Home » Гвоздь номера » ОТЫЗ ЖЫЛ БОЙҒЫ ЖАЛҒЫЗ президентке азаматтық айтарым бар

ОТЫЗ ЖЫЛ БОЙҒЫ ЖАЛҒЫЗ президентке азаматтық айтарым бар

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.

 

Дат, тақсыр!


 

Қазақстанның бірінші және отыз жылға жуық уақыт бойы жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Дат, тақсыр!» деп қамшымды ортаға тастадым. «Датым бар!» деген сөз – ежелгі қазақ даласының жазылмаған кодексі еді: ел президенті менің сөзіме құлақ түреді деп ойлаймын.

 

Қараның датын тыңдау – ханның жазылмаған парызы болған дейді. Халық өкілінің датын тыңдау – тек жүрегінде иманы бар, текті, дара тұлғаның қолынан келген. Сіз де сол дара тұлғаның бірі деп, үміт артып, хат жолдап отырмын.

Сіздің «Рухани жаңғыру» және қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамаңызды көпшілік халық қолдап отыр. Тек әліпбидің кім-көрінген айтқан нұсқада қабылданып кетпеуін қатты назарда ұстағаныңыз абзал.

Ал «Рухани жаңғыру» бүгінгідей, қағаз жүзіндегі дүрмек болып қалмауы керек. Бұл жаңғырудың жалғасы саяси реформаларға жалғасуы тиіс деген көпшілік қауым тақымын қысып отыр. Қоғам қатты қажетсініп тұрған конституциялық және саяси реформаны қайсарлық танытып, аяғына жеткізсеңіз, сіздің есіміңізді тарихқа алтын әріппен халықтың өзі жазып, Нұрсұлтанның «Нұрлы жолы» болып мәңгі қаласыз.

Ал егер бұның бәрі әдеттегідей алдамсыратудың амалымен, жай ғана қағаз жүзінде қалатын болса, онда қазақтың маңдайына сор болған, елдің рухын түсірген «Сор-сұлтан» болып қаласыз. Халықтың наласы қиын екенін өзіңіз де түсінетін шығарсыз… Енді жаңғыру арқылы даму мен жаңғырудың атымен алдау жолының қайсысын таңдайсыз – ол сіздің қолыңызда.

Егер біріншісін – іс жүзіндегі нақты даму жолын таңдасаңыз, біз сізді қолдаймыз, қол ұшын беріп, бастаған ісіңізге ат салысуға дайынбыз. Ол үшін ең алдымен қоғамдық келісімге негіз болатын Ұлттық диолог алаңын құрғаныңыз абзал болар еді. Датым бар деген оппозиция мен ұлт патриоттарының басын қоссаңыз, дөңгелек үстел басында елде болып жатқан жайды біз сізге жайып саламыз. Сонда жалған сөз бен ақиқаттың ара жігі ашылады. Біз еліміздің жауы емеспіз, біз де еліміздің дамуын сөзбен емес, іспен қалаймыз. Біз де сіз айтқандай эволюция жолын таңдаймыз. Біз елде революция яки болмаса азаматтық қақтығыс болғанын қаламаймыз.

Ертең біз қоғамға кандай жол қалдырамыз, кейінгі ұрпақ қандай мемлекетте өмір сүреді? Сол үшін білекті түріп қойып, біреулерге деген өкпені сырып қойып, бірігіп, рухани жаңғыруды діттеген жеріне жеткізуіміз керек. Оның алғы шарттарының бірі, өзіңіз де ойлап жүргендей – саяси реформа жасау. Қосатыны бар, алатыны бар, босататын буы бар – соның бәріне салқындық танытып, бәріміз бір тудың астына бірігіп, нақты және діттеген нәтижеге жетеріміз анық.

Аса құрметті президент мырза, сіз талай мәрте ораза, құрбан айт кездерінде бір-бірімізге кешірімді болайық деп айтқаныңыз сіздің де, халықтың да есінде. Олай болса, сізбен біраз жыл әріптес болған, кейіннен оппозицияға кеткен саясаттың ақсақалы Серікболсын Әбділдин, экс-премьер Әкежан Қажыгелдин, өзіңізге кезінде саяси әріптес болған Ғазиз Алдамжаров, Жармахан Тұяқбай, Төлеген Жүкеев, Ғалымжан Жақиянов, Ораз Жандосов сияқты, кейіннен саясаттан аластатылған Зәуреш Батталова, Төлен Тоқтасынов, Уәлихан Қайсаров, Әміржан Қосанов… және басқа азаматтарды ағалық кешіріммен бір ортаға шақырып, жаңа іске жұмылдыра білсеңіз, ел-жұрт сіздің іс-әрекетіңіздің ақтығына көз жеткізеді. Бұл ұлттық ұйысудың, елдік ерік-жігердің басы болар еді. «Жігіттер, мына реформаны бірге бастап, бірігіп аяқтайық, елімізді саяси дамудың жаңа жолына көшірейік» деп айтсаңыз, халық бұныңызды құп алып, тақиясын көкке лақтырары хақ. Мұндай жағдайда екі бірдей жеңіске жетесіз: біріншіден, саяси реформаны жүзеге асыру мүмкіндіктері артады; екіншіден, өзіңізден кейінгі ел зердесіне өз атыңызды өшпестей жазып кетесіз.

Егер осы рухани жаңғырудың заңды жалғасы болатын саяси өзгерістерді іске асырсаңыз, онда біз – халық келесі президенттен сіздің саяси кепілдігіңізді табандылықпен талап ете аламыз. Онда бүгінгі Астана – Нұрсұлтан қаласы, Алматыдағы Фурманов көшесі – «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше» болары айдан анық. Басқаша жағдайда сіздің тарихта қалар атыңызға артыңыздағы халқыңыз кепілдік бере алмайды. Тіпті елдегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен Астанадағы Назарбаев университетінің атаулары өзгеріп кетуі ғажап емес. Мен ойлаймын, сіз де бұны ойлап жүрсіз деп…

Бұл реформа шынайы болса, сіз бір партияның, яғни «Нұр Отанның» лидері ғана емес, күллі халықтың бас бостандығы мен еркін таңдауының кепілі болуға тиіссіз.

Сөз еркіндігі мен бейбіт түрде митингтер мен шерулер өткізуге тыйым салған заңдардың күші жойылуы керек. Саяси көзқарасы бар адамдарды қудалау, соттау доғарылуы тиіс. Былтырғы жер дауына байланысты сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аян бостандыққа шығуы керек.

Ұлттық келісім үстелі арқылы ғана сіз халықты бір мақсатқа біріктіре аласыз және елдегі ақиқатты сізден жасырып, жаныңызда жүрген серіктеріңіздің сөзінен басқа талай нәрсеге көзіңіз жететін болады. Қоғамның дертін емдеу үшін, оның себеп-салдарын анықтап алуға барша жұрт жұмылары анық.

Әйтпесе, саяси өзгерістер жасалмаса, бәрі кеш болып кетуі мүмкін. Себебі қымбатшылық халықты әбден қинап, қылқындырып барады. Мұнайдың үстінде отырып – бензинге жарымай, көмірдің үстінде отырып – отынға жарымай келеміз, коммуналдық төлемдер мен азық-түліктің бағасы шарықтап өсуде. Көктемде бір тонна көмір 11 мың тенге болған, қазір Алматыда – 20-23 мың теңге. Менің 52 мың тенге жалақым бар-жоғы екі тонна көмір алуға жетеді. Бес баласы бар ана 9400 теңге жәрдемақы алады екен: ол қай тесігін жамайды? Депутаттың айлығы 1 миллион теңгеге жетті, мұғалім мен дәрігердің айлығы сол қалпы – 70-80 мың теңгенің маңайы. Халықтың өкпесі қара қазандай: әлеуметтік наразылықтың бір шырпысын тұтатса, жеткілікті – оның арты үлкен өртке айналғалы тұр.

Ертең сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да – заман өзгереді, билік те өзгереді. Бірақ ол өзгерісті сізден кейін келгендер емес, өзіңіз жасап кетсеңіз, ел-жұрт биліктің өтпелі кезеңінен саяси-әлеуметтік теңселіссіз өтер еді. Бүгінде біз қандай ұрпақ өсіріп жатырмыз? Иманы жоқ, ар-намысы тапталған, қорқақ, өзгеге жалтақ, обал-сауапты білмейтін ұрпақ өкшемізді басып келе жатыр. Ондай ұрпақ елі мен жері тұрмақ, өз отбасын қорғай алмайды. Сіздің маңайыңызда жүрген жылпостар мен жағымпаздар осы жағдайды сізге айта алып жүр ме? Күдігім бар!

Өз бастарының қамын ғана күйттеп жүрген намысы жоқтармен сіз ешқандай реформа жасай алмайсыз! Олар – кері тартпалар. Өз мүдделері үшін олар сізге өмірдің өңін айналдырып айтады. Олар талай сылтау табады, бұл реформаны алға жүргізбеу үшін, оларға елбасы Назарбаев та, қазақ халқы да көк тиын. Оларға өзінің қара басы мен ел қазынасынан ұрлап-жырлаған қаражатын, билігін ұстап қалу әлдеқайда қымбат. Ал сіз оларды саяси және мемлекеттік әріптестер санап жүрсіз!

 

Р.S. Тағы да қайталаймын, менің бұл датым – ертеңгі күні болып кетуі мүмкін өрттің алдын алудың жолы деп білем. Жаман айтпай, жақсы жоқ, ертең халық көшеге шығатын болса, сіздің маңайыңызда жүрген тобыр оны тоқтата алмайды немесе тоқтатам деп халыққа оқ атады. Мұндай нәтиже сізге тіпті де керек емес шығар…

«Түйенің бурасы, сөздің турасы жақсы» деуші еді атам қазақ: менің сізге айтпақ датым осы еді. Сіз осы өзгерістерді бастаған күні «Президенттің саяси реформасын қолдайық!» деген ұранмен аспанға ақ шарлар ұшырам. Құдай қолға алар ісіңізге қуат берсін!

Қайрат ЕРДЕБАЕВ

About Zika1961