөзінде Қытаймен 7 миллиард долларға инвестициялық келісім-шарт жасалды. Сіз Қазақстан экономикасына Қытайдың сұқтана еніп бара жатқанын қолдайсыз ба?

– Қытайдың Қазақстан экономикасындағы ықпалының айтарлықтай үлкен екендігін жұрттың бәрі біледі. Еліміздегі бір ғана мұнай мен газдың үштен бірі осы елдің уысында. Қаржы және көлік тасымалы қатарлы стратегиялық маңызды салаларға да мысық табандап еніп келеді. Ауыл шаруашылығын қарқынды игеру жобасы – жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарының ел азаматтары тарапынан жаппай қарсылыққа тап болуы себепті уақытша бөгеліп тұр.

Бірақ Қытаймен әріптестік мұнымен тоқтап қалайын деп тұрмаған сияқты. Талайдан бері ел арасында шұрқан боп шауып жүрген Қытайдың 51 алып өндіріс орнын Қазақстанға көшіру жобасы алдағы күндерде ерекше қарқынмен іске асатын сыңайлы. Себебі мемлекет басшысының 2017 жылғы халыққа жолдауында: «Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды», – деп мәлімдеген болатын.

Президент атаған жобаларға сіз айтып отырған 7 миллиард доллардың инвестициялық келісім-шартын қосыңыз. Ал мұның пайдасы мен зияны жөнінде өз басым пышақ кесті пікір айта алмаймын. Себебі мұнайдың алтын дәурені біртіндеп келмеске кетіп барады. Экономиканы әртараптандыру мен қарқынды дамыту үшін дамыған елдердің капиталы мен технологиясына мұқтаж екеніміз дау тудырмайды. Қытайдың өзі де шетелдің және шетелдегі бай қытайлар инвестициясына кең жол ашу арқылы бүгінгідей құдіретті деңгейге көтерілді. Бірақ президенттің Қытайды ала бөтен әспеттеуі көңілге көп күмән ұялатады екен. Себебі технология мен капитал тек Қытайдың ғана қолында тұрған жоқ қой. Бір елге айрықша басымдық беру түптің-түбінде кіріптарлыққа бастайтын жол екендігін кесіп айтуға болады. Оның үстіне бізге келетін сол 51 өндіріс алыбының кімдер екенін біле алмай отырғанымыз да күдігімізді қоюлай түседі.

Біздегі БАҚ қайдағы біреулердің ажырасуы мен қайта үйленуі туралы күн құрғатпай хабар беруден жалықпайды. Керісінше, елдің қауіпсіздігі мен болашағына қатысты осындай ақпарлар беруге келгенде – тым сараң. Сонда Қытайдың осы 51 кәсіпорнының Қазақстанға көшірілуі мемлекеттік құпия санатына жата ма? Мен аталған өндіріс орындарының нақты тізбесін білгенде ғана ол туралы толыққанды пікір айта аламын. Бұл жерде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз инвестициялық стратегиясы болуға тиіс», – деген пікірімен толықтай келісуге болады.

Бір өкінерлігі – біз өткен 25 жылда мұндай стратегияның қажеттілігі туралы ойланбаған екенбіз. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек екен. Өз басым толыққанды инвестициялық стратегия жоқ жағдайда жасалған уағдаластықтардың мінсіз пайдалы боларына күмәнмен қараймын.

 

– Осы уақытқа дейін көрші мемлекеттен әртүрлі жолдармен: бір түпнұсқа бойынша – 12,6 миллиард доллар, енді бірінде – 40 миллиардқа жуық несие алған екенбіз. Қазақстанға келіп жатқан миллиардтық несиеден құтылу болашақ ұрпақтың мойнына ілінетін қарыз деп дабыл қаққан ел азаматтарының сөзіне нендей ой қосар едіңіз?

– Менің бала кезімде бізбен көрші тұратын, жас кезінде аздап сауда-саттықпен айналысқан Манап деген ауылдас атамыз болушы еді. Жаның жәннатта болғыр сол атамыз: «Қарыздың түбі – борыш, сауданың түбі – кеніш» деген сөзді қайталап айтудан бір жалықпайтын. Сол кісінің сөзі шындыққа жақын, болашақ ұрпақ жат жұрттықтарға борыштар болып, бас көтере алмай кете ме деп қорқам. Өз экономикамыз да шатқаяқтап тұрған сияқты. Жақында сенатта өткен үкімет сағатында сенаторлар елімізде пайда көлемі төмендеп, шығын, керісінше, 7 есеге артқандығын, ол аздай, мемлекеттік сыртқы қарыз да соңғы он жылда 15 есеге өсіп, қазір үкіметтің 9 триллионға жуық берешегі бар екендігін айтты. Ал оның ішінде, кешелі-бүгін айтылып жатқан деректерге қарағанда, Қытайға 12,5 миллиард қарыз екенбіз. Ойлап көріңіз, бір ғана Қытайдан алған қарызбен осындай ЭКСПО-ның төртеуін өткізуге болады екен.

 

– Президент Назарбаевтың айтуынша, «Самұрық-Қазынадағы» 800 кәсiпорынды жекешелендiрудi 2018 жылдың соңына дейiн аяқтайды екенбiз. Бұрынғы жоспар бойынша, бұл меже 2020 жылға дейінгі аралықты қамтыған еді. Жедел жүргізілмек шарада басымдық Қытай тарапына берілетінін ескерсек, қазаққа «ұлтарақ та бұйырмайдының» кебін кию қаупі жоқ па?

– 2018 жылдың соңына дейiн аяқтайды екенбiз. Бұрынғы жоспар бойынша бұл меже – 2020 жыл едi. Ойлап көрiңiз, 800 кәсiпорын дегенiңiз жай нәрсе емес, өте үлкен капитал, үлкен байлық. Сонда оны кiм алады? Президент жолдауына қарағанда, «Самұрық-Қазынадағы» 800 кәсiпорынды сатып аларлықтай бiздің отандық кәсіпкерлерде сондай мол ақша бар ма? Жоқ.

Демек, оны шетелдiктерге сатуы әбден мүмкін. Президенттiң жолдауында Америка Құрама Штаттары туралы да, Еуроодақ елдерi туралы да бiр ауыз сөз айтылмаған, басымдық – тек қана Қытайда. Мына 800 кәсiпорынды да, менiңше, Еуроодақтың кәсiпкерлерi ала қоймайды. Себебi Американың капиталистерi болса да, Еуропаның капиталистерi болса да, қалтасындағы жеке меншiк ақшасын саясаты бұлыңғыр мемлекетке салмайды. Мысалы, Еуроодақтың капиталисi болсам, мен ақша салмаймын немесе ол кәсiпорынды сатып алуға құлықты болмас едiм. Өйткенi ол елдiң ары қарай тұрақты дамитынына көзiм жетпейдi.

Ал Қытайға бәрiбiр. Себебi Қытайда ол – мемлекеттiң ақшасы. Өте бай, ұлттық қоры да, алтын қоры да жеткiлiктi және оны iргесiндегi осы елге салуға ол саяси тұрғыдан да мүдделi. Мен бұрын да талай айтқанмын: қазақ елінің болашақ тағдыры – жер және оның асты мен үстіндегі ұшан-теңіз ұлттық байлық кімге бұйырады? Мәселе осыған байланысты. Егер мемлекет пен оның халқының талассыз меншігі болуға тиісті ұлттық байлығы жат қолына өтіп кетсе, өз халқын тақырға отырғызып кеткен мемлекеттің де өмір сүруінің мәні қалмайды. Рәміздер мен ерекше белгілер ғана мемлекеттің негізі бола алмайды.

 

– «Қытай қаупі» қоғамдық синдромы, Қазақты Қытаймен қорқыту – ресейшіл саясаттанушылар мен журналистердің соңғы 10–15 жылдағы жүргізіп отырған жоспарлы жұмысы деген тәуелсіз сарапшылардың пікіріне алып-қосарыңыз бар ма?

– Меніңше сонау ықылым заманнан бері әлемдегі алпауыт елдердің ықпал күш бөлісу бәсекесі бір сәтке де толастаған емес. Бұл жерде өз басым тәуелсіз сарапшылардың пікірімен келісемін. Себебі Қазақстанның өз алдына тәуелсіз ел болуына қарамастан, солтүстіктегі көршіміз бізді өзінің ешкіммен бөліспейтін ықпал ету аймағы санап келді. Бүгінде Қытай ықпалының күн санап артуын ресейшілдердің қаламайтыны хақ.

 

– Ал «қытайдан қашқақтаған қазақ орыстың қолтығына тығылады», сондықтан «қытай қаупі», біздің жерімізді Ресейге таңу саясаты, «Қазақстанда орыстілділерге қысым көрсетіп жатыр-мыс» деген байбаламның астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Елімізге қауіп қай жақтан төнсе де, одан бізді екінші бір жарылқаушы құтқара алмайды. Біз үшін мәңгілік ел болудың жалғыз жолы – ешкіммен жауласпай-ақ, әділет салтанат құрған, демократиялы ұлттық мемлекетті жасақтау. Сіз айтқан «Қазақстанда орыстілділерге қысым көрсетіп жатыр-мыс» деген байбаламның астарында – біздің ұлттық мемлекетімізді жасақтау жолында жасаған талпынысымызға болған қызғаныш пен өшпенділік жатыр. Соңғы ұлттық санақтан кейінгі қазақ көшіне бағытталып, асқан зымияндықпен жасалған түрлі-түсті кедергілердің төркінін өз басым солтүстіктен келді деп білемін.

 

– Қазақстанға үш жүз мың Қытай азаматы кірді, елдің ең стратегиялы маңызды салалары Қытай компанияларының қолына көшіп барады деп БАҚ таратқан ақпарат көршінің астыртын саясатын ашып бере алды деп ойлайсыз ба?

– Ең алдымен басын ашып алайық. Үш жүз мың қытай деген санақ мәліметі қайдан алынған? Меніңше бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Салыстыру үшін айта кетейін. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағам айтатын: «Ел жиған байлығы мен ақшасын санаса, мен қазақты санап жүрем», – деп. Менің де басты жұмысым – сырттан көшіп келген қазақты санау. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қытайдан көшіп келген қазақтың өзі 150 мыңнан сәл-ақ асады. Егер көшіп келген қытайлардың саны одан екі есе көп болса, біз оны білер едік. «Сақтықта – қорлық жоқ» деп, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін дабыл қағып тұрғанның артықтығы жоқ, әрине. Қытай компанияларының жағдайы жөнінде жоғарыда жеткілікті айттым ғой деп ойлаймын.

– Рахым мырза, жалпы қазақты шулатып жатқан «қытай қаупі» деген мәселеге қам жасауда билік кешігіп қалған жоқ па, сіз қалай ойлайсыз?

– Мен бұл сұрағыңызға да жоғарыда жалпылама жауап берген сияқтымын. Десе де, толықтыра кетейін. Қазіргі жағдайда тәуелсіз бір елге дөрекілікпен, қарудың күшіне сүйеніп баса көктеп кіруге орта ғасырлық санамен ойлайтын Ресей сияқты елдердің билеушілері болмаса, өркениетті елдердің көбі бара қоймайды. Бірақ еліңді экономикалық кіріптар етіп, демографиялық жақтан жаулап алу, сол арқылы тәуелсіз бір ұлттық мемлекетті қуыршаққа айналдыру – бүгінгі күнде кеңінен қолданылатын, ең әккі, жан-жақты жетілген империялық тәсілге айналды.

Өз басым көші-қон саясатында шетелдердегі қандастарымыздың елге оралуына барынша кең жол ашып, жат жұрттықтардың елімізге ірге тебуіне барынша заңнамалық жақтан тосқауыл қоюды табанды түрде талап етіп келемін. Мысалға, қолданыстағы Көші-қон туралы заңда көшіп келушілердің бес түрлі санаты қарастырылған. Мұның ішінде «отбасын біріктіру мақсатында көшіп келушілер» мен «еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында көшіп келушілерге» ашылған заңды мүмкіндіктің салдары ерекше қорқынышты. Және бұл ойымды үнемі көші-қон заңнамалары қайта қаралған тұста парламенттің жұмыс тобындағы депутаттарға таусыла түсіндіруден жалыққан емеспін. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді. Жағдай ушықпай тұрғанда, заңнамалық тұрғыдан реттеуге әлі де кеш емес.

– Бірер апта бұрын Шынжаңдағы қазақтарға қоқан-лоқы көрсеткен ханзуларға қатысты ақпарды телеарнадан көріп білдік. Естуімізше, Қытай билігі соңғы уақыттарда қазақ ұлтына өктем саясат жасауға көшкен сыңайлы. Қазақ ұлтын қолдау жөнінде Қазақстан тарапынан ескерту жасалмайтынының байыбына бара алдыңыздар ма?

– Cөздің басын ашып алайық. Шынжаңдағы қазақтарға ханзу ұлтының ішінара басбұзар тентектері болмаса, тұтас ұлт ретінде қоқан-лоқы көрсетіп, қысым жасап отырған жоқ. Ал тәртіп орнатқанның жөні осы екен деп, әңгір-таяғын оңды-солды сілтейтін солақай билеушілердің әрекеті өз алдына бөлек әңгіме. Өткен жылдың соңынан бері Қытайдан осы жаққа көшіп немесе туысшылап келген «қазақтарды Қытайға қайта шақыртып жатыр екен», «олардың алатын зейнетақысын тоқтатып тастапты», «ықтиярхат алғандардың паспортын жинап алыпты» деген әңгіме ел арасын кезіп кетті. Біз бұл мәселені мұқият зерттедік. Шынымен де, Қазақстанға келіп, азаматтық алған зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатып тастаған мысалдар бар екен.

Сондай-ақ осы жаққа келіп-кетіп, ықтиярхатпен жүрген көп азаматты Қытайға шақырып, «ықтиярхаттарыңды тапсырасыңдар, егер олай етпесеңдер, зейнетақыларыңды тоқтатамыз» деген талап қойып, паспорттарын жинап алған жағдайлар да көп болып шықты. Әсіресе бұл жағдай Іле қазақ автономиялы облысында жиі қайталанып жатқанын білдік.

Бірақ орталық Қытайдың саясаты мен Шынжаңдағы жергілікті биліктің ұстанымы екі басқа болып шықты. Жергілікті атқамінерлер уақытша тексеруді «асыра сілтеп» жіберген. Тіпті Іле облысының кейбір аудандарында Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерге азаматтықтан бас тартуын, өйтпесе зейнетақысынан айырылатынын ескерткен. Ықтиярхат алғандарға да сондай шарт қойып, паспорттары мен ықтиярхаттарын жинап алған. Кейбір азаматтарды «сен Қытайдағы тіркеуіңді уақытында өшіртпей, заңды бұздың» деп, түрлі қысым көрсеткенін де естідік.

Ал Қытайдың мұһажырларға қатысты заң күші бар нормативтік актілерінде зейнетке шыққан Қытай азаматы қай елдің азаматтығын алса да, оның зейнетақысы тоқтамайтындығы анық жазылған. Сонымен бірге Қытайдың «Азаматтық туралы» заңының 9-бабында шетелдің азаматтығын алған Қытай азаматы азаматтықтан автоматты түрде шығарылады деп көрсетілген. Демек, автоматты деген ұғым бойынша оның тіркеуі де өшірілуі шарт. Бұл заңда басқадай қосымша талап қарастырылмаған.

Шын мәнінде, бұл Қытайдың ішкі мәселесі, олар шетелге кеткен зейнеткерге зейнетақы беруге міндетті болса да, оны ҚР Сыртқы істер министрлігі талап ете алмайды. Мұны тек аса сақтықпен, дипломатиялық жолмен ғана шешуге болады. Осы жолғы жағдайдан ҚР Сыртқы істер министрлігі де хабардар болды. Бірақ мәселенің мән-жайын толық білмеулері мүмкін. Себебі Қытайдың заңын, Шынжаңдағы соңғы әлеуметтік-саяси мәселелерді сол жаққа барып, көріп жүрген азаматтар болмаса, көп адам біле бермейді. Сол үшін ҚР СІМ мен Ақордаға орынсыз өкпе артып, елді шулатуға үйір болуымыздың қажеті жоқ.

Әрине, атқарушы биліктің қолында шығыстағы көршіге байланысты көптеген ықпал ету тетіктері бар. Осыны шебер пайдалана білсе, ол жақтағы ағайынға көп көмегі болары сөзсіз. Атқарушы билік қана емес, кез келген азамат мәдениетті сұхбат құрудың жолын іздеп үйренсе, бұл еліміздің беделі мен берекетін де арттыра түседі. Қытай – біздің мыңжылдық көршіміз. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл елмен байланысымыз үзілмек емес. Қытайдан елге оралған қандастар үшін де орынсыз үрей, айғай-шу тиімді жол емес. Өзара татулық оларға да, бізге де тиімді. Егер екі елдің қазіргі үйлесімді әріптестігі бұзылмаса, мұның пайдасын ең бірінші болып көретін – сол Қытайдан келген ағайындар.

Ал, керісінше, екі елдің ынтымағы бұзылып, тең дәрежедегі әріптестігіне сызат түссе, онда да ең залалын тартатындар – Қытайдан келген қандастарымыз! Біз мұны естен шығармауға тиіспіз. Ұмытпасам, Бақытгүл, өзіңіздің әке-шешелеріңіз де Қытай мен Кеңестер Одағы жау болып тұрған заманда, қырық жылға жуық Ақсуаттың іргесінде тиіп тұрған Қытайдың Дөрбілжін ауданындағы туыстарын бір көруге зар болды емес пе?!

 

– Ол да бір сағыныштың зары өткен қазақтың тағдыры еді ғой… Бар қазақтың арманы – төрткүл дүниенің әр аумағында тарыдай шашылған қандастарымызға ешкімнің залалы тимесе екен, сүйенер Ата жұрты, Тәуелсіз Қазақ елі бар екенін Қытай әркез естен шығармағаны жөн деп санаймыз. Екі елдің арасына жік салуға ешкім де құлықты емес, сұрақтың төркіні жергілікті қытайлардың тепкісіне түскен қазақтардың жағдайына қатысты қойылған еді. Сұхбатыңызға рахмет, Рахым мырза!

 

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

 

 

Бұл екі арада

 

Зиялы қауым өкілдері ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

 

 

Қытайда тұратын қазақтардың тарихи отанына келуіне түрлі кедергілер жасалып жатыр. Ал елге оралып, ықтиярхат алғандарды сол жаққа барған бойда құжаттарын тартып алып, кері жібермей жатқан көрінеді. Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ зиялы қауым өкілдері мен қандастарымыз осылай деп базына айтты, деп хабарлайды Stan.kz порталы.

 

Олар президентке ашық хат жолдап, осы жуық күндері Астатанда өтетін Дүние жүзі қазақтарының құрылтайында осы өзекті мәселені шешіп беруін сұраған. Қазақстанға көшіп келіп, ықтиярхат алған немесе көшіп келгісі келіп жүргендер Қытай үкіметіне жақпай жатыр екен. Өткен жылдан бері шығыстағы көршіміз туған Отанына кеткісі келетіндерге талапты күшейтіп, тіпті түрлі кедергілер ойлап тапқан. Соның салдарынан мыңдаған қандасымыз ата-бабаларының жеріне орала алмай жатыр.

«Қытай халық республикасында 30-40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан азаматтар бала-шағасын ертіп, Қазақстанға көшіп келген. Сол Қытайдағы үйлерінің барлығын сатып, Қазақстаннан үй алып, осында қоныстанып отырған азаматтарымызды Қытайға қайтадан шақырып алып, оларды отбасынан айырып, олардың зейнетақыларын тоқтатып, төлқұжаттарының күшін жойып жатыр», – дейді кәсіпкер, азаматтық белсенді Қыдырәлі Оразұлы.

Жалпы, 25 жылдың ішінде елімізге шетелден бір миллион қандасымыз көшіп келген. Олардың 63 пайызы Өзбекстаннан, 11 пайызы Қытайдан, 7 пайызы Монғолиядан оралған. Қытайда тұратын қандастарымыздың қазіргі мәселесіне бей-жай қарай алмайтын зиялы қауым өкілдері елбасы атына ашық хат жазып, араша түсуді сұрады.

«Біздің шетте жүрген қазақтарымызды Қазақстанға алып келу жайлы мәселе көптен бері көтерілуде. Бірақ сол мәселе айтылған жерде қалады. Әсіресе соңғы кезде оны қиындатып та жіберді», – деді жазушы Дулат Исабеков.

«Барыс-келісті тыйған. Қазақтарды Қазақстанмен араластырмауда. Виза бермеу, бұл жаққа өткізбеу, өткізген адамдарды тергеу. «Неге бардың, неге қойдың» осы былтырдан бері басталыпты. Сосын тыйым салынған 26 мемлекеттің тізіміне Қазақстанды қосыпты», – деп ренішін білдірді жазушы Қабдеш Жұмаділов.

Бірер күннен кейін Астанада Дүние жүзі қазақтарының бесінші құрылтайы басталады. Ұлт жанашырлары осы өзекті мәселені құрылтайда көтеруді көздеп отыр.

Stan.kz

About Zika1961