Home » Дат|Каз » АЗАМАТҚА АРАШАШЫ асыл ағаларым аман болсын!

АЗАМАТҚА АРАШАШЫ асыл ағаларым аман болсын!

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.

 

 

Қаз-қалпындағы тілек


 

Қоғамдық өмірге белсене қатысқалы бері, адамгершілігі мол, қайратты, намысшыл, ниеті таза, халыққа жаны ашитын және еліне деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдейтін көптеген абзал жандармен танысқаныма өте бақыттымын!

 

Жанболат Мамайды қорғау шараларына көптеген ақ жаулықты апалар мен асқар таудай аталар қатысты! Белсенділердің ішінен табандылығымен ерекше бір әсер қалдырған, көкірегі ояу, көзі ашық екі азамат – сексен жастағы ақсақал Ережеп Алдабаев пен Желтоқсан жаужүрегі Сайлау Лепесов! (суретте екеуі оң жақтан).

Біздің танысқанымызға Жанболат Мамайдың абақтыда соққыға жығылуы, психологиялық қысымға тап болуы себепші болды. Бұл жағдайдан кейін, арнайы құрылған Жанболатты қорғау комитетінің жұмысына Ережеп ата мен Сайлау қайраткер көп көмек жасайтын болды. Комитет мүшелері Жанболаттың тергеу изоляторында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен бірталай шаралар өткізді, ішкі істер қызметіндегі лауазымды адамдарға жолықты.

Мысалы, ақпан айында Жанболтатты қорғау комитетінің мүшелері Алматы Ішкі істер департаментінің алдына жиналып, қала полициясы бастығының қабылдауын талап етті. Бірақ акцияға жиналғандар алдына департаменттің баспасөз қызметінің өкілі ғана шықты. Ол біздің талабымызды басшылығына жеткізем деп, кетіп қалды. Біраздан кейін жергілікті полиция басшысылығының өкілі шығып, ол да біздің талабымызды тыңдап, депатрамент бастығына айтам деп, артынан жоқ болып кетті. Бірақ Алматы Ішкі істер департаментінің басшысы талапшылар алдына шықпады. Бес сағат бойы күн суықта далада тұрдық. Бізді ішке де кіркізген жоқ, әжетханаға да кіруге полиция қызметкерлері рұқсат бермеді…

Міне, осы арада мені таң қалдырған жағдай – Ережеп ақсақал мен Сайлау аға сол бес сағат бойы тапжылмай тұрып, біздің талабымыздың орындалуы жолында табандылық көрсетті. Үлкен адамдарға бір орындық шығарып беруге полиция қызметкерлері жарамады…

Ережеп ата Алматы облысынан тұрғыны, қалаға екі автобус ауыстырып жетті! Жауапкершілігі мол адам екен: акцияға қатысуға кешігемін деп, белгіленген уақыттан 2 сағат ерте келді! Сонымен, жалпы жиыны 7 сағат бойы департамент ғимараты алдында тұрды.

Жанболат Мамайды қорғау комитеті өткізген тағы бір нәтижелі, мағыналы шаралардың бірі – Алматы қаласының әкімдігінің алдында өтті. Комитет мүшелері Жанболаттың тергеу изоляторындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде әкімнің жеке қабылдауын талап етті. Әкімінің қабылдауына үш рет бардық. Сонда қайсар ақсақалымыз Ережеп ата мен Сайлау аға 2-3 сағаттай әкімнің қабылдауын күтіп, суықта тұрды. Барлығымыз қабылдауды күтіп тұрғанда, әкімшіліктен ІІД бастығы шығып келе жатыр екен: біз бір кісідей, одан Жанболаттың тергеу изоляторындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрадық!

Айтпақшы, сол жолы әкім қабылдамаса да, 22 наурызда «Юбилейный» дүкенінің салтанатты ашылуында кездейсоқ Байбек мырзаны көрдім, жанына барып, Жанболаттың тергеу изоляторында қауіпсіздігін қамтамасыз етуін сұрадым.

Ережеп ата мен Сайлау аға әрі Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшелері, әрі жақында Рамазан Есергеповтың бастамасымен Жемқорлықпен күресу Халық майданы құрылды.

Халық Майданының мақсаттары – жаңа Конституцияны қабылдау, Жер Кодексін жою, жекешелендірудің екінші толқынын және Қазақстанға көшірілетін 51 Қытай зауыттарын тоқтату, Арон Атабек, Сейтқазы мен Әсет Матаевты, Мұхтар Жәкішев, Вадим Курамшин, Макс Боқаев, Талғат Аян, Юрий Пак, Санат Досов, Жанболат Мамай, Амин Елеусінов, Нұрбек Кұшақбаев, Саят Ибраев, Александр Харламов, Нұралі Айтеленовті босату, т.б.

Ал Рамазан Есергепов жоғарыда аты аталған азаматтардың ісі жөнінде келесі лауазымды тұлғалармен: Қазақстандағы Европа Одағы Елшісінің Орынбарсары З. Солан мырзамен; Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөнінде жоғарғы комиссардың жергілікті өкілі Р. Комендамен, Нидерланды Корольдігінің Елшісі – Дирк Ян Копол мырзамен, Канада Елшісі Шон Стайлмен, Австрия Елшісінің орынбасары З. Шпанлангпен, тағы басқа да ондаған шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасты.

Ал менің осы мақаланы жазған себебім – Ережеп ата мен Сайлау ағаның Жанболаттың тағдырына шынайы пейілінің, ыстық ықыласының куәгері болып, ішіме сыймай, тебіреніп жүрмін! Осы екі ағаның берік ұстанымы мен табанды күрескерлігін бүкіл елге таратқым келеді!!! Ережеп ата мен Сайлау аға жастарға үлгі болатын тұлғалар! Олардың шын ниетіне, Жанболат үшін аянбай, ішкен асын жерге қоятынына сүйісіне қарадым! Азаматқа арашашы асыл ағаларым аман болсын!

Жәзира ТОҒАНБАЕВА,

Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшесі.

 

 

 


 

About Zika1961