Home » Апта аптығы » ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚТАРЫ солтүстікті қазақтандырады
071817_1813_1.jpg

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚТАРЫ солтүстікті қазақтандырады

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №26 (390) от 5 июля 2017 г.

 

Апта аптығы

Бәрекелді!


 

ОҚО-дан солтүстікке 2019 адам көшуге ниет білдіріп отыр, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Хабарда айтылғандай, Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтардың бірі саналады. Осыған орай өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында халықты жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары жалғасып келеді. Десек те, ішкі көші-қон саясатының ел арасында насихатталуы тиісті деңгейде емес.

 

«Бұл өте өзекті мәселе. Қазір ОҚО-ның халқы үш миллион адамға жуықтады. СҚО-да 468 мың адам, Павлодар облысында 552 мың адам тұрады. Мақтарал және Сарыағаш аудандарының халқы 700 мыңға жақындады. Жыл сайын 80 мыңнан аса жас сәби өмірге келеді. Бұл – бес жылда 400 мың адам деген сөз. Яғни, кішігірім облыс, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыс әкімдігінде өткен еңбек күші мол аймақтардан солтүстік өңіріне көшіп-қону мәселесіне арналған жиында.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің айтуынша, соңғы бес жылда облыста халық саны 272 мың адамға артқан. Облыста бір шаршы шақырымға есептегенде халықтың орташа тығыздығы 22 адамнан келеді. Бұл – республикалық орта көрсеткіштен үш есе артық. «Бүгінге дейін облыста тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 73 мыңға жуық адам өтініш берген. 43 мың адам баспана кезегінде тұр», – дейді ол.

Оның айтуынша, басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда көшіп барғандардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім беру саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған.

Ал өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына 5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізген. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті.

Сондай-ақ мәжілісте сөз алған облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков оңтүстік халқын солтүстікке көшіру ерікті түрде жүріп жатқандығын алға тартты. Оларға үкімет тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіледі. Нақты айтқанда, қоныс шығындары есебінде отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Бұдан бөлек бір жылға дейін пәтер жалдауға жұмсалатын шығын да мемлекет есебінен. Әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон квотасына да қаржы қарастырылған.

Облыс әкімі жиын соңында халық тығыз орналасқан Сарыағаш және Мақтарал ауданы әкімдеріне солтүстік аймақтарға көшуге ниетті тұрғындармен жұмыс істеуге тапсырма берді. Ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік аймақтарға 154 отбасы қоныс аударған. 2017 жылы 288 отбасына квота беру белгіленген.

«D»

About Zika1961