Home » Дат|Каз » ДИМАШ ПАРИЖДІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ
052817_1627_1.png

ДИМАШ ПАРИЖДІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.

 

Супержұлдыз


 

• Әлемге танылған қазақ баласы Димаш Құдайберген Парижде әлемдік жұлдыздардың алдында ән салды.

 

Димаш Құдайберген Парижде Global Gift Gala қайырымдылық кешінде әлемдік жұлдыздармен бірге қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, талайды таңдай қақтырған ән шырқады. Еске сала кетсек, Димашты. Global Gift Gala қайырымдылық кешіне белгілі америкалық актриса Ева Лонгория (суретте) шақырған болатын. Біздің ұл бұл кеште Селин Дионның All by myself әнін орындады.

Айта кетейік, Global Gift Gala – мұқтаж жандарға көмек көрсетуді мақсат еткен, балалар проблемасының шешу жолдарын ұсынып, отбасы мен әйелдер құқығын қорғауға бағытталған халықаралық бастама. Әр жылдары бұл шараға Виктория Бекхэм, Рикки Мартин, Николь Шерзингер және тағы басқа жұлдыздар қатысқан. Global Gift Gala концерті жыл сайын әлемнің әр түкпірінде өткізіліп тұрады. Кеш барысында голливуд жұлдызы Ева Лонгория Димашты биге шақырды.

Dalanews.kz

 

 

НЕГЕ БІЗ ӨЗ ДИМАШЫМЫЗДЫ ҚЫТАЙ АРҚЫЛЫ ТАНЫДЫҚ?

 

Жалпы, біз өте осал ұлтқа айналыппыз. Күпінбейтін жерде күпініп, мақтанбайтын жерде мақтанып, әйтеуір бар даңғойлығымызды әлемге әйгілегенде, алдыға жан салмайтын болдық. Өз ішіміздегі мықтыны Қытай келіп, бастан таяқпен ұрып тұрып мойындатпаса, мойындамайтын тоңмойын, қай әннің есті, қай әннің есер екенін тыңдай алмайтын бітеу-керең, ненің игі, ненің жаман екенін көрмейтін көрсоқыр ел секілді күйге түсіппіз.

Әрине, ұлтты кінәлау оңай. Бірақ, Димаш қазір Қытай сахнасына шықпаған жағдайда не болар еді? Қайрат Нұртастың өлермен даусына ырғала билеп, Төреғалидың «жасанды қылығын» бір көруді арман етіп, аузымыздан суымыз құрып отыра берер едік. Баян тәтем не шоу жасар екен деп, екі құлағымызды «қайшылап», жаңалық күтумен сарылар едік.

Қытай: «Ей, қазақ! Сенің талантың мына – Димаш» деп, біздің көзімізді ашты. Димашты қазақ сахнасында Димаш ете алмағанымыз үшін намыстан жарылуға тиіс қазақ «Димаш Қытайды, қала берді әлемді мойындатты» деп күпінгені бейшаралығымыздың белгісі.

Неге шын талант әлемді өзіне қаратпай, біз оның қарым-қабілетін бағаламаймыз? Неге Димашты Қытайсыз-ақ бүгінгідей бүкіл қазақ (қазақ танығанды әлем таныса жарасымды емес пе?) танитын дәрежеге жеткізе алмадық? Неге әнші-құшнаштар қаптаған телеарналардан Димаштың әндері берілмей келді? Қайрат пен Төреғали деп жыртылған қазақ 365 күннің бір күнінде неге Димаштың бір әнін тыңдамады? Осындай талантты әншінің осыған дейін ел ішінде бір хит әнінің болмауы ненің белгісі?

Бұл да меніңше – бейшаралық. Өз жақсымызды танымай, танитын өре, білім, танымның болмауы қуанатын жағдай емес…

Шәріпхан ҚАЙСАР,

Abai.kz

About Zika1961