Home » Дат|Каз » БІР МАРАПАТҚА ЕКІ КӨЗҚАРАС

БІР МАРАПАТҚА ЕКІ КӨЗҚАРАС

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.

 

Желідегі жазбалар


 

Кез-келген өнерде барып тұрған күрделі проблеманы күліп отырып жеткізу – «творчестволық подходтың» апогейі дер едім. Біздің әдебиетте осы жетіспейді. Ылғи жылап отырып айтамыз бәрін. Ал, кино және театр өнерінде осы «подходты» Асанәлі Әшімов терең игерген. Сонысымен де гений екенін дәлелдеді.

«Қыз Жібектегі» эпизод. Үш жүздің шалдары Бекежанды тізерлетіп, үш жақтан найзамен қысатын тұс. Сол сәттегі Асанәлінің жанарына назар салыңызшы. Лиза дель Джоконданың «жұмбақ жымиысы» жолда қалады. Міне, шеберлік!

Ал, «Транссібір экспресіндегі» Қасымханның образын қалай сомдаған? Психологиялық тұрғыдан алғанда бұл роль – Асанәлі творчествосының шыңы. «Сашенка, ку-ку, скоро задание получим…» деген тіркесті дәл Асекең айтқан реңкпен айту ешкімнің қолынан келмейді. Бәс тіге аламын.

Жетпісінші жылдардың ортасындағы Академиялық театрда қойылған «Қан мен терде» сеңнің үстінде кетіп бара жатқан Еламан әлі көз алдымнан кетпейді. Ғажап суретті әлі күнге дейін сағынамын. Неге? Өйткені, шығармаға да, өнерге де «подходы» дұрыс актердің сахнадағы іс-қимылы көңілдің қақ төріне барып қонады.

Тағы бір деталь: барлық спектакльдер аншлагпен өтті. Ал, трилогия бойынша түсірілген киноның неге жолы болмады? Неге тез ұмытылып қалды? Екеуінің де режиссері бір адам емес пе еді? Өйткені, ол кинода «Его величество Асанәлі Әшімов» ойнаған жоқ. Актердің қадір-қасиетін осындайда білесің.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

 

Қарап тұрсаң, біреуді орден-медальмен ұрып алса, енді біреуді жала жауып, жасқап жатыр. Екеуі де қалыптасқан жағдайдан тырп ете алмай қалған саяси тұтқындар секілді. Мәселе Тұңғышбайдың өнерге сіңірген еңбегінде емес. Біздің жүйе қазір осы екеуін бір-біріне ара түсе алмайтындай етіп, шарасыздықтың шырмауына қамап тастаған. Біреуі «сыйлап тұрғандардың» марапатынан бас тарта алмай, «ауызбастырық» алғандай болып, діңкесі құрыса, енді біреуі ақталып әлек болып жатыр. Мұндайда Асанәлі ағамызға Тұңғышбайға неге ара түспеді деп сырттан тон піше салғанымыз дұрыс болмас. Екеуі де «жүйенің» басқа салғанына қарсы шыға алмайтындай қиын күйге тап болған.

Бізде қазір айран ішкендердің құтылып, шелек жалағандар тұтылып жатқанын көріп отырсыздар. Әйтпесе, анау Нидің қасында Тұңғышбайдың «күнәсі» теңізге тамған тамшыдай ғана ғой!

Осы арада, орыстың атақты шешені Плеваконың (шешесі қалмақ қызы болған) басынан өткен мынандай бір өнегелі оқиға есіме түсіп отыр. Бірде, елу тиынның шәйнегін ұрлап ұсталған кемпірді соттағалы жатады. Осы кезде сөз алған прокурор кейуананың адвокаты болып отырған Плеваконы тұқырта түсу үшін: «Мемлекеттің мүлкіне қол сұққан мұндай адамды жазасыз қалдырсақ, ертең еліміз құрдымға кетіп қалуы мүмкін!» дегендей әңгіме айтады.

Прокурордың уәжін тыңдап болған Плевако сонда мінберге көтеріліп, былай депті: «Осы мың жылдың ішінде Ресейдің көрмегені жоқ. Қаншама шапқыншылыққа ұшырап, Мәскеуді де өртеп жібергенін көрдік. Бірақ Россия осындай қиын сынақтың бәріне төзді, шыдады. Мына қызықты қарасаңызшы, өзі әрең жүрген бір кемпір күнкөріс үшін елу тиын тұратын шәйнекті ұрлап алыпты. Бәріне шыдаған Россия енді оның осы қылмысын көтере алмай, құрдымға кетіп қалайын деп тұр…». Плеваконың мұндай мысқылдаған жалынды сөзінен кейін жазықты болып отырған жаңағы шарасыз кісіні соттан босатып жіберіпті.

Соңғы 26 жылда біздің де көрмегеніміз жоқ. Бірақ біз осындай ауыр кезеңдердің бәрін артта қалдырып, ақырындап болсын алға басып келеміз. Енді міне, бәрін көрген Қазақстан 1 миллион доллармен ұсталған адамды босатып жіберіп, сол қылмыстың «тырнағына да татымайтын» күнәсі үшін Тұңғышбай ағамызды соттап жібергелі жатыр.

Ау, ағайын! Тұңғышбайдың бұл «қылмысын» да кешіре салса, Қазақстан «көтерем» болып қала ма?

Жолымбет МӘКІШ

 

 


 

About Zika1961