Home » Дат|Каз » ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҚОРҒАҒАН СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҚОРҒАҒАН СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №41 (405) от 09 ноября 2017 г.

 

Мәселенің мәні

 


Осы жылдың көктемінде Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кетмен ауылындағы мектепте орын алған жағдайға байланысты интернет желісінде әртүрлі пікірлер жазылған еді. Сол оқиға бойынша жаз мезгілінде аудандық прокуратура «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен үш келіншек және бір ер азаматқа ҚК 174-бабымен «бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр дәрежедегі қылмысты жасады» деп іс қозғапты. Прокуратура ШҚО филологиялық сараптау институтының «ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар» деген тұжырымына сүйеніпті.

 

Мен мұны тамыз айының ортасында ести салып, шұғыл түрде айыпқа тартылмақ төрттікті қорғау тобын ұйымдастырдым. Себебі бұл жерде таразы басында екі адамның араздығы, я біреудің жасаған ұрлығы емес, ұлттық рух тұрды! Ұлттық рух – шыны тәрізді нәзік дүние. Шетіне түскен сызықтың аяғына дейін барары анық. Сондықтан барымызды салып, рухты қорғау керек болды.

Осы мақсатпен Алматыдағы «Желтоқсан ақиқаты», «ДВК», «Алаш жолы» сияқты қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен қолдаушылары, қоғам белсенділері мен журналистерден тұратын алғашқы топ Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы қаласына барып, аудандық әкім, прокурор, ІІБ, ҰҚК-нің өкілдерімен кең көлемде әңгімелесіп қайттық. Бірақ олардың бар айтқаны: «Іс сотқа өтіп кетті. Сондықтан бәрін сот шешеді. Сіздердің екі ұлт арасы ушығып кетпесін деген алаңдаушылықтарыңызға өте разы болғандықтан ғана, біздің қолымыздан келетін бар жақсылық – бұл баптың барынша ең жеңіл жазасы – екі жыл бас бостандықтарын шектеу, яғни шартты түрдегі жазаны сұраймыз», – деп уәде етті. Оның үстіне бұл бап аса ауыр дәрежедегі қылмыс болып табылғандықтан, бітімгершілік (келісімгершілік) тәсілмен шешу жолы заңда жоқ, қарастырылмаған екен. Тұйыққа тірелдік.

Дегенмен, біздің мақсатымыз: бала-шағысын қарап, ата-енесін бағып-қағып, сиырын сауып отырған 30–35 жастағы ауыл келіншектері мен сол жастағы ер азаматымызды қорғап қала алмасақ та, моральдық тұрғыда барынша қолдап отыру болды. Ақыры айыпталушы төрт азаматты қалай да ақтап алу үшін «Ұлттық топ» құрылды. Топқа ерікті 47 адам кірді.

Соттың ең алғашқы алдын ала тыңдау отырысына Алматыдан осы топтың он мүшесі бардық. Міне, қуаныш! Айыпталушылар бізді көргенде, қуаныштан жанарларынан нұр шашып тұрды. Сондағы бар болғаны – әрқайсымыз шамамызға қарай екі-үш мың теңгеден шығарып, 280 шақырымға жеткеніміз ғана. Қастарынан табылғанымыз ғана. Сол жердегі топ мүшелері осыдан кейін болатын сот отырысының бәріне қатысамыз деп шештік.

 

174-бапты жою керек!

«Ұлттық топ» өз арасынан «делегаттар» таңдап, 2 қазан күні Талдықорған қаласына барып, облыстық әкімге, прокуратураға, ІІБ мен «Нұр Отан» партиясының филиалына кірдік. Осы жерде ерекше шұғыл, игі қимылдарымен көңілімізден шыққан «нұротандық» Ғалиасқар Сарыбаев бауырымыз біздің көзімізше аудандық және облыстық әкімшілік, прокуратура, сот төрағаларына телефон шалып сөйлесті. Бәріне істі ұлт араздықты қоздырмайтын жолын тауып шешуді нықтап ескертті.

Шынында да, бұл қозғалып отырған іс, ұлт араздықты басу емес, керісінше, қоздыру еді. Қызығы сол, қоздырушы – биліктің өзі болып отыр! Қараңыз. Әлеуметтік желіде көтерілген шу, оған жазылған «ұйғыр ұлтына қарсы пікірлер» мамыр айында болған. Содан прокуратура ол пікірлерге мониторинг жасап, басқа өлкедегі сараптау институтының тұжырымын алғанша, арада өткен үш-төрт айдың ішінде ел бәрін ұмытып, өз тіршілігімен күн кешіп жатты.

Содан ел тыныш, «аспан ашық», ұйғыр мен қазақ ағайындай аралас-құралас өмір кешіп жатқан мамыражай шақта «бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр дәрежедегі қылмысты жасаған» ауылдарында ала сиырларын сауып, жай жүрген үш келіншекті тауып алыпты! Жұрт ұмытып, жазылып кеткен «жараны» елдің есіне салып, «емдемекші». Ал ойланған адамға бұл «емдеу» – екі ұлт арасына жаққан от еді!

Мысалы, осы төрт азаматымыз жазаланды делік. Олардың бәрі қазақтың білімді, оқыған, инабатты келін-қыздары екені көрініп тұр. Сонда сырт жұрт, таныстары, ауылдастары не ойлайды?

Ең бастысы, бұдан қазақ жастарында ұйғырларға деген «кек» қалады. Жастардың бәрін тегіс қадағалай алмайсың. Күндердің күнінде тағы бір осындай шу шықса, бітті, ол кезде осы «кек» оянып, жағдай ырыққа көнбей кетері анық. Бүгінгі қозғалып отырған бұл «қылмыстық» іс – уақыты келгенде қаласаң да, қаламасаң да, көмілген мина! Ол бір күні жарылады! Біз билікке осыны айтып түсіндірдік.

Міне, біздің бүгінгі жетесіз биліктің жеткен жері! Ұлт араздықты сол ұлтты соттап, жазалап, жерге тығумен емес, тек қана дұрыс ұлттық саясатпен шешуге болады! Сондықтан ұлт араздықты басатын емес, көріп отырғанымыздай, қоздыратын 174-бапты не ұлтқа залалсыз етіп өзгерту керек, не мүлдем жою керек. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп берді.

 

Тынымсыз еңбек – түбінде жеңбек!

Сонымен, үш айға жуық уақытта соттың алты-жеті отырысын артта қалдырдық. Әр отырыста қолдаушы болып барғандардың саны оннан кем болған емес. Соңғы отырысы 25 қазан күні сағат 15.00-ге белгіленген еді. Алматыдан қолдаушы болып, 20 адам бардық. Судья шешімді оқып жатыр. Бірінші айыпталушы – ақталсын. Екінші айыпталушы – ақталсын. Қуаныштан жүрегіміз жарылып кетейін деп тұр! Үшінші, төртінші – ақталсын! Судья оқып бітті.

Біз бір-бірімізді құшақтап, құттықтап, сүйісіп жатырмыз. Ақталған бір қызымыз: «Ағалар, әпкелер, бұл сіздердің жеңістеріңіз! Қазақтың жеңісі! Сіздер болмағанда, біз сотталып кетер едік. Менің туысқандарым бас тартып, мұнда келмеді. Сіздер болмағанда, мен өзімді ешкімге керексіз жетімдей сезінер едім. Мен сіздердің бәріңізді сүйемін», – деп, жылап жіберді! Біз де ол қарындастың сөзіне қосылып жыладық.

Бұл соттан соң, келесі күні (26 қазан) таңертеңгі сағат 10.00-де көпке дейін біздер білмей, естімей келген тағы бір 21 жастағы баланың кезекті сот отырысы болуға тиіс еді. Сол баяғы 174-бап бойынша. Біз сол қүні Шонжыдан 20 шақырым жердегі Тасқарасу ауылындағы, осы сотқа басынан бастап белсенді араласып жүрген желтоқсаншы – Гүлзатхан Темірбекованың 80-ге келген анасының үйінде 10 адам түнеп шықтық. Ертесіне айтылған уақытта сотқа келдік. Бірақ прокурор жарыссөзге дайын емеспін деген соң, судья сот отырысын түстен кейінге, сағат 16.00-ге белгіледі. Осы уақытта тағы келсек, алдымыздан адвокатымыз шығап, отырысты ертеңгі 10.00-ге шегерді деді.

Бұл енді бізді әбден мезі етіп, шаршатып, қайтып кетсін дегені деп ұқтық. Сосын кешегі «жеңіліп» қалғандарының есесін осы жас баладан алып, айыптау жазасына кеспек деген ойға келдік. Біз қандасымызды қиын жағдайда жалғыз қалдырмаймыз деп, Шонжыда тағы бір күн қонамыз деп шештік. Тағы да сол Гүлзатханның үйінде болдық.

Ал мен түнделетіп Алматыға келдім де, ертесіне таңғы сағат 6-да тағы да екі көлік – он адам болып, Шонжыға қарай жол тарттық. Екінші көлікте «Желтоқсан ақиқатының» төрағасы Болат Құрымбаев бастаған, төстері медальға толы бес Желтоқсан қаҺарманы! Уақытында жеттік. Тасқарасуда түнеп шыққандарда осында екен.

Нақ осы уақытта, нақ осы сот ғимараты алдында беттерін тұмшалаған жүздеген арнайы жасақ «оқу-жаттығу» шараларын өткізді. Бұл биліктің халықты үрейде ұстау үшін қолданатын баяғыдан келе жатқан белгілі тәсілі. Оның қысқа ғана бейнежазбасын, түсіруге тыйым салса да, біз интернетке жүктеп үлгердік.

Бұл сотта қолдаушылар саны 30 адам болды! Мұны көрген прокурор: «Сіздер көбейіп жатсыздар ғой» деген таңданысын жасырмады.

Бірақ біздің адвокатымыз бастап, оны прокурор қоштап, істі «шала» деп «наразылық» танытып, қайта тергеуге жіберді. Жібере берсін. Қолдаушылар әу басындағыдай емес, соңғы жағында баруға көптеп ниет білдіріп, көлікке сыймай, кезекке тұратын болды. Ол жігітімізді де қолдаймыз, қорғаймыз. Әр қазақ – біздің жалғызымыз!

Бұл сот, яғни 174-баппен қозғалған қылмыстық іс – аузын ашу құқығынан айырып, қазақты жерге тығатын амал. Бұған дейін бұл баппен айыпталған бірде-бір адам ақталып шыққан емес!

Мысалы, бұл сотта әдеттегідей жеңіліс тапқанымызда, сол аймақтағы ел өзін-өзі қорғау қабілетінен айырылып, саналарына «біз бәрібір жеңілеміз» дегенді құйып алған болар еді. Ал бұл ұлттық рухтың сынуы, жаншылуы! Сондықтан Шонжы сотының ақтау шешімі – кішкентай болса да, тарихи мәні бар жеңіс болды! Ұлттық рухтың жеңісі!

 

Төртеу түгел болса…

«Ұлттық топ» құқық қорғау офицерінің: «Әке-шешеңді ертіп барып, олардан кешірім сұра» деген сөзіне: «Мен сотталып кетсем де, әке-шешеме ешкімнен кешірім сұратпаймын!» – деп жауап берген айыпталушы Мақпал Шадан қарындасымызға, сондай-ақ сотқа барып, пәрменді қолдау көрсеткен және өзінің жұмыс бабымен бара алмайтынын айтып, азды-көпті жол-пұлымызға жәрдемдескен желтоқсандық Гүлжамал Кенжалиеваға, Бәйдібек ата ауылының тұрғыны, ұлтшыл азамат Серік Абайға, тағы басқа да барлық абзал азаматтарға (суретте) алғыс айтады!

Келешекте, әрине, мұндай жағдай қайталанбасын! Ал қайталана қалса, яғни ұлттық рухымыз таразы басына түссе, онда біз аянбауымыз керек. Рухын қорғай алмаған ұлт ұлттығынан айырылады! Рухты түсірмеу – киелі күрес! Сондықтан Шонжыдағы сот өзге соттардан өзінің мәні мен мағынасы жағынан терең, салмағы басым еді. Мұны түсіне білген барлық азамат – шын ұлт жанашырлары болып табылады!

 

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ,

арнайы

«DАТ» үшін

About Zika1961

Добавить комментарий