Home » Дат|Каз » Күйкентайдай КҮН КЕШКЕН

Күйкентайдай КҮН КЕШКЕН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №24 (388) от 22 июня 2017 г.

 

ЖОО жояндар қолында

 


 

Қазір білім ордаларының жай-күйін сыртына қарап анықтайды. «Сырты бүтін» болса, «ішкі түтінде» қоғамның шаруасы жоқ сияқты. Жоғары оқу орындарының көпшілігіндегі ішкі жағдай сырт көзден тысқары. Жемқорлық, парақорлық, тамыр-таныстық, жағымпаздық, түрлі құқық бұзушылықтар «іштен» дау-дамай шыққанда ғана айрандай ақтарылып жатады.

 

Осыған байланысты бір мысал. Жақында редакциямызға Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің оқытушысы Ләйлә Қасымованың хаты келді. Хат мазмұнына үңілсек, атағы дардай оқу орнының ішкі жағдайы қалтырап тұрған сыңайлы. «Мұнда университет оқытушыларына қысым көп, басшылық тарапынан дөрекілік жиі орын алады» дейді хат иесі.

Біз хат иесін редакцияға шақырдық: социология ғылымдарының кандидаты, доцент атағы бар ұстаз екен. Бұрын С.Демирел атындағы университетте оқытушы болып, пәнінің қысқаруына байланысты Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне ауысқан. Айтуынша, мұнда келе салысымен кадр бөліміндегі қызмет тапсырылыпты. Уақытша атқаруға келісіп, университеттің осыған дейін реттелмеген, қи-бопыр болып жатқан құжаттарын шашау шығармай жинап береді.

Бірақ басшылық тарапынан жасалатын, дағдыға айналған дөрекілікпен Ләйлә ханым келісе алмайды. Әділдік үшін шырылдаған оқытушы бұл жағдайға төзу мүмкін еместігін әріптестеріне айтқанда, олар сырттай қолдау көрсеткенімен, іштей тынып, өздерінің күйкентай күндеріне шүкіршілік айтудан аспайды. Ал өз жұмысына, қызметіне адал адам әрқашан да шындықты айтудан тайсақтамайды. Ләйлә Қасымова да университет ректоры Сабри Хизметлидің ғылыми кеңестегі дөрекілігіне қарсы келіп, ақыр аяғы шыдамы таусылған соң, сын айтады. Көзбен көріп тұрған соң, қате тұстарын да баса айтады, бірақ іле-шала жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Иә, бұл қандай дөрекілік дерсіз? Ләйлә ханымның айтуынша, ғылыми кеңес нағыз түрік сұлтанының жиналысы іспетті өтеді. Бұл туралы ол редакцияға жолдаған хатында былай деп жазады: «…Ғылыми кеңесте шынайы дискуссияға жол берілмейді. Ректор сөйлеп болған соң, көпшілік пікір білдіруге ынта білдірмейді… Егер де істеген іс ректордың көңіліне жақпаса, кемсітіп, айқайға басады. Қандай да бір түсініктеме берсең, рұқсатсыз сөйледің деп айыптайды… Ректордың ұсыныстарын қол соғып, қошеметтеп отыруға міндеттісіз. Алақан соғылмаса, өзі сұрап алады… Оқытушы құрамының осындай әлеуметтік-рухани атмосферада заманауи талаптарға сай қызмет істей алуы мүмкін емес».

Осы жәйттің жөн-жосығын Ләйлә ханым редакцияға келіп, мәселенің мән-жайын баян еткенде тағы да анықтадық. «Университетте ой-пікір еркіндігі жоқ. Құлдық мінез-құлық үстемдік еткен жоғары оқу орнында білім алған студент қоғамда өз орнын таба ала ма?» – дейді Ләйлә ханым.

«Бұл жәйтті тиісті жоғары орындарға айтып, университетте қалыптасқан жағымсыз атмосфераны баян еттіңіздер ме?».

«Оны қайда айтамыз? Бұл университет Түркиядан қаржыландырылады. Сондықтан оның ішкі аурасына тиісті қадағалаушы мекемелер араласа алмайтын сияқты. Университет студенттерінің көпшілігі – ауылды жерлердің балалары. Қалалық қоғамға әлі де үйрене алмаған балалар мен оқытушыларды басынып, өз үстемдігін танытып отырған басшының қылығын қалай ақтауға болады? Бұл қазақ елінде қара домалақ қазақ баласын басыну емес пе? Әрине, мәселенің шегі этикалық-моральдық мәселеге тіреледі. Бірақ оның да шегі бар. Әрбірден кейін қазақстандық оқытушылар сұлтанаттың құлы емес қой. Бұл туралы сол жердегі мұғалімдердің өзі де мойындап, «құл сияқтымыз» деп айтады. Бірақ жұмыстан кете алмайды, бала-шағаны бағу үшін төзуге мәжбүр. Онда да жетісіп тұрған жалақы жоқ. Университетте оқытушылар, қызметкерлер көп тұрақтамайды, аз уақыттан соң кетіп қалады», – дейді хат иесі.

Ләйлә ханым айтқан «құлдық мәселесінің» анық-қанығын білу үшін, университеттің басқарма қызметкерлері мен оқытушылардан жағдаятты сұрастырып көрдік. Айтылғанның бәрі рас, барлығы есімдерін жасырса да, Сабри Хизметли тарапынан жасалатын дөрекілік пен өктемдікті, қазақ кадрлары мен студенттерін басыну деректерін білдей бес қызметкер растап берді. Атын атаудан тартынған оқытушылар өздері көріп-білген фактілерді кең жайып салса да, ресми растап беруден жалтарды. «Жұмыстан шығарып жібереді…» – дейді олар.

Университет басшылығы тарапынан жасалатын басынушылықтың бір белгісі – оқу орнында адамның жеке құқығы сақталмайды. Мәселен, оқытушылар үзіліс арасында, түс әредігінде сырттан тамақ ішпеуі тиіс, өйткені басшылықтың иелігіндегі университет асханасының жұмысы жүрмей қалады; нақты жұмыс уақыты белгіленсе де, қызметкерлер ректор айтқан уақытта келіп-кетуі тиіс; ректор адамның ар-ожданына тиетін сөздерді кез келген жерде, көпшіліктің көзінше айтып салады; адамның жеке басының ар-намысы, киім үлгісі мен азаматтық таңдауын, ой-пікірлерін ректор анықтауы тиіс, т.б.

Осы жағдайдың мән-жайын сұрастыру үшін, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры Сабри Хизметли мырзаның қабылдау бөлмесіне қоңырау шалдық. Хатшы қыз: «Ректормен қоса алмаймын, айтарыңызды маған айтыңыз, мен жеткіземін», – деп кесіп айтты. Осыдан кейін газет редакциясына ректордың үстінен осындай шағым түскенін айттық, «оқытушылар қауымының адам құқығы бұзылуы жағдайда жұмыс істеуі қаншалықты рас» деп сұрадық.

Қош, менің ұялы телефонымды жазып алған хатшы қыз түс ауған соң хабарласты. Жауабы қысқа болды: «Ректор сізді қабылдамайды».

«Неліктен екен? Арызды көтеріп, өзім барсам, қалай болады?». «Өзінің рұқсатынсыз ол кісіге кіре алмайсыз», – деді хатшы қыз. Осымен сөз тәмам. Ректормен жолығудың сәті түспеді.

Қазақ халқы көнбіс келеді, сырттан келгенді сый-құрметке бөлеп, көкке көтеру – ұлтымызға тән қасиет. Осындай қонақжайлылықты асыра пайдаланып, «асын ішіп, аяғына түкірген» жағдайлар елдің батыс аймақтарына келген қытайлық жұмысшы мұнайшылар арасында да жиі кездесетінін БАҚ беттерінен оқитын едік. Енді жергілікті халыққа мұндай өркөкіректік көрсету, олардың құқықтарын басып-жаншу шетелдік иеліктегі жоғары оқу орындарында да орын ала бастаған сыңайлы.

Сырттан келгеннің барлығы жергілікті халыққа өз тәртібін үйретіп, басына беруі керек пе? Осы сұрақтың жауабын кімнен аламыз? Бәлкім, білім саласына, жоғары оқу орындарына жауап беретін Білім және ғылым министрлігі бір жауабын берер?!

Ақниет АМАНЖОЛ,

журналист-тәлімгер

 

 

 

Бұл екі арада

 

Шетелдік студенттер ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

 

Қазақстанда оқитын Иордания мен Үндістанның шетелдік студенттері Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде (ҚҰМУ) қарсылық шарасын өткізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы. Олар университет оқытушыларының оқу үрдісіндегі әділетсіздіктеріне наразы.

 

Шетелдік студенттердің айтуына қарағанда, оларды университет оқытушылары емтиханнан нақақ «құлатқан». Атап айтқанда, студенттердің «Гистология», «Анатомия», «Биохимия» және «Молекулярлық биология» пәндері бойынша білімдері әділетсіз бағаланып, студенттерге келесі курсқа өтуге мүмкіндік бермейтін төменгі балл қойылған. Студенттердің айтуларына қарағанда, мұндай әділетсіздіктің салдарынан олар жазғы семестрді ақылы негізде оқуға мәжбүр болады.

Сонымен бірге студенттер университет басшылығын өркөкіректік көрсетіп, өздеріне сыйластық көрсетпейді деп жазғырады. Ереуілге шыққан жүздеген студент өз талаптарына оқу орыны басшылығы беруі тиіс жауапты университет дәлізінің еденіне отырып күтетіндіктерін мәлімдеген (суретте). Бірақ университет басшылығы студенттер көтерген проблеманы оқу орнының акті залында талқылауды ұсынған соң, 280 орындық зал шетелдік студенттерге лықа толған.

Университеттік халықаралық дәрігерлік факультетінің деканы Гауһар Құрманова студенттер шағымы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. «Бізге сіздердің көрсеткен емтихан нәтижелерін тексеруге уақыт керек, – деді студенттерді мәмілеге шақырған факультет деканы. – Қажет десеңіздер, өз шағымдарыңызды бүркеншік атпен жазып беріңіздер. Біз студенттер жазықты деп есептемейміз, барлық мәселені шешуге тырысамыз».

Университет басшылығы әр топтан бес адамнан делегация құрып, қалыптасқан жағдайды бірлесіп шешуге ұсыныс жасады. Бірлескен шешім шығару үшін 10 адамнан құрылған арнайы комиссия тағайындалды. Бүгінде бұл комиссия шетелдік студенттердің шағымын зерттеу үстінде. Біздің газеттің редакциясы медициналық оқу орнында қалыптасқан кикілжің жағдайдың барысын бақылауға алатын болады.

Еске сала кетейік, мемлекетаралық жасалған келісімдер негізінде ҚҰМУ-да бір мыңнан астам шетелдік студенттер оқиды. Олардың басым көпшілігі оқу грантының иегерлері.

«D»

About Zika1961