Home » Дат|Каз » Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ: БИЛІКТІ ЖАҒАЛАҒАН «ХАЛЫҚ ӨКІЛДЕРІ» ел мүддесін сатып кетті

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ: БИЛІКТІ ЖАҒАЛАҒАН «ХАЛЫҚ ӨКІЛДЕРІ» ел мүддесін сатып кетті

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.

 

Мәселенің мәні

 


 

Өткен аптада Фейсбук желсінде ұлт патриоты Геройхан Қыстаубаевтың ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметовке жазған ашық хаты жарияланды. Желідегі жұрттың талқысына түскен хаттың жай-жапсарын білу үшін біз хат иесі Геройхан Қыстаубаевты сөзге тарттық.

 

–Геройхан мырза, құзырлы қызмет иелеріне мұндай хат жолдауыңыздың басты себебі не? Егер жердің дауы осы екі адамға тірелген болса, оның шешімін табу аса қиын шаруа болмаса керек-ті. Елдегі саяси билік бір ғана адамның уысында тұрғанда, президенттің «көмекшілеріне» жүгінудің нәтижесі қандай болар екен дегеніміз ғой?

– Бұл ашық хаттың ішінде белгілі бір адамдардың аты-жөні көрсетілсе де, негізінен ол көпшілікке арналды. Ондағы менің мақсатым – кезіндегі Жеркомға төраға болған осы екі министрмен, сол Комиссия жұмысына қоғам атынан барып қатысқан кейбір «халық өкілдері» бірігіп, өз ұлтының жерге қатысты мүддесін сатып жіберіп отырғанын беттеріне ашық айту болды.

Шынында да, бұлар жерді сатып жіберді! Түсінесіз бе? Мен осылай бағалаймын. Себебі, қараңыз, 2015 жылы 2 қарашада парламент жерді аукцион арқылы сатуға және шет елдік азаматтарға 25 жылға жалға беруге болатын Жер Кодексін қабылдады. 2016 жылғы көктемде халық бұл Кодекске қарсы ауқымды наразылық шараларын жасады. Президент осы Кодекстің 4 бабына ғана 5 жылдық мораторий жариялады. Ал жарты жыл жұмыс істеген Жерком бұл Кодекске, осы жылдың 13 сәуір күні парламентте жасаған баяндамасында жалға беру тәсілін сақтау және дамыту, ауыл айналасындағы жайылым, бір қол иелік ете алатын жер көлемінің шегін анықтау сияқты тағы да басқа, оннан астам, бірақ жерді сатпау, жатқа жалға бермеу туралы бір ауыз сөзі жоқ, өзгерістерді ұсынды (қараңыздар: рarlam.kz, zakon.kz, т.б. сайттар).

Бірақ бүкіл биліктік БАҚ (сайттар, радио-телеарналар, газеттер) әлгі «халық өкілдерінен» жарыса сұхбат алып: «Жер Комиссиясының барлық ұсыныстары қабылданды. Бұл жеңіс. Енді жер мәселесіне алаңдауға негіз жоқ» деген сыңаймен, жамырай жаза жөнелді. Жұрт бұған сенді.

Ал, шын мәнінде, Жер Кодексі Жеркомға дейін қандай болса, одан кейін, сол 11 ұсынысы түгелдей қабылданса да, тап сондай күйде қалып отыр!

Бұл халықты алдау! Тақырға отырғызу. Бұған дейін халықты 25 жыл бойы билік алдап келсе, енді әлгі «халық өкілдері» (бұлар шын мәнінде, керісінше, халық арасындағы билік өкілдері ғой) алдап отыр.

 

– Сіз меңзеп отырған «халық өкілдері» кімдер? Олардың атын – атап, түсін – түстеп бере аласыз ба? Неге халық оларға сенеді дейсіз?

– Билік Жерком жұмысына ел ішінен бірнеше қоғам белсенділерін өздері таңдап шақырды. Осыларды жұрт «халық өкілдері» деп атап кетті. Менің сөзімдегі «халық өкілдері» – сол Жеркомға енгендердің бір бөлігі мен мыңдаған әлеуметтік желі қолданушыларын «ауыздарына қаратып» отырған, Фейсбуктің билікпен ауыз жаласқан «жұлдыздары». Ендігі кезекте жер сатылымға шығып кетсе, онда олардың «түсін түстеу» емес, ұлт сатқындары ретінде тізімдерін түзіп қоямын.

Мен олардан бұрын жерді сатуға үзілді-кесілді қарсы шығып, желі ішінде қарсылық қозғалыс құрған ұлт жанашырларын атайын: олар – Раушан Қалмомынұлы, Айдын Егеубаев, Есен Темірұлы, Олжас Әбіл, Ербол Рахпан, Берік Дәуенов, Исатай Досмырза, Рая Ақдәулетова, Ардақ Әшімова, Ася Асеткина, Қызғалдақ Қасымова, Айгүл Түркпенбаева, Рита Жекей, Қарашаш Боданова, т.б. Араларында аталмай қалғандары болса, кешірім сұраймын.

Енді ел неге «халық өкілдеріне» сенеді, деген сауалыңызға тоқталайын. Көпшілікті оларға сендіріп отырған – билік. Бұған мемлекеттің өзі мүдделі болып тұр. Бұл халықты басқарудың бір тәсілі. Мысалы, өткен жылы қоғамда үлкен дүрбелең туғызып, соңы төңкеріске ұласа жаздаған Жер Кодексі, осы «өкілдердің» еңбегінің арқасында биыл ешқандай өзгеріссіз-ақ, сол күйі айқай-шусыз қабылданғалы тұр. Жеркомның жасаған 11 ұсынысында жерді аукцион арқылы сатуға, жатқа жалға беруге тиым салатын бірде-бір сөз жоқ! Бірде-бір! Енді осы «халық өкілдерінің» арасында айтқанымды жоққа шығарып, елге түсіндіріп беретін, дәлелдей алатын бір адам бар ма? Жоқ!

Жапонның бір оқымыстысы «Адамдар өздерінің сенгісі келгенге ғана сенеді» депті. Тап осының кері. Ел «халық өкілдерінің» өтірігіне ғана сенеді екен. Ендеше, қазір қоғамның ауа райын жасап тұрғандар – осылар. Міне, халықты «қораға қамаудың» классикалық түрі! Болмаса, бар мәселенің мәні, менің дабылымның құны – осы Фейсбукта көрсетіп, жазып қойған екі сілтемені қарап шығу ғана.

 

– Ендеше ендігі жерде ел-жұрт «бетпақ жеңді, мен көндім» деген кепті киейін деп тұрған жоқ па?

– Ақорда технологтарының барлық ақпарат құралдары арқылы қарапайым халықтың миын тамаша «жуа» білгенінің нәтижесі осы. Ел кімді болса да, оның істеген, тындырған ісіне қарап емес, радио-теледидарда, жиналыстарда сөйлеген әдемі сөзіне, сайттар мен газеттерде берген сұхбаттарына қарап қана бағалайтын болды.

Енді осы технологиялық тенденцияны өзінше ұққан жастардың арасынан «халық өкілдері» жасақталды. Жер сату мәселесінде бұлардың мұндай «ерекше» қасиеттері билікті мақсатына жеткізді. Нәтижесі – парламент 5 жылға жарияланған мораторийді үзіп, Жерком ұсынған барлық «өзгерістерді» толығымен ендіріп, жаңа Жер Кодексін қабылдап, билік жерді аукцион арқылы сатуға мүмкіндік алатын болды.

Бұл биліктің ұлтқа жасап жатқан тағы бір зардабы мол опасыздығы. Ұлт болашағын өздері сияқты дүниеқоңыз жастарға өткізіп кетпек. Егер заңдағы жер аукцион арқылы сатылады, шет елдіктерге 25 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі деген бапты жою қолымыздан келмесе, онда қалың қазақ расында да жерсіз қалады.

Енді не істеуге болады? Менің сол ашық хатымнан кейін елдің түкпір-түкпірінен хабарласып «қимылдайық» деп жатқан жастар көп. Олармен бейресми топ құрып жатырмыз. «Ұлы дала қалқаны» деп, атын да қойып алдық. Мақсатымыз: жерді сатуға шамамыз келгенше қарсылық жасау!

 

– Топтың жұмыс істеу тәсілі қандай болмақ? Бүгінгі өздерінен өзгеше ойлайтындардың бәрін жазалап жатқан жүйе қудалауға салмай ма?

– Иә, біз ол жағында ойладық. Дегенмен, біздің жұмыс барынша ашық және заң аясында болады. Тіпті айыптайтындай себеп те қалдырмаймыз. Бірақ, соның өзінде қудалануымыздың мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз. Менің жеке өзім биліктің қандай да болсын опасыздығынан қорықпаймын. Менің қорқатыным – аңғал халықтың алдау-арбауға еріп, елім, жерім деген адал ұл-қыздарын өз табандарымен таптап тастауы!

Бүгінгі билік өзінің отырған тұғырына адал ниетпен келмеді. Мақсаттары – елді көркейту, халық игілігіне мүлтіксіз қызмет ету болмапты. Сондықтан, бұлардың кетуі де өздеріне жақсы болмайды, шамасы. Себебі, жер – қазақ үшін ең киелі, ең қастерлі ұғым. Ал билік түлен түрткендей, жерге тиісуін тоқтатар емес. Ендеше олардың түбіне осы жетеді.

 

– Бірақ билік өзінің өмірін ұзарту үшін, халықты алдарқатудың, ел-жұрттың ойын басқа жаққа бұрудың амалдарын жасап жатқанын өзіңіз де сезіп отырған боларсыз?

– Жерді аукцион арқылы сату заңын қабылдайтын кезде (2014-2015 ж) жұрттың зейінін әлгі айтылған «халық өкілдері» арқылы «Антигептил» идеясына тамаша түрде бұрса білсе, енді сол заңнан бас тартпау, сол күйі қалдыру үшін ел назарын «латын әліпбиі», «Сағадиев мәселесі», «Георгий лентасы» сияқты т.б. «проблемаларды» күн тәртібіне алып шықты. Бұл жолғы «халық өкілдерінің» орындаған рөлі ерекше, тіпті соңынан үлкен сыйлық, марапатқа тұрарлық болған шығар. Егер бұл «өкілдер» болмағанда, халық жерді сатқызбас еді! «Халық өкілдері» халықты сатып кетті!

Жұрт, әсіресе жастар мынаны жадында ұстағаны абзал. Қазір билікке ешкім сенбейді. Мұны биліктің өзі де біледі. Енді ойланайық. Билік сонда, ары қарай өмір сүру үшін не істеуі керек еді? …

О, халықты сендіретін жаңа жол табуы тиіс болды! Қалай? Біраз жан-жақты ойлансаңыз мынаған келесіз. Ең тиімді тәсіл – халық ішіндегі мансапқа, байлыққа құмар, сол үшін қандай жолмен болсын билікке жетуге дайын, белсенді жастарды өз жағына тарту. Оларды барынша, бірақ елге күдік тудырмайтын дәрежеде дәріптеп, қоғамдағы абыройын өсіріп отыру. Осы жолда өткелсіз кедергі болатын, биліктің пиғылын біліп қоятын адамдарды (мысалы Жанболат Мамай) қоғамнан аластату, ал бұлайша жасау мүмкін емес болатын аға буын ұлтшылдарды ел алдында қаралау, абыройсыз ету. Қалған әлі арыны қайтпаған жаңа шыққан жастарды (мысалы Сүйіндік Алдабергенов, Асхат Берсалимов, Құрал Медеуов, т.б.) ойдан шығарылған қылмыстық іс ашып, қармаққа іліп қою. Мұның бәрі рас, тап бүгінгі күні қоғамда болып жатқан жағдай.

Билік өзінің осы ойларын жүзеге асыру үшін соңғы 4-5 жылда көптеген интернет сайттарды да ашып қойды. Ол сайттарды басқарып отырған жастар, бәлкім, ақ ниетімен-ақ ұлтты ағарту жұмысымен айналысып жүрмін деп ойлар. Бірақ шын мәнінде, олар биліктің қара ниетін елге ақ деп көрсетіп, осы ойына желідегі өздерінің онмыңдаған көзі ашық, саяси белсенді «достарын» мақұлдатып, билікке қарсы «аузындарын аштырмай» отырған «халық өкілдерін» жақсы жағынан көрсетіп, ұлтты жоюға өлшеусіз еңбек етіп жатыр. Қазақ халқы, оның ішінде саяси белсенді бөлігі аз-ақ халық. Сондықтан «халық өкілдері» халықтың аузын жауап отыр деп айтуға болады.

 

– Жерін қорғаған қазақ алдағы уақытта таңдаған жолынан қалай адаспауы керек деп ойлайсыз?

– Ол үшін адам, бүгінгі билікпен қандай жағдайда да келісімге, ымыраға келу – ұлт мүддесіне қарсы жұмыс істеу екенін әсте ұмытпауы тиіс. Себебі, халықты осы жағдайға жеткізген – осы билік. Басқа ешкім емес! Оларға халықтың бүгінгі жағдайға келуі өте ыңғайлы, ең қолайлы түрі болды. Болмаса, бұндай емес, басқаша жағдайға келер едік қой. Сондықтан олар, ширек ғасыр бойы «еңбектеніп» жеткен, өздеріне ұнайтын, бұл қоғамдық қалыптан өлсе айырылмайды. Ендеше, билікпен одақтаса отырып, халық жағдайын жасаймын деген адам, шын мәнінде тек өз қара басының қамын жасап жүрген адам. Ол билікке қосылып, қайтсем ел қазынасына ортақтасамын деп жүрген жан.

Дәлелі: «Жер сатылмайды! Жатқа жалға берілмейді!» деген талаптан туған Жеркомның жарты жыл жасаған «жұмысының «нәтижесі – нөл! Мораторий тоқтаған күні жер аукцион арқылы бәрібір сатылымға шығатын болды!

 

– Геройхан мырза, мән-жайды анықтаған сұхбатыңызға көп рахмет. Жерді сақтаймыз деп, жүргізіп жатқан күресте жеңіске жетудеріңізге тілектеспін!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

About Zika1961