Home » Дат|Каз » «НҰР» АТАУЛЫ КӨЖЕ ДЕ БАР…

«НҰР» АТАУЛЫ КӨЖЕ ДЕ БАР…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №26 (390) от 5 июля 2017 г.

Әлқисса

 


 

Жуықта Астана халықаралық әуежайына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл өзгеріс президент Назарбаевтың билік басына келгеніне 28 жыл толуымен дөп келді. 1989 жылғы 22 маусымда Мәскеудегі жоғары басшылық Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ ССР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне бекіткен еді. Содан бері табан аудармай билікте отырған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 6 шілдеде 77 жасқа толады. Назарбаевтың туған күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам – Астана күні ретінде тойланады.

 

Уақыт аралатып, әсіресе туған күні қарсаңында Қазақстан президентінің атына Астананың атын беру туралы ұсыныс айтылып тұрады. Ондайда президент өз есімін кез келген нысанға қоя беруге қарсы екендігін білдіріп қояды. Назарбаев кезінде өзінің атымен университет пен мектептің аталуына ғана келіскенін айтқан соң, елде Nazarbayev University мен Назарбаев интеллектуалды мектептері пайда болған.

Нұрсұлтан Назарбаев өз есімін қоюдан басқа елде қаптап кеткен атаулардағы «нұр» сөзін қолдануға қарсы екенін білдірсе де, «нұр» сөзі мемлекеттік бағдарламалардың атауына да айналып үлгерді.

Тек Қазақстанда ғана емес, кей шетелдерде де Назарбаевтың есімі көшелерге беріліп, ескерткіші тұрғызылған. 2014 жылы Голландия мен Жапонияда Назарбаев сапарының қарсаңында «Қазақстан президенті» деп аталатын гүлдің сорттары пайда болды.

2012 жылдың өзінде Астанада көп функционалдық ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» құрылды, Теміртауда Назарбаев мұражайы ашылып, Түркияның Кыршехир қаласындағы көшелердің біріне Назарбаев есімі берілді.

Назарбаев есімімен байланысты нысандардың көп бөлігі Астанада шоғырланған. Мұнда Президент архиві мен кітапханасы (2000 жыл), Бірінші президент мұражайы (2004 жыл), Nazarbayev University (2010 жыл), көп функционалдық ғылыми-сараптамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» (2012) орналасқан.

2000 жылы желтоқсан айында Қазақстанда Бірінші президент қоры пайда болды. Қорды 2007 жылдан бастап президенттің қызы Дариға Назарбаева басқарады. 2002 жылдан бастап Қазақстанда «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» жұмыс істей бастады.

Бұдан бөлек, Астанада 2009 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің алғашқысы ашылды. Жалпы республика бойынша 22 Назарбаев зияткерлік мектебін ашу жоспарланыпты. 2009 жылы Астанада ашылған «Қазақ елі» монументінде президент Назарбаевтың бейнесі барельеф түрінде сомдалған. Алматыда 2010 жылы Бірінші президент саябағы ашылды. 2011 жылы саябаққа президент Назарбаевтың ескерткіші орнатылды.

Бірінші президент атындағы саябақ сонымен бірге Тараз, Қызылорда және Ақтөбе қаласында да бар. 2010 жылы Ақтөбедегі Абай атындағы саябақ «Бірінші президент саябағы» боп өзгертілген. Алматыға жақын Үшқоңыр ауылында Нұрсұлтан Назарбаев оқыған мектепте 1998 жылдан бастап президенттің қызметіне арналған мұражай жұмыс істейді. 1999 жылы ашылған Қарасай аудандық тарихи өлкетану мұражайында да президенттің балалық шағы, есею кезеңі мен қызметіне арналған залдар бар.

Республиканың түкпір-түкпірінде орналасқан тарихи-өлкетану мұражайларының «Тәуелсіздік залдарында» Назарбаевқа қатысты заттар (сурет галереясы, шапан тәрізді естелік заттар) қойылған.

2004 жылы Ақтаудың музейінде ашылған «Тәуелсіздік залында» бағалы заттардан құйылған Назарбаев мүсіні бар. Мұндай мүсін Түркістанда – Йассауи атындағы қазақ-түрік университетінің мұражайында да бар.

2012 жылы қазан айында Теміртауда Назарбаевтың өмірбаянына қатысты экспозициялар қойылған ірі музей ашылды. Музейде президенттің өмірбаянына қатысты жаңа деректер, тіпті өткен ғасырдың 1930-40 жылдары «Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы пайдаланған тұрмыстық заттар» да қойылған.

 

Azattyq.org

About Zika1961