Home » Гвоздь номера » Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ: БОЛАШАҚТА ЕЛДЕГІ НЕГІЗГІСАЯСИ КҮШКЕ АЙНАЛАМЫЗ

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ: БОЛАШАҚТА ЕЛДЕГІ НЕГІЗГІСАЯСИ КҮШКЕ АЙНАЛАМЫЗ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.

 

ДАТ!


 

Жуықта ғана мемлекеттік тіркеуден өткен «Алаш жолы» қозғалысының болашақ іс-қимыл әрекеттеріне қатысты ел ішінде біраз сұрақ туындаған еді. Бұл қозғалыстың саяси ұстанымы қандай? Елдегі ұлттық және демократиялық күштерді топтастыру арқылы қалыптасқан саяси режимге оппонент бола ала ма? Жоқ әлде елдегі көдедей көп азусыз қоғамдық ұйымдардың бірі болып қала бере ме?

Қозғалыстың басқарма мүшесі, қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы сейсенбі күні «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы «тікелей эфир» өткізіп, желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берем деп хабарлама жолдаған еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Мақсат мырзаның атына «ДАТ»-тың жеті сауалын жолдадық.

Ескерте кетейік, енді ғана қаз-қаз тұрған, облыстық бөлімшелері әлі тіркеуден өтіп болмаған жаңа қозғалыстың әзіргі бет алысын білуге арналған сауалдарымыздың арасында «жағадан алатындай» саяси сұрақтар болған жоқ. Оның кезегі «көш жүре түзеледінің» барысында келіп қалуы да мүмкін…

Ал әзірге біз редакция атынан жолданған жеті сұрақ пен желі қолданушылар арасынан қойылған бірер сауалды топтастырып, Мақсат Ілиясұлы мырзаның «тікелей эфир» мәтінін қағазға түсіріп, ықшамдап жариялап отырмыз. Көзі қарықты оқырман қозғалыс белсендісінің сөзінен жаңа ұйымның мән-жайын аңғарып алады деген ойдамыз.

 

 

– Ең алдымен мына жағдайды анықтап алайық: ресми атауы «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі» деп аталатын жаңа ұйымды халыққа түсінікті болу үшін «Алаш жолы» қозғалысы» деп қысқартып атай аламыз ба? Бұл жөнінде қолданыстағы заңдар қандай мүмкіндік береді?

– Бірлестіктің жарғысы бойынша қысқартылған түрде «Алаш жолы» қозғалысы» РҚБ деп айта беруге болады.

 

– «Алаш», «Алаш орда», «Алаш қозғалысы» сияқты қазаққа қасиетті атауларды әзірге қағаз жүзінде өзіне мұра етіп алған қозғалыс іс жүзінде мұрагерлікке лайықты болу міндетін (парызын деп айтуға да болады) сіздер қалай түсінесіздер?

– «Алаш» сөзінің қазақ үшін қастерлі екені рас. Біз сол атауға лайық болуға тырысамыз, әрине. Екінші жағынан, Әділет министрлігінің базасында «Алаш» сөзін пайдаланған 83 заңды тұлғаның бар екеніне көз жеткіздім. Оның ішінде «Алаш-Брокер», «Алаш-Капитал», «Алаш-Фильм» деп кете береді екен. Солардың бәрі «Алаш» сөзін ардақтап, Алашқа қызмет етсе екен дейміз. Біз де «Алаш» атына кір келтірмеуге барымызды саламыз.

 

– Ол үшін қозғалыстың ең басты іс-қимылы нендей шаралардан (облыстық филиалдарды тіркеуден өткізуден басқа) басталуы керек деп ойлайсыз?

– Осы сұрағыңызға кеңінен жауап берейін. «Алаш жолы» қозғалысы» бірлестігінің бағдарламасы мынадай: Жердің ешкімге сатылмауына, шетелдіктерге жалға да берілмеуіне қол жеткізу; ҚР Жер кодексіне және басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу; шетелдіктерге жалға берілген немесе жеке меншікке өтіп кеткен жерлерді анықтау; оны мемлекетке қайтару жолдарын қарастыру; қазақстандық және шетелдік банктерде кепілде тұрған жерлер және олардың сатылу мәселесі; бұдан әрі жерді кепілдікке қоюға тыйым салу керек пе, жоқ па – анықтау; Макс Бокаев, Талғат Аян, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, тағы басқа азаматтардың қамаудан босатылуын талап етіп, халықаралық ұйымдармен, шетелдік елшіліктермен байланысты нығайту; оларды бостандыққа шығару туралы талаптар жасау; Қытайдың 51 зауытының Қазақстанға келуіне тойтарыс беру; қай облыста қанша зауыттың орналасқаны туралы нақты ақпарат жинау; келіп үлгерген зауыттарды орналастыру туралы келісім-шарттармен танысу және сараптау; әр зауытты орналастырған кезде Қытайдан қанша жұмысшы күші келеді және қанша мерзімге келетінін анықтау.

Қозғалыс бағдарламасы үш сатыдан тұрады: қысқа, орта және ұзақ мерзімге: Қысқа мерзімде: барлық облыстардан филиалдар ашу; парламент мәжілісінде ҚР Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуді талқылауға қатар беру; «Жер тағдыры – Ел тағдыры» форумын ұйымдастыру; облыстардағы шетелдіктерге жалға берілген немесе жеке меншікке сатылған жерлерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару бойынша әрекеттер жасау (ұдайы).

Орта мерзімде: әр филиалға сол аймақтағы тұрақты жұмыс істейтін 20 белсендіні тарту; әр филиалдан 2 адамды облыстық әкімнің қасындағы Қоғамдық кеңестер құрамына енгізу; ҚР Неке және отбасы кодексіне, Азаматтық туралы заңға, Көші-қон туралы заңға (шетелдіктердің Қазақстанға келіп жұмыс істеуіне берілетін квота туралы), тағы басқа заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасау; Қытайдың 51 зауытының келуін тоқтату шараларын ұйымдастыру; Макс Бокаев, Талғат Аян, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, тағы басқа азаматтардың қамаудан босатылуын талап ету туралы шаралар ұйымдастыру.

Ұзақ мерзімде: әр филиал бойынша сол облысқа қарайтын әрбір ауданда тұрақты жұмыс істейтін 10 қоғамдық белсендіні топтастыру; әр ауылда 3 белсендіні қалыптастыру; облыс орталықтарында сол аймақтағы қоғамдық ахуалға, жергілікті биліктің шешімдеріне әсер ететін негізгі қоғамдық күшке айналу.

 

– «Алаш жолы» қозғалысы елдегі басқа қоғамдық, патриоттық, демократиялық және басқа ұйымдардың басын біріктіруге мұрындық бола ала ма? Әлде елдегі басқа ұйымдар «Алаш жолына» өздері келіп қосылуға мәжбүр болатындай жалпыхалықтық қозғалыс қалыптасады деп ойлайсыз ба?

– Қазақстанның ғана емес, әлемнің жағдайы күн сайын өзгеріп жатқанда, болашақта мынандай болады деп дөп басып айту, әрине, қиын. Десек те, «Алаш жолы» қозғалысы сонау 2013 жылғы Қазақ ұлтшылдарының құрылтайынан, Қазақ ұлттық кеңесінен бастау алған, соның заңды жалғасы деуге болады. Сол кезде де айтқан едім, қазір де айтамын, біздің бір мақсатымыз – еліміздегі барлық ұлтшылдардың, ұлтшыл-демократтардың басын біріктіру. Себебі, билік қаласа да, қаламаса да, ұлтшылдық өзінің дамуын тоқтатпайды. Себебі ол табиғи заңдылық. Ұлт басына күн туып, қауіп төнген кезде ұлт өзін сақтап қалудың әрекетіне көшеді. Ал бүгінгі күнді қазақ ұлтының басына бұлт үйіріліп, зор қауіп төнген уақыт деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан болашақта ұлтшылдар ең негізгі саяси күшке айналады. Сол күштің басын бір ұйымға біріктіре алсақ – ең зор жеңіс сол болар еді.

 

– Қазіргі нарыққа байланған Қазақстан жағдайында тиімді және жалпақ жұртты жұмылдыра алатын іс-қимылдар көрсету үшін, айтарлықтай қаржы қажет. Осыған орай жаңа қозғалыс ел ішінен қаржылай демеушілік табу үшін, ең алдымен не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Әрине, кез келген әрекет белгілі бір қаражатты талап етеді. Бірақ «Алаш жолының» жұмысы үшін миллиондар, миллиардтар керек деп ойламаймын. «Антигептил» қозғалысында, өткен жылғы митинг ұйымдастыру кезінде де миллиондарсыз-ақ біраз шаруа істей алдық. Десек те, қаржылық мүмкіндігі бар ұлтшыл азаматтардың «Алаш жолын» ашық болса да, жасырын болса да қолдағанын қалаймыз.

 

– Қазірдің өзінде әлеуметтік желілерге қарапайым мониторинг жүргізген адам қоғамдық, қозғалыстық жұмыстарын бастап үлгермеген «Алаш қозғалысы» мен «ДВК»-ның арасында «үйкеліс» басталғанын аңғарады. Соңы үлкен текетіреске айналып кетуі мүмкін мұндай қажетсіз қарсыластықты жою үшін не істеуге болады?

– «Алаш жолы» қозғалысы «ДВК»-ға қарсы емес. Ол туралы талай рет айтылды. Біріншіден, екі топтың да түпкілікті мақсаты бір. Екіншіден, «ДВК» қозғалыс ретінде елімізде еркін де ашық жұмыс жасай алады деп ойламаймын. Ол «Алаш жолы» сияқты ашық түрде билік өкілдеріне хат жазып, заң жобаларын талқылауға қатыса алмайды. Қазақстанда тұрып жатқан кез келген азамат «ДВК»-ның атынан мәлімдеме жасаса, оны тіркелмеген заңды тұлғаның атынан әрекет етті деп қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін. «ДВК»-ның жалғыз ғана жолы бар – ол әлеуметтік желілер арқылы елді митингке көтеріп, елде төңкеріс жасау арқылы билікті құлату. Ал ол жағдайдың қашан болатыны белгісіз. Қалай десек те, мен «ДВК»-ның бағдарламасындағы көп мәселені өз басым қолдаймын.

 

– «Алаш қозғалысы» жетекшілері арасына «КНБ» мен ішкі саясат органдары «от салуға» тырысатын технология Қазақстанда «жақсы» дамығанынан хабардарсыз. Осындай жасанды алауыздықты болдырмау үшін қозғалыс жетекшілері жол басында қандай қам жасап жатыр?

– Әрине, «Алаш жолының» жұмысына кедергі жасап, тіпті тоқтатып тастау үшін билік тарапынан түрлі қысымдар, айла-әрекеттердің болатыны анық. Себебі жерді сатып отырған – билік, Макс пен Талғатты жазықсыз қамап отырған – билік, Қытайдың 51 зауытын халықтан сұрамастан, елге кіргізіп жатқан да – билік. Биліктің сонша маңызды бастамасына, ұстанымына қарсы шығып отырған бірлестікті маңдайынан сипамасы белгілі. Бірақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді ғой. Не де болса нартәуекел! Халық жаппай қолдаса, қолымыздан әлі талай нәрсе келеді деп ойлаймын.

 

Бахтияр ТӨЛЕУ:

– Латын әліпбиіне өту турасында «Алаш жолының» ұстанымы қандай?

– Қоғамымызда латын әліпбиіне өтуге деген сұраныс бар. Ендігі мәселе – оның қандай түрін таңдап алу турасында үлкен дау туындап жатыр. Ол мәселеге тіл мамандары, тіл саласының ғалымдары өз пікірлерін білдіріп жатыр. Мен филолог емеспін, бірақ соның ішінде «бір әріп – бір дыбыс» деген ұстанымды өз басым қолдаймын.

– 51 қытай зауытына шектеу болар қандай жоспар бар? Сол жобаларды жүргізіп отырған үкімет отставкаға кетуі керек пе?

– Қытайдың 51 зауытының Қазақстанға тигізер әсері туралы зерттеу, сараптау жұмыстары жүргізілуі керек деп есептеймін. Себебі ол жерде түрлі мәселе бар. Мәселен, әрбір зауыттың орналасуына қанша жер беріледі? Ол қандай шартпен беріледі? Әрбір зауытты салуға, оны іске қосуға Қытайдан қанша жұмысшы-мамандар келеді және қанша мерзімге? Ол зауыттардың қаншасы химиялық зауыттар болады? Зауыт жұмысының Қазақстан азаматтарының денсаулығына, қоршаған ортаға, экологияға әсері қандай болады? Зауыт жұмысы Қазақстанның экономикасына, әлеуметтік жағдайына қалай әсер етеді? Мысалы, «Абу Даби Плазаның» ережесі бойынша, ол салынып біткеннен кейін 20 жыл бойы арабтардың иелігінде болады және тапқан табыстан ешбір салық төленбейді. Сол сияқты зауыттардың келуі еліміз үшін пайдалы ма, қауіпті ме деген сұраққа әлі жауап жоқ. Сондықтан билік, қоғамдық ұйымдар әр зауыт туралы үлкен талқылаулар, сараптаулар жасауы тиіс.

 

Сатыбалды ЖАУХАНҰЛЫ:

– Сатылып кеткен жер асты, жер үсті байлықтарымызды халыққа, оған қарасты өндіруші компанияларды үкіметке қайтаруға бола ма?

– Қазір жастар жұмыссыз, жұмысқа кіру үлкен проблема. Қазіргі президент отырғанда, бүгінгі билік жүйесі өзгермегенше, жер байлығын қайтару да, сатылып кеткен компанияларды қайтару да мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен билікті де, билік жүйесін де өзгерту қажет.

 

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ:

– Мақсат мырза, Жер комиссиясы ұсынған 11 ұсыныстың ішінде өткен жылғы «Алаш жолы» бастаған халықтық талап: «Жер сатылмасын, жатқа жалға берілмесін!» деген бір ауыз сөз жоқ. Ендеше осы қазір парламентте қаралып жатқан Жер кодексіне сол 11 ұсынысты түгелдей дерлік ендірсек те, жеріміз аукцион арқылы сатылады, шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге де болады деген сөз.

Сұрақ: Жерком халықты алдау болды ма? Сонда өткен жылғы «Алаш жолының» еткен ерен еңбегі зая кетті ме?

– Жер комиссиясы ең басынан-ақ жерді шетелдіктерге сатпауға, жалға беруге тыйым салуды қолдаған жоқ. Есіңізде болса, сол комиссияға қатысқан 73 адамның тек 11-і ғана жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін деген ұстанымды қолдаған. Сондықтан жер комиссиясы жасаған 11 ұсыныстың ішінде жерді шетелдіктерге сатпау, жалға да бермеу мәселесі кірмейтінін сол кезде-ақ білгенбіз. Шешім басым дауыспен жасалады деген соң, Зәуреш Батталова екеуіміз ол комиссия құрамынан шығып кеткен болатынбыз. Қорыта айтар болсақ, ол комиссия жер дауын шешкен жоқ. Оның жұмысы өте қанағаттанарлықсыз аяқталған. Сондықтан да жер дауы әлі шешілген жоқ.

 

Мейірхан БАЙДҮЙСЕН:

– Мақсат Ілиясұлы, сіз Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Досым Сәтпаевтармен сұхбат немесе пікірталас өткізіңізші, оны халық көрсін. Бұл халықтың сізге деген сенімін арттырады.

– Ондай пікірталас немесе пікір алмасу, бірлесе талқылау жағдайлары алдағы уақытта болады деп үміттенемін. Жалпы, ондай талқылаулардың болғаны дұрыс. Сондықтан ондай ұсыныстар болса, бас тартпаймын.

 

Нұқ ҚАБДОЛДАҰЛЫ:

– Қазақты бас көтертпей, ұлттық мүддемізді қорлап жатқан бөтеншіл билікке қандай талап қоясыздар?

– Бұл жалпылама сұрақ екен. Қоятын талап та, шешілмеген мәселе де көп. Қазақстанның барлық проблемасын «Алаш жолы» ғана шешеді немесе соған жауапты болады деп айтуға келмейді. «Алаш жолынан» басқа да 30 мыңнан аса қоғамдық ұйым, партиялар, қозғалыстар бар. Сондықтан «Алаш жолы» бірінші мәселені сол жерден бастауды жөн көріп отыр. Әрі қарай Құдай қаласа – көрерміз. Жалпы, ел үшін, жер үшін, қазақтың болашағы үшін істелер шаруа көп, соның шешілуі жолында ешнәрседен аянып қалмаймыз.

 

Нұрберген ТАЛАСБАЕВ:

– Біздің қоғамды түп-тамырымен шірітіп, құлатуға айналған жемқорлықпен қалай күресу керек және оны жеңуге бола ма?

– Ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырған Қазақстанның айналдырған 17 миллион халқының керемет шалқып өмір сүруіне болар еді. Халықтың осындай күйзеліске ұшырауының негізгі әрі бірден-бір себебі – жемқорлық. Жемқорлық билік басынан, билігі, лауазымы қолында отырған адамдардан басталады. Менің ойымша, бүгінгі президент тірі тұрғанда, қазіргі қалыптасқан саяси жүйе мызғымай тұрғанда, жемқорлықпен күресу аса қиын, тіпті мүмкін емес сияқты. Бірақ барша халық бірігіп, билікке өз сөзін өткізе алатын дәрежеге жеткенде, жемқорлық та едәуір бәсеңдейді деп ойлаймын. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Иттер ырысымызды қалауынша жеп, қымқырмас үшін, сол қазанға әрқайсымыз қақпақ бола білуіміз керек.

 

Мәтінді дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

 

 

Бұл екі арада

 

Астана мен Алматыда

«АЛАШ ЖОЛЫНЫҢ»

филиалдары құрылды

 

Қыркүйектің 12-сінде «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – бірлестік) Астана қаласындағы мүшелерінің жиналысы болып, оның шешімімен бірлестіктің Астана қалалық филиалы құрылды.

 

Бірлестіктің Астана қаласы бойынша филиалының директоры болып «Антигептил» қозғалысының және «Алаш жолы» қозғалысының белді мүшесі, белгілі белсенді, айтулы азамат Еділ Мәкен бірауыздан сайланды.

Ал осы сейсенбі – қыркүйектің 19-ы күні Алматыда «Алаш жолы» қозғалысының филиалы құрылып, филиал төрағасы болып белгілі азамат, елге танымал белсенді Ғабиден Жәкей сайланды.

Алға, жігіттер! Қоғамды өзгертер күн туды!


 

About Zika1961