Home » Дат|Каз » ЕКІ СУРЕТ – БІР БАТЫР

ЕКІ СУРЕТ – БІР БАТЫР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.

 

Құттықтау орнына

 

 


 

15 маусым – «БТА Банкінің» қаражатын «Трибуна» газеті арқылы «жуып-шаюға жердемдесті» деген ақылға қонымсыз нақақ айыппен бес айдан бері абақтыда отырған журналист Жанболат Мамайдың туған күні. Осыған орай, біз оның ата-анасымен кездесіп, ұлдарының бала кезі туралы айтып беруін сұрадық. Қазақта «Болар бала – боғынан» демекші, Жанболаттың ата-анасының әңгімесінен кейін, ұлдарының саясат пен қоғамдық өмірге белсене араласқанына таң қалудың еш жөні жоқ екенін түсіндік. Жанболаттың саясаткер ретінде қалыптасуына біздің «DАТ» газетінің де әсері болған екен.

 

– Көпшілік Жанболатты тек журналист, саясаткер ретінде біледі. Бала Жанболатты білетін сіздер ғана. Ол қандай болды?

 

Мінәжат ТОҚПАТАЕВА (анасы):

– Кішкентай кезінде өте байсалды, тәртіпті, тілалғыш бала болды. Сабақты жақсы оқыды. Әсіресе тілге деген бейімі күшті болды. Шығарма жазғанда, төменгі сыныптардың өзінде тіл байлығы көрініп тұратын. Мақал-мәтелдерді қосып тұрып, ойын тиянақтап қорытындылайтын. Тіпті мұғалімдер үлкен сыныптың балаларының шығармасындай деп жүретін. Себебі сол – ол бала кезінен кітапты өте көп оқыды. Бізге қамқор, ақылды болып өсті. Беталды ойнап, артық уайымға салмайтын еді. Демалыстың өзінде белгілі бір уақыт қана ойнап, барлық уақытын кітап оқуға жұмсайтын. Біз солай істе деп қинаған емеспіз, баланың өзі солай қалыптасты. «Әй, сабағыңды оқы!» деп айтып көрмеппіз. Сонымен қатар балабақшадан бастап ағылшын тіліне деген құштарлығы болды. Ақыры сол тілдің маманы болып шықты. Мектепті жақсы бітіріп, өз күшімен оқуға түсті. Белсенді болды. Жас күнінде тәртібіне, оқуына байланысты қиналып көрмедім.

 

– Ал кейінгі – студенттік кездегі, одан бертінгі азаматтық кезеңі отбасында қалай қалыптасты?

– Газет-журналдарды көп оқыды. Көңіліне түйген ой-пікірлерін өз ұстанымымен салыстырып, дастархан басында бізге әңгіме қылатын.Оның көзқарасының қалыптастуына ықпал болған газеттердің бірі – осы сіздердің«ДАТ» пен кейінгі «Жас Алаш» газеті болды. Жанболаттың әкесі іздеп жүріп, сатып алып оқиды, мен болсам: «Баладан тығып қой» деп айтатын едім. Кейін Жанболаттың өзі айтады ғой: «Сендер жоқта бәрін оқып алатынмын…» – деп. Сөйтіп жүріп көзқарасы, өзіндік ойы қалыптасты. Оның арты мұндайға алып келеді деп ойламадық қой. Оның ақылдылығы мен алғырлығына қуандық, қандай ата-ана да сөйтеді емес пе?

 

Мамай БЕКХОЖИЕВ (әкесі):

– Жанболат кішкентай, балабақшада жүрген кезінен сол кездегі 15 одақтас елдің бірінші хатшыларының атын жаңылмай, жатқа айтатын. Оны көрген достарым «осы ұлың саясаткер болады» дейтін еді қалжыңдап. Сол кезде-ақ дүкенге бірге барсақ, «әке, мен өз нанымды ақтауым керек қой» деп, бір бөлке нанды өзі көтеріп келетін. Мен де «адал бол, өзіңдікі дұрыс болса, ешқашан ешкімнің алдында басыңды име» деп өсірдім. Сондықтан да қазір оның көзқарасына сыйластықпен қарап, қолдап келеміз. Қазір көп жұрт айтады, өзіміз де түсінеміз – Жанболат біздің ғана емес, халқының ұлы болды. Ал оған тағылған айып – нақақ жала. Егер, расында да, менің ұлым қылмыс жасаған болса, мен оны, Назарбаевтың өзі айтқандай, «қолынан жетектеп», сотқа өзім апарар едім…

 

– Қазір Жанболатқа қорғаушы болдыңыздар: ұлдарыңызды көріп тұрасыздар. Жағдайы, көңіл-күйі қалай?

 

Мінәжат ТОҚПАТАЕВА:

– Қорғаушы статусын үш ай дегенде әрең алдық. Соған қатты қуандық. Бүгінде ең құрығанда Жанболатты күнде көріп тұрамыз. Мен ұлыма аптаның бес күнінде барамын. Шаршап-шалдыққаныма да қарамаймын. Барарда өте қуанып барамын – «баламды көремін ғой» деп. Қайтарда құлазып қайтамын. Әрең қоштасамын. Түрмеде, оның үстіне жазықсыз, жаламен отырған адамның көңілі қандай болсын – үнемі ой үстінде отырады. Бірақ маған білдірмейді. Мені көргенде жадырап тұрады. Сыртта халқының қолдап жатқанын жеткіземін, қуанып қалады. Қазір бір-бірімізді аман-есен көргенімізге қуанамыз. Басында нешетүрлі жағдай болды ғой. Енді ол қайталанбаса екен деп ойлаймын. Бар тілерім – тек баламның амандығы.

 

Мамай БЕКХОЖИЕВ:

– Жанболатты қорғайтын комитет өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Бәрін көріп, біліп отырмыз. Баламызды қорғаштап жатқан халқына ризамыз. Халқының қорғап қаларына сенеміз. Өткенде ұлымды белсенді қорғап жүргендердің бірі Рамазан Есіргеповке шабуыл болғанда, қатты қынжылдық. Ұлымыз үшін ел қалай алаңдаулы болса, біз де басқа азаматтар үшін солай алаңдаймыз.

 

– Бүгін – Жанболаттың туған күні, ата-ананың тілегі орындалады деген сөз бар емес пе: ұлдарыңыздың туған күнінде оған не тілейсіздер?

 

Мамай БЕКХОЖИЕВ:

– Аман-есен шаңырағыма оралсын деймін. Жапырағы жайылған мәуелі бәйтерек сияқты отбасы болсын! Ұлыма Алланың көзі түзу болса деймін. Сол күнді күтіп, үмітпен жүрміз.

 

Мінәжат ТОҚПАТАЕВА:

– Шаңырағына оралса, үйімізде аман-есен отырса – менің бар тілерім сол ғана. Қазір маған оның амандығынан басқа ештеңе де керек емес.

«D»

About Zika1961