Home » Дат|Каз » ЕКІ ӘҢГІМЕ
072517_1709_1.png

ЕКІ ӘҢГІМЕ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (391) от 12 июля 2017 г.

 

Жазғы жазбалар


 

Жапа

Тау етегі. Әрі қарай жап-жазық дала. Көкпеңбек. Таңертең ғана сіркіреп жаңбыр жауып өткен сонау-сонау көз ұшында, дөң басында кемпірқосақ ілінулі тұр. Әдемі.

Қазақтың жайлауының көкмайсасын тілімен бырт-бырт үзген қара-ала сиыр жайылып жүр. Ауылдың бар байлығын сатып, әрең қол жеткізген арғы атасы белгісіз шетелдік жануар еді…

Шыбындамайды да. Рахат. Төңірек тып-тыныш еді. Бір кезде сиырдың құлағына дүрілдеген дыбыс келді. Әуелі ештеңе ұқпаған, оттап жүре берген.

Бір кезде сонау көз ұшынан өзіне қарай зулап келе жатқан қара ноқат жақындай түсті. «Мәссаған! Мынаны қара! Ұсқынсыз ғой мынау. Жалбыраған жалы бар, құйрығы одан да ұзын, бұл не ғылған жануар?» деп, ойлағанынша дүбір жанына жақындай түсті. Қара-ала сиыр ап-анық байқады. «Өй, мынау не пәле? Тұяғы біздікіндей айыр емес екен ғой. Сирағы ұзын, желпілдеген бірдеңе ғой мынау. Менің жайлауымды таптайтын болды-ау!» деп, ішін қызғаныш өртеп кетті.

«Мына пәлені сүзіп өлтірейін!», – деп, жанынан желдей есіп өткен тұлпардың соңынан тұра қуды. Біраз жер қуғаннан кейін, қара-ала сиырдың екі бүйірі солқылдап, салпиған қарны жер сүзіп, жарылып кете жаздады. Ыңқ-ыңқ етеді. Аузынан сілекей ақты.

Қазақтың кең даласында дүбірлете шауып бара жатқан тұлпардың соңынан ыңқылдап, ұзақ қарап тұрды. Қара-а-а-ап тұрды. Ыңқ-ыңқ етеді. Күйсей алмай қиналды.

Жер ананың жүрегін тесіп шыққан аппақ гүл самал жермен тербеле бастап еді. Осы кезде сиырдың артынан неше күн жеген шөбінің қоймалжыңға айналған сасық жапасы былш етіп жерге түсті. Жапаның астында бәлкім ғашықтар бір-біріне сыйлайтын, бәлкім боз бала мен бойжеткеннің үзіп алатын, өмірге ғашық жанның үлкен тебіреніспен, үлкен махаббатпен үзіп алатын гүлі қалды…

 

Қасқырдың суреті

Қаланың төбесіне мамықтай қалқып түсіп келе жатқан мың-миллион ұлпа қарды даладан асығып жеткен желікпе жел ұршықтай иіріп, етек-жеңін желпілдетіп, үкідей ұшырып, ала құйын мінезіне салды. Аялдамада тұрған қара бала айналасына жаутаң-жаутаң етіп қарайды. Бағыты – бас пошта, екі аялдамалық жер. Ауылына хат салмақ. «Ата-ау, ешкімді танымайтын қалаға неменеге алып келдің, ауылда да мектеп бар емес пе? Мені қайтадан алып кетші!» деген жолдарды жылап отырып жазып еді.

Баланы жанына бірнеше адам келді. Аузы-басын жирен жүн басқан дәу сарыны байқап қалды. Ыңғайсызданды. Үлкен адамға амандаспақ болды.

– Ассалаумағалейкум, – деді оң қолын жүрегінің тұсына қойып.

– Че надо тебе? – деп гүр ете түсті. Бұған ала көзімен қарап, жерге бір түкірді. Қойнында қыбырлаған бірдеңесі бар. Қара бала шынында да дәу сарыдан қорқып қалып еді. Ығысып шетке барып тұрды.

Аялдаманың ықтасын жағында көкжал қасқырдың плакаты ілінген. «ГДК рок-кон¬церт, 18:00 ч. 16.12.1987 г.». Қара бала қасқырдың суретін көріп, дәл бір туысын көргендей іштей қуанып қалды. «Әй, мынау біздің қойға шабатын көкжал ғой, атам торы айғырға мініп қуған кезде, Ақбақай төбетімізбен таласатын қасқыр емес пе…». Осы кезде дәу сарының қойнындағы кішкентай күшік сырғып жерге түсті де, қасқырдың суретіне қарап, ал шәңкілдеп үрсін кеп…

«Ти-ти, прекрати» деп, дәу сары қара балаға түсініксіздеу тілде сөйлей бастады. Жұдырықтай Ти-ти шәңк-шәңк етіп болмайды. Бала аң-таң боп қарап тұр. Бір кезде жел үдей түсіп, плакат жұлынып кетті де, қардың бетімен сырғып, Ти-тиға жақындай берді. Ол байғұс болса, денесіндегі бүкіл түгі дірілдеп, бұтына жіберіп қойды да, баланы келіп паналады. Қара бала қосаяқтай кішкентай күшікті жерден жеңіл көтеріп, иесіне берді.

Дәу сары Ти-Тиді қойнына тыға салды да, қара балаға рахмет айтқан жоқ. Иесінің жылы қойнында тұрған Ти-ти ін аузындағы күзендей, басын анда-санда шығарып қояды. Көздері түймедей жылт-жылт. Бірақ бағанағыдай шәңкілдеп үрген жоқ. Жуасып қалыпты.

Қар борай жауып тұр.

Автобус әлі көрінер емес…

 

Талғат КЕҢЕСБАЕВ,

Семей қаласы

About Zika1961

Добавить комментарий