Home » Дат|Каз » БАЙ МЕН ТҰТҚА ІЗДЕУ

БАЙ МЕН ТҰТҚА ІЗДЕУ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №19 (383) от 19 мая 2017 г.

 

Ойдан-қырдан

 

Өмірден «өрнек»


 

«Майдан қалған, байдан қалады» деп, жасы келіп қалған кейбір қыздар жатса да, тұрса да Құдайдан бір бай сұрап әлек. «Тиіп алайын десек, күйеу жоқ қой деп» күйінеді. Ал кейбіреулердің бір басында 99 байы бар.

Өмір неткен әділетсіз иә. Әне анау жоғарыдағы көршілердің есігін тағы да біреулер тарсылдатып жатыр. Тұтқасын жұлып алмаса екен деп, біз жатырмыз мұнда уайымдап.

Айтпақшы, тұтқа демекші, базарда тұтқалар қымбаттап кетіпті. Өткенде жоғарыдағы көрші: «Ақыры орталыққа бара жатсың ғой, тұтқа ала келші» деген соң, көршінің сөзін жерге тастамай, құрылыс заттар дүкеніне кіргенмін. Сатушы жігітке «Ағай, тұтқа бар ма?» десем, анауым: «Тұтқа деген не?» деп бажыраяды.

«Анау ше, есіктің ұстайтын жері…» десем де, түкке түсінбейді. Бір кезде есіктің «глазогы» бар ма, құлпы бар ма – бәрін алдыма жайып тастады: «Сұрап тұрғаныңыз мынаның қайсысы?» деп.

Оның ішінен тұтқа түгілі, тасты да таба алмаған соң: «Бұл жерде ол жоқ қой» дедім. Маңайыма қарап қалсам, бір есікті сатылымға шығарып қойған екен. Қуанып кетіп, әлгінің тұтқасын ұстап: «Міне ғой, міне, тұтқа деген осы. Бар ма сізде?!» десем, әлгі мырс етіп күліп жіберді. «Қарындас-ау ол «ручка» ғой. Сіз қай тілде сөйлеп кеттіңіз. Тіліңіз қызық екен. Қазақтан «тұтқа» деген сөз естісем, өліп кетейін. «Ручка» дейді ғой!» деп лепіріп кетті.

Мен де тілі ұзын бәлемін: «Қай атаңнан «ручка» деген қазақтың сөзін жазып алып едің?» – дедім. Кәдімгідей пікірталас басталып кетті… Ақыры: «Сол ручкаңнан бере ғой» десем, «1000 теңге» деп қарап тұр. «Алтын жалатылған ба еді?!» деп, мен де аң-таңмын. Көршінің берген ақшасы оған жетпейді. «Анауың қымбат екен, қазақбайскиі бар ма?» деп едім, қайырылып қалған «С» әрпі сияқты бір темірді қолыма ұстата салды.

Сол тұтқаны көршінің есігіне өзім салып беріп едім, енді, міне, жолдан адасқан «байчиктері» еңбегіңді еш етіп, тағы жұлып алғалы тұр. Ертең көршіме айтам ғой деймін: «Есігіңді не проходной дверь қыл, немесе байларыңды байы жоқ құрбыларыңа таныстыр!» деп.

Шаршатып жіберді.

• Салтанат Абылбекованың ФБ-парақшасынан

About Zika1961