Home » Дат|Каз » Көкте жүрген әкімді ЖЕРГЕ ТҮСІРІҢІЗ

Көкте жүрген әкімді ЖЕРГЕ ТҮСІРІҢІЗ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №43 (407) от 23 ноября 2017 г.

 

Ауылдар ахуалы

 


Жергілікті жердегі билікке сөздері жетпеген Павлодар облысы Май ауданының бір топ тұрғыны Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова ханымға шағым хат жазып, оның көшірмесін газет редакциясына жолдаған екен. Парламенттегі құзырлы депутат қандай жауап берер екен деген оймен біз сол хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз.

 

Құрметті халық қалаулысы Айзада ханым! Сізге алғашқы еңбек жолыңыздың тұсауын кескен, қасиетті мекен Май елінен жақсы ізгі хабарлар жеткізудің орнына арыз-шағыммен шығуым, өкінішке қарай, әбестік екенін білсем де, мәжбүрлік себеп болғанын айтқым келеді. Құдай үшін кешіре көріңіз.

Бірақ өмірден әділдік іздеген біз сияқты дәрменсіз сайлаушыларыңыздың басқа амалы болмағандықтан, Сізден түсінушілік тілеп, көмек сұрап, осы шағым-арызды жазып отырмыз. Мазмұны төмендегідей:

2016 жылдың сәуір айында ауданға әкім болып Ардақ Амангелдіұлы Қаңтарбаев тағайындалды. О баста мәдениетті, ізетті, іскер жан сияқты көрінді, үлкендердің «бәрекелдігіне» ие болған еді. Көп ұзамай ол алдамшы әрі жасанды көрініс болып шықты. Қарамағындағы адамдармен тіл табыса алмады, олармен дөрекі сөйлесті. Соның нәтижесінде бір жылдан астам уақыт ішінде бес ауылдың әкімін, өзінің үш орынбасарын қызметтен шығарып үлгерді. Бүгінгі күнге ауданда жиырма мемлекеттік қызметкердің орны бос – вакансия.

Бұл не деген сөз? Облыстағы билік аудандағы штатты бекіткенде, жағдайды білмей артық қызмет орнын бе? Әлде ол орындардағы қызметкерлер әкімнің қысымынан кетуге мәжбүр болған ба?

Ал аудандағы қаржылық былықпайлары шектен асып кетті. Айталық, аудан орталығында су құбырын жөндеуге 8 миллион теңге бөлініп, жабдықтар сатып алуға осы соманың 3,5 миллионы ғана ұсталыпты. Қалған ақша қайда?

Одан соң аудан орталығындағы бақты абаттандырмақ болып, 4 млн теңге бөлгізіпті. Ал жүргізілген жұмыс көлемі бір миллион теңгеге жетпейді. Қалғаны қайда?

Аудан әкімі өзіне арнап, көрікті де сәулетті етіп үй тұрғызды. Дұрыс – әкім үй жалдап тұрмауы керек қой. Сол үйді аудан бюджетінен салғызса да, оны кәсіпкер туысы Қожабековтен 22 миллион теңгеге сатып алған болып, акт жасалған. Ал үйдің құрылысына бөлінген 22 млн теңге кімнің қалтасында кетті?

Бұл сияқты өңештен өтіп кеткен миллиондар жетіп-артылады. Оларды, егер сіздің тарапыңыздан тексеру комиссия келіп, бізбен хабарласса, дәлелдеп беруге әзір екенімізді білдіргім келеді. Осындай былықпайларды айтып, облыс басшылығына шағымданған едік, олар аудан әкімін жақтап шықты. Осыдан кейін аудан экономикасы тіпті шатқаяқтап, әкім менменсіп кетті.

Осы жайларды сізге баяндай отырып, сіздің өзіңізге берілген өкілдік көлемінде (айтпақшы, Айзада Құрманова ханымның дәл осы мәселені шешуге құзыры жетеді, ол – ҚР парламенті мәжілісінің экономикалық реформа және аумақтық даму комитетінің мүшесі – Ред.) шаралар ұйымдастырып, еркінсіген әкімді көкке ұшырмай, жерге қонақтатсаңыз екен деген тілегіміз бар.

•    Май ауданының құрметті азаматтары – Ахметов Қайыржан Ахметұлы, Ахмедиев Іләл Сыздықұлы, Ақсақалдар алқасының төрайымы Бейсекеева Балжан Рашитқызы, көп балалы Ардақты ана – Сағай Күлзира, Кеңтүбек ауылының тұрғыны – Нұрғожин Еркін және басқалар.

Павлодар облысы

 

 

 

Қызыләскерде жер үшін АТЫС БОЛУЫ МҮМКІН…

 


 

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылының тұрғындары мал жаятын жер үшін атысқа шығамыз дейді.

 

Ауыл маңындағы жер телімін сатып алған жеке кәсіпкер халықтың малын түгел қуып жатыр дейді тұрғындар. Олардың айтуларынша, мың гектарлап жерді сатып алған бай-бағландар жылдар бойы жайылым ретінде пайдаланған жерге ауыл халқының малын бір күнде кіргізбей қойған, деп жазды Stan.kz порталы «31 арнаға» сілтеме жасап.

Сарыағаштың Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Қызыләскер ауылынан бөлек тағы да сегіз елді мекеннің тұрғындары бір күнде жайылымдық жерсіз қалдық деп шу көтерді. Айтуларынша, жайылымды «меншігім» деп жариялаған кәсіпкер халықтың малын өріске жібермей қойған.

Тиісті орындарға берген шағымнан нәтиже ала алмай шаршаған қара халық кәсіпкерге заңды тоқтам болмаса, алыстан келген ауқаттыны елден өздері қуатынын айтады.

«Малдың жайылатын жері осы жер еді. Ал енді ертеңнен бастап қоршамақшы. Қора салмақшы. Енді не болады? Біздің мал қайда барады? Біз көшуіміз керек пе?» – дейді ауыл тұрғыны Құрбанәлі Шымбаев.

«Мен ертең оның жерін өртеймін – малымды кізгізбесе. Одан кейін ол мені ұрады. Мен оны ұрамын. Одан кейін менің балам оны ұрады. Атамыз бір-бірімізді. Амал соған барады. Басқа жол жоқ», – дейді тұрғын Марат Тәженов.

Бір мың гектар жайылымды сатып алып, салығын төлеп, мемлекеттік актісін алғанын алға тартып, тұрғындар алдына келген кәсіпкер өз әрекетінің заңдылығын түсіндірмекке ұмтылған. Алайда халық оған дүрсе қоя берді.

Тұрғындар шағымынан хабардар билік жайылым жерді «Оңтүстік» қаржы компаниясы кепілге қойған мүлік болғандықтан, жеке азаматтарға сатқанын айтады. Әкім сұраныс хат берген соң, жердің біраз бөлігін тұрғындарға қалдыратынын айтқан. Алайда халық ол жердің тым аз екенін айтқан.

«Жеке тұлғаларға сатылып кеткен. Біз солар бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нәтижесі бойынша ауылдың жанындағы жерлер қайтарылып берілуі мүмкін», – дейді Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Есенбеков.

Жайылымды даулаған Сарыағаштағы тоғыз ауылдың тұрғыны алдымен кепілге қойылып, кейін кәсіпкерлерге сатылған жерді сатуда бір шикілік бар деп есептейді. Сондықтан шағымданушылар биліктің жер сатқан серіктестікпен ортақ мәмілеге келгені жөн деп есептейді. Ал мәселе оң шешімін таппаса, соңғы шара ретінде көшені жауып, ереуілге шығатынын да ескертті.

ОҚО, Сарыағаш ауданы

About Zika1961

Добавить комментарий