Home » Гвоздь номера » ОҢАША ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАНҚАРЖЫ ЕЛГЕ ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?

ОҢАША ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАНҚАРЖЫ ЕЛГЕ ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №42 (406) от 16 ноября 2017 г.

 

Дат-сауалнама


 

Ендігі белгілі болғандай, өткен аптада Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) халықаралық ұйымы мен «Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы» (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) офшорлық компанияларға тығылған есепшоттар мен олардың иелерін жариялаған еді. Осы орайда Батыс баспасөзінде Бермуд аралдарындағы фирма-регистратордың мәліметтері жарияланып кетуі нәтижесінде әшкере болған офшор компаниялардың әрекетінен келген зиян көлемін есептеулер жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, миллиардтаған доллар ақша белгілі бір елде салықтан жалтару үшін офшорлық компанияларға жасырылады. Яғни, офшор арқылы тығылған қаржыдан есепшот иесі өз елінде салық төлемейді. Ал біздің елде, белгілі болғандай, екі бірдей қазақстандық лауазымгер – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың офшорлық есепшоттары әшкере болды.

Тағы да еске алатын болсақ, бұған дейін «Панама архиві» офшорлық есепшотынан ҚР парламенті сенатының депутаты – ел президентінің қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің ақшалары табылған болатын.

Осы орайда Батыс елдерінде офшорлық компаниялардан табылған есепшот иелеріне қатысты тергеу-тексеру әрекеттері жүріп жатыр. Себебі өркениетті батыстық мемлекеттерде салықтан жалтару – ауыр қылмыс саналады. Сол сияқты қазақстандық заңдар бойынша да салықтан жалтарған заңды немесе жеке тұлға тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс еді.

Бірақ тиісті қазақстандық органдар тарапынан мұндай тергеу-тексеру әрекеттері жүріп жатқаны жөнінде жария ақпарат жоқ. Осы орайда қоғам өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген едік:

 

Салықтан жалтарып, офшорлық есепшоттарға қаржы жасырған азаматтарға қатысты анықтау шараларын неге жүргізілмеуде?

Ауласындағы азын-аулақ малы мен үйінің жанындағы бау-бақша үшін жұмыссыз адамнан салық төлеуді талап ететін қазақстандық заң офшорға тығылған миллиардтаған қаржы табылған нақты жағдайда неге дәрменсіз болып отыр деп ойлайсыз?

 

Уәлихан ҚАЙСАРОВ,

экс-сенатор:

 

– Бүгінгі күнде әлемде жемқорлықпен жымдаса байланысып кеткен мемлекеттердің саны жылдан-жылға айтарлықтай азайып бара жатыр. Өйткені сол елдерде халық наразылығын білдіруімен қоса, халықаралық қауымдастықтың әрекеттері өз нәтижелерін бере бастады. Бірқатар мемлекеттердегі құзырлы органдарды басқарып отырған лауазымды шенеуніктердің шетел банктеріндегі шоттары бұғатталып жатқаны бәрімізге мәлім. Халықаралық бақылаушы ұйымдардың қадағалауымен қыруар қаржы өз елдеріне қайтарылып жатқанынан да хабардармыз. Бізбен көршілес Ресей Федерациясы немесе бізбен бауырлас Қырғыз Республикасының азаматтары биліктің тыйым салуына қарамастан, наразылық білдіру үшін ірі қалалардың орталық алаңдары мен көшеге жылына бірнеше рет шеруге шығуды жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанға 84 млн АҚШ доллары қайырымдылық қоры арқылы қайтарылған. Бірақ олардан басқа жүз миллиардтан астам АҚШ доллары әлі күнге дейін өз еліне қайтатын амалдың жолын таппай жүр. Оның ең басты себебі – біздің мемлекет пен халықтан ұрланған қаржы осы мемлекетті басқарып жүрген шенеуніктердің офшордағы орналасқан банктер мен компаниялардың шоттарына аударылып жатыр. Осыған орай жемқорлықпен күрес тек төменгі деңгейде жүріп жатыр деп айтуға болатын шығар.

Ел тұрғындарына, жемқорлықпен күресетін шетелдік халықаралық ұйымдарға осы салада күрделі жұмыс атқарылып жатыр деген жалған ақпарат таратылуда. Әрине, ол жұмыс та өз нәтижесін беруде. Электрондық үкіметтің қызмет көрсету түрлері ұсақ-түйек «майда шабақтарды» тұтқындау арқылы жергілікті жерлерде жемқорлықтың деңгейі түсе бастауда. Алайда жемқорлықтың ең маңызды күрес жолы жоғарғы жақтан басталмағандықтан, осы күрес науқаны еш уақытта аяқталмайды. «Балық бастан шіриді» деген сөз бар!

Бұған қосар тағы да қазақтың: «Ауруын жасырған – өледі» деген асыл сөзі бар. Міне, тәуелсіздігімізді алғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Әуел бастан-ақ біздің мемлекетіміздің басшылары халықтың ақшасына жете салысымен, оған қолдарын сұғып, тонай бастады. Ақырында біздің экономикамыз бен халықтың әл-ауқат жағдайы төмендегеннен кейін, үкімет басқа мемлекеттерден несие сұрап, экономикалық тәуелділікке тап болды.

Бірақ біздің басшыларымыздың көздері ақшаға тойып, қанағаттана алмай, шетелден алған несиеге де қолдарын сұғып, ұрлап-жырлап, түгесіп тастады. Сондай сорақылықтың нәтижесінде шетелге әр қазақтың жан басына шаққанда 14 000 АҚШ доллары шамасындай қаражат берешек болып шыға келді.

Мысалға орташа тұрмысы бар үш балалы қазақ отбасын алатын болсақ, онда олардың ел ішіндегі банктерден алынған несиесін есептемей-ақ, шетелден мойнына түскен қаржы салмағы 70 000 АҚШ доллардың ары-бері шамасында. Осының бәрін еске ала отырып, біз ел басқарып жүргендерді тоқтатпасақ, егемендігімізден міңдетті түрде айырылып қаламыз. Бұған дүние жүзі тарихында бірнеше рет орын алған жағдайлар дәлел. Баршамызға осыны ұмытпай, әрқашан есімізде сақтап жүргеніміз абзал.

Ал енді біздің жемқорлықпен күресетін мемлекеттік органдар туралы айтатын болсақ, олардың жоғарғы деңгейге қолдары жетпейтінінің себебі бір ғана басты мәселеге тіреліп отыр. Қандай десеңіз, аталмыш құзырлы органдардың кез келген деңгейіндегі басшысы биліктің ең жоғарғы жағында қарастырылады. Ал онда кімдердің отырғандарын бәріміз білеміз. Сондықтан бәрі бір-біріне тәуелді болып, жоғарыдағының ауызына қарап отыр.

Назарбаевтың өзінің айтқан сөзі бар емес пе: «Я каждого из вас могу запросто взять за руки и отвести в суд». Олардың жасаған қылмыстарын біле отырып, неліктен сотқа сүйремей жүр деген заңды сауал туындайды. Меніңше, проблеманың ең басты тамыры да осында.

Басқаларды айтпай-ақ, президенттің қызы Дариға мен немересі Нұрәлидің офшорлық аймақтардағы қаржысы туралы ақпараттар жария болды. Заңға сәйкес, еліміздегі Бас прокуратура осыған байланысты тергеуді бастауға міңдетті еді. Бірақ олар үн-түнсіз, ауыздарына су толтырғандай болып отыр. Ал кешелі-бүгін ғана біздің екі министр туралы дәл сондай ақпарат пайда болды. Әрине, оларды тағайындайтын адамына қарап, оның аяғы не болып шығатыны бізге ол әңгіме басталмай жатып белгілі болып тұр.

Осының бәрін қарап отырып, бір ғана қорытынды жасауға болады. Бүгінгі таңда, егер біз тек қана Қазақстанды алатын болсақ, жемқорлықпен күресуге шақыруды – мемлекетпен және мемлекеттік құрылыммен күресуге үндеу деп, бірдей деңгейде теңестіруге болады.

Еліміздегі әрбір азамат: мен кім үшін өмірі сүріп жүрмін? Шіріп біткен билік үшін бе, жоқ әлде өзім және балаларымның болашағы үшін бе? Елімнің тәуелсіздігі үшін бе, жоқ әлде басшыларының және олардың ұрпақтарының тәуелсіздігі үшін бе? деген сұрақтарға берер жауабын өзі шешуі керек.

 

Марат УАТҚАН,

қоғам белсендісі:

–Мына сұрақтарды көргенде, «Әміршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген тәмсіл есіме түсті. Біздің мемлекет соқырлар үшін маңдай тері мен ақыл-парасатын жұмсамай, мол байлыққа кенелуге мүмкіндік беретін табыстың бірден-бір көзіне айналғаны қай заман?! Билік басында мемлекеттік қызметте отырған олигархтардың ешқайсысы бизнесте еңбек етіп, адамның ойы түгілі, түсіне де кірмейтін офшорлық есепшоттарға жасырған мол қаражатты қайдан тапты?!

Оның көзі – коррупция – сыбайласқан жемқорлық! Қарға қарғаның көзін шұқымайтыны секілді, жемқор жемқордың жегенін көрмейді. Көргісі де келмейді. Көрсе, жанындағылардың барлығы – өзінің сенімді серіктері, ілік-жіліктері, тума-туыстары. Ішінара бірлі-жарымы көзге түсе қалса, оларды оңдырмайтынын да көріп жүрміз. Олар – онсыз да ортақ қазаннан шеттетілуге тиісті, ісі өткен, енді керексіз боп қалған бейбақтар мен болашақта дара билікке қауіп төндіруі мүмкін мипаз шенеуніктер. Офшордағы шоттарды анықтау шаралары жүргізілмеуінің себебі – осында.

Атқарушы билік тармақтарында отырған адамдар мемлекет міндеттеген қызметін заң аясында атқара алмайды. Заңға сай жұмыс жасайтын болса, ол орында бір күн де отырғызып қоймас еді. Басы кететінін біледі. Кетпесе де, жылы орынтағынан айырылады. Одан кейінгі күні не боларын білмейтін бейбақ «сен тимесең – мен тимен» деп жалтақтаған қалпында неғұрлым ұзақ отыруға тырысатын болар…

Осындай типті мыңдаған адамның кесірі де биліктің шіріктесуіне өзінің қомақты үлесін қосып отыр. Мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына ең зор қатер төндіретін биліктің сегменті де – осылар десем, артық айтқандық болмас…

«Таз ашуын тырнадан алады» деген сөз бар. Авторитарлық биліктің орта буыны заңға емес, өзін қызметке тағайындаған бастығына жүгінеді. Соның айтқанымен жүріп, айтағына көнеді. Әрқандай кішігірім шенеунік жоғарыға ауыз аша алмайды. Өзінен төменгіге өзі – құдай! Шаш ал десе, бас алуға бейім тұрады.

Биліктің асыраушысы – халық. Халық жұмыспен қамтамасыз етілмесе де, салық төлейді. Төленген салығы қайда, неге жұмсалып жатыр, онымен көбісінің шаруасы жоқ. «Өкімет өлтірмейді, тыныштық болса – болды», – деп күнделікті күйбеңінің соңында жүре береді. Сары қатын, қара баланың қамын жасаудан қолы бір босамайды. «Елім аман, жұртым тыныш болса» деген сеніммен үмітін үзбей, тірлігін жасайды. Осындай мамыражай, момын халықты «таз билік» «тырнаға» айналдырып алды. Түгі қалмаса да, салығын күннен-күнге өсіріп келеді. «Азық-түлік дағдарысы» болатынын президент өзі мойындады. Бұл – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, халықтың ашуға мінетін кезі екенінің хабары.

Осы айтылғандар негізінде менде де бір сұрақ бар: халық ашуын кімнен алады?

 

Қуат КҮНБОЛАТОВ,

ЖСДП саяси кеңесінің мүшесі:

– Жалпы, офшор иелерін анықтау шараларын жүргізу – оңай шаруа қатарына жатпайды. Себебі кейбір офшорларда есепшоттың нақты иелері туралы ақпарат да талап етілмейді. Ол жерде ашылған компания сол мемлекет заңнамаларына сай, тек жыл сайынғы белгілі бір көлемде қаражатты төлеп отырса болғаны – салық та салынбайды. Ал басқа біреулерінде есепшот иелері туралы ақпарат алынады және мемлекетке қаржылық есеп беріліп отырады.

Офшор туралы тағы мына жәйтті айтып өткенді жөн көріп отырмын. Қазіргі таңда биліктегі белгілі азаматтардың қаражаттары туралы ақпарат бізге кездейсоқ мәлім болды. Неге? Себебі қазіргі таңда жалпы дүниежүзілік даму қарқынының төмендеуіне байланысты офшорлармен соғыс тенденцияға айналып отыр – бұл бір жағы. Екінші жағы – офшорлық есепшоттардағы жымқырылған қаражат көлемі, кейбір сараптамаларға сүйенсек, 11–15 триллион АҚШ доллары аралығында деп айтылады.

Ал дүние жүзіндегі әр оффшор белгілі бір дамыған мемлекеттердің қарамағында екені тағы да мәлім, оның ірілері: Ұлыбритания, АҚШ, Франция. Осындай қомақты қаражатты әр мемлекет өз назарында ұстап отырғысы келетінін түсіндіру қажет емес шығар.

Сондықтан соңғы жылдары АҚШ-тың қаржылық барлау ұйымдары басқа мемлекеттердің қарамағындағы офшорларды өз қарамағына алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол жұмыстардың нәтижесінде бірер жыл бұрын «Панамалық досье» деген атаумен болған шулы іс негізінде панамалық офшорда қаражаттарын жасырған Дариға Назарбаева, ұлы Нұрәли Әлиевтің және Ерлан Сағадиевтің аттары бізге мәлім болды. Ал соңғы атышулы ақпараттар бойынша, тағы да бізге мәлім С.Мыңбаев пен Б.Атамқұлов деген үкімет мүшелерінің аттары ашылды. Бұл бізге таңқаларлық жәйттер емес. Қазіргі таңда көшеден ұстап алып, кез келген азаматтан сұрасаң, біздің үкіметте кедейлер жұмыс істемейтінін айтады.

Менің жеке ойым бойынша, біздегі барлау ұйымдары офшорларда қаражатын жасырған Қазақстанның әр азаматы туралы білуі тиіс. Толық сомасын біле қоймаса да, шамамен кім және қай жерде қаражаттарын тығып отырғанын біледі.

Мәселе басқада. Неліктен, біле тұра, біздің құқық қорғаушы органдар офшор иелеріне қатысты тексеріс жүргізіп, жасырған қаражаттарын елге қайтару жөнінде жұмыстар жүргізбейді? Сондықтан менің ойыма келесі жауап келеді. Құқық қорғаушы органдарға жаппай қаражаттарды қайтару жөнінде бұйрық беріліп отырған жоқ! Себебі бұйрық беретін адамдардың өздері де – сол офшорлық есепшотты ұстаушылар болып табылады. Оған мысал – үкімет мүшелері С.Мыңбаев пен Б.Атамқұловтың офшорлық есепшоттары туралы ақпараттар жария болғаны.

Екінші жағы тағы бар. Суперпрезиденттік жүйеде президент элиталық топтардың офшорлық ақпараттарын, оларды өзіне керекті етіп, белгілі бір шеңберде ұстап отыру үшін пайданады. Оған дәлел: «Я могу любого из вас взять за руку и отвести в суд», – деген сөзі.

Жауабымның соңында бір жақсы тенденцияны атап өтейін. АҚШ ресейлік олигархтардың қаражаттарына шабуыл жасап жатқанын оқырмандар естіген болар. Менің ойымша, дүниежүзілік даму қарқынының төмендеуіне байланысты дүние жүзінде қаржылық трансформация да орын алады, сол трансформация кезінде алпауыт мемлекеттер офшорларда ұстап отырған заңсыз қаражаттарға да қол сұғады, яғни тәркілейді. Әрине, біздің мемлекет үшін қаржыны алпауыт мемлекеттер алғанынан гөрі, бүкіл біздің азаматтардың жалтарған қаражаттары өзімізге қайтарылғаны жақсы еді. Бірақ мемлекетіміз шынайы демократиялық жолға түспей, қаржылар қайтарылатынына өз басым сенбеймін.

 

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ,

дипломат-журналист:

– Мүмкін, тиісті қазақстандық органдар белгілі тұлғалардың осы офшор шоттар бар екенін білмейді және білгісі келмейді. Жалпы, олар бейхабар отырған сияқты.

Екінші жағынан, офшордағы қаржы туралы жақсы біледі, бірақ аталған тұлғалардың офшордағы шоттары салықтан жалтаруға жатпайды, демек, бұл қылмыс емес.

Ал шындап айтсақ, лауазымды адамдар ақшаларын жасырғаны бір мәселені анық көрсетеді – олар өздері басқарып тұрған мемлекетке сенбейді.

Мәселе занда емес, мәселе – билікте. Жақында Ресей империясында болған төнкеріске 100 жыл толды, сондықтан мен Ленин сөзімен жауап берейін – «билік халықтан өте алыс отыр».

 

 

Жанболат МАМАЙ,

қоғам қайраткері:

– Осы мәселенің басты себебін анықтау қиын емес: егер офшордағы шенділердің барлығына қатысты іс қозғайтын болса, онда Қазақстанда қудалаудан аман қалатын шенеунік болмайтын шығар… Осы орайда Сауат Мыңбаевтың мәселесіне тоқталғым келеді. Ол 1995 жылдан бері үздіксіз мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келе жатыр. Министр, вице-премьер, ұлттық компаниялардың басшысы болды. Ал оның құны 3 миллиард доллардан асатын компанияның 19 пайызға жуығына ие болуын қалай түсіндіруге болады? Бұл ең кемінде Мыңбаевтың 600 миллион долларға жуық байлығы бар деген сөз. Және назар аударатын мәселе: бұл – тек қана бір офшорлық аймақтан табылғаны! Панама, Бермуд аралдары әлемге белгілі болған офшорлық аймақтардың милионнан бір бөлігі ғана. АҚШ-та, Еуропада, қазір Шығыс Азияда ондаған миллион офшор компаниялары қызмет етеді. Егер олардың бәрін зерттеп, иелерін жарыққа шығарса, Қазақстан қазынасынан ұрланған байлықтың иегері кім екенін нақты білер едік.

Панама аралдарындағы офшорға қатысты шыққан даудың кесірінен Исландия премьері бір апта болмай қызметінен кетіп еді. Сол кездегі Британ премьері Кэмероннан офшорға жасырған 40 мың фунты үшін біраз жауап алынды. Ал біздегі шенеуніктердің бірі қызметінен кетпек түгілі, осынша қаржыны қайдан алғанын айтқан жоқ. Мыңбаев та, Атамқұлов та мардымды жауап қатпады. Панамада офшоры шыққан Сағадиев әлі күнге қызметінде отыр.

Ең жоғарғы билік өкілдері үшін шығып жатқан офшор туралы мәліметтер құпия емес деп ойлаймын. Сол Мыңбаевтың миллиардер екенін тергеу орындары тұрмақ, саясаттан сауаты бар көп адам білетін еді. Онда бұл мәліметтерді неге зерттемейді? Себебі бұл билік – жемқорлықты, қазына тонауды, парақорлықты өзіне фундамент етіп қалаған. Шенеунікті жемқорлық ісімен отырғызса, оның астарында бұл індетпен күрес емес, кланаралық қақтығыс, билік үшін мықтылардың өзара тартысы екенін қалың жұрт жақсы біледі.

Сондықтан жемқорлықпен шын күрес бұл биліктің тұсында басталмайды. Мектеп директорынан бастап, ең биікте отырған шенділердің барлығы жемқорлыққа белшесінен батқан. Мыңбаев пен Атамқұловтың әшкере болуы – соның кезекті дәлелі.

Сол жемқорлықпен күресетін құзырлы органдардың өзін де айтып өтейік. Прокуратура, сот, жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлері судан таза, сүттен ақ па? Пара алмай ма? Парақорлыққа батпаған ба? Ал енді сол органдар жемқорлықпен шын күресіп, парақорларды әшкерелей ала ма? Ол үшін өздерінің қолы таза болуы керек қой?

Жемқорлықты бүгінгідей жағдайда жойып, оны жеңу мүмкін емес. Ол үшін сөз бостандығы, «ДАТ» сияқты тәуелсіз газеттер, тәуелсіз журналистер, саяси партиялар, әділ сайлауда билікке келетін парламент керек. Біздің елде оның бірі де жоқ. Сондықтан ешқандай зерттеу де, тергеу де мүмкін емес.

About Zika1961

Добавить комментарий