Home » Дат|Каз » МІРЖАҚЫПТЫҢ «Есеп құралы» КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ

МІРЖАҚЫПТЫҢ «Есеп құралы» КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (430) от 10 мая 2018 г.

 

Сүйінші хабар

 


Павлодар қаласында Алаш қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы» кітабының 1925 жылы жарыққа шыққан данасы табылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

 

2014 жылдың 15 қазан күні еді. Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде ескі кітаптарды сақтайтын қойманы жинап, тазалап, жаңадан сөре орнату қажет болды. Ол кезде мешіттің жастармен жұмыс бөліміне жауапты қызметкер едім. Кітапхана саласында көп жыл еңбек еткен «Еңбек ардагері», зейнет демалысына шыққан соң, құлшылық үйінде кітапхана меңгерушісі болып жүрген Назым Шайкенова екеуіміз мешіттегі көне Құран Кәрім басылымдарын тізімге алу, қалпына келтіру жұмысын жүргізуді көздедік. Кенет сырты сарғыш тартқан, қалың дәптер пішіндес кітапшаға көзім түсті. Мұқаба бетінде «Міржақып Дулатұлы. Бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын Есеп құралы 4-інші басылуы (түзетілді, толықтырылды)» деп жәдитше жазылыпты. «М.Дулатов. Задачник. Часть ІІ. Киргизское государственное издательство. Оренбург. 1925 год» деп орысша таңба түсірілген. Мұқабаның ішкі жағында мынадай мәліметтер берілген: «Қазақстан мемлекет баспаханасы. Орынбор. 1925 жыл.» «Кирглавлит №137. Тираж 10.000. Типография Киргосиздата. Оренбург, Караван-Сарай 1925 г.».

Кітап 4-басылуында он мың данамен шықса, сұранысқа ие болғаны анық. Айтарлықтай жақсы сақталған. Таңбалары анық, оңай оқылады. Оқулық 98 беттен, 3 тараудан тұрады. Парақтарының реттік саны 4-беттен басталады. Өкінішке қарай, кітаптың бір парағы – 95-96 беттер жоғалыпты. Кезінде шариғаттан хабары бар, шағатайшадан, жәдитшеден сауаты бар аталар мен әжелердің көбінің қазір көзі жоқ. Сандықтарында көздің қарашығындай сақтаған, ақыреттік бөзінің астына жасырған қасиетті жазбалар, көне көшірмелер, қала берді дәптерлерге тізген дұғалықтар мен араб емлесімен таңбаланған парақтар олармен бірге көмілмесе де, соларға үйден орын табылмағандай. Балалары өздігімен оқи алмайды, лақтырып тастауға құдайдан қорқады. Тегінде қариялар: «Бұған тиіспеңдер, дәретсіз ұстауға болмайды, қасиетті сөздер жазылған» деп тыйып ұстайтыны белгілі. Міне, осындай бума-бума қағаздар ұрпақтарының ұйғаруымен мешіттерден тұрақ тапқан екен. Осындайда еліміздегі ескі мешіттердің қоймаларында талай-талай әдеби қазына жатқан шығар деген ой келеді. Бірақ соның соңына түсушілер табылса. Павлодар облысының имамдарынан сұрау салғанымда білгенім: 2000-жылдары әлде Алматы, әлде Астана жақтан келген тіл мамандары мешіттерді аралап шығып, кейбір жазбаларды әкетіп қалған десті. Арада бір апта өткен соң, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралының» табылғаны туралы жергілікті телеарналарға сұхбат берілді. Дегенмен, ақпарат республикалық БАҚ-қа жол тартқан жоқ. Ескі кітаптың тиісті жағдайда сақталуын, республикалық реестрде тіркелуін көздегендіктен, Назым Шайкенова екеуіміз ескі оқулықты С.Торайғыров атындағы Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының сирек кітаптар қорына тапсырдық. Бірнеше жыл сол қордың көрме залында тұрды. Алайда оны ешкім зерттеу нысанына айналдыра қоймады. Сондықтан жалпақ жұртқа жария жасау, М.Дулатұлының шығармашылығын зерттеуші ғалымдардың назарын аудару мақсатында осы мақаланы ұсынып отырмын.

Айбек ОРАЛХАН,

«Найзатас» журналының жауапты хатшысы

Рavlodarnews.kz

About Zika1961