Home » Гвоздь номера » ІШТЕН ШЫҚҚАН ЖАУ ЖАМАН

ІШТЕН ШЫҚҚАН ЖАУ ЖАМАН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №34 (398) от 21 сентября 2017 г.

 

Пайым патшалығы

 


 

 

Зерттеуші ғалымдарымыз түзген тағылымды тарихымызға жүгінсек, күні бүгінге дейін халқымыз 360-тан астам қырғын соғысты бастан кешіпті. Солардың бәрі тек қана ел мен жер үшін, қазағымыздың мүддесі, болашақ ұрпақтардың қамы жолында саналы түрде жүргізілген соғыстар. Батыр бабаларымыз қара бас пайдасын көздеп, жеке мүддесін қаузап соғыс салмаған, тұтқиылдан киліккен тосын жауларына тойтарыс берген, атысқанымен атысып, шабысқанымен шабысып, жауларына қандай жауынгер халық екенін көрсете білген.

 

Қазіргі картамыздағы ұлан-ғайыр өңірді ғана емес, тарихтың бұлтың еткен бір бұрылысында иелігімізден амалсыз сусытып шығарып алып, Қытай қожалығына өткен Шығыс Түркістанымыз бен Ресей меншігіне берілген құйқалы жерлерімізді жүздеген жылдар бойы қасық қаны мен шыбын жанын аямай қорғаған. Сөйтіп, 215 елдің арасында жер көлемінің кеңдігі жөнінен тоғызыншы орында тұрған кең байтақ Қазақстанды бізге мәңгіге мұралыққа қалдырған.

Біздің шекара-шебіміз, мемлекеттігіміз, әлдебір мырза айтатындай, 1991 жылдан ғана сызылып, айқындалмай, әріден тамыр тартатын, Ресей Ресей болмай тұрғанда, айналасындағы елдердің қай-қайсысы да елдігін мойындаған, қасиетті бабаларымыз батысынан – шығысына, шығысынан – батысына, оңтүстік, солтүстігіне емін-еркін көшіп-қонып, бір-ақ тілде сөйлесіп, мидай араласып жатқан қандас, жандас бауыр, туысқан, қыз алысып, қыз беріскен, құдалығы мың жылдыққа ұласқан көшпелі қазақ елі болатын. Қаншама қырғын соғыс, кесапатты кезеңдерді бастан кешсе де, қазағымыз құрып кетпеді. Шуақты күн мен шырайлы топырақ нәр берді, санымыз жұтамады, соның айқын айғағы – Алашым деп арпалысып өткен Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың «Әлхамдулла, алты миллионбыз!» деген сөзі.

«Барлық қылмыстардың ең ауыры – адамға жаны ашымастық» деген ұлағатты ойын қалдырыпты көне қытайдың әйгілі пәлсапашысы Конфу Цзы. Сол – адамға, біздің қасиетті қазағымызға жеті атасынан бермен қарай ала алмай жүрген өші бардай, кесірлі саясат ұстанған Ф.И.Голощекин геноциді, екінші дүниежүзілік соғыстың алапаты болмағанда, біздің санымыз, сөз жоқ, 70-80 миллионға барып қалар едік. Жеріміздің асты-үстіндегі қисапсыз мол байлық халқымыздың саны қанша есе өссе де, бай да бақуат тірлік жасап, алаңсыз өмір сүруіне молынан жетер еді. Дәл осылай екеніне қарсы келіп, дау айтатын бірде-бір адам шыға қоймас-ау деймін! Өйткені бұл – айдай ақиқат.

«Біз кувейттіктерден де бай тұратын боламыз – деп, өзіне телмірсек елді имандай ұйытты, әлі күнге дейін орынтағын бермей келе жатқан тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігіміз жарияланған елең-алаң тұста. – Араб әмірлігінің дүниеге келген әр нәрестесінің есепшотына 20 мың доллар салынса, біз оны одан артық еселейміз. Оларда мұнай ғана бар, бізде Менделеев кестесіндегінің бәрі бар…».

 

Иә, біздің бәрімізге байлығы судай тасыған ғаламат елде туып-өсіп, ғұмыр кешудің бірегей бақыты бұйырды. Осынау қисапсыз байлықтан дәметіп, иелік ететін халқымыздың саны да белгілі, ол небары жер шары тұрғындарының 0,25 пайызы ғана. Әлі жер қойнауының қатпар-қатпарында бізге беймәлім болып, тұмшаланып жатқан қаншама қазба байлықтарымыздың бар екенін қазаққа ерекше жомарттықпен еншілеп берген Жаратушы иеміз біледі. Ал енді 1991 жылғы, тәуелсіздігімізді жариялағанға дейінгі жасалған геологиялық картамызда айқындалған нақты мәліметке сүйенсек, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі жер байлығы мынадай ретпен түзіледі:

Қорғасын – 22 пайыз, мырыш – 15, 2 пайыз, хром кені – 37,6 пайыз, барит – 47,2 пайыз. Әлемде бұлардан бірінші орындамыз.

Уран – 18,9 пайыз, күміс – 16 пайыз, марганец – 30 пайыз. Екінші орындамыз.

Мыс – 7,1 пайыз. Үшінші орындамыз.

Темір – 6 пайыз, кобальт – 3,9 пайыз. Бесінші орындамыз.

Көмір – 3,1 пайыз, фосфор – 4,5 пайыз. Алтыншы орындамыз.

Мұнай – 3, 2 пайыз – жетінші орын.

Алтын – 2,7 пайыз – сегізінші орындамыз.

Боксит – 1,4 пайыз – оныншы орын.

Басқа да жер қойнауындағы қазба байлықтарымыз осылай өз ретімен тізіліп кетеді. Бір сөзбен айтқанда: бармыз, өте бай елміз.

Содан шығар, іргеміздегі Өзбекстанда ширек ғасырдай билік құрып, өткен жазда кенеттен көз жұмған Ислам Кәрімов: «Мұндай байлығы меймілдеген елді үш-ақ сыныптық біліммен басқаруға болады», – депті мемлекеттік телеарнасында сөйлеген бір сөзінде. Марқұм Ислам әкә бұл сөзді жайдан-жай айтпаса керек. Өз елінің жағдайымен салыстырып, пендешілікке салып, сұқтанумен ауызға алғаны күмәнсіз; айналасы мұхит суларымен шектелген аралда, үлкенді-кішілі жер сілкінісі бір басылмай дірілдетіп тұратын, оның сыртында цунами деміл-деміл зәре-құттарын қашырумен маза бермейтін Жапонияның қиын да күрделі күйін көз алдына келтіріп, өзінше ой түйгені шығар. Расында, сол жапон жерінде біздегі жер байлығының жүзден бірі бар ма өзі?.. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң экономикасы күйреп, халқы әбден күйзеліп, Америка мемлекеті тастаған екі бірдей атом бомбасынан адам айтқысыз қасірет шегіп, қырғын көріп шыққан ел еді. Құдай бізді ондай бақытсыздықтан аулақ қылсын дейік.

 

Біз КСРО-дан қандай жағдайда бөлініп едік? Көркейген қалалар, көрікті елді мекендер… Өрісті өнері, өркендеген ғылым-білімі, мәдениеті, бақуат тұрмысымен алып елдің құрамындағы он бес республиканың көшбасы жағында тұрып, ерекшеленген күн сәулетті Қазақ елі болдық қой… Бәрінен бұрын алтын астығымен де әлемге әйгіленген қасиетті жерімізде еңбек етіп, тірлік кешкен халықтың айрандай ұйыған ынтымақ-бірлігін айтайықшы! Елдің ертеңге деген сенімі мен үміті қалай еді?! Социализм заманында Компартиясының көсемі, тәуелсіз мемлекеттігін жариялап, көк туын желбіреткен тұста президенті атанып шыға келген Н.Ә.Назарбаевқа деген шексіз құрметі ше?..

«Әрбір жұмыс істейтін немістің жеке пәтері мен машинасы болуға тиіс» – депті, көп жылғы қасіретті соғыстан ойсырай жеңіліп, әбден тұралап, титықтап шыққан мемлекетті қайта көтерудің ауыр да азапты міндетін мойнына артқан ФРГ-ның федералдық канцлері Конрад Аденауэр. Ол өз діттеген мұратына жетті, езілген неміс халқының еңсесін тіктеді, елді дамудың даңғыл жолына салды.

«Иманы бар адам ең әуелі парызын ойлайды, имансыз пенде өз пайдасын ғана ойлайды» деп жазыпты қайта-қайта жүгінгіміз келіп тұратын данагөй Конфу Цзы. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған К.Аденауэр марқұм өте иманды адам болған екен. Азып-тозған елдің бақытты болашағы, өз ұлтының мерейі үшін аянып қалмай, күндіз-түні қамыққан халықтың жайын ойлап, билігін жүргізді. Міне, ұлтқа адал қызмет етудің, мемлекетті беріле басқарудың үлгі етерлік өнегесі!..

«Мемлекеттің қазынасы – халықтың ақысы. Әкімдер қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал, – депті Махмұт Қашқари. – Алтын мен күміс бар жерде, ақша бар жерде ұрлық жүрмей тұрмайды. Бүгіп қалсаң, өзің де ұрысың…».

Қараңызшы, ғұлама не дейді? Алтын, күміс, ақшаға құнығып, мемлекет қазынасына қол салған кісі ғана қылмыскер емес, соған жол берген, біле тұрып – түк білмеген түр танытқан, жасырып-жапқан әкім, сен де қылмыскер, ұрысың дейді!

Естеріңізде болар, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 15-20 жыл бұрын ба екен, уақытын дәл айта алмаймын, әйтеуір өзі сенім артып, билікке тағайындаған күллі министрлері мен облыс әкімдерін жиып алып, «сендердің кез келгеніңді қолдарыңнан жетектеп, сотқа апара аламын» деді. Ашықтан-ашық, телеэкранға телмірген дүйім елдің алдында көздерін бақырайтып тұрып, қадап айтты.

Не деген сөз! Жай ашумен айта салған сөз емес, ащы шындық еді мұнысы. Миллиондап мыңғырған мал құлқынға кетті. Мыңдаған адамдар еңбек еткен алып кәсіпорындар бармақ басты, көз қыстымен сатылды; құйқалы жерлер кетті бөліске… Балабақшалар мен мәдениет ошақтары, спорт залдары, шипажайлар, тіпті Құдай көрмейтін, естімейтін, кеміс-кемтар етіп жаратқан адамдардың меншігіндегі ғимараттар да, өндіріс орындары мен дүние-мүліктері де екі асап, бір жейтіндердің көмейінде жұтылды…

Не болып жатқанын біліп болмайтын кер кезең еді ол. Ел сапырылысқа түсті, сең соққан балықтай сандалып қалды. Қарапайым халық осылай қиналып, қапылған шақта әлгі ел билігінде отырғандардың қылы да қисаймады. Миықтарынан күліп, елдің есі ауған оңтайлы сәтті әдемі пайдаланып, әп-сәтте байып қалудың қамына өлермендікпен қапыла кірісті. Тәуелсіздік сол үшін берілген секілді құтырынды-ау, шіркіндер!..

 

Міне, солардың бәрі кешегі қып-қызыл коммунистер, онда да биліктің бишігін ұршықша иірген лениншілдер еді. Еркіндік берілген тұста бет-перделерін сыпырды, коммунистік идеяға қалай адалдық танытқан «коммунист» екендіктерін халықтың байлығын талан-таражға салу әрекеттерімен ап-айқын, ашықтан-ашық көрсетті-ай кеп…

Осы оқиғаның бір мысалы: 1992 жылы «Халық банкінің» төрағасы (аты-жөнін мен айтпай-ақ бүкіл ел біледі) Мәскеуден күні өткен КСРО-ның Сыртқы экономикалық банкінен Қазақ КСР-не тиесілі шетелдік ақшаларды ұшақпен алып келеді. Қызықтың көкесі – сол әкелген күннің түнінде үш қапшық қаржы қолды болып кетеді. Бұл жөнінде дәл кезінде ду еткен шулы сөз ел аузында желдей гулегенімен, артынша не болғаны, қалай болғаны беймәлім болып басылған еді. Арада ширек ғасыр зулап өткен соң, ол ұрлықтың «хикаясын» Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған генералдың «Ютубтағы» сұхбатынан білдік. «Іс қозғалды, ұрылар ұсталды. Біреуін елдің бірінші басшысы, екіншісін республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ал үшінші қапшықтағы ақшаны «Халық банкінің» төрағасы ұрлапты. Ұрланған шетелдік ақшалардың екі қапшығын қайтарттық. Үшінші қапшықты қайтартуға күшіміз жетпеді», – деді бүгінде туған топырақтан жырақта жан сауғалап жүрген ол азамат.

«Халықтың аузын жабар қақпақ жоқ, халықтың кәріне ұшырар қақпан бар» дейді белгілі журналист-жазушы Жақау Дәуренбеков. Жекелеген кісінің мал-мүлкін қолды қылып, құмға сіңген судай етудің ыңғайы келер, ал халықтың көз жасы төгіліп, қанымен қорғалып, тірнектеп жиналған мемлекетінің байлығын сіңіріп кету әсте мүмкін емес! Олай болатыны – сұрауы қатты. Иесі – дүйім ел. Түптің-түбінде көп көптігін көрсетпей қала алмайды. Ұры, ол қандай ірі болса да, халықтың кәрінен қашып құтылмайды. Бұл қай кезде де, қандай қоғамдық-саяси жүйеде де ойда тұтатын айдай ақиқат!

«Кез келген адам қателеседі, бірақ ақымақ қана өз қатесін ешқашан мойындамайды» депті әйгілі пәлсапашы Аристотель. «Құдай деген құнықпайды» деген өсиет қалдырып, артындағы ұрпақтарын күнәдан таза өмір сүруге үндепті Ахмет Иассауи бабамыз. Алайда ұры-қары, қылмыскер атаулының қай-қайсысы да тәуекелшіл келетін әдеті. Ешкімге білдірмей, қулығымды асырып жүре беремін деп ойлайды. Бір қылғанын екі қылады, екі қылғанын әдет қылады. Осылай олжалы болу үшін бәріне барады.

Мәселен, әлгі ақша ұрлығынан кейін де талай-талай сұмдықтар болғаны күмәнсіз. Бірақ біз оларды іздемей-ақ, індетпей-ақ 1999 жылғы Солтүстік Кореяға әскери ұшақ сатып, әлем алдында масқара күйге ұшыраған жағдайымызды еске түсірейікші. Сонда біздің билігіміз басты қылмыскерді ұстап, жазалайтын ауыр сәтке тап келді. Алайда «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатын» күлкілі процесс басталды. Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы, Ауған соғысының батыры, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың басына қара бұлт үйірілді. «Батырға да жан керек». Нақақтан-нақақ күйсін бе, Бақытжан ағамыз тозақ отына қақталғандай қиын күйге түсті. Әскери қаруды кім сатты? Ондай іске кім рұқсат етті? Осы сауалдардың жауабын білу үшін Америка бастаған мемлекеттердің бәрі-бәрінің назары тәуелсіз Қазақстанға ауды. «Не болар екен, қалай болар екен?» дедік біз де…

Айларға ұласқан сотта Бас штаб бастығы өзінің қылмысты іске түк қатысы жоқ, тап-таза адам екенін дәлелдеп шықты. Қорғаныс министріміз генерал-полковник Мұхтар Алтынбаев пен Ұлтық қауіпсіздік комитетін басқарған Нұртай Әбіқаев өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті. Әйткенмен, сенделіп кетпеді, екеуі де қылдары қисаймайтын жерге жіберілді. Кейін ұшақ шуы басылды-ау деген шамада елбасының айналасындағы айтулы орындарға дөкей болып қайта оралды. Халық су ми, ақымақ емес қой! Әлемдік ауқымда айқайлы оқиға болған қылмыстың кімнен бастау алып, ол мықтының қалай қулық жасап, қалтарыста сығалай бұқпантайлап тұрғанын сезіп, біліп отырды…

 

Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов: «Бостандық болып еді, өз тізгініміз өз қолымызға тиіп еді, не істедік?» – деп налыпты осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын. Енді бүгін біз бабаларымыз аңсаған, аталарымыз арыстанша арпалысып жүріп мұратына жете алмай, армандап өткен тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Құдай жарылқап, Қазақ елінің көк туын желбіретіп едік, қазағымыз қарық болды ма? Болғаны не, үркердей топ бақыттан басы айналып, бұқара халық бейшара күйге түсті. Неге? Неліктен ондай күйге түсті? Кім кінәлі?..

Дәл бүгінгі күні осындай сауалдардың көбейген талмауыр тұсы. Бұл мәселе енді бәсеңдемейді, үдеген үстіне үдейді. Әлгіндей сауалдарға нақты жауап іздейтіндер қатары жаңа, жас толқынмен толысып, он мыңдап, жүз мыңдап көбейеді. Себебі бұл – солардың бәрі-бәрінің теперішті тағдыры, өксікті өмірі туралы өзекті әңгіме…

«Германияның дүниежүзілік экономикалық орталығының жыл сайын шығарып отыратын қорытындысы бар, – деп ой толғапты «Жас Алаш» газетінде көрнекті жазушы, ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай ағамыз. – Сол қорытындының осыдан 5-6 жыл бұрынғы деректерімен танысып едім. Өкінішке қарай, сол қорытынды бойынша, біздің жеріміздің 64 пайызы қазақтың қолында емес. Өнеркәсіптің 78 пайызы қазақ азаматтарының меншігінде емес…».

Сонда ата-бабаларымыз бел шешпей шайқасып, қорғаған қасиетті жеріміз кімдердің қолында? Ол қашан, кімге берілді, қаншаға берілді? Біздің ғана емес, жат жұртта тарыдай шашылып, келе алмай пұшайман болып жүрген барша қандастарымыздың еншілі үлесі бар кең байтақ жерімізді өз әкесінің бәсірелеп берген басыбайлы затындай кім-көрінгенге үлестіріп, өзі секілді өзгелерге де солай жасауға қожалық құқын берген кім өзі? Біз неге білмейміз оны?

Германиядағы дүниежүзілік экономикалық орталық мамандарының келтірген дерегіндегі басқа ел азаматтарының меншігіне өткен 78 пайыз өндіріс орындарымыз қазір қай деңгейде? 5–6 жылдан бері ол ақпарлы есеп тағы да өскен шығар. Бөтен елдегілерге белгілі нәрсені бізден не себепті жасырады? Неге ол жария, ашық жағдайда жүзеге асырылмайды? Неліктен жабық есіктің арғы жағында, билік бишігін ұстаған бір кісінің ғана атымен өтеді ол? Киелі байлықтың иесі – халық бар еді ғой. Асарын асап, жасарын жасаған ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерден бастап, дүние есігін іңгәләп ашқан сәбилерге дейін санасып істелетін, есеп-қисабы келісім-шартта анық та қанық етіп құжатталатын мемлекеттік шаруа емес пе еді? Ақиқатына жүгінсек, дәл солай болуға тиіс-ақ.

Бірақ біздің билігіміз оны біржола ұмытты. Маңғыстаудың мұнайын да, Жезқазғанның жезі, Қарағандының көмірі мен темірін де… Ақбақайдың алтыны дейміз бе, қойшы, қысқасы, қазақ елінің бар өңіріндегі сұранысқа ие кеніштеріміз бен өндіріс ошақтарымыздың ешқайсысын қалыс қалдырмай саудалады, қазынаның қоржынын емес, өз көмейлерін толтырды.

Әсіресе мемлекеттік кепілдікпен алған қарыздарымызды айтсаңызшы! Осы орайдан алғанда жағдайы барған сайын мүшкілденіп, АҚШ бастаған әлем елдері санкциясы сансыратқан Ресейдің өзін артта қалдырдық. Олардың кісі басына бөлгендегі берешегі 3,5 мың доллардан айналса, біздің әрқайсымыздың қарызымыз – 9,5 мыңнан! Шыр етіп өмір есігін ашқан шарананың мойнына америкалық көк қағазды іліп, «қуанышпен» құттықтай қарсы алатын халдеміз. Билігіміз қарыз алған елдерден тағы да берсе, алған үстіне ала түссек екен деп дәмеленіп, соларға қарай сұрамшақ қолын үздіге созады. Алақан жаймаған елдері аз. Дәлірегін айтқанда, жұмыр жердің бетіндегі мемлекеттердің үштен екісіне қарызбыз. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады». Мынадай қымбатшылық қылқындыра қысқан, жұмыссыздық халықтың жанын жегі құрттай жеген қасіретті уақытта өсімімен, кезең-кезеңі бойынша қайтаруға міндетті миллиардтарымыз оңай болмай тұр.

Сондықтан да біздің мәртебелі үкіметіміздің бар қолынан келері – қарыз алып, сонымен қарызды жабу. Ертеңді ойлайтындай, келешек ұрпақтың қамын қаузайтындай мұрша жоқ. Жай-күйіміздің дәл осылай екенін көріп-біліп, қанша ақша сұрасаңдар да береміз деп, өздерінше жанашырлық танытып, ыстық ықылас білдірген аспан асты елінің ұсыныс-талабының зардабы, зорлығына қарамай, миллиардтардың үстіне миллиардтарды қосып, қарызға қарыз жамап алып жатыр, алып жатыр… Қақпамыз күндіз-түні айқара ашық. Кеденшілерімізге ақшаның шетін көрсетсе, құстай ұшып, құрдай жорғалап кетеді. «Кімсің, қандай мақсатпен өтпексің?» демейді. Көзі қысықтар қаптап келуде. Сайрандаймын десе – сайрандайды. Тайраңдаймын десе – оған да мақұл… Оларға «сен неге олай етесің?» деп айтуға біздің кіріптар биліктің халі жоқ. Өйткені қарызға бату – қауқардан айырылу, бейшара болу, соларға бас ию.

Бірақ ең әуелі оның ащы таяғын жейтін қарапайым қазақтар. Сондықтан олар ызалы. Намыстан жарылардай ісініп, күйіп-піседі. «Әй, мырза, сен шаңыраққа қара!» деп, еңбекақыны артығымен алып, өздерін көзге ілмей, құл-құтан етіп ұстағысы келген қытайлықтар мен үнділіктерге, түріктерге бірдеңе десе, олар именудің орнына қандарын тасытып, тасыраңдап шығады. Өр мінезді қандастарымызға ара түсіп, қорған болуға міндетті үкіметіміз погонды жендеттеріне қалқан мен таяқ ұстатып, оларды естерінен тандыра қуалап, сот, прокурорларына сабақ болардай етіп жазалауды бұйырады.

 

Күні кеше Астана төрінде бой көтеріп жатқан 75-қабатты алып «Абу Даби Плаза» құрылысындағы қақтығыс оқиғасы – соның бір мысалы ғана. Алайда ол неден болды деп тамырына тереңірек үңіліп, сабақ алайын дейтін билікте пиғыл жоқ. Алда бұдан да жаман қасіретті жағдай тұр. Соны болдырмаудың қамын жейік демейді. Ниеттері қарау. Текетіресті қарудың күшімен, қантөгіс жасап қорқытумен оп-оңай шешкісі келеді. «Жаңаөзен қырғынынан бері ұмытатындай уақыт өте қойған жоқ қой, көкелер! Құдай болған көкелер, ес жисаңдаршы», – дейді ел. Бірақ одан пайда жоқ… Ел бір жақта, елдің аянышты үнін, ескерту сөзін сезінуге, қорытынды әрекет жасауға бейіл болатын билік басқа қиырда… Ауыр да болса айтайын: олар қайткенде де ақша жасау, баю, халықтың қаржысын қымқыру мақсатымен бұрынғыдай лағып, мәңгіріп жүр…

«Өз ішін тазалай алмаған билеуші мемлекетті де ұры-қарыдан тазалай алмайды» дейді жарты әлемге иелік етіп, үстемдігін жүргізген Шыңғыс хан «Ұлы жарғысында». Әрине, содан кейін жымқырып-қымқыруға, елден ебін тауып пара алуға арқа төсіндегі Астанадан ауыл-ауылдағы әкімдерге, мектеп директорлары мен бас дәрігер, сот, прокурор және басқа да мүмкіндігі, ыңғайы барлардың бәрінің арасында мұндай харам істен дін-аманы әсте аз шығар! Соның «жемісін» көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстан дүние жүзі елдері арасында жемқорлық жайлап, коррупция тежеусіз дамып, ерекше жетілген мемлекеттердің «жүлделісі».

(Жалғасы газеттің келесі санында)

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

публицист-жазушы

About Zika1961

Добавить комментарий