Home » Гвоздь номера » Әміржан ҚОСАНОВ: Бізде халық – билікке, ал билік – өз халқына СЕНБЕЙДІ!
060917_1607_1.png

Әміржан ҚОСАНОВ: Бізде халық – билікке, ал билік – өз халқына СЕНБЕЙДІ!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

 

ДАТ!


 

– Сонымен, Әміржан, Ақорда билігі елдегі адам құқын шектеудің жаңа «үлгісін» көрсетті: конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіліп, президенттік сайлауға түсетін үміткерлерге қойылатын талаптар қатайды. Мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл қызмет қылмаған адамды бұдан былай президенттік сайлаудан шектеу халықты екі әлеуметтік топқа бөліп, қоғамдағы билік пен халықтың жікке жарылу қаупін еселей түседі деп айта аламыз ба?

– Әрине, айта аламыз! Ең алдымен, мұндай жаңа талап барлық азаматқа ел президенті боп сайлануға бірдей әрі тең құқық беретін Конституцияға «томпақ» келеді! Иә, Ата заңда осы бағыттағы белгілі бір шектеулер бар, соның өзі бас билік басына кездейсоқ адамның келіп қалмауына біршама кепілдік беретін еді ғой. Ендігі мына әрекеттері тіпті сорақы болды. Мұның өзі биліктің өз ішінде жүріп жатқан, бізге әзірше беймәлім, бірақ осындай бастамалар арқылы «мен мұндалап» қалатын терең де тектоникалық қозғалыстар боп жатқанының бір дәлелі.

Жалпы, кез келген билік (ол демократиялық не авторитарлық болсын – бәрібір) алдағы саяси науқандарға, соның ішінде сайлауларға алдын ала әзірленуі керек, ондай қам-қарекеттің еш әбестігі жоқ. Тізгінді қарсыластарына жайдан-жай өз қолынан бере салатын билік болмайды. Билік үшін күрес – ешқашан тоқтамайтын әрі толастамайтын мәңгі күрес!

Ал бәсеке болса – адамзат дамуының бірден-бір кепілі!

Қазақстан билігі де бұл аксиомадан тыс қалмайтыны түсінікті, оның үстіне 26 жыл ішінде жасалған қиянаттар мен кемшіліктер үшін қазіргі каста жауап бергісі келмейді ғой, сондықтан не болса да өз жақтастарын билік тармақтарының басына келтіргісі келеді. Ол тармақтар ішінде президенттік қызметтің орны – бір төбе.

Бірақ сайлауға дайындық заңдарды одан сайын қатайта түсіп, болашақта балама бола алар оппоненттерінің мүмкіндіктерін одан әрі шектеуге тірелмеуі керек! Керісінше, «келе жатқан сайлауға дейін елді толғандырып, өз шешімін таба алмай жүрген қандай мәселелер бар, соларды мүмкіндігінше шешіп тастайық, елдің наразылығын туғызбайық» дегенге саюы керек еді. Ал біздің биліктің бұлайша алдын ала және адам құқығын белден басып қамдануы қоғамды жікке бөлетін әрекет болды.

 

– «Бес жылдық ценз» дейміз бе – бұл талап сенің сайлауға түсуіңе кедергі болмаса керек: 1998 жылға дейінгі он жылдан астам мемқызметтік өтілің (стажың) бар. Ал ендігі жерде үміткер өзін-өзі ұсыну құқынан айырылатын болса, бұл талап ешқандай саяси партия қатарында жоқ сен сияқты азаматтарға «саяси кембағылдар» кебін кигізетін түрі бар…

– Солай болайын деп тұр… Үміткерлерді ұсыну қақын тек қана саяси партияларға беріп қоюы да сол «қорыққан бұрын жұдырықтайтынның» кері. Қазіргі құбыжық партиялық жүйе тұсында бұл талап тек қана билік ұсынатын үміткердің қамын ойлаудан туып отыр.

Президенттік институтты партияландырудың тағы бір себебі болуы мүмкін. Әркімнің қолы өз аузына жуық: тәуелсіз үміткер ертең өзіндік саясат ұстанып кетіп жатса (өмірде бәрі де болуы мүмкін ғой!), осынау қатаң партиялық тәртіп арқылы Ақорда мен оның маңайына топтасқан ықпалды топтар болашақ президентті өз ықпалынан тырп еткізбейді. Мұндай талап сонымен бірге болашақ президент «бір партияның емес, бүкіл халықтың басшысы» болуы тиіс саяси шартқа өз кесірін тигізері хақ. Және де бұл партиялық тыйым соңғы кезде біршама қалыптасып, әсіресе Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы елге танымал боп қалған жеке тұлғаларды аяқтан шалу екендігі түсінікті. Олардың ішінде билікке сын айтып жүргендері жетерлік қой.

 

– Жалпы, кезекті президенттік сайлауға әлі де үш жылға жуық уақыт барын ескеретін болсақ, биліктің «алыстан атқылаған» бұл шектеулерін қандай саяси «мұқтаждықтан» туды деп айта аламыз?

– Бәлкім, сайлау одан да ертерек болып қалар, кім білген?! Біз өзі «мерзімінен тыс, кезексіз өтетін сайлауларға дағдыланған» ел болдық. Бірақ қазір биліктің риторикасы мен іс-әрекетіне қарасаң, сайлауға қатысты нақты күнтізбелік жоспар жоқ сияқты.

Ал саяси себептеріне келсек…

Не елбасы тағы да сайлауға түсіп, өзінің орнын тағы да бірнеше жылға нықтап алады. Ол сайлауға түскен жағдайда, бәрі де оның көмекшілерінің сценарийі бойынша өтуі керек. «Қазақстанда елбасыға терезесі тең қарсылас адам жоқ» деген идеологема орнығуы тиіс қой! Сөйтіп, өзінің президенттік мерзімін тағы да бір уақытқа созып алып, елбасы ешбір алаңсыз «Мұрагер» операциясына асықпай (оны биологиядан басқа кім асықтыра алады?) кірісіп, өзінен кейінгі билік жүйесінің жаңа форматын әзірлей бастауы әбден ықтимал. Бұл жаны бар долбар.

Не болмаса, жағдай күрт өзгеріп, «Мұрагер» операциясы қазірдің өзінде қолға алынып, таяу арада сайлау жарияланып, оған сол мұрагер (не оған аса сенімді басқа тұлға) түсуі мүмкін. Ендігі президент сайлауына Назарбаев түспей, басқа біреу түсетін болса, онда жағдай ешбір сценарийге бағынбай, біз мүлдем күтпеген оқиғалар болуы ықтимал!

Әрине, Заңға енгізілген жаңа тыйымдар Ақорданың осы сайлауға қатысты құпия жоспарларына біраз септігін тигізуі мүмкін. Оның үстіне елде халықтың шынайы қолдауына ие, мықты оппозициялық саяси күш те жоқ: бір партиялар жойылды, ал біреулері ыдырап кетті.

Бірақ қазіргі біздің билікте византиялық сипаттар басым боп отыр: кланаралық қақтығыс сайлау қарсаңында өз шарықтау шегіне жетіп, саяси аренаға жаңа тұлғалар (азуы алты қарыс саяси олигархтар немесе олардың адамдары) шығып, бүгінде елбасына жағып жүрген бір орталық әзірлеп жатқан саяси жоспардың быт-шытын шығарып жіберуі тағы мүмкін!

Меніңше, билікті айналсоқтап алған топ (немесе топтар) жария саяси күштер мен тұлғалардан емес, өздерінің жоғарғы жақтағы кабинеттеріне күле кіріп, күңірене шығып жүрген олигархтардан қорқады. Заңдық тыйымдар соларға да қарсы бағытталған болса керек!

 

– Ширек ғасыр уақыттағы жалғыз адамның жеке-дара билігі келесі президентке осындай шектеулер қоярлық тәжірибе болды деп, Ақорда өзінің артын өзі ашып отырған жоқ па? Сені қайдам, ал мен үшін бұл сырт көз сыншылардың к…тін ашып күлерлік жағдай болды…

– Келісемін! Мұндай масқара қадамдар биліктің өз елінің алдындағы ғана емес, халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Бірақ, Ереке, мемлекетіміздің сол абыройы туралы қазірде тақ үшін таласып жатқандар ойлап жатыр дейсіз бе? Олардың қамы – ертеңгі билікке не ие болу, не ие болатын топпен әмпай-жәмпай болу. Әйтпесе, кезінде президенттің өзі айтқандай, олар енді бір-бірін сотқа жетелеп апаруға дайын, бір-біріне қарсы «қызықты» компромат жинап та үлгерген болар. Бүгінде бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүрген олар бір күнде-ақ мінез көрсетпесіне кім кепіл?

Әзірше бір нәрсені мойындау керек: елбасы топаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарда жоғарғы арбитрдің ролін атқарып келді. Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізді. Бірақ уақыт өткен сайын жағдай өзгеріп, бара-бара елбасы өзі айналасына тәуелді боп келеді. Сондықтан сол тартыстардың жаңғырықтары кей уақытта сыртқа да жетіп жатады. Рас, кейде теледидардан елбасы министрлерінің ит терісін басына кептегенін көреміз, бірақ ешкімді сол кемшіліктері үшін орнынан қуып жатқан жоқ, сондықтан бәрі де сырт көзге арналған қойылым сияқты сезіледі!

Менің қорқатыным мынау: ертең, президент жоқ кезде, жалғанды жалпағынан басып жүрген, Құдайдан да қорықпайтын бұл миллиардерлер қай арбитрді тыңдайды? Халықты тыңдасын дейін десең, одан билікті баяғыда-ақ тартып алған. Парламентіңнің сиқы анау. Тәуелсіз БАҚ жоқтың қасы. Қоғамда «рухани авторитет» ретінде мойындалатын кейбір тұлғалар барлық жерден шеттетілген. Осының арты қып-қызыл қақтығыстың көкесін көрсете ме деген қауіп жоқ емес.

 

– Негізі, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси интригалық талантына құрық бойламайтын билеуші екенін бұған дейін айтып та, жазып та келдім: Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік елдерде бұл тұрғыда оның алдына түсе алатын саясаткер жоқ екені тағы бір дәлелденген сияқты… Бірақ оның сол таланты жалпы қоғамның мүддесіне емес, жеке биліктің қамын ғана күйттейтіні өкінішті-ақ. Осы жолғы қамы да сол болды: не өзінің кезекті президенттік мерзімін мәймөңкелеу, не биліктің өзі ғана сенетін басқа қолға өтуіне транзиттік төте жол салу. Менің ойым – осы.

– Жөні бар ой… Бірақ біздің биліктің өз миына құйып алған және де басқарушы топтарға, қоғамға да орнықтырғысы келетін бір миф-аңызы бар. Ол мынаған саяды: «Бар мүмкіндік биліктің ғана қолында! Президенттің рейтингі жүз процентке жақын, ол кез келген шешімін өткізе алады. Көңілі қалаған адамды өзінің мұрагері етіп қоя алады. Және де қазір президенттің маңайына ол ерекше сенім артатын, болашақта билік жүйесінің төрінен сөзсіз орын алатын тұлғалар топтасқан! Бәрін шешетін нақ солар, ал осы топқа кірмегендердің ертеңгі күні қараң, олардың қалыптасқан жағдайға мойынұсынудан басқа еш амалы жоқ!».

Ал шынтуайтына келсек, осы сыңайлас формуланың әрбір сөйлемі – күмәнді. Оны тек елбасына өз жұмысын жақсы жағынан көрсетіп, жаққысы келетіндер ғана айтуы мүмкін. Әйтпесе тарихи жауапкершілігі мен ұлттық позициясы бар кез келген тұлға осы жайттар туралы ойлануы тиіс!

 

– Айтпақшы, осының бәрі билік өкілеттігін бөлісу жөніндегі назарбаевтық бастамадан басталғанын есіңе алшы: бұның ақыр аяғы билікті бөлісуге емес, керісінше, оны бекемдеуге алып келетін қасаң және әлемдік өркениетте қалыптасқан қоғамдық даму қатынастарынан тыс қитұрқы қадам болып шықпай ма?

– Билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлісіп, өзара тепе-теңдігін жасау туралы елбасының бастамасын өзім де кезінде қалай қолдап кеткенімді байқамай қалдым. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, дұрыс ой болды. Бірақ арты сиырқұйымшақталып кеткен сияқты…

Сол кезде мен: «Бұл идея халық пен мемлекеттің болашағын ойлағандықтан туып отырған жоқ, кландар өзара билік органдарын бөлісіп алуға мұқтаж. Президент те олардың көңілін табуы тиіс, сондықтан да әр кланға өз еншісін (біріне – президенттік тақ, екіншісіне – парламент, үшіншісіне – үкімет дегендей) үлестіріп бергісі келгеннен туған ой» деп айтып едім. Әңгіменің бәсеңдеп қалуына қарағанда, сол кландар өзара бір келісімге келе алмай қалған сияқты…

 

– Билікті «бөлісу» бастамасы алғаш рет Тасмағамбетовты тайдыру («өз өтінішімен») процесінен басталғанын тағы да есіңе ал: сонда осы жанталастың барлығы мүмкін мұрагердің (Тасмағамбетовтен басқа) қамы үшін жасалып жатқан жоқ па?

– Тасмағамбетов туралы әңгіме бөлек. Сөзсіз, ол талантты менеджер, танымал қайраткер. Сол себепті оны қолдаушылар да, оны көре алмаушылар да, яғни оның саяси потенциалынан қорқатындар да баршылық. Бірақ ол да, ел аузында жүрген басқа да беделді, өз электораты бар шенеуніктер секілді, осы жүйенің өкілі.

Жалпы бұл тақырыптың да әмбебап, яғни универсалды сипаты бар: жылдар бойына осы режимге аянбай әрі адал қызмет еткен белгілі (әзірше белгісіз де!) тұлғалар ертең сайлауға түсіп жатса, олар да осы уақыт бойына жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік саясаттың тек қана жағымды тұстарына ғана ортақтаспай, халықтың наразылығын туғызған жақтарына да қатысты екенін ел алдында мойындап, өз жауапкершіліктері туралы айтуы керек болады. «Биліктің былықтарына еш қатысым жоқ» деп, ант-суын ішіп, ақ безер де, көк безер боп жатса да, оларға кім сенеді?! Сол сайлауларда нақты жеңіске жету үшін, осы билікке қатысты антирежимдік болмаса да, ең болмаса, ішінара сын айтып, «осы жылдар бойына қалыптасып қалған жағдайды сөзсіз өзгертемін» деп сайлауалды уәде беруі керек. «Жанр заңдылықтары» деген бар емес пе?

Әлде бізді баяғы, біржақты, ешкім де сене бермейтін таза «нұрлы жолдық» үгіт-насихат пен билік үміткерінің 97 проценті күтіп тұр ма? Біздің жағдайда ондай да болуы әбден мүмкін. Бірақ осындай жоспардың лоббистері бір маңызды жайтты ескерулері тиіс. Мұндай жауапсыз көзқарас болашақ мұрагердің саяси әрі электоралды легитимдігі туралы әңгімеге жетелейді: сайлауда формальды түрде ғана емес, моральдық, саяси және керек десеңіз, психологиялық жеңіске жетпей, ондай тұлға болашақ билік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды!

Жалпы алғанда, мұрагер тақырыбы – тым кең әрі терең тақырып. Оның бірнеше астары бар және де ол тек қана «президенттің таңдауы ғана болуы керек» дегенге сая алмайды, оның ауқымы бөлек. Біріншіден, «екінші Назарбаевты» біздің саяси жүйе ендігі жерде «көтере алмайды». Кезінде елбасына берілген саяси преференциялар енді қайталанбасы түсінікті.

 

– «Бұл арада «берілгеннен» гөрі, «тартып алынған» деген тіркес дәл келетін сияқты…

– Қалай болғанда да, «билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлісу» идеясын тастаған президенттің өзі осы жайтты мойындап отыр емес пе?! Қайсысының асығы алшысынан түседі – білмедім, бірақ болашақ мұрагердің де мүмкіншіліктері мен өкілеттіктері шектеулі болатыны түсінікті. Ал философиялық тұрғыдан алғанда, мен қазірде сол тақ үшін іштей және сырттай таласып жүргендерге: «Келесі президент – ол саяси камикадзе! Оның орнын аламыз деп асықпай-ақ қойыңыздар!» деп ақыл берер едім.

Әрине, бізде қалыптасып, салтанат құрған олигархтық экономика мен олигархтық саясат жүйесінде президенттік мәртебе – тыныш өмірің мен қауіпсіздігіңнің, қуғындалмауыңның бірден-бір кепілі. Сондықтан әркімнің сол тақтан дәмесі бар! Бірақ айналадағы өркениетті елдерге қарасаң, мұндай қолдан жасалған кепілдіктердің ғұмыры – көзді ашып жұмғанша ғана, сондықтан да олардың құны бес тиын!

Және де «камикадзе» дегенде, мен бұл терминнің тек қана саяси астарын айтып отырған жоқпын. Мәселен, ол билікке келген соң, 26 жыл бойына қараусыз қалған Авгий атқорасын кір-қоқыстан тазалауы керек! Және де уақыт келе, оған кім кінәлі екенін де айтуы тиіс.

«Камикадзенің» о бастағы ұғымы тағы бар: бас биліктен айырылған ықпалды топтар бәріне де, соның ішінде ондай адамның көзін құртуға дейін баруы мүмкін! Ала қойды бөле қырыққан олардан бәрін күтуге болады! Ол топтардың ел ішіне лаң салып, псевдодемократиялық ұрандарды жамылып, елдің астаң-кестеңін шығаруға барлық қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері бар!

Сол себепті біз билік тармақтарының өкілеттігін бөлісу идеясын одан әрі дамытып, нақтылай түсіп, шын мәніндегі тепе-теңдігіне қол жеткізіп алып, содан кейін ғана президенттік, парламенттік сайлаулар өткізуіміз керек деп ойлаймын. Сонда көптеген үміткерлер президенттік емес, премьерлік немесе депутаттық мандатқа ұмтылар еді! Оның өзі болашақ мұрагер туралы тақырыптың малтасын езуді жақсы көретіндерді сабасына түсіріп, шектен тыс ажиотажды тоқтатар еді.

Екіншіден, Назарбаев ұсынған кез келген мұрагерді халық ың-шыңсыз, еш қарсылықсыз, тағы да 97 процентпен қабылдай салады дегенге мен сенбеймін. Басынан сырық, малынан құрық кетпеген жұрт қазір ызалы әрі наразы. Яғни, ол тұлғаның электоралды потенциалы мықты, досы да, дұшпаны да, ыдырап жүрсе де, сайлау кезінде біріге алатын, ортақ үміткер ұсына алатын (ондай кезеңдерді бастан өткіздік емес пе?!) оппозициялық күштер де мойындайтындай қауқары болуы тиіс.

Харизма деген тағы бар. Әйтпесе «заң өзгертушілердің» адуыны мен арынына қарасаң, олар 5 жыл шенеунік болған кез келген адам президент бола алады деп ойлайтын сияқты. Оған бұл бейберекет бастамашылдар ертең «Тек «Нұр Отан» мүшесі немесе елбасының туысы ғана президент бола алады» деген баптарды қосып жіберуі де ғажап емес қой!

Үшіншіден, геосаяси факторлар тағы бар. Қазақстан сияқты тоқсан жолдың торабында, ғаламдық жел өтінде тұрған, Батыс, Шығыс, Ресей арасында өзіндік орнын ойып алған мемлекеттің келесі басшысы кім болады деген сауал халықаралық қауымдастықты, жетекші елдерді, көрші-қоңымызды алаңдатары сөзсіз. Солармен де тең адамдай сөйлесе алатын тұлға болуы шарт! Осы орайда елбасының өзі өз мұрагеріне сыртқы кепілдіктер туралы ойланып, шешіп те қойған шығар. Оны мен біздің проресейшіл әрі проқытайшыл сыртқы және ішкі саясатымызға қарап айтып отырмын.

 

– Жалпы, соңғы бір жылдың ішінде «100 қадам» деді, «билікті бөлісу» деді, «рухани жаңғыру» деді – қойшы әйтеуір, бірінен соң бірі бастамалар балалап жатыр. Биліктің 20 жылдық сыншысы ретінде осы жанталастың барлығын сен қандай саяси құбылыстармен түсіндірер едің? Осындай даңғаза дабырасыз-ақ биліктің бөкен бүлкілімен жүре берсе, Назарбаевты тағынан тайдыруға талпынған тірі пенде бар ма еді?

– Меніңше, таусылмайтын дабырашылдық пен ұраншылдық – ұзақ жылдар бойына ауысу, алмасу дегенді білмейтін кез келген билікке тән симптомдар! Егер де билік жүйелі түрде әрі ашық сайлауда ауысып тұрса, ондай дүдәмал уәделер мен күмәнді бастамалардан аулақ болар еді ғой. «Судың да сұрауы бар» демекші, ертең кез келген қарсыласы сайлау алдындағы тікелей эфирдегі теледебатта «Сенің «пәленше қадам» деген бағдарламаң не болды? Немесе «жаңғыруың қанша процентке жетті»?» деп, жерден алып, жерге салар еді. Бізде болса, ұрандар айтыла береді, оның орындалуы туралы сұрап жатқан әже де жоқ, қожа да жоқ…

Бұл әңгіменің бәрі бір аса маңызды сауалға келіп тіреледі. Қазір биліктің өз ішінде ғана емес, қоғамның өзінде бұрын-соңды болмаған, себептері түсініксіз, салдары мүлдем белгісіз процестер жүріп жатыр…

– Ақорданың қожайыны төсегінен қай аяғымен тұрса, сол күні елде сондай саясат болады деген жазылмаған қағида барын да ұмытпайық…

– Иә, оны биліктің өз ішіндегілер де айтып жүр деп естимін… 26 жыл ішіндегі биліктің сөзі мен ісінің алшақтығын, оның өз халқымен санаспай, тек қана олигархтармен санасуының, солардың меркантильді мүдделерінің жетегінде кетуінің моральдық, имидждік, идеологиялық жемісін көріп отырмыз. «Халық бізді 97 процент қолдайды» деген сөзіне биліктің өзі де сенеді деп ойламаймын! Ол – өзін де, бізді де, сыртқы қауымдастықты да алдау!

Халық биліктің ақсақты – тыңдай, өтірікті – шындай еткен күнделікті насихатынан әбден шаршаған, ал билік «осы халық күннің-күнінде бізді төңкеріп кетпей ме?» деген оймен басы қатып жүр (айтпақшы, заңға енгізіліп жатқан сайлауалдылық шектеулер – соның айғағы!). Ал бір-біріне сенбейтіндер арасындағы қарым-қатынас ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, ол екі жақ ат құйрығын кесісіп, айырылысары хақ! Сонда не болмақ?

Халық ондай биліксіз өз күнін өзі көре алады, ал билік өз халқынсыз қайда барады? Әлде бәрі де шетелге ауып, алдын ала әзірлеп қойған виллалары мен пентхауздарына жайғасып алып, жемқорлықпен, ұрлық-қарлықпен жиған-терген ақшасына рахат өмір кеше бастай ма?

Иә, бізде бүгінде биліктің ішінде және оның айналасында стратегиялық және тактикалық саяси шешімдерді дайындауға, қабылдауға құзіретті бір топтар бар («бөліп ал да, билей бер»). Оларда бүгінде біраз мүмкіндіктер бар. Заңдық, практикалық, саяси, экономикалық механизмдер олардың қолдарына шоғырланған.

Енді осының бәрін олар не үшін және қалай пайдаланады? Бір немесе бірнеше, өзара келісімге қол қойған кланның мүддесін қорғаштап, заңдарды одан сайын қатайта бере ме?

Сөйтіп, елбасының мәртебесін одан сайын бекітуге немесе ол ұсынған мұрагерді қалай болса да таққа отырғызу үшін бар жағдай жасап, өздеріне саяси дивидендтер алу үшін жаны мен арын сата ма?!

Өз басым бұл сұраққа жауап таба алмай жүрмін…

 

– Таппайсың, Әміржан! Себебі оларда ар қалмаған, ал биліктен де тәтті жандарын сата алмайды: соны сақтау жолында қоғамды әбден қалжыратып тынады. Ал сұхбатыңа рахмет!

Ермұрат БАПИ

 

 

 

Апта аптығы

 

«Самұрық-Қазына» қоры Қытайдан

$3 МИЛЛИАРД ҚАРЫЗ АЛАДЫ

 

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қытайдан 3 миллиард доллар қарыз алуға бекініп отыр. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді деп хабарлайды «Астана» арнасы.

 

Қытай тарапы мұны «Бір белдеу, бір жол» аясында өткен форумда ұсынған. Ешқандай жобаға байланбаған несиені кейін кез келген жобаларға салуға болады. Қор басшылығы мәжілісте есеп берді. Депутаттардың көпшілігі қордың сыртқы қарызына қатысты алаңдаушылық танытуда.

Былтыр оның көлемі 9 трлн 938 млрд теңге немесе 29,8 млрд доллар болған. Яғни, квазимемлекеттік сектордың барлық қарызының 70% шамасында. Шарт бойынша қарыздың тең жартысы алдағы 5 жылда қайтарылуы керек.

«Қытайдың даму банкі жұмсақ шарттармен бізге 3 млрд доллар қарыз беруге өздері ықылас білдіріп отыр. Біз өзіміздің керекті жобаларымызға пайдалана аламыз», – дейді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Қор былтыр 575 млрд теңге пайда тапқан. Мұнай-газ және кен өндіру қызметі есебінен – 510 млрд теңге, телекоммуникация секторы есебінен – 56 млрд теңге. Ал жыл сайын 320 млрд қарыздардың пайызын жабуға кетеді.

Nur.kz

 

 

 

Талап!

 

МАТАЕВТАРҒА –

БОСТАНДЫҚ!

 

Журналистер күні мерекесі жақындаған сайын, есімізге Сейітқазы досымыз түседі. Оның ақжарқын мінезін, ақ пейілін, журналистерге деген шексіз құрметін сағынамыз. БАҚ пен биліктің арасында дәнекер болып жүретін қасиетін айтсайшы. Ол шын мәнінде өзінің ұйымдастырғыш қабілетімен, іскерлігімен әріптестерінің арасында зор құрметке ие болған тұлға. Оның ұлымен бірге бүгінде қапаста отырғаны жанымызға батады. Кеше интернеттен Бауыржан Мұқанов пен Владимир Радионовтың «Матаев ісіне» байланысты жазбаларына кезіктім.

 

«Матаевты қорғау комитеті» белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының Төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың ісі бойынша тергеу амалдары мен сот процесі барысында Қазақстан заңдары мен кодекстерін 100-ден астам рет бұзушылыққа жол берілгенін анықтаған.

Кейбір баптар бір емес, бірнеше рет бұзылған. Осыған қарағанда, Матаев ісінің қолдан жасалғандығы, тасада тұрған түнек күштердің оны қалайда соттатуды мақсат еткендігі байқалады. Қай елде де өркениеттіліктің белгісі – сот әділдігі. Қазақстандық сот орындары да әділеттілікке мүдделі болуға тиіс.

Сондықтан қаламгер қауым атынан билік пен Жоғарғы соттан әріптесіміз Матаев ісінің әділетті түрде қайта қаралуын, заңсыз түрмеге тоғытылған Сейітқазы мен Әсеттің ақталып, қамаудан дереу босатылуын талап етеміз!

Марат Тоқашбаевтың ФБ-парақшасынан

 

 

Ел мен жер үшін!

 

Жамбылдық 26 отбасы

СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕДІ

 

Жамбылдық 26 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді, – деп көрсетілген облыс әкімшілігінің ресми сайтында өткен бейсенбі күні жарияланған хабарда.

 

Хабарда айтылғандай, елімізде халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардан тұрғындарды солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының аясында қолға алынған жұмыстар жүріп жатқаны белгілі. Бүгінде аталған бағдарлама аясында Жамбыл облысынан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар бар.

Ағымды жылдың ақпан айында облыс әкімінің тапсырысы бойынша Қордай ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына арнайы делегация іссапарға жіберілген болатын. Аталған делегация Солтүстік Қазақстан облысы әкімімен кездесіп, бірқатар аудан мен ауылдарды аралап қайтты.

Жұмыс тобы тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде бүгінгі күнге 82 адамнан құралған 20 отбасы Қордай ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Ленин ауылына қоныс аударуда. Бұдан бөлек, Жамбыл облысынан солтүстік өңірлерге қоныс аударуға 6 отбасы ниет білдіріп, аталған отбасылардың сауалнамалары өңірлердің электрондық мекен-жайларына жіберілді.

Ерікті түрде қоныс аудару жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаға ниет білдірген тұрғындар Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанады. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі, яғни көшуге, тұрғын үй жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар беруді қамтиды.

Сонымен қатар бағдарлама аясында қоныс аударушылар балаларын балабақша және мектеп орындарымен, жұмысқа қабілетті жастағы азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз ету қарастырылған.

ҚазТАГ

 

 

 

Бұл екі арада

 

ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕР

солтүстікке көшуге

ПЕЙІЛ БІЛДІРМЕДІ

 

Жұмыссыз жаңаөзендіктер жұмыс бар облыстарға қоныс аударуға шақырған бағдарламаға қолдау білдірмеді. Олар «бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін беретін уәдесі» деп, биліктің бұл жоспарынан қауіптенеді.

 

Мамырдың 26-сы мен 27-сі күндері Маңғыстау облысында тұрғындарды шығыс және солтүстік өңірлерге (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына) қоныс аударуға шақырған еңбек жәрмеңкесі өтті. Жаңаөзен қаласында өткен кездесуде жиналған жұртшылықтың біразы залға кіре алмады. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Балзираш Маркашова «іште орын жоқ, сіз шақырылмағансыз» деген уәжбен «Азаттық» тілшісін де кіргізуден бас тартты.

Жиынның ресми бөлігі аяқталған кезде сыртқа шыққан Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловті жұрт қоршап алып, сұрақтың астынан алды. Тұрғындар жан-жақтан әкімге: «Жаңаөзенде жұмыссыз адамдар көп. Неге өзімізге жұмыс жетпей жатқанда басқа жақтан адам алынады?», «Неге 30–40 мың теңге төленетін тазалау жұмыстары ғана беріледі?» деген сауалдар қойды. Қала әкімі «Жазылып, мыналардан сұраңыз» деп, өзге өңірден келген өкілдерге сілтеді.

Жұмыс орындарын басқа облыстардан ұсынып жатқанын естіген қала тұрғындары ғимарат сыртына шығып, наразы пікірлерін білдірді. Солардың бірі – қаладағы күзет қызметінің бірінде қарауыл болып істейтін Мұхтар Оразбаев.

«Шақырған облыстарда картоп егуді ұсынып отыр. «Үй, бәрін береміз» дейді. Сенбейміз. Себебі басында бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін көп уәде беріледі. Ал кейін аштан өліп жатырсың ба – онда жұмысы болмайды. Бұл жерде жұмыс тауып бере алмай отырғанда, ол жерде тауып бере ме? Картоп өсіргенмен, оны Қазақстанда дұрыс сата алмайды, елде шығатын дақылдар бола тұра, үкімет басқа жақтан алады, салған егінді сата алмай, тағы қол жаямыз… Коммуналдық қызмет құны да өсіп барады. Еттің бағасы 2 мың теңгеге жақындады. Мен еш уақытта қандай да бір жерде жалақы өскенін естіген емеспін. Терроризмнің де, атыстың да туындауының себебі – осы жұмыссыздық», – дейді Мұхтар Оразбаев.

Оның сөзін қостаған өзге тұрғындар «аймақтағы жалақысы тәуір жұмысқа тамыр-танысы барлар ғана кіретінін», өздері «аса үлкен табыс сұрап отырмағандарын, 100–150 мың теңгенің айлығын місе тұтатындарын» айтты. Олардың бірі жұмыс күшіне тапшы солтүстік және шығыс аймаққа көшуге шақырған бұл жиынға қатысты сауалға: «Көшпеймін. Әке-шешемнің жүрген жері ғой, Маңғыстаудан еш жаққа бармаймын?!» – деп жауап берді.

Сәния ТОЙКЕН,

Azattyq.org

 

 

 

КҮРЕ ЖОЛ БОЙЫНАН НЕСІБЕ КҮТКЕНДЕР

Мынау Атырау–Астрахань трассасының бойында жолдан алыс ауылдардан келіп, малдарының сүт, қаймақ, шұбаттарын мұнайдың үстінде отырып сатып, қайыршылық күн көріп отырған қазақ әйелдері. Трассаның өзі соғыста бомбалап кеткендей, адам көргісіз. Бишара әйелдер беттерін тұмшалап алып, аптап ыстықта, қақаған қыста осылай өлместің күнін кешуде. Бұндай қайыршылық Кеңес үкіметі кезінде де болған жоқ. Ширек ғасыр бойы сорып келе жатқан мұнайдың жергілікті халық еш пайдасын көрмеуде. Мұнайлы өлке халқының жағдай осы.

Мақсұт Төленбаевтың ФБ-парақшасынан

 

 

Желідегі жазбалар

 

 

АнекDAT

Баяғыда бір баланы сүндетке отырғызыпты. «Әпшу көрсетші» салтымен жиналған ақшаға «Балдырған» белсебетін әперіпті. Біраз уақыт өткеннен кейін әкесі баласын сөйлетпек оймен:

– Балам, сені тағы да сүндетке отырғызайық. Түскен ақшаға дәу белсебет сатып әперемін – десе, сүндеттеудің азабынан әзер құтылған баласы:

– Әке-у, менікін кестіріп белсебет алғанша, сізді отырғызып, сыразу джип алайық та, – депті. .

• Ержан Тәліптің ФБ-парақшасынан

 

 

 

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ –

кедей-кепшіктің тілі

Тіл, мен үшін, ақпаратпен алмасу құралы. Тіл түсінісу үшін қолданылады, жауласу үшін емес! Бір тілді екінші тілден биік санау, бір ұлтты қасиетті, киелі деп, өзге ұлтты даттау – надандықтың белгісі. Әрине, ана тілін білген дұрыс. Ал «Ана тілімді білмеймін» деген адамға «сатқынсың» деп, онымен жауласу – надандық. Биліктің «разделяй и властвуй!» деген принципіне жұмыс істеп жүрген пақырдың тірлігі.

Қазақ тілі – бизнес, сауда тілі емес. Кедей-кепшіктің тілі. Билік қазақ тілін қажет етпейді. «Таза қазақ», «шала қазақ», «нағыз қазақ» деп төмендегілерді бір-біріне айдап салып, елдің назарын назарбайдың былығынан ажыратып, тіл мәселесіне матап отыр. Міне, жиырма жылдан асты: тіл, тіл дегелі. Қаншама ақша бөлінді, бөлініп те жатыр.

Гәп қайда?! Назарбайдың қыздары, күйеу балалары, немерелері, шөберелері қазақ тілінен жұрдай. Оларда қазақ тіліне құрмет деген ой мүлде жоқ! Бір-бірімізге «орысқұл», «сатқын», «мәңгүрт» деп ашынғаннан басқа не тындырдық?! Назарқұлға керегі осы!

Әрі-беріден соң, адам тілді өзі үшін керек етеді.

Ал мемлекеттің функциясы, ұлттық құндылықтарға /тіл, мәдени мұра/ қамқор болу. Сол құндылықтардың дамуына жағдай /условие/ жасау. Кезінде Масановты түтіп жеп қоя жаздаған: «Қазақ тілі ешқашан мемлекеттік тіл болмайды, ол үшін парламент қазақ тілінде заң қабылдау керек, өкімет қазақша сөйлеу керек, бүкіл келісім-шарттар қазақ тілінде жүргізілуі керек», дегені үшін. Рас! Мемлекеттік тілдің шартын айтты!

Тілді, ұлтты құрметтеу – жалған пафос пен патетикаға берілу емес. Тілге, ұлтқа, халыққа «ұлы», «дана», «қасиетті», «киелі», «құтты», «асқақ» деген сын есімдерді тізбелеп телудің астында өзін кем сезіну комплексі жатыр.

Димаштың Қытай елінде шыққан биігіне бәріміз тәнті болдық. Қазақ бүкіл дүние жүзіне танылды деп қуандық! Шын болсын. Солай болсын!

Германияда, жалпы Европада, Димашқа танымал болу қиын. Себеп?! Поп-музыкаға деген қызығушылық өте төмен. Рок-музыканың дәрежесі биік. Менің әріптестерім Димаштың даусының техникалық ерекшелігіне таң қалғанмен, әндерін жүрдім-бардым тыңдап, қанымды ішті. Мен сияқты сүйсінбеді. Кейін араласып жүрген голландиялық әріптесім:

– Сен Димаштың қазақ екенін неге айта бердің?! Саған оның ұлты сондай әсер етті ме?

– Мен өзім қазақпын… сосын шығар,.. – дедім.

– Димаш, мысалы, сол дауыс мүмкіншілігімен қытайлық әнші болса, қызығушылық болар ма еді сенде? Мақтан тұтар ма едің оны?

Сіздерге бұрдым бұл сұрақты. Жауаптарыңызды күтем.

Болат АТАБАЕВ

 

 

 

 

МЕН АЛДАНЫППЫН

 

1992 жылы Қазақстанда егемендік орнағанда, орысшылдар билікке келді деген едім. Билікте трансформациялар болады, орысқұлдар кетер деп жүрдім. Олармен ұдайы сөйлескенде, пікірін естігенде, көңілім сан рет түңілді. Тіл тағдырын олар маңызды демеді.

«ДВК» болды, олардың да тіл мәселесіне суықтығын біліп, бармадым. Сөйтіп, 25 жылдан астам уақыт өтті. Енді билік мемлекеттік тілге бетбұрыс жасайтын түрі жоқ сияқты, керісінше, қаладағы қазақ орыстанып барады. Ендігі орысшылдар Путиннің ықпал агенттері ме деп ойлаймын. Орысшыл қазақтар геосаяси конъюнктура солай деп рәсімделмеген партия құрды және астыртын жұмыс жүргізеді. Орысшылдар Қазақстанды Ресейдің провинциясына айналдырып барады. Кремльдің саяси технологтары қазақ тілін шөктіретін нені ойлап тапса, соны Қазақстан министрлері орындай бастайды. Олар – Ресейдің ықпал агенттері, өз әрекеттерін Нұрекеңмен де келіспейді.

Көп министрлер, әкімдер, департамент басшылары, теледидар басшылары тікелей Кремль технологтарымен жұмыс істейді. Олар біздегі жағдайды қадағалап, инспекция жасайды екен. Бұндай жағдай Ресейдің Украинаға кірерінің алдында болған. Қырым мен Шығыс Украинаның екі облысының ІІМ-нің жергілікті бөлімшелерінің 90 пайызы Ресей әскерінің басқыншылығына қарсы әрекет жасамаған. Солай болар, қара да тұр.

Мен алданыппын.

Әзімбай ҒАЛИ

 

 

 

АҒЫЛШЫН ТІЛІ

АНА ТІЛІНЕН ДЕ

АРДАҚТЫ МА?

 

Ана тілін үйрене алмаған бала ағылшын тілін қалай үйренбек?

Иә. Қазақстан тәуелсіздік алса да, ана тілін білмейтін, түсінбейтін балалар бар екен. Өкініштісі, олар – зейнеткерлер емес, тәуелсіздік ұрпағы, балалар ғой…

Осы күні Қарабалық ауданындағы (Қостанай облысы – Ред.) мектеп оқушыларының 5-6 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алады, есесіне ұлты қазақ балалардың 80 пайызынан астамы өзге тілде білім алуды жөн көрген. 6-7 жыл бұрын республикалық «Қазақ» газетінде «Мемлекеттік тілдегі мектептер: 20 жылда не өзгерді?» деп жар салған едік. Өзгергені шамалы, тіпті түк те өзгермеген десе болады. «Баяғы жартас – сол жартас» екен. Қарабалықтың шетінде орналасқан қазақ мектебінде небәрі 200 оқушы ғана оқиды, ал орталық көшелерде орналасқан орыс тілінде білім беретін №1 орта мектептегі 673 оқушының 271 (шамамен 40%) – ұлты қазақ балалар болса, дәл сондай №2 орта мектепте оқитын 430 баланың 28%-ы (134 оқушы) ұлты қазақ балалар да өзге тілде білім алуды жөн санаған. Бұған ата-аналар мен балалар кінәлі емес, мектеп те кінәлі емес делік. Бұған бәріміз де жауапты, бәріміз де кінәлі емеспіз бе?

Бұрын Кеңес үкіметі тұсында ауданымызда қазақ тілінде білім беретін төрт мектеп бар еді. Ол мектептерде 1000-ға жуық бала оқитын. Ол үкімет құлаған соң, өткен ғасырдың 90-жылдары аудан мектептері қабырғасынан мемлекетік тілде білім беретін сыныптар да ашылған еді, тіліміз тіріліп кетер деді ме екен – тұншықтырды. Қазақ сыныптарының ашылуынан жабылуы тез болды. «Кризис келді, ақша үнемдеуіміз керек, кейін аша жатармыз» деген желеумен орыс тілінде білім беретін мектептердегі қазақ сыныптарының бәрін дерлік жауып тындық. Осылайша, мемлекеттік тіл мәртебесін алған ана тіліміздің қолданысын кеңейту ісі аяқсыз қалды.

Аудандық білім бөліміне сұрау салып, жауап хат алдым. Кейін бөлім басшысының орынбасары Сәуле Бақытқызымен сөйлестім. Балаларын ана тілінде емес, өзге тілде оқытуға ана-ананың конституциялық құқы екенін айтты. Бірақ сөз арасында С.Бақытқызы қазақ сыныбына беріп, бала қазақша оқи алмай, түсінбей, оған орыс тілінде білім алған ата-анасы да көмектесе алмай, балаларын қазақ мектебінен «суырып алып», орыс мектебіне беріп жатқанын тілге тиек етті.

Сонда бұл қалай болғаны? Бала өз ата-анасының, ата-бабасының, көршісінің, досының, сыныптасының тілін, өзін мәпелеп өсірген Отанының тілін жарытып түсінбесе, күнде теледидардан, радиодан «қақсап» тұрған тілді ұқпаса, шығып жатқан газет-жорналдарды оқи алмаса, түсінбесе, ол Қазақстанда ешкім сөйлемейтін тілді – ағылшын тілін қалай меңгермек? Ана тілін үйрене алмаған, ана тіліндегі мәтінді түсінбейтін балаға ағылшын тілін «арқалатып», оны «сәпсем» мәңгүрт етіп қоймаймыз ба? Өз анасын құрметтеп үйребеген жан өзгенің анасын құрметтей алмайтын сияқты, өз ана тілін құрметтемегеннен патриот шыға қояр ма екен? Ана тілін түсінбейтін балаға ағылшын тілін «үйтіп-бүйтіп» үйретерміз-ау, сонда ол жастар кейін елімізде тұрақтамай, шетел асып кетсе, тіл үйретуге шашқан қыруар ақшамыз суға тастағандай болмай ма? Бұл жағдай тек Қостанай облысында ғана емес екенін ескеруіміз керек.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мектепке барған азаматтардың бәріне мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілін үйренуді міндеттеу керек емес пе? Үкіметіміз мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасап жатқанда, азаматтардың тіл үйренбеуі ақылға қонбайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: тым болмаса мемлекеттік тілде білім беру, тәрбиелеу ісін тиянақтап алмай, ағылшын тілін мектепке енгізу, ағылшын тілінде жекелеген пәндерді оқыту талабы ертерек деген сенімдемін.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

 

 

 

БІЗДЕ БӘРІ

«чики-чики»…

 

Кешелі-бері «Фейсбукте» нешетүрлі мақтау қағаздардан көз тұнады. Біздің еліміздегі білімге деген бумның жарқын көрінісі осы грамоталар болып тұрғаны шындық.

Менің де немерелерімнің үшеуі мектепте оқиды. Кешкілік «ел алып жатқан қатты қағазды менің сусликтерім де алған шығар» деп, үйлеріне бармаймын ба? О тоба, бізге бір грамота бұйырмапты! «Жұрттың баласының бәрі – «одаренный», менің балаларым қалай «бездарный» болып қалды?!» деп түнімен ұйықтай алмай шықтым!

Шынында да, қалай «одаренный» болуға болады? Үлкен немеремді футбол ойнауға баулығанмын ғой үш жасынан. Қазір он бірде. Кеше тағы да доп қуып кетіпті. Бұл не қылған фанатизм екенін түсінбедім. Сабақ туралы әңгіме айта қалсам, баяғыда айтқан өз сөзімді өзіме айтады: «Роналдуға мұғалімі ылғи ұрысады екен: «Сен адам болмайсың. Аштан өлесің. Білімге ұмтылмайтын адамның оңғанын көрген жоқпын». Ал сол Роналду қазір әлгі мұғаліміне ай сайын мың доллар беріп тұрады. Міне, футболдың құдіреті!».

Қазір осы сөзді немереме айтқаныма қатты өкінемін. «Көресіңдер, «Реалда» ойнап, бәріңді мен асыраймын әлі» деп бөскенді әбден үйреніп алды.

Иә, оның грамота алмағанын ішім бірден сезген. Ал екінші немеремнен үмітім зор еді. Екі пәннен «4» алып қалыпты. Грамота жоқ. Аздап «без настр» отыр. Оны менен бұрын бірінші сыныпты сөктей «үшпен» бітірген інісі жұбатып үлгерді: «Сол құр қағазды қайтесің, Жаник! Мұғалімдер балаларды алдай береді қағаз таратып. Одан да атам сияқты ақша берсе ғой… Иә, ата?».

«Не дерімді білмей қалдым» дегеннің нағыз өзі болды. Балам бір оқпен екі қоянды атып алып тұрғанын қарамайсың ба? Ағасын да жұбатты. Мені де «косякқа» кіргізіп тұр. Енді осындай балаларды қалай «бездарный» деп айтасың? Айта алмайсың! Тек грамотамыз жоқ болғаны болмаса, бізде бәрі «чики-чики»!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

About Zika1961