Home » Дат|Каз » БОПСАЛАУШЫЛАР – БОСТАНДЫҚТА ЖҮР, жәбірленушілер – түрмеде

БОПСАЛАУШЫЛАР – БОСТАНДЫҚТА ЖҮР, жәбірленушілер – түрмеде

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.

 

 

Атыраудағы арсыздық


 

 

Бұл жігіт – Артур Ешмұратов – Атырау қаласында резонанс тудырған «полиция қызметкері ісінің» менің қорғауымдағы жәбірленушісі. Бұған дейін өткен сотта полиция қызметкері «жәбірленуші» Өтеуов «істі болған» Артур Ешмұратовтан кешірім сұрағандықтан, прокурор айыптаудан бас тартқан еді.

 

Бірақ, судья Ойқұлова Ешмұратовты қамауда қалдыру туралы үкім шығарды. Содан бергі бір апта бойы Артур екеуміз прокуратурада іспен танысып жүрміз.

Бұл жағдай ешбір ақылға қонымсыз: Ешмұратов қамауда отырады да, 11 полиция қызметкері бостандықта, отбасыларының қасында жүреді. Күні кеше тек қана бір полиция қызметкері қамауға алынды. Анығында, ол қызметкер өзінше, өз-өзіне «қол жұмсап», «асылып өлгісі» келген екен. Ол туралы адвокаты Жолболов жазды.

Қазіргі уақытта Артур мен Өтеуов екеуін де тергеу изоляторынан (СИЗО) сотқа бір көлікпен алып келеді. Қорғауымдағы Ешмұратовтың қолына кісен салынады да, аталған полиция қызметкері бос жүреді. Сонда сотталушыларды екі түрлі тәртіпте ұстауды қалай түсінуге болады?

Айта кетейін, кезінде Атырауда Халық Батырларының соты болып жатқанда,Талғат Аянов қасында отырған бір адамның арызын беріп, сол арыз иесіне көмектесуімді сұрады. Арыз иесі Н. деген азаматтың жазуы бойынша, қазір жүріп жатқан полиция қызметкерлеріне байланысты іске қатысы бар екен. Істің мән-жайы Ешмұратовтың ісімен ұқсас. Атырау қаласында бір топ полиция қызметкерлері сотты болып, шартты түрде жүрген азаматтарды ақшалай бопсалап, шантаж жасайды. Егер де азаматтар ақша беруге келіспесе, оларға жалған іс қозғап, түрмеге отырғызады. Осылай У. деген азаматты 2013 жылы түрмеге отырғызады. Оның алдында осы азаматты ұрлап алып кетіп, ұрып-соғып, бейіт басына тастап кетеді. Ол жігіт шағымданбау, арыз жазбау үшін, оған жалған іс қозғап, ақыры түрмеге отырғызады.

Үшінші оқиға – сол полиция қызметкерлерінің қылмыстық тобы Т. есімді азаматты бопсалап, қоймастан ақша талап етіп, үй ішінің мазасын алып, соңында азаматтың өз-өзіне қол жұмсауына себеп болады. Қысқа мерзім ішінде осы полиция қызметкерлерінің қылмыстық тобы жасаған заңсыз іс әрекетімен түрмеге отырғызылған төрт істі анықтадым. Бұл осындай үлкен қылмыстардың шеті ғана.

Мен, Н. азаматтың тумаларымен кездескенімде, олар бұл іске қайтадан араласудан басқа балаларымызға кесір тиеді деп қорқады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіп жатқан прокуратура тергеу тобының жетекшісіне қысым көрсетіліп жатыр. Осындай сұмдықты көрмеген кейбір прокуратура қызметкерлеріне Атырау қаласынан кетулеріне тура келді.

Атырау шағын қала болғандықтан, ешқандай сыбыс жасырын қалмайды. Бірақ бәрі – бәрін білсе де, халық үнсіз. Осылай үнсіз отыра беріңіздер! Күні ертең, жазықсыз жәбірленген азаматтардың қазіргі жағдайлары әрқайсыңыздың бастарыңызға түссе, сорақыны сонда көресіздер!

Әсел НҰРҒАЗИЕВА,

құқыққорғаушы

заңгер

Атырау қаласы


 

About Zika1961