Home » Гвоздь номера » Маржан АСПАНДИЯРОВА: МЕКТЕПТЕГІ ТҰТАСТАЙ БЫЛЫҚҚАН жүйемен ашық күресуге тура келеді

Маржан АСПАНДИЯРОВА: МЕКТЕПТЕГІ ТҰТАСТАЙ БЫЛЫҚҚАН жүйемен ашық күресуге тура келеді

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №35 (399) от 28 сентября 2017 г.

 

ДАТ!

 


 

Елдегі мектептерде мұғалім мен директордың, мұғалім мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы тартыстар жиілеп барады. Мұғалімдер қауымы өздерінің әлеуметтік статусын қорғау жолында түрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға біріге бастады. Әр жерлерде бой көтерген кикілжіңдер барысында сотқа жүгінушілер де бой көрсете бастады.

Мысалы, сондай бір сот жуықта Шымкент қаласында болып өтті. Мұнда Еңбекші аудандық соты «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан қаладағы № 38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры мен орынбасарлары түсірген шағымды қарауға жатпайды деп ұйғарым шығарды. Судья Қайрат Ізбасаров жәбірленушілер – мектеп директоры Айман Жүсіпова, оның орынбасарлары Дана Асылбекова мен Айжамал Қозыбекованың өз арыздарын қайтарып алуына байланысты іс қарауға жатпайды деп ұйғарған.

Міне, әсіресе мұғалімдер қауымын мазалаған осындай әлеуметтік талас-тартыстардың астарында қандай түйткіл жатыр? Мұндай проблемаларды заң жолымен реттеу үшін қандай қажеттіліктер жүзеге асуы тиіс? Осы және басқа да сұрақтармен қоғам қайраткері, заңгер Маржан АСПАНДИЯРОВА ханымды біз бүгін «ДАТ» айдары аясындағы сөзге тартқан едік.

 

– Маржан ханым, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мектеп ұстаздарының қоғамдағы әлеуметтік мәртебесі туралы кейінгі кезде көбірек айтыла бастады. Мұның себебі неде? Мұғалімдердің жағдайын жақсартуға оның септігі тиер ме екен? Әңгімені осыдан бастайықшы.

– Оның бірнеше себептері бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы білім берудің сапалық деңгейі көңіл көншітпейді. Қолға алынып, толық іске аспай қалып жатқан реформалар бұрынғы, дәстүрлі жүйені бұзды. Бірақ оның орнына өркениет көшіне ілесерліктей жаңа жүйені қалыптастырып, орнықтыра алмады. Министрлері ең көп ауысқан бұл саладағы келеңсіздіктер қоғамда алаңдаушылық, сенімсіздік туғызды. Білім нәрімен сусындататын ұстаз мамандығының қадірі қашты. Еңбекақысы төмен, әлеуметтік жағдайларына қарайласпайтын мұғалімдік қызметке қызығушылық азайды. Мыңдаған мұғалімдердің жетіспей жатушылығы содан. Балаларға сабақ үйретудің орнына үй аралап, тізім жасап, сайлауға, әртүрлі шараларға араласып алашапқын болатын, көше сыпырып, қоқыс тазартатын мұғалімдерге көзқарас өзгерді. Оларға жұрт әкімдіктердің қолбаласы, тіпті жалшысы сияқты қарайтын болды. Еңбекақысы күнкөрісіне әзер жететін кедейлер тобындағы әлеуметтік бұл топты менсінбейтіндер жетерлік. Мектептерде ақша жинауға мәжбүр етушілік, парақорлық тыйылмай келеді.

Міне, мұның бәрі асқынған дерттен арылу үшін не істеу керек, ахуалды қалай оңдауға болады деген сұрақтарды күн тәртібіне қойды. Ұстаз мәртебесін айқындайтын заң қабылдау қажеттігі осыдан шыққан деп ойлаймын. Егер дұрыс заң қабылданса және ол іске асырылса, құба-құп. Халықтың күтері осы. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың оқу-тәрбие ісіне жауапкершілігін күшейтсе, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмесе, бүгінгі келеңсіздіктер азаяды.

 

– Шымкенттегі мектеп директорының және оның орынбасарларының мұғалім қызға жабылып, сотқа сүйрелеуін айыптап жатқандар көп. Бұл жәйт қоғамдағы жағымсыз оқиға ретінде көпшіліктің көңілін күпті етті. Сіз сот процесіне мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның өкілі ретінде қатыстыңыз. Төрт айға созылған азаматтық істі қараудың ақырында әріптесін қудалаған талапкерлер өз арыздарын қайтарып алған екен. Мұны қоғамдық желілерде пікір білдірушілердің біразы мұғалімнің, оның қорғаушыларының жеңісі ретінде бағалапты. Мектеп басшыларының қарауындағы қызметкерін сот арқылы жазалатуға әрекеттенгендері қалай? Іске нүкте қойылды ма?

– Бұл – шындығында да жұртшылықтың, әсіресе республикадағы мұғалімдер қауымының назарын аударған сот. Өйткені бұл дау Шымкенттің аясынан шығып, тұтас Қазақстанға мәлім болды. Педагогикалық ұжымның, яғни білім мен тәрбие ордасының – мәртебелі мекеменің басшылары өз әріптесіне қысымшылық жасағандары аздай, оны жауапкер ретінде сотқа берді. Қашан да жақсы қырынан танылып, өз міндетін лайықты атқарғаны үшін мақтауларға ие болған мұғалімнің жазығы неде?

 

– Иә, осы сұрақты тарқатып айтыңызшы?

– Үстіміздегі жылғы сәуір айында, демалыс күндерінің бірінде ауылдағы сырқат анасының халін білуге кеткен Гүлжан Сәлімбаеваны мектеп директоры аяқ астынан іздетеді. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша бөлініп берілген учаскедегі адамдардың жағдайы жөнінде ақпаратты дереу жеткізуді талап етеді. Гүлжан дәл сол кезде қалаға кері қайта алмайтынын түсіндіруге тырысады. Бірақ оны басшылардың ұққысы келмейді. Өйткені жоғарыдағылардың тапсырмасын қалай да орындаулары керек. Дүйсенбіде директор орынбасарларымен бірге «тіл алмаған» қызметкерді кабинетіне шақыртып, айғай-шуды бастайды. Мұғалім қыздың уәжін, түсіндірмесін тыңдауға құлық танытпай, бақыра сөйлегендер оның есін шығарады, жүйкесіне салмақ түсіреді. Қысым көрсету одан кейінгі күндері де жалғасады. «Жауапкердің» куәсінің айтуына қарағанда, орынбасарлардың бірі есінен танып құлаған Гүлжанды аяғымен түрткен көрінеді. Дәрігер шақырылады, жағдайы қиындап, жүрегі қысылған Гүлжан ауруханаға жеткізіледі. Оның осындай халге түскенін отбасына хабарламайды, көңілін сұрап, жағдайын білмейді. Гүлжан 17 күн емделеді. Басшыларының әрекетін қорлау, қысым көрсету, адамгершілікке жатпайтын іс деп бағалаған Сәлімбаева, болған жайт қайталанбасын, мұны жұрт білсін деген оймен, директордың айғайлаған, өктем сөздерінің дыбыстық жазбасын әлеуметтік желіге салады. ҚР президентінен араша сұрайды, білім және ғылым министріне хат жазады. Бар «жазығы» осы.

Кейін әлдекімдер Гүлжанның ешбір қатысынсыз, интернетке әзілкеш бейне роликті салып жібереді. Тізімді демалыс күндері әкеліп тапсырмағаны, айтқанды сол сәтінде орындамағаны үшін және ұрыс-керісті жария еткені үшін оны кінәлі санаған басшылар қоғамдық талқыға салады. Ата-аналар, ақсақалдар қатыстырылған заңсыз жиналыста мұғалімнің кінәсі мен күнәсінен гөрі басшылардың бассыздығы басым болып шығады. Ақсақалдар екі жақты татуластырып, дауды тоқтатуға тырысады. Гүлжан директор тарапынан қудалау болмайтындығына кепілдік хат беруді сұрайды. Оған келіспеген басшылар жалған ақпарат таратып, ар-намысымызға, абыройымызға нұқсан келтірді деп, моральдық залал үшін 6 миллион теңге өндіртуді сұрап, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотына талап арыз тапсырады.

Гүлжан Сәлімбаеваның әділетсіздікке, қиянатқа қарсы тұра алатын азаматша, білімді, өз кәсібін жете игерген маман екендігіне менің көзім жетті. Алғырлығы мен батылдығы байқалды. Өзін қорғай білген адам өзгелердің де құқығын қорғаудан қашпайды. Бұл сотта оның өкілдері болған елге танымал азаматтар – Жақсылық Шекеев пен Жаңабек Әшімовтың, ұстаз Меңсұлу Малдыбаеваның істің ақ-қарасын айырудағы біліктіліктері мен өмірлік тәжірибелерінің, белсенділіктерінің нәтижелі болғандығын айрықша айтқым келеді. Журналистер Дилара Иса, Қанат Тілеухан, Жайна Сланбек, Айзада Төребекқызы және блогер Ардақ Әшім, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері соттың өту барысын жіті бақылап, ақпарат таратып отырды. «Жемқорлық пен сыбайластық етек жайған өңірде әділет жеңбейді. Бұл процесс – қандай іс болса да, билігі мен байлығы барлардың пайдасына шешіледі» деген құлаққа сіңісті пікірді жоққа шығарғандай болды.

 

– Бұл істі біз де қадағалап отырдық. Мектеп мұғалімдері жергілікті әкімнің қолжаулығы болғанын екінің бірі біледі: сайлау басталса – мұғалім жүгіреді; көше тазалауда мұғалім жүреді; шерулер мен нешетүрлі салтанаттар мұғалімдер мен оқушыларсыз өтпейді… Ел-жұртқа, ата-аналарға көпе-көрнеу белгілі осы жағдайды біле тұра, мектеп директоры сот арқылы өзінің ар-ожданын қалай қорғамақ болды? Ол да жергілікті биліктің қолбаласы сияқты орындаушы тұлға ғой?

– Кез келген азамат немесе азаматша өзінің абыройы мен беделін қорғауға құқылы. Егер ол туралы шындықпен үйлеспейтін жалған ақпарат таратылса және ол ар-намысқа тиген болса, сотқа жүгіне алады. Ал ақиқатты бұрмалау үшін жасаған өзінің теріс әрекеттерін, қылмысын ақтап алу мақсатында жалғандыққа барса, оны жұрт көрмей ме, сот сезбей ме?! Міне, өркөкірек, көздерін шел басқан, ұзақ жыл бастық болып, өз дегенін ғана дұрысқа санайтын адамдар осыны аңғара бермейді. Тіпті қарауындағы бағыныштыларына өтірік айтқызып, жалған куәлік бергізіп, арынан аттауына мәжбүрлейтіндер көп қой. Сондықтан заң жолымен шешілетін қандайда бір істі, мейлі қылмыстық немесе азаматтық іс болсын, сотта қарау басталардан бұрын лауазымды тұлғаны қызметтік міндетін атқарудан міндетті түрде шеттеткен жөн. Сонда ғана әділеттілікке жақындаймыз. Өкінішке қарай, істі қарайтын судьялар қарсы жақтың осындай өтініштеріне құлақ аспайды.

Гүлжан Сәлімбаева мен оның мектептегі басшылары мынандай дүрмекке түспес еді: егер Білім туралы заңның 51-бабындағы «…педагог қызметкерлерді өзінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» деген талапты өздері орындаған болса, егер қала әкімі мен білім беру басқармасының бастығы сол талапты қатаң ұстанса және директорға тапсырма беріп, оны орындауға міндеттемесе. Бұл басы ашық ақиқат, сіз айтқандай, жұрттың бәрі біледі. Бірақ директор оны мойындағысы келмейді. Мойындаса, мойны үзіледі – қызметтен қуылуы мүмкін. Заңды бұзғаны үшін білім басқармасы мен әкімшіліктегі дөкейлер жауапқа тартылады. Әрине, олар әділеттілік пен шындық жолында өздерін құрбандыққа шалатын ерлікке бармайды. Өздерін сақтау үшін директорды жақтайды, ақтайды, оның теріс әрекетіне көздерін жұмып қарайды, кейбір құжаттарды қолдан қайта жасайды, қолайсыз мұғалімді құдыққа құлата салады.

Сөйтіп директор өзін қорғап қалу арқылы жоғарыдағы бастықтарын қолайсыздықтан құтқармақ болады. Гүлжанның жағдайын өмірдегі осындай мысалдан кейін өзіңіз бағамдай беріңіз. Біз қарсы жақтың ендігі қадамдарына қараймыз. Олар сотқа қайта жүгінсе, жоғарыдағы болжамдағыдай болуы ықтимал, біздің енді тұтастай былыққан жүйемен ашық айқасқа кірісуімізге тура келеді. Қолымыздағы бұлтартпайтын құжаттарды, айғақтарды пайдаланамыз. Оқиға куәлерінің тек қана шындықты жасырмай, жасқанбай айтуына үміт артамыз. Қажет болса, істі Жоғарғы сотқа дейін апарамыз.

 

– Жергілікті жердегі ұстаздардың өздерінің құқығын қорғау мәселесіндегі белсенділігі қандай екен? Қоғам тарапынан сотқа келіп, қолдап жатқандардың қатары көп болды ма?

– Мұғалімдерді өз құқығын қорғауына мәжбүр ететін директорлар көбейіп бара жатқан сияқты. Теперіш көрмесе, ұстаздар тыныштықты бұзбайды. Биылғы жылдың өзінде Қызылордада, Павлодарда, Шымкентте директорлар мен мұғалімдер арасындағы соттасулардың куәсі болдық. Ұстаздардың бәріне көне беретін жасқаншақтықтан, тәуелділіктен арылып, өз құқыларын қорғауға кіріскені қуантады. Ағартушы-тәрбиешілеріміз түзелмейінше, қоғам да түзелмейді, дертінен айықпайды. Қуғындалған әріптестеріне қолдау білдірушілер қатары күн санап өсіп келеді. Ашық бой көрсетуге батылы жетпегендер тілектестігін оңашада айтып-ақ жүр. Олардың қатары біршама. Ал әлеуметтік желідегі қолдаушылардың белсенділігі көтерілгенін көрдік.

 

– Қазақстан мұғалімдері қауымын жергілікті билік пен директорлардың қолжаулығы болудан құтқарып, жас ұрпаққа білім беру қызметін жан-жақты қамтамасыз ету үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсыз?

– Ұстаздар мәртебесі туралы жеке заң керек деген ұсыныстарды қолдаймын. Ол заңды жазуға мұғалімдер қауымдастығының өзі араласып, белсенділік танытса дұрыс болар еді. Заңда мынандай мәселелер қамтылса: мұғалімдік қоғамға аса қажетті мамандық иесі деп танылса, әлеуметтік мәселелерін шешуді мемлекет өз міндетіне алса, жас мамандарға жағдай жасаса, коммуналдық төлемдерге жеңілдік қарастырылса, айлықтарын жоғары деңгейге көтерсе, білім мен тәрбие берудегі жеке жауапкершіліктерін күшейтсе, бөгде жұмыстарға тартуға мүлде тыйым салынса, директорларды ұжым мен ата-аналардың бірлескен жиындарында сайлайтын болса, жаңашыл, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын, шәкірттері үздік нәтижелерге жетіп жүрген мамандарға үстеме ақы төленсе. Міне, сонда мұғалімдер бейшара кейіптен арылып, үлгі тұтарлық, қастерлейтін тұлғаға айналар еді. Бұл өз кезегінде білімді, саналы, тәрбиелі ұрпақтың, сол арқылы өркениеттер көшінде өз орнын табатын халықтың қалыптасуына септесетін болады.

 

– Мұғалімдер өздерінің кәсіби қызметінен тыс жүктелетін міндеттерден (сенбіліктерге қатысу мен сайлау науқандарын ұйымдастыруға, мектептен тыс басқа да жұмыстарға қатысу) өз еріктерімен бас тартатын болса, жұмыссыз қаламыз деп қауіптенеді. Осы жағдайда сіз заңгер ретінде мұғалімдер қауымына қандай кеңес берер едіңіз?

– Айман Сағидулла мен Гүлжан Сәлімбаева секілді батыл, турашыл болуға, заңды біліп, өз құқыларын өздері қорғай алуды үйренуге кеңес берер едім. Алтыкең – Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқандай, тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек. Ол үшін өзіңізге сенімді болыңыз: кәсібіңізді жетік меңгеріңіз, біліміңізді толықтыруға, үнемі ізденіп, үйренуге жалықпаңыз, мұғалім мемлекеттің құлы емес, ол – адамзаттың ағартушысы деп сезініңіз. Мықты мұғалімді жұмыстан шығаруға бата алмайды. Ұжымдық кіріптарлықтан арылып, қудалау көрген әріптеске арашашы болу қажеттігін түсінген абзал.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

 

 

Бет қатталып жатқанда

 

Оқу жылы сотпен

ӨТЕТІН БОЛДЫ

 

Сіз айтып отырған басшылар енді мектептен қуылмақ түгілі, қайтадан сотқа арыз берейін деп жатыр екен, шешіммен келіспей. Барлық қорқатын мұғалімдерді жинап алып, қысым көрсетіп, «біз қайтадан арыз береміз, сонда біздің сөзді сөйлейсіңдер» деп жиналыс жасапты.

 

Мектеп топалаң, қайтадан үрку, қорқу, сату. Бұл қаншалықты заңды? Өздері арызды қайтып алып, қайтадан беріп, сотпен өткізбекші ме оқу жылын? Ұжымды қолбала етіп, өз мақсаттарына пайдаланғандар тыныштық бере ме? Бұндай жағдайға жеткізіп отырған басшы әрі қарай қалай басқарады? Білім басқармасы, облыс әкімшілігі не бітіріп отыр? Нүкте қойылу керек емес пе? Әлде республикаға жеткені аздай, әлемге жету керек пе?

Айтқожа ФАЗЫЛ

 

 

Мәлімдеме

 

Біз Гүлжанды

ҚОРҒАЙМЫЗ!

 

Республикалық педагогикалық «Ойсалым» қоғамдық кеңесінің Шымкент қаласы №38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның қалалық сотта қаралып жатқан ісі жайында мәлімдемесі.

 

Біріншіден, біз мектеп директоры Айман Жүсіпованың және оның орынбасарларының мұғалімнің өзіне әділетсіздік жасалғанын айтып, жоғары орындарға шағымданғаны үшін сотқа бергенін заңсыздық деп есептейміз.

Қазақстанның әрбір азаматы жәбір көрген жағдайда президентке дейін шағымдануға құқығы бар. Ол үшін ол қуғындалуға тиісті емес. Бұл жайында өз заңдарымызды былай қойғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 5–8-баптарында айқын көрсетіліп жазылған. Демек, мектеп директоры қызмет бабын пайдаланып, Қазақстан азаматының әділетсіздіктен өзін-өзі қорғау құқығын өрескел бұзып отыр. Сол үшін жәбірленуші жәбірлеушінің өзін сотқа беруі керек.

Екіншіден, Гүлжан Сәлімбаева өзіне берілген тапсырманы орындап, мектепте сабағы жоқ күні ауру анасына барған. Ал бос уақытын кім де болса өз жеке шаруасы үшін пайдалануға құқылы. Бұл жерде мектеп директоры тағы адам құқығын бұзып отыр.

Үшіншіден, айлығы шайлығына зорға жететін қарапайым мұғалім қыздан 6 миллион теңге талап етуі – неткен сорақылық, не деген масқара! Мұндай адам қалай мектеп директоры болып отыр деген заңды сұрақ туады.

Төртіншіден, біздің Қоғамдық кеңесіміздің міндетіне мектеп дирекциясы тарапынан қуғындауға ұшыраған мұғалімдерді қорғау да жататындықтан, іс жүргізуші соттан бұл істі көп созбай тоқтатуды, Гүлжан Сәлімбаеваның ісін заң шеңберінде әділ шешуді талап етеміз. Олай болмаған жағдайда республикалық Жоғары сот алдында мәселе көтереміз.

Бесіншіден, бізде балалардың құқын қорғайтын заң бар, ал мұғалімдердің құқығын қорғайтын заң жоқ. Біз Республикалық Педагогикалық академиясымен бірлесе отырып, жуықта «Мұғалімдердің құқығын қорғау таралы» заң жобасын жасап, оны парламентке ұсынатын боламыз. Сөйтіп, алдағы уақытта зорлықшыл мектеп директорлары жазықсыз мұғалімдерді құдалай алмайтын болады, көрінген қара жұмыстарға жекпейтін болады.

 

• Жұмаш СОМЖҮРЕК, Республикалық педагогикалық «Ойсалым» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы

• Аятжан АХМЕТЖАН, төраға орынбасары, Астана қаласы Республикалық «KAZBILIM» орталығының директоры

 

 

Мұғалімдерге

СҰРАҚ

Қазір мектеп оқушылары пәндік тестер тапсыруға кірісті. Ол ақылы екен. Ата-аналардан «тестке» деп әрбір оқушыдан 350 теңгеден жиналып алынады. Осы заңға сай ма? Барлық жердегі баға бірдей ме, жоқ әлде оны әркім әрқалай қойып отыр ма? Егер тест тапсыру мемлекет бекіткен оқу бағдарламасында бар болса, онда «орта білім беру тегін» деген нормаға ол қайшы келмей ме? Әлде тест оқушылардың білімін анықтап отыру үшін жасалған ақылы қосымша шара ма? Егер олай болса, мектеп одан бас тарта ала ма? Ақша қандай фирманың, мекеменің қоржынына түсуде? Ал мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, ондай коммерциялық шарттарға (ата-аналардың рұқсатынсыз) отыруға қақылы ма? Әлде бұл министрліктің мемлекеттік тапсырысы емес пе екен? Онда бюджеттен қаржы бөлінуі керек еді ғой?.. Мен осы сұрақтарға білікті жауап беретін ұстаздар болар деп үміттеніп отырмын…

Әбдірашит БӘКІР

 

 

Мектеп қашан

ЖАҢҒЫРАДЫ?

Мектепте мұғалімдері сағатты директордан сатып алуға мәжбүр болатын елде, оқушылары талтайып, әкесінің «Лексусына» отырып мектепке келетін, ұстаздарының тоңқайып, ағаш егіп жатқанын көретін елде білімге құрмет болуы неғайбыл дүние ғой. Мен бұндай жабайылық 90-жылдарда келмеске кетті деп жүрсем, өршіп тұр екен ғой қай қала, қай ауылыңда да.

«Сенбілік» деген соншалық қорсынатын дүние емес дейтіндерге: ендеше директоры қоса шығуы керек, тексеруге емес, жұмыс істеуге. Онда да әкім қарасы көрінер алдында емес, табиғатты қорғау күні сияқты арнайы мезгілде, не ерікті акция шеңберінде. Мәжбүрлікпен кеңестік «трудотерапия» шеңберінде емес.

Қазір біздің оқушылар мен оның ата-аналары өз құқықтарын және мұғалімдердің міндеттерін жақсы біліп алған. Ал ұстаздың өзіне қажетті құқықты кім қорғауға кірісетінін мен, шыны керек, білмеймін.

Бірақ жемқорлық, бастықтардың өз қарамағыңдағыларына дөрекі сөйлеуі, бірінші кластың баласы құсатып сүмірейтіп, көптің көзінше сөгіс жариялауы сияқты дүниелер білімге қатысы аздау салаларға, базар-вокзалға ғана жарасатын сияқты.

Менің түсінігімде, директорлары мұғалімдеріне оқушы көзінше «сен» деп сөйлейтін мектеп – ешқашан рухани жаңғырмайды.

Оскар КОСТА

About Zika1961