Home » Дат|Каз » Бейбіт Қорған ТҮСІНБЕСЕ, сотқа жүгінем
061417_0723_1.jpg

Бейбіт Қорған ТҮСІНБЕСЕ, сотқа жүгінем

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №22 (386) от 8 июня 2017 г.

 

Ән әңгімеге айналды

 


 

Ел ішіне танымал жас әнші Бейбіт Қорған жуық арада сот дауына қалуы мүмкін. Бұл жөнінде редакциямызға уәжін айтып келген композитор Мейрамғазы Қараменді істің мәнжайын баяндап берді. Естеріңізге салсақ, танымал әнші бұған дейін де БАҚ беттерінде жағымсыз жаңалықтардың кейіпкері болып үлгерген. Алматы әуежайындағы төбелес, «Ақ жайық» газетінің тілшісі Айнұр Сапарованы гримеркада қамап қою мен көлік салығын төлемеу оқиғалары енді «Анаға алғысым» әніне қатысты авторлық құқықты бұзу әрекетімен толығуы мүмкін.

 

– Мейрамғазы аға, алдымен істің түйіні болып отырған, Бейбіт Қорған айтып жүрген «Асыл Анам» («Анаға алғысым») әнінің шығу тарихын айтып өтсеңіз.

– Бұл ән – жас кезімде бір жұмыстарыммен екіүш айға іссапарға барып, үйге оралған сәтте, анамның көзіне жас алып: «Балапаным, аманесен келдің бе?!» – деп, мені құшағына алған кездегі сезімімнен шыққан дүние ғой. Ол кезде композиторлық дарыным бар деп те ойламаған едім, әйтеуір гитараны қолыма алғанда, анам туралы бір әуен өзі келе қалды.

Кейіннен әнімді Композиторлар одағының мүшесі, әрі туысым болып келетін бір апайыма тыңдатып едім, ол кісі әніме жоғары бағасын берді. Бұл әнде ана мен баланың арасындағы сезімді жеткізгім келді. Кейін, 1986 жылы Алматыда өткен әуесқой композиторлардың «Эдельвейс86» конкурсына қатысып, «Анаға алғысым» әніммен финалға шықтым, жүлделі орынға ие болып, грамота да алдым.

Әнді анама тыңдатқан күн әлі есімде. Сол 1986 жылдың 19 маусымы, кешкі сағат жеті жарымның кезі, аталмыш конкурсты теледидардан көрсететін болды. Әкешешем екеуін отырғызып қойып, теледидарды қостым. Бірнеше әнші шығып, орысша өлеңдерді бірінен соң бірін айтты. Сол кезде әкем: «Балам, мынауың не, орысша концерт көрсетейін дедің бе бізге?» деп еді: «Әке, сәл шыда» деп, әрі қарай тыңдаттым. Бір уақытта менің шыққанымды көрсетті. «Асыл анам, арнап саған алғысымды әнмен айтам…» деген сөздермен әнімді бастадым. Әнімді тыңдаған анам көзіне жас алып, құшағына алды. Сол кездегі анамның жылуы мен мейірімі әлі есімнен кетпейді.

– Әннің шыққанына 32 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін бұл әнді кім орындап жүр?

– Алғаш рет әнімді өзім айттым. Кейін 1999 жылы Мәди Қарамендин деген әнші бауырым айтты. Әнім ұмыт қалмасын деген оймен, әрі аранжировкасына көңілім толмаған соң, Лұқпан Жолдасовқа жолықтым. Лұқпан әнімнің аранжировкасын жасап, Ринат Зайытов қайырмасының сөзін жазды. Бұл 2012 жылы болған оқиға еді. Кейін әнімді «Самал» тобының жігіттері айтты, бірақ олардың орындауы көңілімнен шықпады.

Содан не керек, Ерік Сәлімбаев деген досыма жолығып, әнімді жүрегімен айтатын орындаушы іздеп жүргенімді естіп, бірден Бейбіт Қорғанға беруді ұсынып, екіүш ай бұрын оның да анасының қайтыс болғаны туралы айтты: «Берсең – Бейбітке бер, осы жігіт айтсын әніңді» деген соң, мен де еш күмәнсіз келісімімді бердім. Бейбіттің өзімен жолығып, әнімді тыңдаттым. «О дүниеге кеткен анаңды еске алып айтсаң, бұл ән жүректен шығады», – деп, ойымды жеткіздім.

Арада бірекі ай өткен соң, Бейбіт маған хабарласып: «Аға, әнді келіп тыңдап кетіңіз», – деді. Бейбіттің әнді орындаған кезде өлең оның жүрегінен шығып жатқаны сезілді. Сол сәтте «Ақ жол саған! Енді жұртшылыққа шығар осы әнді ел естісін!» – деп ниетімді білдірдім. Кетер кезде Бейбітке әннің екінші шумағы мен қайырмасы Ринат Зайытовтікі екенін айтып, сол себепті әні: М.Қараменді, сөзі: М.Қараменді, Р.Зайытов деп жазғызу керегін қадап айттым.

Бейбіт 2015 жылы менімен өзі хабарласып: «Аға, мен диск шығарайын деп жатырмын, сіздің «Анаға алғысым» деген әніңізді «Асыл анам» деп атын өзгертсем, қарсы болмайсыз ба?» – деді. «Қарсылығым жоқ, қалай болғанда да, аналарға арналған дүние ғой», – деп келісімімді бердім. Диск жарық көрген соң маған біреуін әкеліп берді. Қарасам, дискіде «Әні: Мейрам Қарабелде, сөзі: Ринат Зайытов» деп қате жазыпты. Бірден Бейбіттің өзіне телефон шалып: «Бұның не бауырым? – деп едім: «Аға, типографиядан қате кетіпті», – деп жауап қайырды. Мен де «жарайды, кеткен қатені түзетерсің», – дедім де қойдым.

Биыл 8 наурыз күні «Хабар» арнасынан «Анаға құрмет» атты үлкен концерт болды. Сол концерттен өлеңімді естіп, Бейбітке: «Рахмет саған, туғантуыстарым әнімді естіп, риза боп жатыр, аман бол!» – деп хабарлама жазып, алғысымды білдірдім. «Қазақстан» телеарнасының аңдатпасынан 5 мамыр күні Бейбіт Қорғанның «Сәлем, Қазақстан!» бағдарламасы аясында концерті болатынын естіген соң, Бейбітке хабарласып: «Енді титрдағы жазуларын түзетерсің», – деп өтініш білдірдім. «Әні: М.Қараменді, сөзі: Мейрамғазы Қараменді мен Ринат Зайытов» деп, ататегімді дұрыс жазарсың», – дедім де қойдым.

– Сонда бар мәселе дискінің қаптамасында кеткен қатеде болып тұр ма?

– Иә, бұдан басқа еш мәселе жоқ. Дегенмен, мені кез келген автор дұрыс түсінетініне сенімдімін. Ататегіңнің қате жазылуы, авторлығыңның бұрмалануы кімге ұнасын?!

– Одан кейін Бейбітпен тағы хабарласып, сөйлестіңіздер ме?

– Жоқ! Бірнеше рет айтылды ғой оған. Сөз түсінетін болса, түсінер еді. Мен Бейбітке 1 мамырда хабарласып айттым ғой: «Бейбіт, болмайтын дүние мынауың! Әнімнің авторлығы мен ататегім бұрмаланып жазылды. Жарайды, бірінші типографияға сілтедің. Енді қазір мынау «Қазақстан» арнасында 5і күні концерт береді екенсің, ең болмаса, титрларында дұрыстайтын шығарсың» дегенімде, Бейбіт: «Ой аға, дұрыстаймыз, бірақ титрдан ба, әлде ауызша айтам ба, оны құдай біледі» деп, қолын бір сілтеді. 5 мамыр күнгі Бейбіттің концертін қарадым, ешнәрсе түзелмеген, баяғы жартас – сол жартас.

– Сіз әніңізді Бейбітке берген кезде қандай да бір келісімшартқа отырдыңыздар ма?

– Жоқ! Тек ауызша айттым: «Маған бір тиының қажет емес, «айтылмаған сөз өледі» дегендей, әнім ұмытылмасын» деп, осы әннің тарихын да баяндап бердім.

– Ал Бейбіт Қорғанның орындауына көңіліңіз толды ма?

– Әрине! Ол әнімді жүрегімен айтады. Мені қынжылтатыны – тек осы авторлық тұрғыдағы қателіктер, тегімді дұрыс жазбау, авторлықты бұрмалағаны.

– Біздің газетіміз арқылы Бейбітке айтар сөзіңіз, назыңыз бар ма?

– Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтайын. Ол кісі анасына хат жазғанда былай депті: «Аққа – құдай жақ, менікі – хақ!» деп. Осы сөзден кейін Бейбіт түсінсе – түсінді, түсінбесе – сотқа жүгінуден басқа амал жоқ.

Ал әнші қауымға айтар сөзім – егер әнім көңілден шығып жатса, ататегімді, авторлығымды бұрмаламай, айта берсін. Клип жасай ма, радиодан айта ма – тек бұрмаламай, дұрыстап жазса болғаны. Әнім үшін маған гонорардың да қажеті жоқ!

Димаш АЗАМАТОВ,

«D»

 

 

 

About Zika1961