Home » Дат|Каз » ДИМАШ БІР ЖЫЛДА ҮШІНШІ ЖҮЛДЕ АЛДЫ

ДИМАШ БІР ЖЫЛДА ҮШІНШІ ЖҮЛДЕ АЛДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

Ойдан-қырдан


Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Гонконгта тағы бір жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Golden melody awards халықаралық шарасында қазақстандық әнші «Үздік орындаушы» (Димаш өзінің Инстаграмдағы жазбасында «Жылдың үздік ер әншісі» деп атапты – суретті қараңыз) атағына ие болып, алтын жалатылған мүсін алды.

Осы орайда Димаш: «Сүйінші! Бүгін Гонконгта өткен «Golden melody awards» cалтанатында «Жылдың үздік ер әншісі» номинациясы бойынша марапатталдым. Барша тыңдармандарыма көп рахмет! I love you, dears», – деп жазған екен өзінің Instagram-парақшасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін ол Қытайдың Шенжен қаласында ол MTV Music Awards жүлдесімен марапатталған еді. Ал оған дейін Asian Music GaLa шарасында «Ең танымал шет елдің әншісі» атағын алған болатын.

Қазақтың күміс көмей әншісі алған кезекті жүлде құтты болсын!

«D»

Дабыл!

Қазақ журналистикасының

ӨЛГЕНІ МЕ?!

Осында бір жеңіл жүрісті қазақ қызы ФБ-да тікелей эфир жүргізіп жүріп (еркектерге душқа кіріп жуынғанын, одан қалды дәретханада отырғанын, ауызы толған мусор, өзге ұлт өкілдерімен арақ ішіп, темекі шегіп отырғанын тікелей эфирде көрсетеді екен), отандық көгілдір экранға шығып кетті деген сөзді естідім. Сонда бұл – Қазақ журналистикасының өлгені ме?! Әншілерден құтыла алмай жатқанымызда, енді қалмағаны жын-ойнақ па?

Телеарнадағы әріптестер, егер рейтинг үшін осылай жасай берсеңіздер, бір күні Саин көшесіндегі притондарда жұмыс істеуге келісіп кететіндейсіздер ғой. Мынау нағыз сұмдық! Телеарнадан шыққан әрбір жүргізуші – халықтың айнасы. Сонда путаналарды осылай эфирге шығарса, жеткен жеріміз осы екен де!

Дәурен Абаев мырза тым бос жіберіп қойған жоқ па – журналистика саласын деген ой кетеді кейде. Неге эфирдің жүргізушілерін қадағаламайды? Неге эфирде жеңіл жүрістілер қаптап барады? Оларды көрген жас көрермендер еліктейді ғой. «Анау апайымыз 2 рет күйеуге шығыпты, мына жүргізуші тоқалы екен. Мынау болса күйеуінің көзіне шөп салып, ақыл айтуда. Менің одан қай жерім кем?» деген түйсік қалыптаспай ма?

«Рейтинг, рейтинг» деп, жастарымызды улап жатқан секілдіміз. Идеология жоқ. Баяғыда өліп қалған. Осындай даңғаза-шу бағдарламалардан гөрі, неге педофил, суицидтің алдын алу туралы көрермен қызығып қарайтын хабарлар ашпасқа? Қазіргі БАҚ-тың айтатыны – «жол апаты», «педофил кішкентай қызды зорлапты», «қыршындай жігіт өзін-өзі көпірден лақтырды», «пәленшені соттапты», «анау өзін өртепті» т.б.

Бір тұщымды хабарлар жоқ.

Салмақты хабарымды шығарғым келген еді 2–3 жыл бұрын. Хабардағы Ринат Кертаев «Ай-хай, 25» ток-шоуымды, «Пай-пай, 25» етіп өзгертіп, айды аспанға шығарып, эфирден көрсететінін де былтыр осы «Фейсбуктан» білдім (Ринатты айтамын да «сүйіншілетіп» қояды). Бірақ, басы біраз дауға қалды. Ол бағдарламаның авторы мен екенін әріптестерім жазды. Алайда, Ринат мырза менің нөміріме хабарласып:

– Бибігүл, келісімге келейік, өтініш?! Екеуміз қазір бет жыртысқаннан ештеңе өнбейді, – деп, мені кездесуге шақырды.

«Болары болып, бояуы сіңіп» кеткен хабарымды иемденгенін білгенімде, әрине қатты ызаландым. Жылап та алдым. Бірақ, Ринат 2016 жылғы бюджеттен ақша қарастырып, басқа бағдарламаларымды сатып алатынын айтқан соң, бітімге келдім. Алайда, кабинетінде қолын беріп, уәдесін айтқан Ринат Кертаев «еркектік» сөзінде тұрмады. Міне, бұл бір ғана мысал.

Мен секілді талай журналистердің тауы шағылып жатқаны қаншама? Ринаттың ұяты білсін. Бұл дүниеде атақ-мансап мәңгілік емес! Өмір – алма-кезек. Бүгін креслода ол отырса «қонжиып», ертең мен отырамын. Бүгінгі күнмен өмір сүрген телеарна басшыларының талайын көрдім. Қазір шіреніп отырады, ертең бүгіліп кетеді. Кеше ғана зәрін төгіп, қаһарланғандардың да, ертесіне мәймөңкелеп кететінін де уақыт көрсетті.

«Бибігүл айналайын, өсектің жетегінде кеттім, ағаңды кешір», – деген басшыларым да болды. Мен кешірімдімін. Бірақ, идея ұрлаушылардың өмірі керемет болып кететініне сенімсізбін. Сол плагиатшыларға 2010 жылы шыққан Францияның «Без улик» деген фильмін көруге кеңес беремін. Бірақ ондағы кейіпкердің адамгершілігі бар, ұяты жібермей, талай жылдар бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Біздікілер секілді «бір күндікпен» өмір сүрмейді.

Эфирдің ластануына да осындай басшылар кінәлі. Олардың бастарында тек – рейтинг тұр. Авторлық құқығымыз баяғыда тапталған. Басында идеясы жоқ, плагиатпен жұмыс істейтін қазақ басшылары тұрғанда, осылай телеарналар құрдымға кете бермек…

Бұл деградация!

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

About Zika1961