Home » Дат|Каз » ӨмірзаққаТАЗА ҚЫЗ керек болды

ӨмірзаққаТАЗА ҚЫЗ керек болды

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №45 (409) от 7 декабря 2017 г.

 

Дұрысы қайсы?


 

Зорлықтан – қорлыққа ұласқан өмір. 27 жасар Әлия Байділдаева осыдан 10 жыл бұрын Шымкенттің экс-әкімі Өмірзақ Әметұлы өзін зорлағанын айтады.

 

Сол кезде әлі кәмелетке толмаған бойжеткен одан жүкті болып, атқамінер Әлияны тоқалы еткен. Бүгінге дейін Өмірзақтан екі қызды дүниеге әкелген. Күйеуінің көңілдесі барын білген бәйбіше соңғы үш жылдан бері күн көрсетпейтін көрінеді. Айтуынша, жалған жала жауып, қорқытып, тіптен адамдар жіберіп, ұрғызған да екен. Бүгінде ірі кәсіпкер Өмірзақ Әметұлының ертең мұрасына таласар деген күдікпен балаларынан бас тартып, жетімдер үйіне өткізуін талап етіп отыр екен. Шарасыз ана Алматыдағы зорлық-зомбылықтан зәбір көргендердің орталығына Шымкенттен бас сауғалап қашып келген.

 

Әлия Байділдаева:

– Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Он жеті жастағы қызды зорлауды біледі, тудыруды біледі, ал жауапкершілік ше? Балаларыма тыныштық берсін, менің психикам бітті.

Жылаудан көзі ісіп, жанайқайын айтудан тамағы қарлыққан Әлия Байділдаева өткен өмірін еске алса, құдды қорқынышты түстей. Он жетіде бір гүлі ашылмаған шағында қарызға батқан анасы туған қызын сол кездегі Шымкенттің әкімі Өмірзақ Әметұлының үйіне бала күтуші етіп жіберіп, қойнына салған екен.

 

Әлия Байділдаева:

– Анам менен құтылғысы келді. Ал Әметұлына жас қыз керек болды, таза қыз керек болды. Бірге солай келісім жасасқан. Менің не жазығым бар? Зорланып отырмын, туып отырмын. Екі жыл жатақханада қинап отырды – инемен, пышақпен. Полиция, сот, прокуратура бәрі біледі. Бірақ заң жоқ, заң жоқ.

Шарасыздықтан шырылдаған Әлия екі баласын алып, Шымкенттен Алматыдағы күйзеліс орталығына қашып келді. Үрейден денелері әлі күнге діріл қағады. Орталықта тағдыр тауқыметін тартқан мұңдастарымен бірге күн кешкеніне бір аптадан асты.

 

Маргарита Өскембаева – «Arasha» баспанасының директоры:

– Әбден үрейленген, қорқады. Үйде тұрғанда мен көп валерианка дәрі ішетінмін дейді. Қазір бізге келіп, кішкене жақсы болды. Тіпті дәрі ішуді қойдым деп отыр өзі.

Әлияның айтуынша, кешегі әкім, бүгінгі кәсіпкер Өмірзақ Әметұлының әйелі соңғы үш жылдан бері қыр соңдарынан қалмай келеді. Мұрагерлікке таласпас үшін, балаларынан бас тартып, жетімдер үйіне өткізбейінше тынбаймын депті-мыс. Тіптен қорқытып, қинауға дейін барған. Бірақ ол туралы Ұлтабар Әлиева қандай да бір сұхбат беруден бас тартып, әңгімені шорт кесті.

 

Ұлтабар Әлиева –

Ө.Әметұлының әйелі:

– Мен ол кісіні білмеймін, білгім де келмейді. Хабарласпаңдар енді.

 

Әлия Байділдаева:

– Бізді доп сияқты қудалай беруін қойсыншы. Ақшасы керегі жоқ, дүние керегі жоқ. Біз ешнәрсе сұрамаймыз. Осыны жеткізе алмай жатырмын мен. Ана мен баланың құқығын қорғауға көмектесіңіздер.

Әлияның үлкен қызы сал ауруына шалдыққан. Туғанынан орнынан тұрмайды. Екінші қызы – анасының қамқоршысы. Екеуінің ертеңгі бақыты үшін Әлия бүгінгі тауқыметке төзуге де дайын. «Араша» баспанасы әзірге Әлия Байділдаеваға пана. Мұнда жарты жылдан астам уақыт аралығында тұруға рұқсат берілген. Ал оған дейін жан тыныштығын тауып, басын даудан арашалап, екі қызымен қалыпты өмірге қайта келсем деген үлкен арманы бар.

Кtk.kz

 

 

 

 

Баян Есентаева: МЕН ӘЛИЯҒА КӨМЕКТЕСЕМ

 


 

«Әлияның мәселесі маған қатты әсер етті. Тұрмыстық күш көрсетудің азабын үш жылдан бері тартып келеді екен. Сіз үш жыл дегеннің не екенін білесіз бе?! Жас, көрікті әйел екі баласымен бірге осындай сұмдықта өмір кешуде. Билік болса – үнсіз. Үш жыл бойы өз құқығы үшін күресіп келеді: полицияға, прокуратураға, сотқа өтініш жазған, соңғы көмекті менен сұрады. Қазір біз біргеміз, бұл әйелдің мәселесімен бірге күресетін боламыз», – деді Баян Мақсатқызы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Мен Әлияға көмектескім келеді. Жасырмаймын, көптеген әйел осындай мәселелермен маған хабарласады. Әлия циркке келді. Сенесіздер ме? Циркте мен фильм түсіріп жатқанмын. Көзіне жас алып тұрып: «Баян, өтінемін, құтқарыңыз мені», – деді. Мен ешқандай жауынгер, ешқандай батыр емеспін. Менде шайқасатын қылыш, тапанша, автомат жоқ, барып біреудің жазасын беретін. Бірақ мен қалың қоғамның назарын аудара аламын.

«D»

 

 

 

 

СЕКСЕУІЛДІ СЫҒЫП, су шығара алмайсың…

 


 

«Жас Алаш» газетіндегі (29 қараша, 2017 ж.) Б. Ерназардың «Экс-әкім мен тоқалының жыры таусылар емес» деген Өмірзақ Әметұлы (суретте) мен Әлия Байділдаева туралы мақаласын оқыған соң, қолыма қалам алдым.

 

«Әйел өлмес соқпа дерттен, айыға алмас сынған Ер» деп ұлы Абай Пушкиннен аудармасында Татьянаның аузына сөз салып еді. Әйел еркектің бетіне қараудан қысылған XIX ғасыр еді. Одан бері қай заман?!

XX ғасыр елесі. Әйел – еркек қабырғасынан жаралған. Түзеймін десең – сындырып аласың. Әуелден қисық. Көнбеске лаж жоқ. Әйел – шөп, дауыл соқса, бұғып, майысып, дауыл біткен соң, қайта тіктеледі. Еркек – бәйтерек, дауылға қарсы тұрам деп күрт сынуы мүмкін. Бетін аулақ қылсын! Дауылдың несі кетті?! Соқты да, өтті…

XXI ғасыр. Дауыл – саяси ойын. Соғады, өтеді, кетеді. Бірақ мұндай «жасанды дауылдар мен қолдан жаңбыр жаудыру» елді мезі етеді.

Бұған Б. Ерназаров мақаласындағы мына екі сөйлем дәлел.

«Шымкенттің экс-әкімі Өмірзақ Әмет туралы көпшілікке не белгілі?

Өмірзақ Әметұлы Әмет (біздің білуімізше, оның ертеректегі тегі Әлиев) президенттің бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиевтің туысы ретінде белгілі. 2006 жылға дейін мемлекеттік қызметте істеген. Ордабасы ауданының әкімі болған. Ол облыстың тізгінін ұстаған Бердібек Сапарбаевтың тұсында ең танымал шенеуніктердің бірі болды десек қателеспейтін шығармыз. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның деңгейінде атап өткенімізде, Ө. Әмет осы Түркістан қаласының әкімі болатын. Бұдан кейінгі жылдары ол Сайрам ауданының әкімі, ал 2006 жылы Шымкенттің тізгінін қолға алды. «Әмет әні-міне облыстың әкімі болады» деген әңгіме осы кезде айтылған. Алайда Өмірзақ Әметұлының әкімдік дәурені осымен тәмам болды.

2008 жылы Рахат Әлиевтің көңілдесі (енді бір мәліметтерде оның бауырының әйелі) Анастасия Новикованың мәйітін шетелден Қазақстанға әкеліп, жасырын жерлеуге Өмірзақ Әметтің қатысының бары ақпарат құралдарында айтылған болатын. Бұл деректің анық-қанығы күні бүгінге дейін белгісіз».

Баспасөз беттері де, интернетің де іші өткен сиырлар майқамдаған бидай алқабындай өсек-аяң алаңына айналды. Экс-әкім Өмірзақ Әмет пен «екінші келін» Әлия Байділдаеваның «һікаясы» қолы бостардың «дәліздік» (коридорлық) дақпыртына айналды. Менің, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист, баспагер, адамгершілікке шақыратын тәрбиелік термелердің авторы һәм күйеу, әке, ата, азамат және еркек ретінде «бөріктінің намысы бір» болғандықтан, айтар сөзім төмендегідей болып тұр.

«Дұшпаныңнан қорықпа – көп болса, атып кетер, досыңнан қорықпа – көп болса, сатып кетер, қорыққанда – немқұрайдылықтан қорық» депті бір данышпан.

Өмірзақ та, бәйбішесі Ұлтуар Әлиева да адам баласына жақсылық пен қайырым жасаудан қолдары босамаған тәрбиелі отбасының перзенттері. Әмет ақсақал теміржолдың темірі ерігенше ғасырлап еңбек еткен еді. Өз балаларынан бөлек мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ардагер. Анамыз – қазақтың бар қадірін бойына жинаған, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей, отағасын пайғамбардай сыйлаған, балаларын періштесіндей аялаған асыл адам еді… Бұл әшейін сылдыр сөз емес. Оңтүстік түгел сыйлайтын жанұяның атына арсыз ғана, көрмес соқыр, естімес керең ғана кір жаға алады. Мұның Алатау мен Қаратаудың құдалығына еш қатысы жоқ.

Жә, Өмірзақты жарты ғасырдан білемін. Маған ақша, пәтер, қызмет берген жағдайы жоқ. «Ел мақтаған жігітті – қыз жақтаған» дегендей, айнала атыраптағы иманды адамдардың Өмірзақтан көрген жақсылықтарын айтқанын өз құлағыммен естігендіктен, тілім қышып отырған адаммын.

Менің сөзім: «Жамандық көрген жерден еңбектеп кет, жақсылық көрген жерге өрмелеп жет» дегенге саяды. Әйтпесе «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес» деген қағидаттың құлымын. Өмірзаққа да айтарым сол: Алла берген жанды пенде ала алмайды. Осы жазғанымды оқуға шыдамы жетіп, мені мысқылдап күліп отырған, жоғарылы-төменді, кәрі-жасты барлық еркектің басынан өмірінде бір рет те болса «қыз жапқан жала» өткені анық. Менің басымда да болды. Құдайға шүкір, өгіз өлген жоқ, арба сынған жоқ. Абыройдан қалғам жоқ, азбыройым солған жоқ. Шал Құлекеұлы шайыр айтпақшы, «қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы».

Бірақ жоғарыдағы елдің құлағын көтеріп отырған оқиға заманымыздың азғанын, адамгершілік қасиеттердің тозғанын көрсетеді. Әр заманға бір сұрқылтай. Өмірзаққа оң иықтағы періштең сол иыққа ауысқанда айтарым: Алланың сынағы деуге келеді. Сегіз жыл денесін құрт жеген Аюп пайғамбар құлақ етін жеген әйеліне: «Тоғыз жыл рахат көрдің, азабың сегіз-ақ жыл, тағы шыдап, Алланың бергеніне шүкір қылам» деп аяп, үстінен түсіп бара жатқан құртты қайтадан үстіне қойып: «Сенде жазық жоқ, құдайдың көзі оң болсын» деген екен. Аллам естіп, назарын салып, құрттарды тұт ағашына өрмелетіп жіберіп, адамзатқа қажет жібек пәлләсін (талшығын) шығарып, Аюп әлейкіссаламды сауықтырып, бақыт сыйлаған екен…

Бақыттың базарында, Алланың назарында жүргенінде «түлен түртіп», ия түленшеке түртіп, тыныш жүрген үш қызы бар «екінші келіннің» «творчестволық» шабыты оянған екен. Оны да бір Аллаға тапсырдым. Себебі Әлия да жақсы ана, перзент сүюге хақылы, бақытқа құштар сұлу жан. Ананың айтуымен, «балалық қателік» жасап, көктемде көңді төңкеріп, исін шығарып жүрген «диқаншылығы» үшін оны айыптамаймын. Тек уақыт – емші бәрін орнына қойып, есі – екеу, түсі – төртеу болған кезі артында қалып, тәубаға келер кезі де алыс емес. Қуыршақ қолжаулыққа айналғанын өзі де түсінер, құдай қызғалдақтарына өмір берсін. Анасы үшін бүлдіршіндер жауапты емес.

Аттанға айқай қосып жүрген Баян Есентаеваның да позициясы дұрыс. Себебі қазіргі Баян да, Әлия да, салыстырмалы түрде Төлеген, Жібектер де өзіміздің қазақ диқанының Қазақстан топырағында өсірген жемістері. Қызанақ дәмсіз, қияр ащы, қырықжапырақ сөлсіз, буылдық (картоп) нәрсіз болса, оған туған жер топырағы кінәлі емес. Басқаша айтқанда, қоғам болып, ұлт болып, ауыл, ағайын болып қастерлеген қасиеттер «Фудмастер» сүтіндей сарысуланды. Қоспа көп, химия көп. «Ананың сүтімен енбегенді, тананың сүтімен жөндей алмайсың» (Оспанхан Әубәкіров).

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» дегендей, «оңтүстіктің оңтұстығында» (Ғабит Мүсірепов) Мырзашөлде, қайдан барғанын білмеймін, Құдайдың кеңсесіне барған, бетпе-бет сөйлескен бір адай Алла сөзін адамдарға былай жеткізіпті: «Пенделер бір-біріне жамандықты өздері жасайды да, менен (құдайдан) көреді».

Сондықтан Өмірзақтай азаматты, еркекті жағы талғанша жамандамаудан талмайтын ТД, БАҚ өкілдеріне «шығармашылық табыс» тілейміз. Ақ-қарасын Алла айырар. Сот та Азаматтың Абыройын да, Азбырайын да алып қоймас.

Мені өкіндіретіні бір-ақ нәрсе: Еркектер! Тоқалдарыңның қойнына тығылып, ватсап пен баспасөзден оқығаныңды, көргеніңді күйсемей, Өмірзақпен қызметтес, бәйбіше, тоқалмен дастархандас болғандар, азаматтық пікірлеріңді білдіріңдер. Мәселенің бұлай емес, жала екенін білесіңдер ғой. Өмірзақтан, Баяннан, Әлиядан жақсылық көргендер, дауыстарыңды шығарыңдар! Бұ дүниенің жалғанында жақсылығың да, жамандығың да қайтады. Жамандық тез, жақсылық кеш қайтады. Бірақ бұ дүниенің жүгін о дүниеге алып кетпейсің. Ол жақта да сырат көпірінен өткен соң (өте алсаң!) сұрақ-жауап алаңының алдында, дарбазаның аузында Мәңкүр-Нәңкүр күтіп тұр. Ол бір бай, бек, әкім баланың әкесіндей сенің сыныптасың, ия құдаң емес! Шашы ұзын және «ақылы мол» «ғажайып талантты» қыздарымызды шаптан түртіп шабыттандырып отырған, қолдан қуыршақ жасаған – саяси ойынды отбасы, ошақ қасынан, төсектің астынан іздеп жүрген «қазақ азаматтары», Тоқал деген Анамыздың атын ойыншық қылмай, екі жақты сабырға шақырыңыздар деп өтінемін. (Кенесары тоқалдан туған). Себебі Қазақстанның төрінде де, босағасында да тоқалдан туып, ел басқарып, бәйбіше балаларынан озып жүргендер жетерлік қой. Үш жүздің бәрінде тоқал балалары мықты екені дәлелденген. Айналаға назар салып көріңіздер! «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының «Тоққа түскен Тоқтасын» деген интермедиясында Нұржан Төлендиев айтпаушы ма еді:

Тоққа түскен Тоқтасын,

Досың сені жоқтасын.

Шыныменен өлді ме?

Қасымызда отпасын, – деп.

Жігіттер, Кеңес Одағының Батыры – шығыстың шынары Молдағұлованың есімі қойылған Әлия сияқты «біреу» жаныңызда отпасын! Сақ болыңыздар, Еркектер!

«Жаман істі асығып бастама – жақсылығына басар, жақсылық істі кейінге тастама – жамандығына қашар», ағайындар! Ал Әлия келін Байділдаеваға айтарым (кешірерсіз, әкеңіздің атын білмедім), үш қыздың құдалығында той тойлауға құдай жазсын! Алла тойдан айырмасын!

• Сәлеммен, Өмірзақ Әметұлы мен Ұлтуар ханымның үстіне шыбын қонса қоритын қайшы құдасы – Мылтықбай Мамытұлы Ерімбетов, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Мырзашөл» журналының бас редакторы, «М-Талант» баспасының жетекшісі.

About Zika1961